Pavlodar, KZ
16°
Fair

Аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рауза Мұсабаевамен сұхбат

Көркем аударма саласында көп жұмыс атқарып, оқырманын қуантып келе жатқан аудармашы – Рауза Мұсабаева. Оның соңғы уақыттағы ең елеулі еңбегі – неміс ақындарын Орта Азия тілдеріне аударуға белсенді қатысуы. Нәтижесінде қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен тілдерінде «Самұрық» антологиясы жарық көрді. Кітапқа енген өлеңдерді әдеби өңдеуге баянауылдық ақын, Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебіндегі «Ақындар сыныбының» ұстазы Жеңісбек Пәзіл де атсалысты.

Ауқымды әдеби жобаның бел ортасында жүрген кәсіби маманмен көркем әдебиет аудармасындағы мәселелер жайлы сұхбат құрған едік. Әлем әдебиетінің жауһарларын ана тілімізде, қазақ әдебиетінің маржандарын әлем тілдерінде сөйлеткіміз келсе, аудармашыларды қолдауымыз керек.

– Рауза Молдайқызы, қазіргі заманғы неміс ақындарын аудару жұмыстары қалай жүзеге асты?

– Немісше сөйлейтін елдер мен Орталық Азия елдері бір-бірінің әдебиетін онша біле бермейді. Мұның бәрі әдеби аудармаға келіп тіреледі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, Германияның Мюнхен қаласындағы Гёте-институт арнайы жоба әзірлеп, 2021 жылы неміс тіліндегі қазіргі заманғы поэзияны Орталық Азияның бес (қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен) тіліне аударуды қолға алды. Неміс тілінен қазақ тіліне тікелей әдеби көркем шығармалар аударатын неміс аудармашыларының үркердей тобы А.Кампманн, М.Ринк, Р.Шеффлер, Д.Зеель және Я.Вагнер сынды неміс ақындарының 80-ге жуық өлеңін аудардық. Үш ай бойы Гёте-институттағы кітапхана меңгерушісі Шолпан Қызайбаеваның (Алматы қ.,) жетекшілігімен Zoom-дағы толассыз бас қосуда аудармалар талқыланды. Бұл да бір тауқыметі мол, әрі қызғылықты шығармашылық етене байланыс болды. Ал осы жолма-жол аудармаларды Батырхан Сәрсенхан, Жеңісбек Пәзіл, Еділбек Дүйсенов, Сағыныш Намазшамова сияқты ақындар түпкі ойдан ауытқымай, қазақы нұсқамен ұйқасын келтіре, әдеби өңдеді. «Simurgh» («Самұрық») антологиясына («World&Steppe» баспасы, Алматы қ., 348-бет) өлеңдер түпнұсқада, яғни неміс тілінде және аудармалары жоғарыда аталған бес тілде топтастырылды. Атап өтерлігі, Германияның қаржылай қолдауымен жарық көрген жыр жинағы сонысымен құнды. Жинақтың «Самұрық» деп аталу себебі, бұл – парсы тілінен енген сөз, жанның отыз қырының көрінісі ретінде «отыз құс» ұғымын білдіретін Орталық Азия мифологиясындағы мифтік тіршілік иесі.

2022 жылдың қоңыр күзінде Ташкентте «Неміс лирикасының халықаралық фестивалі» болып өтті. Германияның Гёте-институты мен Жастар агенттігінің қаржылай қолдауымен ұйымдастырылған айтулы шараға Германиядан Аня Кампман, Даниэла Зеель, Рике Шефлер сынды ақындар мен Орталық Азия елдерінен аудармашылар және жас ақындар шақырылды. Фестивальде «Simurgh»/ «Самұрық» антологиясы таныстырылып,  simurghpoesieraum.org вебсайты көпшілік назарына ұсынылды.Сапар барысында Самарқандқа жол түсті. Онда 35 жыл билік құрған кезінде 27 мемлекетті бағындырған Әмір-Темірдің мавзолейін араладық. Әмір-Темір орта ғасырда Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салдырған тарихи тұлға екені белгілі. Сондағы Регистан алаңында өзбектің жас ақындары тырнақалды өлеңдерін оқыды.

Гёте бюсті жанында

– «Самұрық» себеп болып, аудармашылар, ақындар делегациясының құрамында Германияға шығармашылық сапар жасадыңыз. Не көріп, көңілге қандай жәйт түйіп қайттыңыз? 

