* * *
Кiрпiгiң мен иегiң дiрiлдеген,
қабағың мен жанарың күлiмдеген,
балалықтың аулынан аулақтатып
бара жатыр,
бабында құлын денең.
Сен өртейсiң отыңмен,
алауыңмен,
алауыңда ағын боп барамын мен,
өзгенiң де шоқ салып өзегiне,
өртенесiң өзiң де қалауыңмен.
Өкiнбеймiн,
жанымды өрте менiң,
жаным менiң жазира,
өлке керiм.
Аялайын, қаласаң аялауды,
аймалайын, келсе егер еркелегiң.
Құлын мүше сендегi көрiк мүсiн,
өртей-өртей менi де ерiттi шын.
Мейлiң ұқпа,
мейлiң ұқ, еске алармын
сүйме мейлi,
сүй мейлi, ерiктiсiң.
* * *
Сені менен басқаның қызғанбасын
Кім біледі,
Қызғанар қыз болғасын.
Нәзік жансың,
Еркесің,
Қылықтысың,
Бұтаққа әрең ілінген күзгі алмасың.
Сен өрттейсің,
Жаныма от құясың.
Мұңлы етесің,
Біресе шат қыласың.
Қылығыңмен қытықтап аласың да,
Шыңырауына сенімнің лақтырасың.
Мен де бір кез тәкаппар биік едім,
Биіктікті жанымдай сүйіп едім.
Сендегі бар қылық пен әсемдіктің
Алдында енді амалсыз иілемін.
Иілемін,
Сүйемін,
Көңіл елі
Сенсіз құла түз болып көрінеді.
Мойындайды сүйгенін сүйген адам,
Жеңілдім мен,
Сүйгендер жеңіледі.
* * *
Жыр боп ұшып мен жүрем тебiренiп,
Сен жүресiң еркелеп, емiренiп.
Өзiң жоқта қалсам да мұңды болып,
Тым бақытты сезiнем сенi көрiп.
Сен де маған асығып кезiгесiң,
Менi өзiңе жақын жан сезiнесiң.
Отырасың жанымда оңашада,
Иығыма сүйенiп көз iлесiң.
Ауық-ауық жылы дем аласың ғой,
Бозторғайын тыңдайды дала тынбай.
Перiште жан, сен менен айырылмайсың,
Кейiн мәңгi көз жазып қалатындай.
Жаз өтерiн,
Бiлемiн күз өтерiн,
Уақыттың да желдей-ақ тыз етерiн.
Кiрпiгiңнен мөлдiр шық тамбасын деп,
Қабағыңды мен сенiң күзетемiн.
Жұмбақ ойым бар менiң,
Жасырамын,
Жайлап алса жанымды жасыл ағын.
Жасырасың сен кейбiр сырларыңды,
Ал мен соны ашуға асығамын.
Маған сенiң қадiрлi осы басың,
Секемшiлсiң,
Кейде сен шошынасың.
Кейде өзiңдi өзiң бiр ғайып қылып,
Еркелеп кеп тiземе отырасың.
Ғашық аты кеткен ғой болып аңыз,
Түстiк және солардың жолына бiз.
Бұлдыраймыз сағым боп күндiз бiздер,
Қою түнде самал боп жолығамыз.
Жеткiзбейдi,
Алдайды, сағым маған,
Ағын болам, шарпимын,
Жалын болам.
Бiз екеуiмiз әлi үнсiз аңдысамыз,
Асу бардай тағы бiр алынбаған…
* * *
Жан едiң бiр ерекше жаратылған,
Сипатпаған ешкiмге қанатыңнан.
Көктем келiп… не дейiн, сенiменен
Шулы қала сыртында қала тұрғам.
Сенiң арман-үмiтiң әлде менмiн,
Мен де сенi бiр нәзiк ән көрермiн.
Сүрiнген боп шалғынға құлап түстiм,
Осы араға келдi де сәл бөгелгiм.
Әлсiз туған ерiк те бойымдағы
Сенiң мiнсiз мүшеңдi мойындады.
Байқаусызда оятты балғын денең
Мөлдiр-мөлдiр сезiмдi ойымдағы.
Мен бұл әндi жер-көктен сұрағам-ды,
Ән болғанда жаным бiр құмар ән-дi.
Көзiңе сен жас алдың рақаттан…
Осындайда жөн көрiп жылағанды.
Сәл салқындау сезiнiп алау денең,
Алай-дүлей iштегi жан әуремен,
Қайттық бiздер, сен сонша сезiктендiң
Күдiктенiп әркiмге қарауменен.
«Олай-бұлай аумалы-төгiлмелi
Қызық екен осынау өмiр»,– дедiң.
Айлар өттi,
Жыл өттi,
Аяулы қыз,
Ол қаладан қайтып сен көрiнбедiң…
* * *
Осы жұрт не біледі ақын жайлы?
Ақынды, әрине, олар мақұлдайды.
Мен ақын жайлы бір сын айта қалсам,
Сөзіме жан адам да қосылмайды.
Әрине, ол да дұрыс ақын – ақын,
Жырымен жұртқа даңқын асыратын.
Қайсыбір кемшілігін көре тұра
Ақынға өзің-дағы қосыласың.
Жасыннан от уыстап, жасыл нұрдан,
Кетеді бір-ақ бір-ақ ырғып ғасыр-қырдан.
Ақынды мықтылығы азамат қып,
Ақынды «кемшілігі» ақын қылған.
Сондықтан олар жайлы не айта аламын,
Онда да пенделік бар байқағаным.
Мен нағыз ақындарды көрген кезде
Келеді құдайды да қайталағым.
Иланшы, бір сөзіме сенші, гүлім,
Көзбенен көреміз де кемшілігін.
Ақынның қателігін былай қойып,
Білеміз Құдайдың да кемшілігін.
Сәті бар музаның да жайқалатын
Шағы бар шамырқанып шайқалатын.
Музаның мұңыменен астастырып,
Арманын дүниенің айтады ақын.
Шындығын көкірегінен ақтарғанда,
Соқтығып аптаптарға,
Ақпандарға,
Алдыңда тұрған күйі жоқ боп кетіп,
Айналып жатады ақын жоқтан барға.
Неге ақын басқалардан дара туған,
Неге ол сөйлейді тек ар атынан.
Анадан туғандығы былай тұрып,
Ақынның өзі арманнан жаратылған.
Ақын ол – армандары көк пен Айдын,
Сондықтан жұлдыздарға көп қараймын.
Ақынның кемшілігін кеше отырып,
Қайсыбір қылығын да мақтамаймын.
Музаны жаратылыс мүсіндейді,
Оған еш шаң-тозаңын түсірмейді.
Ол оның иесінің жұмбақ жанын
Бәрібір әлдекімдер түсінбейді.
Бола ма ақын жайлы топшылауға,
Болмайды артық сөзге көп шыдауға.
Жаны жат жандар түгіл шыным осы
Кейде оны түсінбейді жақсылар да.
Сүйсе де, шын сүйетін, мол құшатын,
Ақымақпен де жүздесіп қол қысатын.
Адамның ең алғыры сол болғанмен,
Пенденің ішіндегі сорлысы ақын.
* * *
Күрестік талай ғасыр азаппенен,
Тірестік мазақпенен,
Тозақпенен.
Қаншама сыр ашады, қарап тұрсаң,
Бір ғана сөздің өзі – Қазақ деген.
Біз – берік,
Біз құрышпыз,
Біз болатпыз,
Біз биік –
Біз сұңқармыз,
Мұзбалақпыз.
Оңынан оқысаң да біз Қазақпыз,
Солынан оқысаң да біз Қазақпыз.
Бір адамға
Келдің. Көрдің. Алдың. Бірақ бермедің,
Байғұс пақыр толып жатыр сенде мін.
Іштің. Жедің. Тындың. Астың. Тасыдың.
Ұрпақ көрдің. Өстің. Өндің. Жерледің.
Соның бәрін ете алмадың қанағат,
Аузың толы өсек, жала, балағат.
Көрсеқызар ішің тап-тар қызғаныш
Жанторсығың болып алды жаманат.
Енді айтарым: сәл, сәл ғана абайла,
Бітті бәрі, кетті атың талайға.
Барғаннан соң ертең Алла алдына
Ақталатын сөзің бар ма?
Соны ойла.
Қасірет пен қасиет
Аз халыққа беріпті үлкен қасірет,
Қасіреттің аяғы жоқ,
Басы жоқ.
