Жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық шарасының басталуына бір айдай ғана уақыт қалды. Өзге ұлттық құрамалар сияқты қазақ күресінің балуандары да Көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде. Жыл басынан бері ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен 4 оқу-жаттығу жиыны өтті.
Атап айтқанда, балуандар Алматы қаласында екі мәрте, Грузия елінде және Қырғызстанда дайындықтарын жүргізді.
Кезекті оқу-жаттығу жұмыстары Ақмола облысындағы Щучье қаласында өтеді. Бұл жиын барысында балуандарымыздың арасында қорытынды белдесулер өткізіліп, әр салмақтың үздігі анықталады.
Ал соңғы жиын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткізу жоспарланған. 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақ күресі бойынша жарыстар осы жерде өткізілетін болады.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Онда 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.