            – Иә, бұл сапар ерекше болды. Біз Германиядағы Норберт Хуммельт, Карин Фельнер және Закария Кескинқылыштың (арғы бабасы араб, өзін түрікпін дейді) өлеңдерін неміс тілінен қазақшаға, ал Батырхан Сәрсенхан, Еділбек Дүйсенов мен Сағыныш Намазшамова, Жеңісбек Пәзіл мен  Мирас Асанның өлеңдерін жолма-жол неміс тіліне аудардық. Бұл сапарға Берлиндегі «Поэзия үйінің» арнайы шақыруымен аудармашылар: Райхан Шалғынбаева, мен және Таңсұлу Рахымбаева, сондай-ақ ақындар Батырхан Сәрсенхан, Еділбек Дүйсенов мен Сағыныш Намазшамова алтауымыз бардық. Онда күн сайын қазақ пен неміс ақындары, аудармашылар бәріміз тізе қоса, аударылған өлеңдерді талқыладық. Поэзияда кейде ақындар белгілі бір ойды, оқиғаны жұмбақтап жеткізіп жатады, оны қай тұрғыда қабылдау – оқырманның өз еркінде. Ал бұл тұрғыда аудармашы ақынның түпкі ойын білуі тиіс. Әдетте қандай да бір шығарма болсын, қаламгермен бірлесе аударғанда, автордың ойын дәл табатының анық. Поэзия кешінде қазақ-неміс ақындары алма-кезек өлеңдерін оқып, шығармашылықтарына қатысты сауалдарға жауап берді. Соңынан И.В.Гётенің сегіз шумақтан тұратын «Орман патшасы» – «Erlkönig» өлеңін неміс тілінде мәнерлеп жатқа оқыдым. «Поэзия үйінің» директоры Маттиас Книип «Гётенің поэзиясы осы «Поэзия үйінде» тұңғыш рет оқылды» деп ризашылығын білдірді. Айтқандайын, Германия, Ресей және Қазақстан елдері арасында өткен «Spuren hinterlassen» – «Із қалдыру» online халықаралық байқауында осы әйгілі балладаны оқып, «Көркемсөз оқу» номинациясында жүлделі 1-орын алған едім. Қай тілде болмасын ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқығанды жаным қалайды.

Бранденбург қақпасының жанында

Ал Берлиндегі «Поэзия үйі» ақындардың өлеңдерін насихаттаумен айналысады. Бұл мекеме өз елінің және әлемнің алпысқа жуық елінің поэзиясын таныту үшін жыл сайын 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырады. Жер-жерден авторлар шақырылады. Оған қоса, аудармамен айналысады, байқаулар, көрмелер, коллоквиумдар өткізеді. Балалар мен мұғалімдерге және жас ақындарға шеберлік сағаттарын ұйымдастырады. 

