Серік Ақсұңқарұлы
(«Арисотофобия ауруы»)
Қоғамдағы қасірет үшін Жазушылар одағын кінәлау белең алып барады… Алаштың тәуелсіздігі үшін құрбан болған, басқа ешкім емес, – осы Жазушылар одағы; Жүсіпбек, Мағжан, Сәкендер еді! Сол кезде сендер қайда болдыңдар?!
Тобыр қашанда жақсының жағасынан алуға құмар! Өзінің тексіздігі мен дарынсыздығы үшін ұлтының сорпа бетінен шығар, анда-санда бір туатын ұлдарынан өш алып қалуға ұмтылады! Бұл келеңсіздік пен рухани кемтарлықты испан халқының ұлы ойшылы Хосе Ортега-и-Гассет «Тобырдың төңкерісі» (Восстание масс) деген еңбегінде жеріне жеткізе айтып еді, оны түсінген ешкім жоқ әлі…
1937-ші жылы «халық жауы» деп, ұстап, жаппай қырып тастап еді, енді ХХI ғасырда, тағы да өңмендеп, қаңтар оқиғасына Жазушылар одағын кінәлап, «халық жауы» деп, жандары рахаттанып жатыр… Хосе Ортега-и-Гассет «Восстание масс» («Тобырдың төңкерісі») деген еңбегінде айтады: ұлтының сорпа бетіне шығарын жек көріп, ел-жұртын өрге шығарған ірі тұлғаларын елемей, көпе көрінеу кемсітіп, қатарынан озып туған ұл-қыздарын жұрт болып өнеге тұтпаған халық – аристофобия деген айықпас ауруға шалдығады!».
Бізде қазір дәл осы ауру дендеп тұр. Әлеуметтік желілерге қараңыз: жақсыны жамандап, әулиені пір тұтпай, екі сөзінің бірінде тұрпаты биік тұлғалар хақында аузына келгенін айтудан ит батпақтап, күшік сүрінеді!
Адамның ұлтына, еліне сіңірген еңбегін бір ауыз сөзбен жоққа шығаруға бола ма?! Өлімге бола туған өнегесіз жұмыр басты пенденің өзін зор, өзгені қор тұтуы дегеніңіз – жақсыны көзіңе ілмей, түкке тұрғысыз жасығына мәз болып, жұртыңның баяғыдан келе жатқан батпақ-шалшығында жүрелеп, қамалып қалудың қара басы болады!
Қазақ әлі тарихтан сабақ алған жоқ. 1937-ші жылғы сталиндік репрессияда да тура осындай болған. Орта Азия республикалары ішінен суырылып шығып, өз елінің ары мен ұятын қынадай қырып жіберген – біз ғана! Халық тобырға айналғанда, міне, осындай оспадарлықтар болады. Сол пиғыл осы оқиға кезінде тағы да атойлап алға шықты. Кейінгі кезде ел ішінде «қазақта зиялы жоқ, зиялының бәрі – зиянды…» деген сұрқия ойлар қалыптаса бастады… Енді олар ұлттық интеллигенцияны көшедегі арам ойлы арандатушылармен айырбастағалы жатыр! Міне, мәселе, қайда…
Алаштың азаттығын аңсаған – Мағжандар (қазақтың ақын-жазушылары)! Бірақ, біз көксеген тәуелсіздікті есіл-дерті ішек-қарыннан аспайтын тоғышарлар пайдаланып кетті! Біздің қолымызда олардікіндей орасан зор қаражат (доллар!), қару-жарақ, билік жоқ! Ел қандай болса, біз де сондаймыз! Жазушылар одағы бар болғаны мемлекеттік мәртебесі жоқ қоғамдық ұйым (соқырлар ұйымы, аңшылар ұйымы секілді)…
Жақсының жағасынан алуды, жөн-жосықсыз айыптауды қашан қоясыңдар?!
Мен қажыдым… Сендерге қажымайтын Пушкин жауап береді: