«Әнші бала»

Алтынсөксе – Баян-Өлгейдің мал шаруашылығымен айналысатын бірлестігі еді. Әке-шешем колхозда төрт-түлік жаяды. Үш-төрт жасыма дейін үй жабдықтарын түйеге артып, мені соған отырғызатын. Кейін жасым беске толған соң еншімізге тиген құлын-тайға мініп еріп жүретін болдық. Осылайша жаз жайлауға, күз күзеуге көшіп-қонып отыратынбыз. Жайлауда  он шақты үй  «қой ауыл», «қозы ауыл» болып арасы жарты шақырымдай қашықтықта бөлініп қонамыз. Қой жаю, қозы жаю, қозы жамырату, қой мен қозыны бөлу, бие байлау, құлын шалмалау, тай үйрету, саба пісу, тезек теру, тойға бару, бәйге атына міну, желмен жарысқан жүйріккке мініп жарысқа қатысу… т.б  айтса таусылмас жайлаудың қызығы 10-13 жасымызға дейін бізді әбден шынықтырып еді.

Өзім шамалас балалар асық ойнаймыз. Кей-кейде қозы-лақ жайып, ара-арасында арамыздағы түбіт иектеніп қалған ағаларымыздан ертегі, жыр, өлең-тақпақтар үйренетінбіз.

…Күз айы. Әке-шешем қажетті қағаз-қаламымды әперіп, мені бірінші сыныпқа дайындады. Бірде үнемі жарқын мінезімен ерекшеленіп жүретін Тұрсын мұғалім (жарықтық, жатқан жері жарық болсын) кіріп келіп:

– Балалар, бізде қазір ән-күй сабағы. Білетін әндеріңді тақтаның алдына шығып жеке-жеке орындайсыңдар,- деді.

Журналын ашып, алфавит ретімен тақтаға мені шығарды.

– Ал, Амантай, сен қандай ән білесің?

Ата мен әженің бауырында өсіп, ешкімнен жасқануды білмейтін мен тосылайын ба?!

– Ағай мен көп ән білемін. Қайсысынан бастасам екен?!-дедім.

Жарықтық қушыкеш ұстазым шетінен айта бер деп мұқият тыңдап отырған кейіп танытты.

– «Ей, ахаааааау!                                                                                       

Су ағады арықтан

Қыз қарайды жабықтан

Бетінен сүйейін десем

Ұяламын халықтан…», – деп айқайға бастым.

Мұғалім ішек-сілесі қатқанша күлмесі бар ма. Бір мезет көзінен аққан жасын бір сүртіп алып:

– Мұндай әнді оқушы балаға айтуға болмайды. Басқасын көрейік кәне, – деді.

Менде Құдайға шүкір репертуар баршылық. Олай болса мынадай ән білемін деп келесіге бастым:

Бір машина келеді

Тиегені ақ арақ

Қыздар үшін жүрмін ғой

Қызыл бұрышты жағалап!

Бір машина келеді

Тиегені ақ тәтті

Бір қыз маған тием деп

Ала жаздай қақсатты!

Осы кезде мұғалім ғана емес, бүкіл сыныпта отырғандар ұлардай шулап, күлкі деген мектепті басынан көтере кетті.

Біздің шуылдақты естіп кіріп келген директорды көре сала, Тұрсын ағай: 

– Ой мынаны үлкен жігіт болғанда бірақ айтасың, қазір балалар айтатын ән айт» деді.

Ұялу, қымсынуды білмейтін мен тосылмастан келесі әніме ауыстым. Бар ғой айтатын әндерім.

«Ағын судың ақ өркеші-ай,

Жаман қыздың еркесі-ай,

Шашын тарап бетін жумай,

Кір сасыған  желкесі-ай,

Жырла, жырла деп айтасыз

Жырламайсыз өзіңіз

Күйдіреді-ау, жандырады-ау

Жырла деген сөзіңіз…», – деп жырға бастым…

Бұл жолы кластастарыма директор ағай қосылып, күлкіге қарқ болды. Сол біріншідегі «бүлдіргенімді», күлдіргенімді ұмытпай өзім жігіт ағасы болғанға дейін ұстаздарым айтып, бір күліп алатынбыз. Қатарлас оқыған балалар да мұны әлі күнге ұмыта алмай жүргендері бар…

Өзім де анда-санда балалықтың балдәуренін сағынышпен еске алып, ақырын жымиып қоямын.

Жазып алған Жұмабек СМАНОВ.

Пікір үстеу