…Германияға Стамбұл арқылы ұштық. Әрине, әдеттегідей қазақстандықтардың жол,  жатын, тамақ ақысын Германия қаржыландырды және стипендия берді. Жалпы алғанда, Еуропаның кіндігінде орналасқан Германия әлемде білім мен ғылым, инновациялық дамуда көш бастап тұр. Бұл – өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан небір әйгілі ғалымдар шыққан ел. Бұл жолы ХІХ ғасырдың басында іргетасы барокко стилінде қаланған Гумбольт университетін тамашаладық. Онда Альберт Эйнштейн, Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Отто фон Бисмарк, Артур Шопенгауэр, Генрих Гейне, ағалы-інілі Гримм сияқты әйгілі тұлғалар, сондай-ақ, Нобель сыйлығының алпысқа таяу (!) лауреаты білім алған. Бір айта кетерлігі, неміс, дат, ирлан халық ертегілерін, Скандинавия мифологиясын жинаған Гриммдер тіпті біздің Семей өңіріне келгенін «Deutsche Allgemeine Zeitung» газетіндегі бір мақаладан көзім шалған еді. Қайран қалдым. Берлиннің қақ ортасындағы Александр алаңындағы «Әлемдік сағат»!  Сағатта әлемдегі 146 ірі қалаларының уақыты көрсетіліп тұрады. Дөңгеленген сағатқа қарап тұрып, дәл осы жерге осыдан 36 жыл бұрын келгенім еске түсті. Желдей ескен қайран уақыт! Жалпы, Берлин көшелері жер шарының түкпір-түкпірінен келген туристерге толы. Іргетасы 1789 жылы қаланған «Бранденбург қақпасы» – Германияның ұлттық символы. «Темір перде» ашылғанға дейін және 1989 жылы 9-10 қарашада Берлин қабырғасы қирағанға дейін қақпа Шығыс пен Батыс Берлин арасындағы шекарада тұрды. Сондықтан Бранденбург қақпасы Германия мен Еуропаның бөлінуін жеңудің символы болып саналады. Классицизм стилінде салынған бұл ғимарат Наполеон соғыстарының аяқталуымен және 1814 жылы Берлиндегі Бранденбург арқылы Парижді басып алғаннан кейін орыс әскерлерінің оралуымен байланысты. Шпрее өзенінің жағасындағы «Музейлер аралы» ең көрнекті тарихи орындардың бірінен саналады. Онда 1830-1930 жылдары Пруссия патшаларының тапсырысымен салынған сәулет ансамблі көне, жаңа, Ұлттық галерея, Боде және Пергамон музейлерін қамтиды. Сол музейлердің біразын араладық. Мұнда көне дәуір суретшілері мен сәулетшілерінің көздің қарашығындай сақтаған небір қайталанбас туындылары мен мүсіндері таңдай қақтырады. Жүз естігеннен, бір көрген артық деген бар ғой, өткен замандарға барып қайтқандай болдық.

            Берлинге сапарымыз Иса пайғамбардың туған күнімен тұспа-тұс  келді. Желтоқсанның 1-24 аралығында күн сайын ымырт үйіріле жұртшылық жаңа жылдық базарларда көтеріңкі көңіл-күймен бас қосып, ыстық глинтвейн шарабынан ауыз тиеді. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан жаңа жылдық сый-сияпаттардың саудасы да осы күндері қызып береді. Осы мерекеде жұртшылық бір-біріне таға, беде жапырағы, мұржа тазалаушы кейпіндегі түрлі сувенирлер мен шоколадтарды сыйға тартады.

            – Аударма ісіне кеңселік деңгейде жүрдім-бардым қарап, еңсесін көтертпей тастаған күштердің ықпалын сеземін. Сол себептен іс қағаздарды мемлекеттік тілде қазақ тілінде жүргізудің сапасы сын көтермей қалды. Ал көркем аударманың жай-күйі Сізге белгілі. Рауза апай, жалпы бүгінгі көркем аударманың деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Жаңағы өзің айтып өткен жағдай қазақ тілінің бүйіріне қадалған найза секілді. Анау жоғарғы жақта заң атаулы жарғы, бұйрықтар алдымен орыс тілінде жазылады. Сосын күлдібадам аударылады. Өзінің дербес тәуелсіздігі бар қай ел, қай мемлекет заңын өзге елдің тілінде жазып отыр? Бұл – өзің отырған бұтақты өзің кесумен бірдей емес пе?! Ал енді көркем аудармаға келейік. Көркем аударма – өте күрделі жанр. Бұл орайда прозаны тәржімалау бір басқа да, поэзияны аудару ісі мүлде бөлек. Аудармашы ақынның түпкі айтар ойын дөп басып, соны екінші тілге бере білуі шарт. Қазіргі ақындарда ойды астарлап айту, бейнелеу көптеп кездеседі. Әдетте, неміс тілінде зат есімдер (мейлі ол сөйлемнің ортасында тұрса да) бас әріппен жазылады. Ал қазір кей неміс ақыны зат есім түгілі, сөйлемнің бастапқы әрпін кіші әріппен, тыныс белгісін қоймай, әрі ұйқассыз ақ өлең түрінде жазуды әдетке айналдырған. Мұның өзі көркем аудармада қиындық туғызады. Бейнелеп айтқанда, «инемен құдық қазғандай» боласың. Түпнұсқадағы сөйлемді сол күйінде сөзбе-сөз аудару ұдайы мүмкін бола бермейді. Негізі, аудармашы түпнұсқа тілі мен аударатын тілді жетік білуі керек. Ондайда түсініксіз сөздердің мағынасын неміс тіліндегі «Түсіндірмелі сөздіктен», «Синоним сөздіктен», «Duden» түсіндірмелі сөздігінен және т.б. қараймын. Қолға түсе бермейтін, аудармашыларға ауадай қажет осы «Duden»-нің соңғы алтыншы нұсқасын ана бір жылы Цюрихке (Швейцария) шығармашылық сапармен барғанымда, ондағы «Аудармашылар үйі» сыйға берді. Әдетте, электронды нұсқа кейде аудармасын дұрыс бермейді.

Ал бізде сөздік 1992 жылдан кейін шыққан жоқ. Әлі күнге «Үлкен неміс-қазақ» және «Үлкен қазақ-неміс сөздігінің» шықпағаны ақылға қонымсыз. Дүние бір орнында тұрмайды. Уақыт өте белгілі бір сөздер қолданыстан қалып, жаңа сөздер енеді. Яғни, тілдік коммуникация ұдайы қозғалыста. Жоғары оқу орындарындағы аударма ісі мамандығына оқып жүрген қазақ бөлімі студенттеріне қандай сөздік ұсынылады екен дейсің осындайда. Өйткені қай елге болмасын, ең әуелі ұлттық аудармашылар ауадай қажет.

Ол үшін сөздік шығару өз алдына, ол ұдайы жаңартылып, толықтырылып тұруы шарт. Бұл ретте Алматыдағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қол қусырып қарап отырған жоқ. Бір білетінім, сонда ұстаздық еткен аудармашы Райхан Шалғынбаева «Kasachisch-russisch-deutsches ethnografisches Wörterbuch» – Қазақша-орысша-немісше этнографиялық сөздігін», «Schul-und Hochschullehrbücher» – «Мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтары», «Wörterbuch für die Schüler»- «Оқушыларға арналған сөздік», «Немісше-орысша-қазақша, қазақша-орысша-немісше дипломатиялық терминдер сөздігін» шығарды.

Әдетте Германияға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін ақын-жазушылар бір-бірімен ағылшын, неміс, француз, испан тілдерінде сөйлеседі. Оларда мейлі ақын, жазушы болсын, кітап жазатын болса, стипендия ұтып алып, Шығармашылық үйлерінде жазумен айналысады. Ал ол үшін міндетті түрде шет тілін білуі керек. Біздіңше, шығарма жазуға, ақындыққа бейімі бар балаларды мектеп бітірген соң шетел филологиясын меңгеруге  бейімдесе, ұтпасақ ұтылмаймыз. Яғни, келешекте қаламы қарымды қазақ ақын-жазушылары кемінде бір әлем тілін меңгерсе, әлемдік аренаға шығамыз. Сонда біздің ел шетел әдебиетін, шетел біздің әдебиетті танитын, оқитын, бағдарлайтын, бағамдайтын болады!

– Көркем аудармаға қалай келдіңіз? Аударатын шығарманы қалай таңдайсыз?

– Бала күнімнен әдеби шығармаларды қызыға оқыдым. Дәптерге оқыған кітаптың атауы мен авторын жазып отыратынмын. Он жеті жасыма дейін 180 кітап оқыппын. Кейін әлем әдебиеті өзіне тартты. Неміс классиктерін түпнұсқада, ал Т.Драйзер, О’Генри, У.У.Коллинз, Д.Лондондарды орыс тілінде оқыдым. Көркем шығарма оқуға деген қызығушылық өздігінен аудармаға жетеледі. Ал аудару үшін мейлі ол танымдық, әлде роман, детектив, бүгінгі заман ертегісі болсын, автордың жазу стилі, оқиға желісі, өн бойы қызықтырса аударуды жөн көремін. Белгілі бір шығарма мені де оқырман ретінде қызықтырса, өзгеге де қызғылықты болғаны.

Қазақ ақындары Еділбек Дүйсен және Батырхан Сәрсенханмен бірге

Қазақ әдебиеті мен неміс әдебиетінің айырмашылығы мен ұқсастығы қандай? Қазақ пен неміс қаламгерлерінің бір-бірінен үйренері бар ма?

– Әрине, Батыс Еуропа мен Орта Азия халықтарының салт-санасы, әдет-ғұрпы, жалпы менталитеті бір-біріне ұқсамайды. Ендеше, әдебиеті де бөлек. Қазақ тілінде синоним сөздер жетіп артылады. Мұны Қасымхан Бекмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабынан да көруге болады. Онда этнограф Жағда Бабалықов ана тіліміздің шұрайын, небір баламаларын жіпке тізгендей етіп көрсетеді. Жалпы алғанда, екі ел қаламгерлерінің бір-бірінен үйренері мол. Бір ғана мысал, Кеңес заманында классиктердің том-том романдарында бейнелеу, табиғатты, адамның жай-күйін суреттеу ұзақ жазылатын. Содан да болар, роман тек қалың кітап болуы шарт деген ұғым қалыптасқан. Неміс  прозасында артық-ауыс сөз жоқ. Нақтылық, жинақылық, шығармашылық еркіндік бар. Қазір ұзын-сонар роман оқуға ешкім қызықпайды.

Сондықтан, кез келген әдеби шығарманың қысқа-нұсқа болғаны жөн. Бұл өз ойым. Олардағы тағы бір ерекшелік, кейбір қаламгерлері кітабының тең жартысын неміс, ал қалғанын ағылшын тілінде жазады. Сосын бір байқағаным, балалар жазушыларының кейбірі өз ертегілеріндегі кейіпкерлердің суреттерін өзі салады. Яғни, жазушы сурет салу техникасын кәсіби тұрғыда меңгерген. Негізі, біздің қазақ қаламгерлерінің қарым-қуаты неміс әдебиетінен бір мысқал да кем емес. Мәселе, тек аудармаға келіп тіреледі.

Шетелге жиі шығасыз. Сол сапарлардан ойыңызға, өміріңізге әсер еткен жағдайлар болды ма? Әр сапардан қандай пікір қалыптасады?

            – Германияға алғаш рет 1987 жылы турист ретінде жолым түсті. Қалған кезеңде Швейцарияға үш рет, Германияға екі рет стипендиямен бардым.  Сонда аңғарғаным, осы елдерде әдеби кітап көп оқылады. Неге? Өйткені билік көркем шығармалардың оқылуына ықыласты. Оған қаржы салады. Оқырмандарын жоғалтпау мақсатында, баспадан шыққан әдеби шығармаларды жақсы жарнамалайды. Тіптен қаламгерлер шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін стипендия ұтып алып, «Шығармашылық үйлерінде» жұмыс істейді. Баспадан басылып шығысымен оқырман пышақүсті талап әкететін туынды іле аударылады. Көп ұзамай аудармасы жарық көреді. Керемет емес пе?! Бізде кітап шығарумен айналысатын баспалар көбіне баспахана міндетімен шектеледі. Кітаптың тұсаукесері өтеді. Оның өзінде бірді-екілі адам сол кітапқа қатысты пікірін білдіреді. Сонымен тәмам. 

Тағы бір айтарлығы, әлемнің 80 елінде жұмыс істейтін Гёте-институт сол елдердің әдебиеті мен мәдениетін (сурет, сәулет, қолөнер, кино т.б.) қолдап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасап қана қоймай, өздерінің әдебиеті мен мәдениетін де дәріптейді. Неміс тілі курстарын ұйымдастырады. Тағы бір назар аударарлығы, Гесс штатының астанасы Висбаденде орналасқан «Неміс тілі қоғамы» 1977 жылдан бастап «Жыл сөздерін» шығарып келеді. Яғни, қоғамдық пікірталаста басым болған әрі жыл бойы ел аузында болған сөзді анықтайды. Мәселен,2020 жылы «Corona-Pandemie» сөзі 1-ші орынға шықса, кейінгі орындарға «Lockdown» – карантин сөзі жайғасты. Солай кете береді. 

          Немістілді елдердің мұнтаздай тазалығына тәнтімін. Ауыз суды үнемдейді. Өзен-көлдерден балық аулау үшін арнайы курстан өтеді. Жас та, жасамыс та көбіне велосипедпен жүреді. Жас ұлғайғанда төрт-бесеуі бірігіп бір үйде тұрып, бір-біріне қарайласады. Қарттық әбден меңдегенде ғана Қарттар үйіне барады. Бұл елдерде бала туу көрсеткіші төмен. Жұмыс күші жетіспейді. Бір атап өтерлігі, шағын қалалардың өзінде театрлар жетіп артылады. Өйткені театрал көрермендер өте көп.

Жаныңызға жақын неміс қаламгері кім? Оның қандай шығармасы көңіліңізге ерекше әсер етті?

– Философ жазушы И.В.Гётенің «Фауст» шығармасы өте жоғары   деңгейде жазылған. Мұны айтып отырғаным, «Фаустты» оқуға, қабылдап, түйсінуге үлкен дайықпен келу керек. Аталмыш туындыны жетпісінші жылдары аудармашы, германист, ұстаз Медеубай Құрманов тікелей қазақ тіліне аударды. Сол кезеңде бұл – аударма жанрындағы үлкен триумф болды. Ф.Шиллердің балладалары – дауылпаз, отты болса, ал Г.Гейненің жанының тазалығы, нәзіктігі лирикасынан көрініс береді. Айтпақшы, Гётенің Генриетте Трейтерден туған ұлының ұрпақтары Ресейге де кеңінен тараған. Олардың арасынан атақты дәрігерлер, ғалымдар шыққан. «Қатыгез романс» фильмінің композиторы Андрей Петров, академик Велихов ақынның тікелей ұрпақтары. Бірақ бір өкініштісі, олар «Goethe-Lexikon» жинағына енбей қалған. Ал бүгінгі заман әдебиетіне келетін болсақ, швейцариялық Франц Холердің шығармаларын, әңгімелер жинағын сүйіп оқимын. Өзім ертегілерін аударған М.Гопферт, У.Краузе, З.Кеслер, Б.Обрехт, Э.Цөпфи, Х.Йохансен сияқты балалар жазушыларының шығармалары бірінен бірі өтеді. Бұлар баланың ой-қиялын дамытуға, қоршаған ортаны тануына, ақ пен қараны ажырата білуге, бойға ізгілік нәрін себуге бағытталған ертегілер. Мен аударған «Таңғажайып глобус» жинағына Мартин Лютерді қоспағанда, қазіргі заманғы балалар жазушылары ертегілерінің аудармалары енгізілді. Бұл кітап «Атамұра» баспасынан 2017 жылы мың данамен жарық көрді. Кейін оқырманның сұрауымен тағы мың данасы шықты. Мұның өзі қазақ тіліндегі қазіргі заман ертегілерін балалардың қызығып оқитындығын көрсетеді.

Қазақстанға депортацияланған немістер тағдыры туралы жазылған жазушы Элеонора Хуммельдің «Берлин балықтары» романын аудардыңыз. Шығарма Сізге несімен әсер етті? 

– Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қазақ даласына күштеп көшірілген Еділ бойындағы немістердің қилы тағдыры бір отбасының басынан өткен оқиғалар арқылы баяндалады. Он екі жастағы Алина есімді қыз атасының жастығының астынан бәкі тауып алады. Сабында «1956 жыл» деп ойып жазылған. Бір сұмдығы, айдаудан аман келгендері ол жақта көрген ауыр азап, қорлығын тіс жарып тірі жанға айтпаған. Қорыққан. Қазір солардың үшінші ұрпағының көбі сол себептен ата-әжелерінің бастан кешкендерін біле бермейді. Ал «Берлин балықтарында» немере қыз айдаудан келген атасынан сол оқиғаларды майдан қыл суырғандай етіп айтқызады… Ер-азаматтары сонау итжеккенге ағаш кесуге айдалады. Ондағы аш-жалаңаш ит тірліктен өлгені өліп, тірі қалғаны Сталин өлген соң отбасына оралады. Мұз құрсауындағы азапты жылдар, отбасынан, ата-анадан айырылу, жас күнінде Берлиндегі көл жағасында сөз байласқан қалыңдығы, сол кезеңнің сұрқай саясаты кітапқа арқау болған. Ал осы автордың кейінгі «Таң жұлдызы» романы болса, соның заңды жалғасы.

Сіз неміс тілінде оқып, аударасыз. Түпнұсқа тіл мен орыс тілі арқылы қазақшалаған шығарманың айырмашылығы қандай? Сондай шығарманы оқығанда сын көзіңізге қандай кемшілік пен артықшылық көрінеді?

– Әрине, түпнұсқадан аударған жақсы ғой. Десе де, біздің қазақ ақындарының орыс тілі арқылы аударған дүниелері таңдай қақтырады. Ақын Сырбай Мәуленов әйгілі неміс классигі Фридрих Шиллердің «Үміт» («Hoffnung») өлеңіндегі «…doch der Mensch hofft immer Verbesserung» – «…Тоймайды дүниеге, шіркін, адам!» – деп аударады. Ал немісшесін жолма-жол аударғанда «…бірақ адам әрқашан жақсартуға үміттенеді» делінеді. Немісшесінде «тоймайды», «дүниеге» деген сөздер жоқ. Осы өлеңнің аяғын «…Und was die innere Stimme spricht, das täuscht die hoffende Seele nicht» деп аяқтаған. Мұнда да «от», «тағдыр» деген сөздер жоқ. Жолма-жол аударғанда, «…Нені айтып тұрса ішкі жан үніміз, үміті бар жанды (адамның ішкі жанын) алдамайды» болып шығады. Сырбай ақын алайда «… Нені айтып тұрса ішкі жан үніміз, Сол біздің оттай жанған тағдырымыз», – деп Шиллердің ойын дөп басқан. Мағжан Жұмабаевтың да шебер аудармашы болғаны көрініп тұр. Мәселен, немістің лирик ақыны Генрих Гейненің «Sonnenuntergang» – «Күннің батуы» деп аударған өлеңінен аңғаруға болады. Мағжан ақын нұсқасы төгіліп тұр. Сүйсінесің. Үндестік бар. Орыс тілі арқылы аударса да, тіптен аударма деуге келмейді. Жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтың «Құлагері» де немістерді таңдай қақтырды. Бұл туынды тікелей неміс тіліне аударылып (Таңсұлу Рахымбаева, Имангелді Естаев, Шырын Зухай тәржімалады), жеке кітап болып шығып, театрларында сахналанды. Ал И.В.Гётенің небәрі жиырма бес жасында жазған «Жас Вертердің қасіреттері» шығармасын – («Die Leiden des jungen Werters») Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіндегі педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Бәйнеш неміс тілінен қазақ тіліне тікелей аударды. Гётедей ұлы ақынның туындысына екінің бірі жүрегі дауалап бара бермейді. Оны қайбір жылдары «Әлем әдебиеті» журналынан оқып, тәнті болдым.

Ал ұлы Абайдың «Осы  жұрт Ескендірді біле ме екен? Македония шаһары – оған мекен…» деп басталатын «Ескендір» поэмасын институтта дәріс берген ұстазымыз Әділбек Әлжанов неміс тіліне екі нұсқада аударды. Тіптен аударды деуге келмес, кәнігі ақындай сөйлетті. Қазір көп оқылатын қаламгерлер Рахымжан Отарбаевтың «Қытайдан жеткен сәлемдеме», «Мона Лиза», «Сатқын», ал Айгүл Кемелбаевадан «Шашты» және «Ереймен мен Ақынай» шығармалары тікелей неміс тіліне аударылып, «Жүректен-жүрекке» топтамасына енді. Мұның өзі немістердің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын туғызып отыр. Мұнан да басқа аудармалар баршылық. Олар кейінгі күннің еншісінде.  

Поэзия үйінің директоры Маттиас Книиппен

Қазір шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар? Қандай шығарманы аударып жатырсыз?

– Э.Хуммельдің «Die Venus im Fenster» романын қазақшаға аудардым. Кітап «Таң жұлдызы» атауымен жарық көрді. Қазір швейцариялық танымал жазушы Франц Холердің «Es klopft» – «Тықыл» романы аударылуда. Бәлкім, бестселлердің атауы өзгеруі де бек мүмкін. Автор қазақшаға аударуға ризашылықпен келісімін берді. Одан бөлек «Vitamin de» журналында «Неміс ғалымдары» айдарымен берілген ғылыми-танымдық дүниелердің біразы аударылды. Атап айтқанда, П.Шнайдердің «Nivea» маркасы, «Тоңазытқыш ойлап тапқан инженер Карл фон Линде», М.Штурмның «Дизель моторының шығу тарихы», «Бұрандалы бутсы», Й.Нимрихтің «Эрнст Русканың электронды микроскопы», пластинканы ойлап тапқан Эмиль Берлинер жайлы «Әуенге толы пластинка», Л.Неттертің Playmobill  ойыншықтарын ойлап тапқан Ханс Бек туралы «Пластикалық батырлар» және т.б. Қазіргі заманғы суретті неміс ертегілерінің отыздан астамы қазақ тіліне аударылып, баспаға дайын тұр.

– Рауза Молдайқызы, шығармашылығыңызға шалқар шабыт тілеймін. Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу