Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында елімізде инвестициялық саясатты кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылғы желтоқсанда 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданып, «Бәйтерек» холдингі ұлттық инвестициялық холдинг болып қайта құрылды. Жаңа модель жеке және шетелдік капиталды тартуға, отандық өндірісті, инфрақұрылымды, технологияларды және шикізаттық емес экспортты дамытуға бағытталған. 2029 жылға дейін холдинг құралдары арқылы қосымша $150 млрд инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Капитал тарту тәсілдері де жетілдірілуде. Мемлекет инвесторларды белсенді іздеу және нысаналы түрде тарту моделіне көшуде. Мәселен, өңірлер басым салалық бағыттарды айқындап, алдын ала пысықталған инвестициялық ұсыныстар әзірлейді.
Инвесторларды сүйемелдеу жүйесі қайта құрылып, енді сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлерде жұмыс істейді. Жобаларды жедел жүзеге асыру үшін Fast Track тетігі қолданылып, Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың мүмкіндіктері кеңейтілуде. Инвесторлардың құқықтарын қорғау күшейтілді: «прокурорлық сүзгі» қолданылады, проблемалық мәселелер мен шағымдардың бірыңғай тізілімі қалыптастырылуда, инвестициялық дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері жетілдірілуде. 2025 жылы инвестициялар туралы 30 келісім жасалса, 2026 жылы жалпы сомасы шамамен 5,2 трлн теңге болатын 26 келісім жасалды.
Сонымен қатар негізгі шетелдік әріптестерді сүйемелдеу үшін task force жұмыс топтарының тетігі қалыптастырылып, қажетті рәсімдерден жедел өтуге арналған «жасыл дәліз» қолданылады. Жаңа модельдің цифрлық бағыты Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны дамытуды, сондай-ақ деректерді талдау құралдары мен жасанды интеллект элементтерін қамтитын инвестициялық жобаларды мониторингтеудің интеграциялық талдау жүйесін әзірлеуді көздейді.
2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,7%-ға артты
Қазақстандағы инвестициялық белсенділік оң қарқынын сақтап отыр. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 19,4 трлн теңгеден асып, нақты өсім 8%-ды құрады. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 23,5 трлн теңгеге дейін ұлғайып, нақты өсім қарқыны 16,7%-ға жетті.
2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға 13,5 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесі 2024 жылғы 14,2%-дан 2025 жылы 14,7%-ға дейін өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 13,4%-ды құрады.
Сонымен қатар жаңа инвестициялық портфель қалыптастырылуда. Kazakh Invest базасында Астанада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Kazakhstan Investment House бірыңғай ақпараттық орталығын құру көзделген. Бүгінде жалпы инвестиция көлемі $162,5 млрд болатын 667 нақты жоба іріктелді. Бұдан бөлек, шикізат базасын дамытуға бағытталған жалпы құны $42,6 млрд болатын жобалар пулы қалыптастырылуда.
2024-2025 жылдары тартылған жаңа жобалардың қатарында терең өңдеу, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және көлік инфрақұрылымы салаларындағы өндірістер бар. Жамбыл облысында Fufeng Group құны $350 млн болатын жүгеріні терең өңдеу жобасын жүзеге асыруда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылы басталды, жобаның бірінші кезеңін 2026 жылы іске қосу жоспарланған.
Ақмола облысында Dalian Hesheng Holding Group құны $500 млн болатын бидайды терең өңдеу кешенін салуда. Испаниялық Roca Group Қызылорда облысында құны $70 млн болатын санитариялық-техникалық өнім өндіру және құрастыру зауытының жобасын жүзеге асыруда.
Алматы облысында Solico Group тәулігіне 155 тонна өнім өндіруге қауқарлы, құны $58,8 млн болатын ірімшік өндірісінің құрылысын бастады. 400-ге жуық жұмыс орны ашылатын кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Guoyou Materials Group Қазақстанның Каспий теңізі жағалауында жылына 15 млн тоннаға дейін жүк өткізуге қауқарлы, құны $1,1 млрд болатын жаңа порт салу жобасын пысықтауда. Швейцариялық Harvest Group SA құны $700 млн болатын агроиндустриялық кластерді іжүзеге асыруға кірісті. Жоба аясында 300 мың гектар жерді кезең-кезеңімен суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыру көзделген.
