Бата беру – баба салған жол, ғұрып,

Жақсылыққа жетелейді елді үміт.

Баталы ұл арымайды ешқашан,

Батаменен көгереді ер-жігіт.

«Шаңырақ» орталығында ұлы ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына орай «Баталы ұл арымас» атты мектеп оқушыларының бата беру байқауы өтті.

Байқауға Павлодар қаласындағы 16 мектептің 9-11-сынып оқушылары қатысты. Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Қатысушылар шарт бойынша бірінші, өздерін таныстырды, екінші – алдын ала берілген батаны оқыды, үшінші билет алу арқылы ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтарға жауап берді.

Жалынды да дарынды жасөспірімдердің басын қосқан доданы ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы, екі дүркін республикалық батагөйлер байқауларының жеңімпазы Балтабай Сыздықов мұрындық болды.

Баташы балаларға «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мейрам Нұғыман, Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ерсайын Уахиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан баға берді. Қазылар алқасына Балтабай Сәкенұлы төрағалық етті.

Қатысушылар кезек-кезек ортаға шығып, түрлі тақырыпта бата тілеп, қол жайды.  «Дастарханға бата», «Шілдехана батасы», «Тұсаукесер батасы», «Сүндет тойға бата», «Ашамайға мінгізу батасы», «Тоқымқағарға бата», «Тілашар батасы», «Мектеп түлектеріне бата», «Бозбалаға бата», «Әскерге аттанған жас сарбазға берілетін бата», «Туған күн иесіне бата», «Әкенің баласына беретін батасы», «Жастарға бата», «Жолаушыға бата», «Қоныстойға бата», «Құдаларға бата», «Ер азаматқа бата» секілді он жеті түрлі бата берілді. Бұл баталардың барлығын Балтабай ақсақал сайыс қатысушылары үшін арнайы жазып шыққан екен. Таныстыру мен бата беру кезеңдерінде әр қатысушы өздеріне берілген үй тапсырмасын мұқият орындап, батаны мүдірмей, жаңылмай айтып шықты.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар, үміткерлердің білімі сынға түскен үшінші кезеңде анықталды. Бұл кезеңде баташыл балалар қойлыған сауалдарға толық жауап беруі қажет болды.

Осы кезең қатысушыларды да, көрермен қауымды да қазақтың салт-дәстүріне қатысты мол мағлұматқа қанық қылуымен ерекшеленді. Мысалы, қатысушылар сауалдарға жауап беру барысында базарлық пен сәлемдеменің, байғазы мен көрімдіктің, аманат пен анттың айырмашылығын айтып, мән-маңызын түсіндіріп берді. Сондай-ақ, олар «Атбайлар», «Көгентүп», «Ат тергеу», «Біз шаншар», «Жиенқұрық», «Иткөйлек», «Ерулік» секілді жөн-жоралғылар жайлы білген-түйгендерін ортаға салды.

Бұл кезеңде аманат пен ант туралы айтылған мәнді сөз байқау қатысушыларына жауапкершілік жүктей түскендей болды:

«Бір адамның екінші бір ет жақын адамына сақтауға берген бағалы заты, не айтқан сөзі – аманат. Аманатты сақтап, иесіне немесе айтқан адамға тапсыру – асқан зор жауапкершілікке жатады. Аманатқа қиянат жасалмайды.

Ант, серт, уәде – халқымыздың сенім кепілі. Ант – ел өміріндегі ең маңызды жағдайда айтылады. Ант – адалдық сөзі. Еш адам анттан аттамаған. Халқымыз антын бұзған кісіні «Ант атқан» деп жек көрген». Міне осы бір тағылымды сөздерден ойын қуаттандырған жастар аманатқа адал, антқа берік болуға талпына түсері сөзсіз.

Сайыстың қорытындысында, Абай атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Ерасыл Нығметолла 1-орыны жеңіп алды (Жетекшісі – Маржан Сүйіндікова).

Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрбол Биғараев (Жетекшісі – Майра Ақылжанова) мен Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Темірлан Құлтан (Жетекшісі –Бақыткүл Тұрсынова) екінші орындарды иеленді.

М.Әуезов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Нұргелді Қаратай (Жетекшісі – Айсұлу Ахметжанова), №25 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Нұртілек Камесхан (Жетекшісі – Назира Жанғабылова) және №7 жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Заңғар Мелісұлы (Жетекшісі – Әсем Мундуинова) үшінші орындарды еншіледі.

Бұдан бөлек, арнайы аталымдар да иелерін тапты. «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы арнайы сыйлықпен» №2 жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Иксатов (Жетекшісі – Бахтыгүл Жармағамбетова), «Ахмет Байтұрсынов атындағы арнайы сыйлықпен» Ш.Шөкин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Әлімхан Аметаев (Жетекшісі – Гүлфариза Жансаринова), «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы арнайы сыйлықпен» №40 жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Жанаберді Байгерей (Жетекшісі – Гүлнар Мұстафина) марапатталады.

Ал, қалған қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.

Марапаттау рәсімінде Балтабай Сыздықов жастарға:

«Атқан таңдай жарық болыңдар!

Таудай тұлға, алып болыңдар!

Көпке мәлім, тұла бойларың дарын,

Лаулаған оттай жалын болыңдар!

Ақылды, кемелді,

Абыройлы беделді,

Сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі болыңдар!

Ақылды, кемелді,а

Өнерлі болыңдар!

Биікке самғаңдар!

Қатарларыңнан қалмаңдар!

Білімдеріңді елдің игілігіне арнаңдар!

Шындықты жақтаңдар,

Салт-дәстүрді сақтаңдар!

Ата-ана, ұстаз, ел-жұрттың,

Артқан сенімін ақтаңдар!

Қолдарың шебер, епті болыңдар!

Абыройлы, бетті болыңдар!

Ата-бабаларыңдай текті болыңдар!

Сөз бастаған шешен болыңдар!

Топ бастаған көсем болыңдар!

Әумин!», – деп, бата берді.

Жақсы сөзді жарым ырысқа балайтын қазақ үшін батаның орыны бөлек. Қазақтың осынау қасиетті де қастерлі өнерін ұлықтауға бағытталған байқауда берілген баталардың бәріне «Әумин!» деп, жақсылыққа үміт арта бердік. Бұған дейінестіген бірнеше бата-тілекті іштей қайталай бірдім. «Екі дүниенің бақытын берсін!». Осыдан артық бата жоқ», – деп еді бірде бір ағам. Тағы бір ағам: «Мен үшін ең құнды бата: «Бақытты бол! Бағытты бол!» деген тілек», – деп еді. Батамен көгеріп, ата жолынан адаспауға бекіне түскен жастарды көріп көңіл қуанды, мерей өсті.

Бата беру сайысынан соң менің есіме мына бір оқиға түсті:

Бірде ақын досым Айдын Байыспен Қарағандыға бардық. Арнайы. Ақын Абзал Бөкен ағаға сәлем берейік деп. Өлең оқып, пікір алмасып, ақылын тыңдап біраз отырдық. Қоштасар сәт жеткенде Абзал аға, біраз үнсіз отырды да, «Жігіттер егер сендер, әдебиетте түк тындыра алмасаңдар мен сендерге ренжимін» – деді. Тура осылай деді. Арқамызға жүк артып қоя берді ағамыз. Ағамен қоштасып, өз жолымызға түскен бетте Айдын Меңдекеш Сатыбалдиевтің «Ақсақал батасы. Жауға аттанарда» деген өлеңін оқып берді:

«Адырналы Алдасай сынды бабаңның,

Аруағы дәйім қолдағай!

Аламандап жауға шаппасаң,

Айдаһардай алқымнан езіп сықпасаң,

Ағала туын жықпасаң,

Аттанарда жолың болғанмен,

Келерде жолың болмағай,

Әумин!»

…Мен үнсіз қалып едім…

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу