Өңіріміздегі сөз өнерінде тасада қалып, өз заманының толық бағасын ала алмаған ақындар аз емес. Олардың туындылары өз дәуірінің үнін жеткізіп қана қоймай, бүгінгі ұрпаққа да рухани азық болып келеді. «Құстар қайтып келеді» айдары осындай әдеби мұраларды дәріптеп, халқымыздың асыл қазынасын қайта жаңғыртуды мақсат етеді. Бұл айдарда шығармашылық мұрасы мен тағдырының ерекшелігі өзара үндескен Әшірбеков Момын мен Меркемелиденов Бекболат секілді ақындардың туындылары ұсынылды. Олардың шығармашылығының қоғамдық, әдеби және рухани маңыздылығы ашу ләзім.
Әшірбеков Момынның өлеңдерінен өмір философиясы, адамгершілік қағидалары, дүниенің өткіншілігі мен мәңгілік құндылықтар туралы ой-толғамдарды көреміз. Ақынның «Белестер», «Кербез дала», «Ақ селеу» атты жыр кітаптары ұлттық болмыс пен туған жерге деген шексіз махаббатты паш етеді. «Ойлар» өлеңінде Момын ақынның өмір туралы өткір ойлары көрініс табады. Адамдық қасиеттердің жоғалмауы, дүниеқоңыздықтың теріс салдары мен шынайы достықтың құндылығы жайлы пікірлері бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Ақын дүниенің өткіншілігін ерекше суреттеп:
«Қу дүние жолдас емес, тез-ақ өтер,
Қызығып дүниеге болма бекер» – деп, жастарға ой тастарлық өсиет қалдырған.
Меркемелиденов Бекболат ақынның тағдыры мен шығармашылығы – қазақ халқының қиын-қыстау кезеңдегі күресі мен рухының көрінісі. Әкесі патша үкіметінің құрбаны болғандықтан, ақынның өмірі қудалаумен өтсе де, ол білім мен өнерге деген құштарлығын жоғалтпай, айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
«Ереймен» өлеңінде туған жердің табиғатын айрықша бейнелеген ақынның патриоттық рухы айқын сезіледі. Ақын Ерейментау табиғатын:
«Ерейменнің жері қандай!
Жерге серік, елі қандай!» – деп асқақтата жырлайды. Әрбір жолы туған өлкенің кереметі мен көркемдігін айшықтай түседі.
Осы екі ақынның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазына. Олардың туындылары халықтың жадында қайта жаңғырып, болашаққа бағдар беретін рухани мұра болып қала бермек. Туындыларды талдап, толымды пікірлер жазу арқылы порталымызға мақала жолдап, бұл мұраларды бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға атсалысыңыздар!
Момын Әшірбеков
(1890–1973)
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Сәтбаев атындағы кеңшарда туған. Жасынан қызметке араласып, ән-күйге, ақындыққа үйір болған. Өлеңді ауызекі де, жазып та шығарған. Ақынның өлеңдері «Пернедегі термелер» жинағында (1955) жарияланды. «Белестер», «Кербез дала» (1963), «Ақ селеу» (1972) атты жыр кітаптары жарық көрген (Фотосурет Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорынан алынды).
Ойлар
Бақыт деген тұрақсыз ұшқан бу ғой,
Күншіл адам күйдіргіш, ол бір у ғой,
Айламен, қулықпенен өмір сүрген
Ағып жатқан керексіз ащы су ғой.
Опалы жақсы жолдас табу қиын,
Жаман жолдас адамның жейді миын.
Қай жерінен ұтсам деп күндіз-түні,
Амалмен отырады санап тиын.
Көрсе қызар дүниеде жаман нәрсе,
Бірін-бірі мақтайды тамақ берсе,
Қолдан келмес нәрсеге қызығады,
Біреудің бір нәрсесін көріп келсе.