Бюджет қаражатының үлесі 14%-ға дейін төмендеді, бюджеттен тыс қаржы көздер 86%-ға дейін өсті
Елеулі өзгерістердің бірі – инвестициялардың қаржылық құрылымы. 2024 жылы мемлекеттік бюджет қаражатының үлесі негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 21,6%-ын, 2025 жылы 21,5%-ын құрады. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ол 14%-ға дейін төмендеді.
Осы кезеңде бюджеттен тыс қаржы көздері инвестициялардың 86%-ына жетті. Оның негізгі көзі, яғни 66,7%-ы кәсіпорындардың меншікті қаражаты болып қалып отыр. Банк несиелерінің үлесі – 5,6%, өзгедей қарыз қаражатының үлесі – 13,7%.
Ағымдағы динамика бюджеттен тікелей қаржыландыру азайғанын, ал бизнестің меншікті және қарыз қаражаттарының үлес салмағы ұлғайғанын көрсетеді. Бұл модель мемлекеттік құралдарды капиталдың жалғыз көзі ретінде емес, қосымша жеке ресурстарды тарту механизмі ретінде пайдалану міндетіне сәйкес келеді.
Инвестициялардағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%-ға дейін өсті
2025 жылы инвестициялардың ең жоғары нақты өсу қарқыны энергетикада 61,8%, агроөнеркәсіп кешенінде 51,8%, өңдеуші өнеркәсіпте 39%, ақпарат және байланыс секторында 32% болды.
Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасты. Қаңтар-тамыз айларында энергетикадағы нақты инвестициялар 49,3%-ға, ақпарат және байланыста 45,3%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 39,9%-ға, АӨК-те 17,6%-ға өсті.
Инвестициялардың жалпы көлемінде жекелеген салалардың үлесінің өзгеруі ерекше байқалады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 2024 жылғы 10,7%-дан 2025 жылы 12,7%-ға және 2026 жылғы қаңтар-тамызда 14,1%-ға дейін жетті. АӨК-те 3,8%-дан 5,6%-ға, энергетикада 6,9%-дан 9,7%-ға, ақпарат және байланыста 1,8%-дан 2,3%-ға дейін көтерілді.
Десе де тау-кен өнеркәсібінің үлес салмағы 2024 жылғы 18,7%-дан 2026 жылғы сегіз айда 13,9%-ға дейін қысқарды.
Өзгерістер экономиканың құрылымында да көрініс тапты. ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2024 жылғы 12,4%-дан 2025 жылы 12,8%-ға дейін өсті, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 14%-ға жетті. Осы кезеңде мұнай-газ секторының үлесі ЖІӨ-нің 8,1%-дан 7,8%-ға дейін, жалпы тау-кен өнеркәсібінің үлесі 12%-дан 11,7%-ға дейін қысқарды.
Нақты секторға 8 трлн теңге: «Бәйтерек» холдингі қаржыландыру жүйесін қайта құруда
Жаңа инвестициялық архитектурада басты рөл «Бәйтерек» холдингіне берілмек. 2026 жылы нақты секторды оның құралдары арқылы қаржыландыру көлемін 8 трлн теңге деңгейінде сақтау жоспарлануда, оның ішінде Холдингті капиталдандыру есебінен қосылатын 1 трлн теңге де бар.
Бұл ретте қаржыландыру параметрлері де өзгереді. Қазақстан Даму банкі ірі стратегиялық бастамаларға ерекше ден қоя отырып, инвестициялық жобаларды қаржыландырудың ең төменгі шегін 15 млрд теңгеге дейін, экспорттық операциялар бойынша 3 млрд теңгеге дейін арттырды. Өнеркәсіпті дамыту қоры машина жасауға баса назар аударып отыр: мұндай жобаларды қаржыландырудың ең аз сомасы 1 млрд теңге деңгейінде болады деп айқындалды, ал машина жасаудан тыс жүзеге асатын құр инвестициялық жобаның өзінің ең төменгі жалпы құны 15 млрд теңге болмақ.
Жыл басынан бері тұрғын үй секторын қоса алғанда қолдаудың жалпы көлемі 7,4 трлн теңгеге жетті, оның 5,4 трлн теңгесі кәсіпкерлікке бағытталған. «Даму» қоры арқылы 1,4 трлн теңгеге 5 мыңға жуық ШОБ жобасына қолдау көрсетілді. Аграрлық кредиттік корпорация мен ҚазАгроҚаржы желісі бойынша АӨК-ке 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазақстанның Даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры және Qazaqstan Investment Corporation арқылы шамамен 2,5 трлн теңге ірі бизнес пен инвестициялық бастамалардың 504 жобасын қаржыландыруға бағытталған. Экспорттық-кредиттік агенттіктің 522 млрд теңгеден астам қолдауына 78 экспорттаушы ие болды.
Жобаға 7 млрд теңгеге дейін қаржы және 85%-дық кепілдік: шағын бизнесті қолдау кеңейтілді
Шағын және орта бизнес үшін негізгі бағыт қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту болып қала бермек. Кепілдік қоры шеңберінде 7 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша қаржыландыру сомасының 85%-на дейін кепілдік беріледі, бірақ ол 3,5 млрд теңгеден аспауы керек. Бұл тетікті инвестициялық мақсаттар үшін, айналым қаражатын толықтыру және қайта қаржыландыру үшін пайдалануға болады.
«Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы жалғасуда: қаржыландыру 7 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде, жылдық 12,6% түпкілікті мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Басым бағыттардың қатарында өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустриялар бар. Өндірістік қуаттарды жаңғырту үшін бір қарыз алушыға 500 млн теңгеге дейін қаржыландыру қарастырылған «Өрлеу Лизинг» бағдарламасы жұмыс істейді.
Шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы – «Іскер аймақ» іске қосылды. Бағдарлама бойынша несиенің ең жоғары сомасы – 200 млн теңге. Қаражат инвестициялық мақсаттарға да, айналым капиталын толықтыруға да бағытталуы мүмкін. Субсидиялау мөлшері номиналды пайыздық мөлшерлеменің 40%-ын, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін 50%-ын құрайды. Субсидиялау мерзімі – үш жылға дейін. Бағдарламаның негізгі бағыты ретінде өңдеу және қайта өңдеу салалары айқындалған.
Сонымен қатар бизнестің даму институттарымен өзара іс-қимылы жеңілдетілуде. Бірыңғай фронт-офис құрылып, 1408 байланыс орталығы, CRM жүйесі және бірыңғай ЖИ көмекші іске қосылды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформамен интеграция қамтамасыз етілді.
Жалпы құны 884,6 млрд теңге болатын 346 жоба коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталды
Холдингтің инвестициялық тетіктері инфрақұрылымды жаңғыртуға да бағытталған. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Бәйтерек» еншілес ұйымдар, екінші деңгейдегі банктер және халықаралық қаржы институттары арқылы қаржыландыруды ұйымдастырып, үйлестіре отырып, қаржы операторы қызметін атқарады.
Бүгінде осы тетік аясында жалпы құны 884,6 млрд теңгені құрайтын 346 жоба мақұлданды. Олар коммуналдық желілерді жаңартуға, апат деңгейін төмендетуге, жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған.
Жарты жылда 250,5 млрд теңге: агролизинг көлемі былтырғы көрсеткіштен екі есеге жуық артты
Тағы бір бағыт – ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту. 2025 жылы «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша 10 393 бірлік техника сатып алуға 268,9 млрд теңгеге лизинг келісімшарттары жасалды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қаржыландыру көлемі 250,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 126,6 млрд теңгеден екі есеге жуық жоғары. Компания қызметтерін 3 931 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайдаланды.
Машина-трактор паркін жаңарту үшін лизингтік бағдарламалар желісі жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизинг жылдық 6% мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Тағы бір бағдарлама бойынша жылдық 5% мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге, кемінде 10% аванспен қаржыландыру ұсынылады.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша отандық техника мен көлік жылдық 6% мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге қолжетімді. Дәл осындай шарттармен «Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы жемшөп дайындайтын техника мен жылжымалы суару жүйелерін қамтиды. Жеңілдетілген бағдарламаларға жатпайтын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жылдық мөлшерлемесі 12,6%-бен 10 жылға дейінгі мерзімге «Агролизинг» бағдарламасы қарастырылған.
Лизинг алу процесі толықтай онлайн форматта қолжетімді: ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өтінімді қашықтан бере алады, ал ЖИ-сервис құжаттарды сараптап, өтінім бойынша 10 минут ішінде шешім шығарады. Сондай-ақ жеңілдетілген бағдарламалар бойынша Telegram-бот арқылы электронды кезек және жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, лизинг нысандарына онлайн мониторинг жүргізу жүйесі іске қосылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы барлық бағыт бойынша көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 10,4 трлн теңгені құрады. 2026 жылы негізгі басымдық нақты секторды қаржыландыруға, өндірістерді іске қосуға, инфрақұрылымдық жобаларға, кәсіпкерлікті, АӨК және экспортты қолдауға бағытталуда.

