Pavlodar, KZ
17°
Fair

          Бүгін «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Өнер додасы» сайысының жартылай финалдық сайыстары өтті.

          Жанкүйерлер алдына бірінші болып Аққулы ауданы мен Майқайың кентінің құрамалары шықты. Өнер сайысына азгер, ҚР Мәдениет қайраткері Асылбек Әбдікәрімов, дәстүрлі әнші, күйші, ұстаз, Күйшілер одағының мүшесі Толқын Байбусынова, ақын, «Найзатас» журналының бас редакторы Жұмабек Сманов, күйші, «Қаған» этно-фьюжн тобының жетекшісі Рыскүл Асаубайқызы, биші, «Томирис» үлгілі би ұжымының жетекшісі Алтынай Адылханова, «Бір мысқал» ән мектебінің ұстазы Жанболат Байсолтан қызылық етті.

Берген бізге дарынды сый ғып тегін,

Сырлы саз, саф өнерді сүйдік керім.

Көремен қошеметке көмді қызу,

Аққулы ауданының жүйріктерін.

Ән-күйменен жадырап, жайқалғандар,

Жан-жүрегін жырменен байыта алғандар.

Жанкүйерді шабытқа бөлеп кетті,

Кенді кент – майқайыңдық майталмандар.

Сайысты Аққулы ауданыны өнерпаздары бастады. Дәстүрлі әнші Есім Бейбітхан Кенен Әзірбаевтің «Көкшолақ» әнін шырқады. Ал, майқайыңдық Жанерке Маукенова Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнін орындады. Алғашқы сайыстың алғашқы ұпайы аққулылық өнерпазға бұйырды.

Екінші сайыста күйшілер шеберлік байқасты. Аққулының күйшісі Бауыржан Еркен Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйін, майқайыңдық Әлем Әкімжанов Жантөранің «Шалқымасын» орындады. Қазылар алқасы Майқайыңнің домбырашысын жеңімпаз деп таныды. Солайша, есеп теңесті! 1:1.

Үшінші сайыс – айтыста аққулылық Марғұлан Жанбау мен майқайыңдық Нұрбек Бәкір сөз қағыстырды. Екі ақын жиырма минут айтысып, көрерменді отты сөз, ойлы тіркеске куә қылды. Нәтижесінде Нұрбек ақын басым болып, құрамасының қоржынына екінші ұпайды салды.

Төртінші сайыста да есеп теңесті. Термешілер бәсекесінде аққулылық Әділет Сейітов Майлықожаның термесін орындап, «Сендермен кеңес құрайын» термесін орындағын майқайыңдық Айтахмет Сәукеннен басым түсті.

Ұлт аспаптар ансамблдерінің сайысында Аққулы ауданының «Өртең» ансамблі мен айқайыңдық «Майқайың сазы» ансамбілі өнерлерін ортаға салды. Аққулылық ұжым авторлқ ән орындап ерекшеленді. Бұған дейін жерлес ақын Алтынбек Мұқышевтің өлеңіне жазылған Әділет Сейітовтің «Ертіс вальсі» әнін орындаған болатын. Ал, осы жолы екібастұздық ақын Айбек Қалиев пен сазгер Әділет Сейітовтың туындысы – «Заман-ай» әнін шырқады. Дегенмен, майқайыңдық ансамблдің сүйемелдеуімен Исламбек Каримов пен Жанерке Маукенова орындаған халық әні «Ел көшкенде» қазылар алқасының оң бағасына ие болды.

Алтыншы сайыста есеп тағы да теңесті. 3:3. Бұл кезеңде аққулылық өнерпаз Айтолқын Шаймұрат болк-флейтамен Алтай әуендерін орындады. Ал, майқайыңдық Берікбол Мунталиев шаңқобыз, сазсырнай, даңғыра, шіңкілдек, шертер аспаптарымен қазақ күйлерінен паппурий орындады. Қазылар «Блок-флейтаны кезінде Нұрғиса Тілендиев, кең диапазонды үні үшін, Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне қосқан», – деп жеңісті Аққулының пайдасына жазды.

