Әйгілі композитор Вольфганг Амадей Моцарт 1756 жылдың 27 қаңтарында Австрияның Зальцбург қаласында туған. Ол сәби шағынан-ақ музыкаға деген бейімін таныта бастаған. 4 жасында клавесинге арнап алғашқы концертін жазған екен. Баласының ерекше дарынын байқаған музыкант әкесі оны гастрольдерге өзімен бірге ертіп жүреді екен. Жас Моцарт 1762 жылдардың шамасына алғаш рет көпшіліктің алдына шығып өнер көрсетеді. Алты жасар бала Мюнхенде, Венада өнер көрсетіп, көпшілікті зеректігімен тәнті етті.

1764 жылы жас дарынның скрипка мен клавесинге арнап жазған 4 сонатасы жарияланады. Сондай-ақ, Лондонға сапары кезінде тағы да 6 соната жазып шығады. 1769 жылы оның «Жалған қарапайымдылық» атты алғашқы пьесасы қойылады. 1770 жылы Италияда өнер көрсетеді. Бірақ оның шығармашылық өмірі бұлай жалғаса берген жоқ. 17 жасқа келгенде жергілікті архиепископтың бұйрығымен оған туған қаласы Зальцбургтен шығуға тиым салынады. Бұдан былай ол тек шіркеуге арналған музыка жазуға міндеттеледі. Дегенмен, 1781 жылы оған Мюнхенге барып-келуге рұқсат беріледі. Моцарт сол жақта «Идоменей, Критский патша» операсын қоюға міндетті болады. Операның премьерасы 1781 жылдың 29 қаңтарында болады. Сәтті қойылымнан соң, композитор Вена қаласына жол тартып, Вебер ханымның үйіне қонақ болады. Ақыры, Вебердің қызы Констанциямен отау құрады. Венада өткен жылдар Моцарт үшін табысты болады. Дәл осы кезеңде ол операдан бөлек симфония, квартет, инструменталдық концерт, хор жанрларында қабілетін сынап көреді.

1782 жылдың 16 шілдесінде оның «Сералден алып қашу» атты операсы көпшілікке жол тартады. Бұл оның неміс тілінде жазған алғашқы операсы еді. 1786 жылдың 1 мамырында «Фигароның үйлену тойы» операсының премьерасы болады. Ол халық арасына кеңінен тарап, халықтық опера атанады. Композитор 1787 жылы Прагадағы опера театрына арнап «Дон Жуан» операсын жазады. 1791 жылдың 30 қыркүйегінде оның «Сиқырлы флейта» операсының премьерасы өтеді Осыдан соң, Моцарттың денсаулығы сыр беріп, төсек тартып қалады. Ол ауырып жатып, әйгілі «Реквиемін» жазады. Ұлы композитор 1791 жылдың 5 желтоқсанында қайтыс болады.

Моцарттың шығармалары, өмірі, тіпті өлімі де әлемдік көптеген әдеби туындылардың дүниеге келуіне себеп болды. Қазақ қаламгерлері де Моцартты шығармаларына арқау етті. Моцарттың дүние есігін ашқан күніне орай, қазақ ақындарының өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.

 

Мұқағали МАҚАТАЕВ:  Моцарт. «Жан азасы» (Реквием)

 

Біреу келді де, қара киімге оранған.

– Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт! –

Жоғалған…

Әлде бір елес…

Әлде бір адам болар ма?!

Аза тұтқан,

Бір жақыны жоғалған?!

Аң-таң Моцарт,

Бар жұмысын доғарған.

Аты мен жөнін білейін деп артынан,

Іле шыққан-ды.

Аула алдында сәл тұрған.

Аты-жөні, кім екені белгісіз,

Қара киім ғайып бопты антұрған.

Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт!

Азалы үн…

Жаназа күйі елітті оның назарын.

Бұл өмірдің тозағы менен мазағын,

Тәрік етсін бір.

Жазамын оны, жазамын!

Өңім бе әлде,

Түсім бе әлде?..

Тәңірім!

Рояльдың жәйлап басып бір көрді тамырын.

Хош бол енді, хош бол, хош бол, бауырым!

Дегендейін күрсініп алды ауыр үн.

– Хош бол, Моцарт!

Дегендей ме жүрегі?!

Сәл кідіріп, қуаң тартты іреңі.

– Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт! –

Япыр-ау,

Періште ме әлде, пері ме әлде, кім еді?!..

Күй пернесін тағы да келіп бір басты.

Күңіреніп барып, бір үнмен бір үн мұңдасты.

Өмірді мынау азалы, ауыр үн басты,

Күйзеліп, жәйлап, өмір мен өлім сырласты.

 

І. Табыт үнi

Meн сені сүйгем

Жаныммен сүйгем,

Жарық Күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,

Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,

Сезгемін, білгем,

Мен үшін бір күн тынарын.

Тастама мені,

Тастама мені, Шырағым!

Шуағың түссін,

Шөп болып, мейлі, шығамын.

Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге.

Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.

Кешкен өмір де,

Көрген бақыт та, барлығы,

Жетпейді екен ғой,

Бір күндік сенің сәулеңе.

Бір күндік сәуле…

Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін.

Келмейді-ау тілім…

Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға,

Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,

Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!..

Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.

Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.

Жаса сен Мәңгі!

Жаса сен Мәңгі!

Жарық Күн!

…Табытпын, табытпын, табытпын…

2. Халық үні

Ажалдың аяз, боран, түні өткенде,

Көктем кеп, жер бетіне, гүл еккенде,

Қызғалдақ қара жерді жарып шығып,

Қадалар кеуделерге, жүректерге.

Аспанда алапат күш дүр еткенде,

Көк пен жер тітіркеніп, дір еткенде,

Қақ бөліп, қара бұлтты қақыратып,

Ұшқының тұрар сенің түнектерде.

Болашақ дүниеге шыр еткенде,

Бір ұрпақ, бір ұрпаққа ілеккенде,

Аспалы көпір болып каларсың сен,

Жалғайтын жүректерді жүректерге.

Біз сенімен,

Сен бізбен қанаттандың.

Қанаттанып, халқыңа нәр ақтардың.

Сенің көшің тоқтамас жер бетінде,

Өлмес мәңгі сапарға жаңа аттадың.

Әрине, суық қайғы, суық қайғы.

Көңілін халқың бірақ суытпайды.

Егерде халық өзін ұмытпаса,

Батыл бол, халқың сені ұмытпайды!

Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды,

Саған деген сағыныш басылмайды.

Табытыңды жасырса, жер жасырар,

Ал уақыт, өзіңді жасырмайды!

 

3. Жесірлер үні

Жалғанда – жалған.

Жалғанда,

Жесірден мұңлық жан бар ма?

Жалғанда, жалғыз қалғанда,

Әдіра қалған арманға,

Араша түсер жан бар ма?

Жалғанда – жалған,

Жалғанда,

Қаңырап бәрі қалған ба?

Жете алмай алғы таңдарға,

Кеттің-ау, боздақ, арманда.

Арада жүрген асылды,

Алды да ажал, жасырды.

Опты да, жұтты қара жер,

Атылған көктен жасынды.

Панасыз қалған жесірден,

Біржола үміт кесілген.

Жарқырап жанған шырақты,

Соққан да дауыл өшірген.

Сені де жұтқан көне жер,

Сан рет әлі көгерер.

Салтанатқа әлі бөленер,

Бірақ та маған не берер?

Төгер де мұңын, жөнелер,

Көзімнен жасым себелер.

Тас бауыр табыт тас қылып,

Мені де бір күн шегелер.

Сен сүйген орман, көлдерге

Жыл сайын құстар келгенде,

Көкжиек, сонау белдерден,

Сағыныш-сағым көргенде,

Зарығар саған шер-кеуде,

Сағынар жүрек-шерменде.