Қарап тұрар қалқан құлақ тағдырың:
«Саған әзір бұйырғаны осы» деп.
Замандарда даладағы жаугерлік,
Қасіреттің қасиетін, әй, көрдік.
Болашақты болжай алмай болдырдық,
Ертеңгіге жасай алмай балгерлік.
Коммунист те болып көрдік керемет,
Мұраттарға енді жеттік деген ек.
«Жеңіл» жолға апарды да жетелеп,
Тағдырымыз болып шықты кебенек.
Бақытымыз әлдекімнің қолында
Қосылдық біз момын, жуас тобырға,
Басымыздың амандығы үшін де
Басқалардың салпақтадық соңында.
Осындай да болады екен асқандық,
Жатып ішер жалқаулыққа мас болдық.
Бойдағы асыл мінездерден құтылдық,
Солай болды біз түсінген бостандық.
Көрді соны шығып кеткір көзіміз,
Солай болу керек дедік көбіміз.
Өзгелердің қолшоқпарына айналып,
Өзімізге қарсы шықтық өзіміз.
Бостандығың дәл осы бір – бодандық,
Жатты бізді басқаша бір «адам» қып.
Осыларды жаңалық деп түсінген,
Басымызда жетіп жатты надандық.
Ұлтымыздың салты менен дәстүрін,
Жын-ойнағы етіп тыңдық бақсының.
Көкбөріден жаратылған болсаң сен,
Қайдан ғана бір-ақ шықтың, қасқырым.
Өзге үшін өлсек-тағы,
Есенбіз,
Мүмкін надан,
Мүмкін топас, есерміз,
Түбінде бір жақсылықты мысқылдай,
Өзімізге жасай алар ма екенбіз!?
Құсым, досым және бостандық
Үйде құстың тірлігі,
Күні бізге қараған.
Балаларым бір күні
Алып кепті даладан…
Асырадық аялап,
Уақытында жем бердік.
Ит, мысықтан даралап,
Өзімізбен тең көрдік.
Сынап сынды көзі де,
Жүгіреді, жайнайды.
Сүп-сүйкімді өзі де,
Тор ішінде ойнайды.
Кейде тыным алмайды,
Өз аспанын аралап.
Ұзақ-ұзақ сайрайды,
Қуанышы ғаламат.
Үйімізге бір күні,
Қонақ келді кешкілік.
Құсымыздың тірлігі –
Тұрды әні естіліп.
Келгені осы басыма,
Басқа ештеңе таппадым.
Отырдым да досыма,
Әй, құсымды мақтадым.
Досым болса бір кезде,
Істі болған сотталып.
Жолы болып ілезде,
Құтылған-ды ақталып.
Көрді құсты ол келіп,
Шықты торды айналып.
Тебіреніп, тербеліп,
Тұрды біраз ойланып.
Құстың әнін түсінді,
Бірақ жүзі түнерді.
Тордан алып құсымды,
Ұшырды да жіберді.
Маған сонсоң: – Масқара,
Бұның, – деді, – асқандық.
Адам түгіл құсқа да,
Керек, – деді, – Бостандық!
Халқым менің
Халқым менің «момақан»,
Бар ма сенде жер, Отан?
Малдан, бардан айырылдың,
Басың қалды қарақан.
Не айта аламын мен саған,
Енді өзің болшы аман.
Азып-тозып айырылдың
Табиғаттан қоршаған.
Нулы, сулы, ұралы,
Тауларың да «құлады».
Өзен-көлің тартылды,
Бұлақтарың жылады.
Топырағың, торқаң да,
Кетті айналып сортаңға.
Соратұғын малтаң да
Қалмай қалды қалтаңда.
Көк бөрі еді сұңқарлы,
Алдап қиды қылтаңды.
Айыра алмай қор болдың
Ұлтан менен Сұлтанды.
Өзендер
Бала күннен дос болған сырларымды,
Құпиямды,
Шынымды,
Жұмбағымды
Өмірдің де бетіне айтып-айтып,
Ақ қағазға төгермін жырларымды.
Сондағы бір телмірген жанар маған,
Жүрегімен ақ-адал алаңдаған.
Ар жағында жылдардың өзің жайлы,
Жырым қалар, адал қыз, мен алдаған.