Өнерпаздар да, жанкүйерлер де демдерін ішке тартып, алақандарын ысқылап, соңғы сайысты тамашалады. Ортада – қазақтың ұлттық биін серік еткен жастар. Көрерменге аққулылық «Сарыарқа» би тобы «Өрлеу» биін ұсынды. Ал, майқайыңдық «Айналайын» үлгілі би ұжымы «Шаңырақ» орталығының 20 жылдығына арналған «Шаттық» биін биледі. Екі өнер ұжымы толық өнер көрсетіп болған соң, көрермен назары қазылар алқасына бұрылды. Шешуші сөзді айтқан Алтынай Адылханова ұпайды Аққулы ауданының қоржынына салды. Қорытынды есеп – 4:3. Аққулы ауданының өнер құрамасы – алғашқы финалист.

Өнер көкке жеткізер

Ақтық сынның екінші жоламасы үшін Успен және Баянауыл аудандарының өнерпаздары таласты.

Өнер деп жарқыратқан жұлдыз-жанын,

Арына жаға қылған құндыз-бағын.

Көрермен қолдай білді Успен елін –

Ұялының намысты ұл-қыздарын.

Атағы аспандаған бұл күндері,

Тасына таңбаланған жырдың мөрі.

Талайды талантымен тамсандырды,

Байырғы Баянтаудың дүлдүлдері.

Сайысты баянауылдықтар бастады. Дәстүрлі әнші Самал Жакупова халық әні «Сұржекейді» шырқады. Ал, успендік Жалын Құнанбай Әсет Найманбайұлының «Кіші Ардақ» әнін орындады. Нәтижесінде алғашқы ұпайды Успен ауданы иеленді.

Күйшілер сайысында Данияр Жақсыбек (Баянауыл) пен Әділжан Нұрқаев (Успен) тартысты. Данияр Есбайдың «Өттің дүние» күйін, Әділжан Сейтектің «Торы ат» күйін орындады. Екінші сайыста да Успен ауданың домбырашысы басымдыққа ие болды.

Үшінші сайыста Баянауыл ауданы жеңіске жетті. Айтыс ақындары сахнаға көтерілгенде-ақ, жеңіс Баянауылда екені аңғарылды. Себебі «Алтын домбыра» иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Аспанбек Шұғатайдың шаршы топта сөз бастап, талай додада топ жарғаны баршаға мәлім еді. Ал, оның қарсыласы қызыл сызықтың арғы жағынан күні кеше келіп, тарихи Отанына енді ғана қоныс тепкен Жақсылық Қауана болды. Аспанбек: «Қуғында іште кеткен құлын едің, Үйіріңе оралдың Құлагер боп», – деп Қазақ елінде тұңғыш рет айтысып отырған қарсыласының мерейін өсіре, көңілін көтере жырлады. Жанкүйер сүйікті ақынының сөзіне сүйсіне қошемет көрсетіп, қолдау көрсетті.

Төртінші сайыста термешілер жұр алдына шықты. Бұл сын Баянауыл ауданына сәтсіз болды. Термеші Бақытжан Ахметов Мәшһүр Жүсіптің «Бес парыз» термесінің сөзінен жаңылып, тобына ұпай сыйлау мүмкіндігінен айырылды. Ал, успендік Бөкен Жігер Базар жыраудың «Өсиет» термесін шебер орындап шықты. Солайша, ол өз тобына тағы бір ұпай тарту етті. Есеп – 1:3.

Бесінші сайыста баянауылдық «Беу, жігіттер!» халық ансамблі мен «Ұялы» этнографилық ансамблі жарысқа түсті. Екі ұжым да халық әнін шырқады. Біріншісі «Жариямайдайды», екіншісі «Қара жорғаны» орындады. Ал, қазылардың ұпайына «Беу, жігіттер!» ие болды.

Сайыстың тағдыры алтыншы сайыста-ақ шешілді. Сирек кездесетін ұлттық аспапта өнер көрсеткен успендік Мұқтар Шергетай үш ішекті домбырамен өзінің авторлық «Кері ағыс» күйін орындап, баянауылдық Динара Шашимовадан (шіңкілдекпен «Қара жорға» күйін орындады) озық болды.

Соңы сайыста баянауылдық «Баян сұлу» үлігіл би ұжымы успендік «Толқын-ай» би ансамбілін ұтса да, жалпы қорытынды бойынша Баянауыл жеңімпаз атана алмады. Қорытынды есеп – 3:4.

Осылайша, Успен ауданы финалға жолдама алды.

«Өнер додасының» финалдық сайысы 14 қараша күні «Шаңырақ» облыстық орталығында өтеді. Бірінші орын жүлдесі үшін өнер көкке жеткізетінін барынша дәлелдей білген Аққулы және Успен аудандарының өнер құрамалары таласатын болады.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу