Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy
Журналдың бұл нөмірі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдық мерейтойына арналды.

Жүсіпбек Аймауытов Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы былай деп жазған екен: «Сұлтанмахмұт жас ақындардың ішінде бір күшті ақын еді. Өнер-білім сәулесін аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, жеңе алмай мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от-жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді».

Жүсіпбек бағалап, қазақ таныған құрыш жігердің ақыны, ұлт ағартушысы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдық мерейтойына орай журналдың 4-санында Еламан Қабділәшімнің «Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең» және Рашит Кареновтың «Неукротимый поэт и завораживающий философ, похожий на солнце казахского мира» мақалалары жарияланды.

Баянауыл ауданында өткен ақын тойынан әзірленген репортаж «Сұлтанмахмұт – жүректің қазынасын тазартқан ақын» деген тақырыппен жарияланды.

Әйгілі әнші Естай Беркімбайұлының 155 жылдық мерейтойына арналған жиын жайлы «Екібастұздағы Естай тойы» мақаласы басылды. Авторы – Ерболат Әміренов.

Аталған мерейтойға орай журнал бетінде жаңа әдеби туындының тұсауы кесілді. Ақын Толқын Қабылшаның «Махаббат дастаны» поэмасы оқырманға жол тарты. Поэмада автор Естай мен Қорлан арасындағы сезімді жыр етіп, аңыз болған махаббат дастанынан өзінше ой түйеді.

«Поэзия» айдарында ақын Шолпан Байғалының, Наталья Млынцеваның және Жасұлан Садықовтың өлеңдері оқырман назарына ұсынылды.

Ал, «Қонақкәде» айдарында ақын Бауыржан Қарағызұлының Баянауыл сапарында дүниеге келген өлеңі басылды.

«Проза» айдарында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Досхан Жылқыбайдың  «Соңғы трамвай» әңгімесі жарық көрді.

«Аударма» айдарында неміс қаламгері Элеонора Хуммельдің «Берлин балықтары» романының жалғасы жарияланды. Романның бастапқы бөлімдері журналдың 1-3-інші нөмірлерінде басылды. Ал, жалғасын алдағы 5-нөмірден оқитын боласыздар. Романда Қазақстанға депортацияланған немістердің тағдыры туралы баяндалады. Аудармашы – Рауза Мұсабаева

«Қылқалам ғаламаты» айдарында белгілі қылқалам шебері Аңсаған Мұстафаның Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде ашылған «Сөйле, сурет!» көрмесінен әлеуметтік плакаттар жарияланды.

«Өнертану» айдарында Қазақстан Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі Бауыржан Нұрымов суретші Әнуар Игембаевтың шығармашылығы туралы толғанады.

«Мирас» айдарында Бекмұрат Уақатовтың «Захиреддин Мұхаммед Бабыр» мақаласы жарияланды.

«Заманхат» айдарында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рашид Бектеміров жинаған нақыл сөздер мен оймақтай ойлар топтастырылды.

«Жас жүрек жайып қанатын» айдарында – жас қаламгер, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Жанболат Абайханның сатиралық әңгімелері жарық көрді.

Сонымен бірге, «Қазына» айдарында жақында ғана дүниеден өткен әдебиет әлемінің ардақтысы, Ақбеттаудың абызы Зекебай Солтанбайұлының «Халық педагогикасы – тәрбие негізі» мақаласы жарияланды.

Ал, орыс тілінде Людмила Бевз бен Марал Таженованың «Путешествие досика во времени» ертегісі жарияланды. Ертегіде бас кейіпкер ежелгі Павлодар өңірінне саяхат жасайды. Балаларға арналған шығарманың жалғасын журналдың 5-санынан оқитын боласыздар.

Құрметті оқырман, «Найзатас» журналында жарияланған осы және өзге де туындылары оқып, ой көкжиегіңізді кеңейтіңіз.

Пікір үстеу