Аяулы қыз,
Ойлы қыз,
Бала денең
Самалымен сүйіскен,
Даламенен.
Өткен күнін өзіңмен есіңе алып,
Өксіп-өксіп,
Мөлдіреп қалар өлең.
Өмірдің де өзгеріп қас-қабағы,
Бізге басқа дүние басталады.
Біз – өзенбіз, ағамыз алыстарға,
Су ағады, аяулым,
Тас қалады.
Үрей
(Хемингуейдің «Килиманджаро қарын» оқығанда)
Пері ме әлде шаштары бұрқыраған,
Сырқат па әлде сүйегі сырқыраған.
Қара түннің ішінен қалтырап кеп,
Шығады бір ащы үн шырқыраған.
Тынысынан айырылып ғұмыр әні,
Қара түнде іздейді шұғыланы.
Естіледі адамның сөзі менен
Әлдеқайдан аңдардың ұлығаны.
Оң жағынан сыбырлап өмір, – дейді,
Сол жағынан сыбырлап өлім, – дейді.
Дәл қасыңа келеді жетіп-жетіп,
Бірақ түк те көзіңе көрінбейді.
Соқыр, сірә, әйтеуір, амалдайды,
Сені іздейтін сияқты, таба алмайды,
Келіп қалған жаланып сол ма дейсің,
Қарсы алдыңда бірдеңе қараңдайды.
Көрінбейді ізі де,
Түр-өңі де,
Қадалатын сарт етіп жүрегіңе,
Тастай түнде құтырып сені іздейді,
Келді, келді, бас салды, міне, міне…
Жо-жоқ, қалдың, тағы аман сақтағасын,
Ол да мүмкін адамның ақ-қарасын
Айырар деп жалынып жаның қалмай,
Тілсіз дүлей алдында ақталасың.
Мұндай болмас ғұмырлық азабың да,
Мойындайсың жазғанның мазағын да,
Өлмей, тірі күйіңде пісесің сен
Өмір менен өлімнің қазанында.
Бөлтірік
Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан
Алып келді біздің үйге бір адам.
Сыйға тартты шын қызықты біздерге,
Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған.
Бірте-бірте бөлтірік те өзінің
Кетті ұмытып бөрілік бір сезімін.
Шөп қорада ойнап жүріп бір күні
Көзі түсті жанарына қозының.
О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып,
Есі кетіп,
Көзі жанып,
Жанданып!
Содан кейін жалт бұрылып, жоқ болды,
Бұл қорада жүргеніне арланып.
* * *
Ерке дейді,
Ел сені сұлу дейді,
Айдан жарық дидарың күлімдейді.
Сүйілуге ернің бейімделіп,
Бір жігітті күтеді,
Дірілдейді.
Сеземін мен, ғашықсың сен біреуге,
Жаның таза,
Тұп-тұнық мөлдіреуде.
Бірде тулап,
Ал бірде соғады жай
Жаратылған жүрегің елжіреуге.
Сендей қыздар әркімге жолықпайды,
Сендей қыздар қиялда қалықтайды.
Сендей қыздар жеткізбей,
Жүректерге
Қадалады бақ емес,
Болып қайғы.
Мың рақмет!
Жамалың,
Жаз нұрыңа,
Қосқаны үшін әуен мен саз жырыма.
Әсемдікті аңсатқан,
Құрметтеткен
Сендей қыздың ырзамын аздығына.
Аралдар
Қилы-қилы тағдырлы адамдар да –
Қилы-қилы ұқсайды аралдарға.
Өседі онда гүлдер де,
Ағаштар да,
Жүреді онда барыс та,
Маралдар да.
Жұлдыздарын жаудырған түндігінен,
Қара мақпал жамылған түнді білем.
Бір-біріне арал да ұқсамайды,
Жақсысымен,
Жамандық-сұмдығымен.
Кейбір сырлы аралдың тылсым әні,
Булығады,
Естілмей тұншығады.
Қайсыбірі тұманнан көрінбейді,
Жетеді тек құлаққа сыңсығаны.
Әр алуан осынау аралдарға
Таңғалмасқа біздерге амал бар ма?!
Таңданамыз көбіне –
Тағдырлары
Аралдарға ұқсайтын адамдарға…