Астанада 27-28 маусым күндері Павлодар облысының креативті индустриясын дәріптеген ауқымды көрме-жәрмеңке өтті. Өңірімізден барған қолөнершілер, дизайнерлер мен заманауи жоба авторлары өздерінің үздік туындыларын елордалықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынды.
Маусым айының соңында өткен бұл шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Креативті индустрияны дамыту қорының» қолдауымен қолға алынған республикалық «Creative Aimaq» жобасы аясында ұйымдастырылды. Көрменің басты мақсаты – аймақтардағы шығармашылық әлеуетті көрсету, өнер иелері арасында тәжірибе алмасу және отандық брендтерді ілгерілету болды.
Павлодар облысынан келген делегация Астана төрінде ұлттық нақыштағы музыкалық аспаптардан бастап, заманауи IT-жобаларға дейінгі кең ауқымды өнімдерді паш етті. Көрме экспозициясы дәстүрлі қолөнер туындылары, былғарыдан, металлдан және керамикадан жасалған авторлық бұйымдар, сондай-ақ заманауи анимациялық және цифрлық жобалармен толықты.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова: «Біз үшін ең маңыздысы – бұйымды жай ғана таныстыру емес, оның тарихын баяндау. Егер бұл домбыра болса, мұнда шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, жанды музыка шырқалады. Келушілер аспаптың қалай жасалатынын және оның қазақ мәдениетіндегі орны қандай екенін біле алады. Көрмеде зергерлік өнерден бастап анимация, бейнеконтент пен заманауи цифрлық жобаларға дейінгі түрлі креативті бағыттар ұсынылған. Біздің креативті өнімдеріміз елорда тұрғындары мен туристердің де қызығушылығын тудырады деп сенемін», – деді ол.

Көрмеге келушілер тек дайын бұйымдарды тамашалап қана қоймай, шеберлік сағаттарына қатысу арқылы өнер туындыларының дүниеге келу процесін өз көздерімен көрді. Мысалы, ерекше экспозициялардың бірі – Думан Шаймергеновтің металлдан жасалған бұйымдары болды. Шебер көз алдында мыңдаған темір сақиналарды біріктіріп, ортағасырлық стильдегі сауыт-сайман жасау үдерісін көрсетті. Оның айтуынша, күрделі әрі қайталанбас дүниелерді жасау – оның бала кезден жанына серік болып келе жатқан құмарлығы.

Осындай жас креаторлардың келесісі – Ернұр Сағынтай. Еңбек жолын мемлекеттік қызмет саласында бастаған Ернұр уақыт өте келе өз арманының жетегіне еріп, шығармашылық әлеміне қадам басты. Бүгінде ол дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, үй жиһазы, тұрмысқа қажетті ерекше әдіспен қолөнер бұйымдарын әзірлейді. Ал Ақтоғай ауданынан келген ағаш шебері, қолөнер үйірмесінің жетекшісі Займолда Өмірбекұлы аймақ шеберлері мұндай көрмелер аясында өз туындыларын таныстырып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасқандарын айтты.

«Көптеген ақпараттар, тың идеялар алып жатырмыз. Ағаш шеберлері, ұсталар, зергерлер, ісмерлер бір-бірімізбен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдық. Мысалы: «Қанатты домбыра», «Абай жолы», «Алтын адам» сияқты инсталациялар ерекше, сонымен қатар теріден жасалған бұйымдар жасап, таспадан өріп әзірлегентін әбзелдер мен тұрмыстық заттарды да ұсындық. Қажетті материалдардың бәрін өзіміз қолдан өңдеп істейміз».
Сондай-ақ, Екібастұз қаласынан келген «Керамиста» шеберханасының негізін қалаушы Расиля Латыпова ыдыс-аяқтар мен статуэткалардың сан алуан түрлерін ұсынды. Шебер елордалық деңгейден алғашында қобалжығанын, алайда бұл жоба оның өз күшіне деген сенімін арттырып, үлкен тәжірибе сыйлағанын мойындады.

«Шаңырақ» ОХШжМСҚ орталығының басшысы, көрме координаторы Замира Солтанова: Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілген «Креативті аймақ» жобасына Ертіс-Баян өңірінің креаторлары қатысып жатыр. Көрме шеңберінде тек сауда-саттық емес, сонымен бірге бай мәдени бағдарлама да қамтылды. Келушілер үшін белгілі әнші, актер Кобланды Болаттың концерті, Олжас Сүлейменовтің «Я знаю» кітабының таныстырылымы және «Ертіс пен Есіл арасы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Аймақтағы шығармашыл адамдарға Астана қаласы үлкен шабыт берді деген ойдамын. Тамаша площадка ұсынғаны үшін көрмені ұйымдастырушыларға зор алғыс білдіреміз», – деп көрменің маңызын атап өтті.

Көрмені ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы тамашалап, павлодарлық креаторлардың өнімдерімен жеке-жеке танысты және аймақ шеберлерінің жобаларына жоғары баға берді.
Екі күнге созылған шараның қорытындысы бойынша, көрмені 4500-ге жуық адам тамашалап, сатылған өнімдердің көлемі 5 миллион теңгеден асты. Бұл көрсеткіш өңірлік брендтердің елордалық тұтынушылар арасындағы сұранысын және отандық креативті индустрияның даму әлеуетін айқын дәлелдеді.
