Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры павлодарлық көрермендермен қауышуға келе жатыр.
8 ақпанда Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Павлодар қаласына гастрольдік сапары болады.
Ұлттық тетар Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Театр ұжымы бір күнде екі ерекше қойылым ұсынады. 8 ақпан күні, сағат 12:00-де балаларға арналған «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы сахналады. Ал, сағат 19:00-де «Qalleki» театр лабораториясының «Кешкі 7» спектакль-концерті қойылмақ.
«Ертегі түннің әуені» – бұл әлемге әйгілі классикалық ертегілердің үзінділерінен құралған қойылым. Кішкентай көрермендер Г.Х.Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» және «Бұршақ үстіндегі ханшайым», Э.Т.А.Гофманның «Шақылдақ» және үнді халқының «Алтын антилопа» ертегісі сияқты танымал шығармаларға саяхат жасайды.
Қоюшы режиссер: Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Дәлелхан. Аударған: Шах-Мұрат Ордабаев, Мирас Әбіл. Қоюшы суретші: Ерлан Тұяқов. Хореограф: Асан Бораншы. Музыкалық редакторлар: Айша Сырымбай, Маржаннұр Макибаева.
Ал, «Кешкі 7» спектакль-концерті жаңа бағыттағы ерекше қойылым. Көрерменге ерекше эстетикалық әсер сыйлайтын бұл қойылымның қоюшы режиссері: Бәзіл Сұлтанғазы; қоюшы суретшісі: Шынар Елембаева; хормейстері: Ержан Сансызбаев.
Спектакльде театрдың жас актерлерінен құралған ансамбль өнер көрсетеді. Олардың орындауындағы музыкалық және поэзиялық композициялар көрермендерді өнер әлеміне жетелеп, жаңа әсер сыйлайды. Қойылымда ақын Салтанат Қайырбектің «Мен шаршадым-ау деймін…», «Сен…», «Ойлаушы ем өмірді білем деп», «Махаббат» атты өлеңдері оқылып, олардың мазмұны музыкамен үйлесе отырып ерекше мәнге ие болады.
Бұл қойылым – шығармашылық ізденістің жарқын үлгісі. Поэзия мен музыканың үйлесімінен туындаған қойылым әр көрерменнің жүрегіне жол тауып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырады.
Қадірлі театрсүйер қауым! Баршаңызды, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрында (Ломов көшесі, 140) күтеміз! Ұлттық театрдың тартуынан құр қалмаңыз!