Қу дүние жолдас емес, тез-ақ өтер,
Қызығып дүниеге болма бекер,
Арыңды, абройыңды малға сатып,
Осыны ойламасаң, түпке жетер.
Дүниеде жаман нәрсе — шен құмарлық,
Шеннен сен таба алмайсың жан тынарлық,
Одан да ғылым іздеп ғалым болсаң,
Көресің жақсылықты жұртқа ұнарлық.
Сараңдық дүниеде жаман нәрсе,
Сараң кісі өледі дүние десе.
Җанды қинай жинаған дүние-мүлік
Айдалада қалады ажал келсе.
Сақидың қай уақытта алды ашық,
Сараң кісі жүреді асып-сасып.
Дүниенің бетіне қарамайды,
Мырза кісі жүреді судай тасып.
***
Ақылды болсаң жарайды,
Халыққа сөзің тарайды.
Білім, ақыл қосылса,
Аузыңа жұртың қарайды.
Сабырмен ойлап қылсаң іс,
Дұшпаның жүрер қашып тыс.
Опасыздан аулақ бол,
Сұмырайлардың жазы – қыс.
Ғалымменен жолдас бол,
Үлгілі онда тәртіп мол.
Үлгілі жолмен іс қылсаң,
Жүрерсің сонда оңға-сол.
***
Күншіл кісі жалғанда елге сыймас,
Жақсылықты бір жанға тіпті қимас.
Күндестік, күншілдікте не пайда бар,
Жай отырып, одан да елмен сыйлас.
Ақ көңіл, кішіпейіл жігіт қайда,
Тұратын ойнап-күліп әрбір жайда,
Үйіне кіріп барсаң, шадлық өмір,
Гүл жайнап тұратұғын жазғы майда.
Бекболат Меркемелиденов
(1891-1963)
Меркемелиденов Бекболат Павлодар облысының Баян аулында кедей шаруаның отбасында туған. Әкесі патшаға қарсы ниеттегі адам деп біреудің жаласымен айдалып кетеді. Меркемелиден әкесі Павлодар түрмесінде өледі.
1917 жылы Бекболат Ақмола қаласында татар мұғалімдерінен жәдитше оқып, ғылыммен де танысады. 1916 жылы патша үкіметінің маусым жарлығына қарсы Ерейменде болған көтеріліске Бекболат та қатысады.
Меркемелиденов Бекболат өз білімін толықтыру мақсатымен 1923 жылы ашылған Петропавл қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп оқиды. Бұдан былайғы уақыттың көбін оқытушылық қызметіне арнайды. 1924 жылдан бастап 1956 жылға дейін Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында мұғалімдік қызмет атқарады. Осы жылдардың ішінде Бекболат ара-тұра көркемөнер саласында да белсене ат салысып, ақындық өнерінен қол үзбейді.
Меркемелиденов Бекболат ертеден-ақ айтысқа түсіп келе жатқан ақын. 1944 жылы Ақмола облысы, Есіл ауданының ақыны Рақым Байқошқаровпен және сол жылы Еркіншілік ауданының ақыны Қасен Түрегелдинмен айтысқан.
Б. Меркемелиденов 1958 жылы Ақмола қаласында болған ақындардың айтысына қатысып, бағалы сыйлықтар алады.
Ереймен
Ерейменнің жері қандай!
Жерге серік, елі қандай!
Жайылымы жарты дүние,
Егістіктің кені қандай!
Жазда келді жайраң қағып,
Жер суарған селі қандай!
Бұйрат-бұйрат бұйраланған,
Қөз тартатын белі қандай!
Аңсап келді жылқұсы да,
Сыңқыл қаққан үні қандай!
Мал мен жанға қорек берген,
Құс қонатын көлі қандай!
Таудан аққан бұлақ қандай,
Жолдағысын құлатқандай!
Суын ішсең бал татиды,
Қайта-қайта сұратқандай.
«Пернедегі термелер» жинағынан (1955)