Обал болады

Шұға ауылы. Ескі шым үй. Үйге кіре беріс есіктің қарсы алдындағы түкпірде шағын тауық қора бар. Соның ішінде жаз шыға ақ тауық жұмыртқа басып жатады.

Бес-алты жастағы ойын баласымын, әлгі жұмыртқа басып жатқан тауықты кірген-шыққан сайын құйрығынан көтеріп қалатын әдет шығардым. Ақ тауық алғашқыда жүнін үрпитіп мені қорқытқысы келіп, күрк-күрк деп айбат шеккендей болды. Кейін тауықты мазалау күндегі дағдыма айналған соң дыбысын шығармайтын болды. Қанша рет қораға кіріп-шығамын, сонша рет тауықты көтеріп қаламын.

Жай көтермеймін. «Ақ тауық – ақылды тауық», – деп қоямын.

Бір күні шешем Нұрым менің кезекті әрекетімді көріп: «Тауық он бір жұмыртқа басып жатыр. Бір ай жұмыртқаны  жылытып шайқайды. Сен тауыққа тиісе берсең, жұмыртқа жарылып қалуы мүмкін. Обал болады!», – деді.

Анамның тілін алып, одан кейін тиіспейтін болдым.

Бір айдан соң ақ тауық 11 жұмыртқаның біреуін шірітіп,  10 сарыуыз балапанды басып шығарды.

Бес-алты жасымда-ақ: «Ақ тауық – ақылды тауық», – деп сөз ұйқастыруға тырысыппын.

Әсіресе, осы күнге дейін апамның (анамды апа дейтінмін) «Обал болады» деген сөзі мәңгі есімде қалды.

Тақияң неге шошайды?

Шешем молда алдын көрген ескіше оқуы бар, саңылау көзді адам еді. Әрі ісмер, қолөнер шебері болатын. Біреуге бір шумақ өлең шығару, қалтасынан бір сом суырып бергенмен бірдей десем артық болмас.

Сегіз жастағы кезім, 2-класста оқитын кезім. Төр бөлмеде әкем, шешем, мен қаздиып шай ішіп отырмыз. Әкемнің басында шешем тігіп берген тақия.

Бір кезде шешем Нұрым:

– Балам, мен екі жол өлең шығарамын, сен әрі қарай жалғастыр, – деді де,

«Тақияң неге шошайды,

Көріп көңілім босайды…», – деп тоқтады. Сосын жалғастыр дегенді көзбен ұқтырып, маған қарады.

Мен сәл ойланып барып:

«…Мінезіңді білген соң,

Еркелеп балаң қоқайды», – дедім.

Екеуі бір-біріне жымия қарады. Жақсы, нашар деп бағалаған жоқ. Ұнағанын іштей сезіп отырмын.

Менің өлең құрауым, өнерге келуім осылай басталған.

Пікір үстеу