Төзермін қалай мұныңа,

Жетер кім сенің құныңа?

He істермін ажал ұрыға?!

Шомылып көздің суына,

Өзің жоқ қанық сырыма,

Өтермін жасып, бұғына.

Қашаннан жерік қара жер,

Жесірдің қайғы-мұңына.

Қоршаған тұман жан-жағым,

Келмеске, құсым, самғадың.

Хош енді!

Үзілген менің арманым,

Хош бол,

Ардағым!..

 

4. Жетімдер үні

Біздер – Жетімдерміз,

Жетімдерміз.

Ақпанның,

Аяз қардың өтіндеміз.

Мына сараң өмірден сауға сұрап,

Тіршіліктің мазасын кетіргеміз.

Біздер – жетімдерміз!

Біздер – жетімдерміз!

Доп қылып жердің шарын өтудеміз.

Бостан-босқа өлмейміз,

Өкінбеңіз.

Жекірмеңіз,

Біздерге жекірмеңіз,

Жекірмеңіз!

Босағасын паналап талайлардың,

Талайлардың басынан секіргеміз.

Себебі, жетімдерміз!

Өкінбеңіз, біздерге жекірмеңіз.

Біздер – жетімдерміз!!!

Өмірге келу де егіз, кету де егіз.

Сүреңсіз өтуде жаз, өтуде күз.

Жалғанда өлім бар да – жетімдер бар

Сондықтан мәңгілікке бекінгеміз.

Біздер – жетімдерміз!

Ұрылар да емеспіз, қарылар да!

Қарғыс таңба біздерден арылар ма?!

Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге,

Қарғыс аяз біздерді қарығанда.

Жасамаймыз қиянат жаны барға.

Жаны бар жан, бірақ та табылар да?

Жетім көңіл жақсыға жарыған ба?!

Біздер – жетімдерміз!

Жетімдерміз!

Жетім болып жүріп-ақ жетілгеміз:

Дөңгелек жердің шарын допша қуып,

Мазасын тіршіліктің кетіргеміз.

Тіршілікте біреуін.біреу күндер,

Бізге жат – өлі кімдер,

Тірі кімдер…

Жиылып, Жер шарының жетімдері,

Алдында Ақиқаттың бірігіңдер!

 

5. Бесік жыры

Әлди,

Әлди,

Ақ балам,

Ұйықтай ғой, ұйықта,

Жат, балам,

Мәңгілік сені тербеуге,

Мәңгілік бесік сақтағам.

Күндер де мұнда жоқ, балам,

Таңдар да мұнда атпаған.

Түсіріп сәуле түнекке,

Жат, балам,

Әлди, ақ балам.

Cop да жоқ мұнда, бақ та жоқ,

Атақ та, құрмет, даңқ та жоқ.

Жетпейді мұнда өсек те,

Жетпейді саған атқан оқ.

Әлди, әлди, ақ балам,

Мәңгілік тыныш жат, балам.

Жоқ мүнда күрес, ерегес,

Күншілдік, қулық, төбелес.

Өзіңдей мұнда – көп елес,

Ақ балам, жалғыз сен емес.

Ұйықтай ғой, балам, шошынба.

Бауырың, жарың, досың да,

Аңдыған жауың, қасың да,

Тоғысар бәрі осында.

Ұйықтай ғой балам, шошынба.

Шулама, орман, кең дала,

Баламның алма мазасын!

Тербетіп тұрам мен ғана,

Мәңгілік жанның азасын.

Әлди,

Әлди,

Ақ пенде,

Тыныштық тауып, жат менде.

Өмірді қандай сыйласаң,

Өлімді сондай жат көрме!

Баурыма мәңгі сақтаған,

Әлди,

Әлди,

Ақ балам…

Әлди…

Әлди…

Әлди-ай!

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ: «Моцарт пен Сальери» (Аңыз)

Сұмдығымен дүниені қараң ғып,

Сальериді жаратыпты сараңдық.

Алдап-сулап,

Ағыл-тегіл дарынның

Асты-үстіне түсіп отыр арамдық.

 

Жылы сөзге келген ылғи жарымай

Жүрегі пәк аңқылдаған дарын-ай!

Уға толы зұлымдықтың алдында

Қойды-ау саған сақтық деген дарымай!

 

Көрінгенмен ойлаған боп ел қамын,

Көмейінде Сальеридің жалған үн.

Сәл тамызып шарабына Моцарттың

Қойынына тықты удың қалғанын.

 

Сол уменен бірге жұтып ажалын,

Моцарт жанын кернеп кетті азалы үн.

Азалы үнді ойнады да

Аһ! – деді,

Ah! – дегенде шықты ауыздан ақ жалын.

 

Ақиқат бар адам айтса сенгісіз,

Анығына жете алмайсыз енді Сіз.

Қанша жанды Сальерилер улады,

Қанша Моцарт өлді осылай?

Белгісіз!

 

Ең ғажабы – сұлулыққа таңдану,

Ең жаманы адамдардан алдану,

Қай залымның қалтасында жүр екен

Сальериден қалған у?!

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ: Тууы да ән Моцарттың, құруы да ән…

Тууы да – ән Моцарттың, құруы да – ән,

Татып көрсең ол ішкен бір уынан.

Сальери – дарынсыздар тайпасының,

Ең ит жанды, ең надан руынан.

 

Мына өмірден Моцарттың кеткені ме,

Күндіз-түні қызмет етпеді ме?!

Сальеридің жасы не, кәрісі не,

Сальеридің шені не, шекпені не?!

 

Мені де бір көріңдер адамша ұғып,

Ақ пен қара біткен жоқ әлі аршылып.

Мен Моцартқа үргем жоқ, кіжінгем жоқ,

Мен Моцарттан көргем жоқ жаманшылық.

 

Жел өтінде жүргеміз білмей ықты,

(Қысқа күнде құбылған мың кейіпті.)

Азап шектім, аз жаздым, көп қаңғыдым,

Сенің арқаң, Сальери жын кейіпті!

 

Нұрлы мұңмен ежелгі жолдастаймын,

Туа қоймас басыма болмастай күн.

Моцарт туған ауданға басымды иіп,

Моцарт түскен ауылды қорғаштаймын.

Мәди ҚАЙЫҢБАЕВ: «Моцарт. Жаназасы»

Көкірегімді жарып шыққан мол қайғы

Тұңғиықтан тартып терең толғайды.

Жарғанат боп жалп-жалп ұшып жан-жаққа,

«Жаназасы» жарты əлемге болды əйгі.

 

Өксік буған өмірім бар бұл үнде,

Қайғы жұтқан көңілім бар бұл үнде.

Айы батқан айында,

Күні жеткен күнінде.

 

Жұлдыздардың арасымен самғаған,

Самғап-самғап қанаты бұл талған əн!

Моцарт, Моцарт! Адам емес,

Əмəнда

Құдай болып көрінетін ол маған.

 

Шариғатты жиып тастап ел мүлдем,

Олимпке аңтарылып мен күлгем.

Таяқшасын тіреп қойып көзіме,

Компартиям «Құдай жоқ» деп сендірген.

 

Ал Құдайлар шашқан мейірім, айбарын

Ас ішпейтін адамдар деп ойладым.

Моцарт тағы пенделіктен жоғары,

Көкке сүңгіп, күн сипаған айдарын!

 

Сондықтан да мəлім тоқсан торапқа,

Моцарт біздей мүдделі емес тамаққа.

Пикчиз сорып пенделердей шіреніп,

Ішеді деп ойламаппын шарап та.

 

Қорегі де əн, көтеретін туы да əн,

Олар ада шарапхана дуынан.

Сондықтан да мерт болуы Моцарттың

Мүмкін емес Сальеридің уынан!

Добавить комментарий