«Оның дауысы күшті, алысқа кететін, ал, оның әндегі ерекшелігі: қою, бояуы әдемі дыбысты, дүрілдеген, созылған мелодия, ерлік немесе кейде айқайлау, тіпті, күлдіргі әндер, шағын әндер – далалықтардың жүрегіне жылы тиетін…». Бұл – қазақ әндерін жинаушы А.Затаеевичтің «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағында Қали Байжановтың әншілігі жайлы жазғаны. Зерттеушінің «Мен оның әндеріне фортепианода сүйемел жүргізіп көрдім. Дала әншісі… бұрын үйренбеген, тосын дауысты сүйемелге ешбір қысылмай, әнді әдемі, ойлы айтты, өте нақ және күшті үнмен дыбыстарды қатесіз тауып отырды» – дегенінен Қали Байжановтың күшті музыкалық қабілеті болғанын аңғарамыз. Затаеевич дархан даланы думанға бөлеген әншіні алғашқы кездескенде: «…Сырттай қырықтан жаңа асып жүрген тығыншықтай адам. Орта бойлы, келбетті, дөңгелек жүзді, салбыраған дәу жирен мұрты бар, көпке белгілі Репиннің картинасындағы запорождықтарға да кейбір жақтары ұқсайды…», – деп суреттейді. Ол әншінің айтуында «Шама», «Ардақ», «Жалғыз арша» секілді оншақты әнді жазып алған.

Ғұмырын әнге арнаған Қали Байжанов жайлы азғантай деректі музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов жеткізген. Ол 1877 жылы Баянауыл ауданындағы «Қайыңкөл» деген жерде дүниеге келген. Сүйегі – Сүйіндік ішінде Ақбурадан тарайды. Ол кезде Баянауыл, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан, Бұхтарма Семей губерниясының құрамына енгендіктен Қалидің жастық шағы қазіргі Қарағанды облысының Үлкентау, Балқантау деген жерлерінде өтеді. Кедей отбасында тәрбиеленген Қали 15 жасынан бастап Екібастұзда кенші болып, Желтауда тас қалаушы болып жұмыс жасайды. Ауыр жұмысқа араласа жүріп, әншілігін де шыңдайды. Ән өнеріне құмарлығы арта түседі.

Ақын, журналист, Мағжан ақынның «Сен сұлуын» қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде қайта «тірілткен» Мақсұтбек Майшекин Қали әншінің аузынан өте құнды деректі жазып алған екен. «Маған әнді алғаш үйретіп, ұстаз болған атақты әншілердің бірі Жарылғапберді еді. Мен он үш жасымнан бастап одан ән үйреніп, көп үлгі-өнеге алдым. Қазірде ел аузында айтылып жүрген «Ардақ», «Алтыбасар», «Аққұм», «Топайкөк», «Шама», «Жалғыз арша» сықылды әндерді мен Жарылғапбердіден үйренген едім», – депті әнші. Қали Біржан сал, Жаяу Мұсалармен де кездесіп, олардың асқақтата салған әндерін өз құлағымен естіген және Абай ауылында болып, ақынның ризашылығына бөленген.

Қали Байжанов әнді кәсіп етті. Ол 1916 жылы Нағайыбыл, Исайын, Ғаббас, жас Қуан секілді әншілермен қатар Тәукебайдың асында ән салды. Бұл жиында Қали ерекше көзге ілінеді. 1924 жылы Семейде әйгілі Әміремен ән сайысына түседі. Өнері өрлеген әнші Қызылордада Жұмат Шанин ұйымдастырған алғашқы қазақ театрына шақырылған. 1927 жылдың сәуір айында Мәскеуде өткен бүкілодақтық кеңестер съезінің концертінде ән әуелетеді.

Театрда көп тұрақтамаған Қали Қарағандының радио комитетіне оралып, көп дауысты қазақ хорында негізгі бас-дауыстың бірі болып орналасады. Шәкірт тәрбиелейді. Сүйікті шәкірттерінің бірі Жүсіпбек Елебековке: «Өзің сияқты жақсы әншілер өзімнен үйреніп алып, «Мынау әнді Қалекең былай шырқаушы еді», – деп кейінгі ұрпаққа айтып отырса, мен үшін үлкен мәртебе емес пе?!» – дейді екен. Хордың құрамында 1936 жылы Қали Мәскеуге барып, онда хорда және жеке әнде концерттерге шығады. Қазақстан үкіметі Қалидің өнер алдындағы сіңірген еңбектерін ескеріп 1938 жылы «Республикаға еңбек сіңірген әртіс», 1945 жылы «Халық әртісі» атағын берді.

Танымал әнші Ерлан Төлеутай өз зерттеулерінде мынадай бір қызықты әңгіме келтіреді: «Мен Қали Байжановтың баласымен әңгімелесіп едім. Әншінің дауысы туралы сұрағанымда, «Өте зор болды, оны сипаттауға тілім жетпейді. Бір ғана мысал айтайын, бір жолы ел аралап, концерт қоюға жолға шықтық. Сонда халық «Қалеке, сізді дауысыңызбен шам сөндіреді дейді, көрсетіңізші» – деп қолқалап, майшам тауып, әншінің алдына қояды. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, Шаманың әнін бастап, «Күн батар…» – деп қалғанда, шам жалп ете қалады. «Дауысы сондай қуатты еді» – деген ұлы». Сол Ерлан Төлеутайдың сөзімен айтсақ, сексеннен асып, тоқсанға қарағанша қара домбырасы қолынан түспеген Қалидің қуатты үні сол кездегі қоңторғай күй кешкен қазақ көңіліне медеу болды. Тоталитарлық империя да оның осы қуатты үнінен именгендей әншіге аяр тырнағын батыра алмады, азуын сала алмады.

Алаштың аяулы әнші ұлы 1966 жылы өмірі мен өнерін арнаған Қарағанды қаласында дүние салды. Қазір Қарағандыда «Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігі» жұмыс жасайды. Бірлестік 1938 жылы 6-шы наурызда Қарағанды облыстық атқару комитетінің Қаулысымен филармония болып құрылған еді. 1990 жылдан бастап филармония әйгілі жерлесіміздің есімімен аталады. 1994 жылы филармония Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік болып қайта құрылған болатын.

 «…Ән тынса, шіркін көңіл ариды екен,

Ән туса, жүрек жырға жариды екен.

«Ардақпен» Арқа бойын күмбіреткен,

Кім десем, ән дауылы – Қали екен.

Көргем жоқ ән құдайы – Біржан салды,

Көргем Шаляпинді, Ғазиздарды.

Онымда Қали әнін естіп едім,

Даусынан дөң тербеліп, үй қозғалды…»

Әйгілі ақын Дихан баба Әбілев «Ән дауылы» өлеңінде Қалидің дара дауысын осылайша жырға қосады. Дауысы даланың жүрегінде сақталып, заманның құлағында қалған әнші ғұмыры – әнімен жасап келеді. Ара-тұра «Шаманы» шырқаған өнерпаз үнін есітсем, Қалидің қуатты үні құлағыма жеткендей болады…

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Сурет Қ.Байжанов атындағы Қарағанды облыстық филармониясының қорынан алынды)

Добавить комментарий