Ата тілегі

Қойдың басы алдында

Атам оны алды да,

Кесіп беріп құлақты,

Мені әуелі қуантты.

– Жақсы сөзді құлағың,

Тыңдасын! – деп, шырағым.

Бекке тиді тіл ұшы,

«Тілмар бол» деу – мұнысы.

Көзді ұсынды Асанға:

– Қырағы бол қашанда!

Шай қасығын батырып,

Миын алып ақыры:

«Болыңдар», – деп, – ақылды,

Бәрімізге татырды.

Тазалық

Жуын, жуын,

Жуынсақ,

Қандай жақсы, қуыршақ!

Әйтпегенде, бөпешім,

Кірлеп кеткен екенсің.

Қазір аппақ боласың,

Қуанады мамашың.

Санамақ

Бір үйде он баламыз

Бір-бір жастан арамыз.

Бір жастағы – Біржан.

Екідегіміз – Елжан.

Үштегіміз – Үсен.

Төрттегіміз – Төкен.

Бестегіміз – Бекен.

Алтыдағымыз – Ақан.

Жетідегіміз – Жетен.

Сегіздегіміз – Сәкен.

Тоғыздағымыз – Тойтан.

Ондағымыз – Ойқан.

Жастарымызды қосыңыз,

Қосындысы қанша

Осының?

Өз тілім – өзегім

Тілімде «байлығым»,

Айбарым, айбыным.

Емі де өз тілім

Ұлтсыздық қайғының.

Ұлтшылдық – піріміз,

Ұлтсыздық – мініміз.

Тіл деген – ұлтымыз,

Ұлт деген – тіліміз.

Көзін аш бұлақтың!

Отын жақ шырақтың!

Өзге тіл мың болса,

Өз тілің бір-ақ тіл.

Өзге тіл мың мейлі,

Бәрін де біл мейлі,

Өз тілің білмеген,

Ұлтын да білмейді.

Туған тіл о бастан,

Өзіңе жол ашқан.

Айыр тіл тек қана,

Жыланға жарасқан.

Бабамның пәк тілі –

Арымның ақ туы.

Туымды сатқандар –

Халқымның сатқыны.

Туған тіл – тынысың,

Сарқылмас ырысың.

Тынысың тарылса,

Тірлігің құрысын.

Тіл ісі – ұлы ісің,

Тіліңмен ұлысың.

Жауды да жасқайтын

Қайраулы қылышың.

Бірліктің кепілі,

Тірліктің кепілі,

Қазақтың төл тілі –

Тәуелсіз ел тілі.

Қазағым, орысым,

Елім-құт, қонысың.

Елімнің төл тілін,

Құрметтеу – борышың.

Өзге тіл – өрісің,

Бәріне қол ұсын.

Өз тілің – өзегің,

Өзексіз өлісің.

Сараңдық

Жанындағы көршіге
Үй иесі бір сараң.
Балға сұрап келші деп
Қызметшісін жұмсаған
– Шеге қағып алғалы,
Сұрай келдім балғаны.
«Қандай сылтау айтсам» деп
Сараң көрші ойланды.
Уайым ізі бетке енді
Басын қасып депті: «Енді
Қайтейін, ғапу, ет мені,
Інім алып кеткен-ді»
Қызметшісі келгенде:
– Тапқан екен сылтауды,
Майы кетер деген бе?
Деп қожасы бұрқанды.
– Не сұрасаң әрқашан,
Жоқты айтады қайдағы.
Болмас енді алмасам
Өзіміздің балғаны.

«Көктем гүлдері» кітабынан әзірлеген Әйгерім Солтан.

Добавить комментарий