
Астана – Ұлы дала жүрегі
Кейде тарихтың бағытын ғасырларға созылған оқиғалар емес, бір ғана батыл шешім өзгертеді. Тәуелсіз Қазақстан үшін сондай тарихи шешімдердің бірі – елорданы Арқа төсіне көшіру болды. Бұл тұтас еліміздің даму философиясын тың арнада жаңғыртқан, мемлекетшілдік сананы жаңа деңгейге көтерген тағдырлы таңдау еді. Осы шешім арқылы Қазақстан өзінің географиялық кеңістігін ғана емес, саяси көкжиегін, экономикалық мүмкіндігін және рухани болмысын жаңа бағытқа бұрған-тұғын.
Бүгінде Есілдің жағасында бой түзеп отырған Астана – өз халқымыздың ғана емес, сонымен қатар әлем жұртшылығының ерекше қызығушылығы мен ықыласына ие бірегей қала. Қысқа мерзім ішінде Аз ғана тарихи мерзім ішінде ол әлемдегі ең жас әрі ең қарқынды дамып келе жатқан астаналардың қатарына қосылды. Кеше ғана кең жазира даланың төсінде орналасқан шағын қала бүгінде халықаралық дипломатияның, іскерлік байланыстың, ғылым мен білімнің, мәдениет пен инновацияның тоғысқан орталығына айналды. Мұның барлығы елдің бірлігі мен халқымыздың жасампаз еңбегінің жемісі екені анық.
Әлем тәжірибесіне көз жүгіртсек, көптеген мемлекет өздерінің жаңа тарихи кезеңінде елордаларын жаңартып немесе жаңадан тұрғызғанын аңғарамыз. Мұндай қадамдар мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиясымен, ұлттық қауіпсіздігімен және экономикалық мүддесімен тығыз байланысты болса керек. Қазақстан да осы жолды таңдады. Уақыт бұл шешімнің тарихи тұрғыдан ғана емес, геосаяси және экономикалық жағынан да көреген қадам болғанын дәлелдеп берді.

Астананың дәл қазіргі келбеті – тәуелсіздіктің нақты нәтижесі. Қалада мемлекеттік басқарудың барлық тармақтары шоғырланып, осы жерде ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданады. Сондықтан елорданың әрбір жетістігі – бүкіл Қазақстанның жетістігі, ал оның әрбір жаңа жобасы – мемлекет дамуының жаңа белесі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Астана – Тәуелсіздігіміздің жарқын жетістігінің символы. Бұл қала халқымыздың жасампаздық рухын айқын көрсетеді», – деп атап өткен болатын. Шын мәнінде Астана – өткен мен бүгінді жалғаған, ұлттық дәстүр мен заманауи өркениетті үндестірген ерекше шаһар.
Елорда бүгінде Қазақстанның экономикалық өсімінің маңызды драйверіне айналды. Жылдар ағымымен халықаралық инвестициялар тартылып, жаңа өндірістер іске қосылып, цифрлық технологиялар қарқынды дамуда. Астана халықаралық қаржы қызметтерін, инновациялық кәсіпкерлікті және жоғары технологияларды дамытуға қолайлы ортаны қалыптастырып келеді.
Соңғы жылдары елорда «ақылды қала» қағидаттарын жүйелі түрде енгізуде. Қалалық қызметтердің цифрландырылуы, қоғамдық көлік жүйесінің жаңаруы, интеллектуалды бейнебақылау, электрондық мемлекеттік қызметтердің кеңеюі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл үрдістер Астананы Орталық Азиядағы ең заманауи қалалардың біріне айналдыруға негіз болып отыр.

Астана – жастардың мүмкіндіктер мекені. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мыңдаған жас осы қалада білім алып, ғылыммен айналысып, кәсіп бастап, мемлекеттік қызметке орналасып, өз болашағын қалыптастыруда. Заманауи университеттер, ғылыми орталықтар, IT-хабтар мен шығармашылық кеңістіктер жас буынның кәсіби әрі тұлғалық дамуына кең жол ашады.
Қала бүгінде халықаралық туризм үшін де тартымды бағытқа айналып келеді. Бәйтерек, Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі сияқты сәулет нысандары елорданың көркіне көрік қосып, Қазақстанның заманауи келбетін әлемге танытып келеді.
Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы:
Арман қала – Астана,
Асқақтай бер, жас қала!
Елдігімнің еңсесін
Биіктетер бас қала! – деп жырлағанындай, Астана бүгінде күллі қазақ елінің мақтанышына айналды.
Астананың әрбір көшесі тәуелсіздіктің тынысын сездіреді, әрбір сәулетті ғимараты елдің ертеңге деген сенімін айшықтайды, ал әрбір жаңа бастамасы Қазақстанның өркендеу жолындағы сенімді қадамын білдіреді. Астана – тәуелсіз мемлекеттің жігері, халықтың жасампаз рухы және Ұлы Даланың жаңа дәуірдегі асқақ келбеті.
1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының астанасы ресми түрде Ақмолаға көшірілді. Ал 1998 жылғы 6 мамырда қалаға «Астана» атауы берілді. Бұл жаңа дәуірдің басталғанын білдіретін тарихи кезең болды. Сол уақыттан бастап Есілдің сол жағалауында бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қысқа мерзім ішінде әлем назарын аударған жаңа мегаполис қалыптасты.
Бүгінде елорданың сәулеттік келбеті тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын бейнелейді. Бәйтерек – елдің өсіп-өркендеуінің символы болса, Ақорда – мемлекеттіліктің айбынын айшықтайды. Бейбітшілік және келісім сарайы Қазақстанның бейбітшілік пен келісім саясатының көрінісі болса, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі халқымыздың бай тарихы мен мәдени мұрасын әлемге танытып келеді.
Соңғы жылдары Астана жаңа сапалық кезеңге көтерілді. Қалада заманауи тұрғын аудандар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендері мен мәдениет нысандары көптеп салынды. Есіл өзенінің жағалауы толық абаттандырылып, жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер ашылды. Веложолдар желісі кеңейіп, экологиялық көлік түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Елорда көлік инфрақұрылымы жағынан да қарқынды жаңаруда. Жаңа жолайрықтар, көпірлер, заманауи автобустар, интеллектуалды бағдаршам жүйесі және цифрлық көлік сервистері қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жұмыстар Астананы қолайлы әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамытуға мүмкіндік беруде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Астана – халқымыздың қажырлы еңбегінің жемісі. Бұл қала үнемі жаңарып, жаңғырып, еліміздің өркендеуіне қызмет ете береді», – деген еді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бейбітшілікке, өзара сенімге және халықаралық әріптестікке негізделген сыртқы саясат ұстанып келеді. Бұл саясаттың нақты нәтижесі елордада өткен көптеген халықаралық кездесулер мен келіссөздерден анық байқалады. Бүгінде Астана әлемдік деңгейдегі саяси диалогқа, өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін беделді алаң ретінде танылды.
Елордада тұрақты түрде өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – Қазақстанның халықаралық бастамаларының ең маңызды жобаларының бірі. Әлемнің әр түкпірінен келген діни көшбасшылар бір үстел басына жиналып, адамзат алдындағы ортақ мәселелерді талқылайды. Бұл форум Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді басты құндылық ретінде ұстанатынын көрсетеді.
Астана халықаралық саммиттердің, үкіметаралық комиссиялардың, экономикалық форумдардың және инвестициялық кездесулердің де тұрақты орталығына айналды. Мұнда қабылданған көптеген келісімдер еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа өндірістерді іске қосуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге ықпал етті.
Қазақстанның географиялық орналасуы да Астананың халықаралық маңызын арттыра түседі. Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан еліміз Шығыс пен Батыстың арасындағы сенімді көпір қызметін атқарып келеді. Осы ерекшелік елорданың да халықаралық логистика, дипломатия және экономикалық ынтымақтастық орталығы ретінде дамуына жол ашты.
Соңғы жылдары Астана инвестиция тарту бағытында да жаңа белестерге көтерілді. Қалада халықаралық компаниялардың кеңселері ашылып, жоғары технологиялар саласына арналған жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Инновациялық өндірістерді дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және креативті индустрияны қолдау елорданың экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге шығаруда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастық туралы: «Қазақстан барлық мемлекеттермен өзара құрметке, сенімге және сындарлы диалогқа негізделген қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі», – деп бірнеше рет атап өтті. Бұл ұстаным Астананың халықаралық саясаттағы рөлінен де айқын көрінеді.
Елорда бүгінде жаһандық мәселелер талқыланатын ғана емес, жаңа идеялар мен бастамалар дүниеге келетін орталыққа айналды. Жасанды интеллект, цифрлық трансформация, тұрақты даму, жасыл экономика және климаттың өзгеруі сияқты өзекті мәселелерге арналған халықаралық конференциялар мен форумдардың Астанада өтуі – соның дәлелі.
Бұған қоса, Астана халықаралық туризмнің де тартымды бағытына айналуда. Қаланың сәулеттік келбеті, кең көшелері, саябақтары, мәдени нысандары мен заманауи инфрақұрылымы шетелдік қонақтардың қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Елордаға келген туристер қазақ халқының қонақжайлығымен бірге, ұлттық мәдениеттің заманауи өркениетпен үйлесім тапқанын көреді.
Астана – көпұлтты Қазақстан халқының достығы мен татулығының да жарқын көрінісі. Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еңбек етіп, білім алып, мәдени өмірге белсенді қатысуда. Бұл елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нақты нәтижесі.
Асыл ӘБІШЕВ.
