Ақын Сырбай Мәуленовтың «Телтолқын» кітабы 1989 жылы (Алматы қаласы, «Жалын» баспасы) жарық көрген екен. Кітапта әдеби жазбалар, эсселер, портреттер мен естеліктер топтастырылған. Оқырман назарына аталған кітаптан алынған «Баян жерінде» естелігін ұсынамыз. Бұрын-соңды баспасөз беттерінде жарияланбаған естелікте Шәкен Айманов пен Кәукен Кенжетаев туралы баяндалады.

Баян жерінде

1969 жылы июльдің 18-і күні Ақкелін тауының аясында азғана аялдап, Баяндатып, Жасыбайға бардым. Айнала таудың арасында шарайнадай дөңгеленіп, жасыл айдынды Жасыбай құшағын ашады. Шамалы демалып, жартастан Жасыбайға секірдім. Жолсоқты болған бойым сергіп сала берді.

Толқын да жасыл, жағадағы жартастар да жасыл, орман да жасыл, мен жасыл дүниенің ортасындамын. Жасыбайдың жайлап ескен желі де жасыл болуы керек. Жасыл жаратылысқа жаз тұнып тұрғандай. Жасыл жапырақ, жасыл топырақ. Жасыл су, жасыл ну жанды желпіп тұрғандай.

***

Таңертең біреу демалыс үйінің мен жатқан бөлмесінің есігін қағады. Қарасам, ақын Қабдыкәрім Ыдырысов.

– Менің келгенімді қайдан білдің?

– Осы жерде демалып жатқан жігіттер маған кеше кешкілік Жасыбайға бір кісі жардан атылып сүңгіп еді, су кемінде жарты метр жоғары көтерілген болуы керек деді. Сол кісінің сіз екеніңізге шүбәм болған жоқ.

–  Ойпыр-ай, сен неғылған сезімтал, көреген едің?! Бұл недеген бас, бұл недеген ми?!, – деймін.

***

Біз демалып жатқан жерге жақын маңда режиссер Шәкен Айманов «Найзатас» деген фильм түсіруге кірісіп кеткен еді.

Кәукен, Қабдыкәрім үшеуіміз Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы совхозға, Шәкенге барғанша асығамыз.

Совхозға жақындай бергенде Кәукен:

– Осы арада Шәкен жылаған Үңгіртас бар, соны сендерге көрсетейін, – деп машинаны тоқтатады. Шынында да, ол үлкен тас екен, іші қуыс, үңгір.

– Шешеміз сабағында, Шәкен осы тастың үңгіріне тығылып, жылап отырушы еді, – дейді Кәукен.

Совхоз іргесіне жағалай киіз үй тігілген. Торайғыр көлінің жағасына алтыбақан құрылған. Шәкен бір жаққа серуендеп кеткен екен, совхоз директоры Ғабиден Әубәкіровке жолықтық. Ғабиден сол жердің туып-өскен тұрғыны. Совхоз шаруашылығын көптен басқарады. Ақбет тауындай абыройы биік жігіт. Екеуіміз бұрыннан таныс едік. Кәукен мен Қабдыкәрім далаға шығып кеткенде, ол маған қуақылана сыр шертті:

– Шәкен аға бүгінгі заманның Ақан серісі ғой. Жүрген жері күнде мейрам, күнде думан. Фильм түсірем деп, жігіттері жайдақ шауып, атымыздың бәрін жауыр қылды. Адамдарды көпшілік сахнасына пайдаланамын деп алаңдатып, жұмыстан қалдырды. Оған не айтарсың, – дейді.

Сөйтіп тұрғанда Шәкеннің өзі де келді. Шәкен келуі-ақ мұң екен, әдетінше жұрт көңілін саңқылдаған дауысымен, ақтарла күлетін күлгісімен Жасыбай көліндей жарқыратып жіберді.

Шәкен бізді алтыбақан басына алып келді. Содан кейін киімін шешіп, алтыбақанға асыла тербетіліп, тұп-тура Торайғыр көліне күмп етті. Тұнып жатқан көл бетіне көгала жалды толқын көтерілді. Шәкеннен кейін біз де суға шомылдық.

Алдымызда Ақбет тауы тұр. Төбемізде жаңа ғана ұшып өткен реактивті самолеттің жол-жол ізі жатыр.

– Шіркін, қазақ өнерінде сонау самолеттің ізіндей найзағай сызып өтсем ғой, – дейді Шәкен.

***

Қоңыр кеште жол жағасында жатқан Сұлтанмахмұт қабірінің басында тұрмыз.

– Осы қабірді аяқ басты қалмай, адам мен мал ізі түспейтін Ақбет тауының басына қойса ғой. Осы жөнінде басшылыққа талай айтып, құдайдың зарын қылдым. «Бәрі де болады» дейді де, ұмытып кете береді.

«Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам», – деген адам күнге жақын биікте жатуы керек қой, – дейді Шәкен.

– «Үміт қалып менің қарайсың,

Көңіліне медеу санайсың.

Балалыққа жарасам,

Аталыққа жарайсың, –  деп пе еді Сұлтанмахмұт ертеде? Ол балалыққа жарады, біз бір жағымыздан ай, бір жағымыздан күн туып тұрғанында, азаматтыққа жарамай жүрміз ғой, – дейді Кәукен.

Алдымызда Ақбет тау тұр. Сұлтанмахмұт сол таудың басында жатса, қандай жарасар еді!

– Кәукен, сен Сұлтекең бір кезде жақсы көрген «Баянауылды» салшы, – дейді Шәкен.

Кәукен ағасының көңілін жықпай, өтінішін орындап, сол әнге салады.

Ән Торайғыр көлінің үстінде қалықтаған шағала қанатындай баяу басталып, бірте-бірте шыңға қарай шырқайды. Туған жердің төсінде салған ән бір түрлі құдіретті естіледі. Туған жер әнге қанат бітіріп, әуелетіп алып кетіп, Баян тауының басына қондырғандай.

Енді қолына домбыра алып Шәкен ән салады. Оның әнінің тақырыбы «Артист Сейфолла Телғараевтың бұрынғы ажырасқан әйелдерін жоқтауы» деп аталады. Сөзі Шәкендігі, әні әрбір композитордың әуенінен алынған құранды. Шәкеннің айтуынша, Сейфолла тоғыз әйелдің фамилиясын өзгертуіне себепші болған, сол әйелдердің көз жасына қалған. Мұны Сейфолланының өзі де Шәкеннің аузынан талай естіген. Құрдас Шәкенге не десін? Өзі де онымен бірге ішек-сілесі қата күлген.

Есть сочинители, их много среди нас,

Что тешатся мечтой взобраться на Парнас, – деген ғой «Ақындық өнер» деген кітабында Буало.

Мен де сол секілді Парнасқа шықсам деп қиялдап жүрмін деп, – күледі Шәкен. – Менің Сейфоллаға шығарған өлеңім адам аттары, адам тағдыры болған соң эпикалық поэзияға жатады.

Содан кейін Шәкен туған жер туралы тебіреніске көшеді:

– Осы жер – менің туған жерім, осы жердің алдында борышымды өтейін деп, тау-тасын, ағаш, шөбін – түгін қалдырмай экран айнасына түсірдім. Ендігі ойым – ата-баба зираттарына ескерткіштер орнату. Оған уақыт бола ма, шама келе ме, кім білсін?!

Түнде Шәкен ел ішінде беделді, көпті көрген, көкірегінің айнасы кірісіз совхоз парторгі Кенжебай Исин арқылы жұртты жинаттырып алып, ойын-сауық өткізді. Әрі ақын, әрі әнші Қабдыкәрім «Бүркітбай» әніне басты. Мен Кәукеңге арнаған өлеңімнен үзінді оқыдым:

Бір өзі Торайғырды шайқағандай,

Әнші тұр тау мен тастан жай таба алмай.

Арнаған туған жерге осы бір ән,

Кетеді-ау екінші рет қайталанбай

Салса да барлық әнші қосыла кеп,

Шықпайды енді бұл ән осылай боп.

Ол үшін әнші алдында тұру керек,

Басқа жер Ақбеттау боп, Жасыбай боп.

Бізбен бірге жүрген облыстық газеттің тілшісі, жергілікті ақын Қимадиден өзі туралы шығарған біреудің әзілін айтады:

Павлодар ақыны Қимадиден,

Шыжылдаған шілдеде пима киген.

Белінің ұстайтұғын құяңы бар,

Сондықтан шыға алмайды қирап үйден.

Ауыл әншілері, бишілері Ақбет тауындай асқақтап, Торайғыр көлінің толқынындай ырғалады.

***

Осы күнге дейін сол бір сұлу түн, сырлы кеш, жырлы думан есімнен кетпейді. Ақбет тауының иығына асылып таң атып келеді. Тау бетінде сары жолақ нұр ойнайды. Сол нұр бізді жартастардың жотасына шығуға, шыңға өрлеуге шақырып тұрғандай еді.

Іркес-тіркес Баян тауы алысқа созылып жатыр. Жасыбай, Торайғыр, Сабынды, Біржан көлдерінің таңғы буы қосылып, оны төңіректің бәрінен қызғанып бүркей түскендей.

Шіркін, Баян, әлде сен қызбасың, әлде сен жігітпісің, әлде сен ақынбысың, әлде сен батырмысың?

Әйтеуір, кім де болсаң, ардақтысың, аяулысың!

Әзірлеген, Еламан Қабділәшім.

Пікір үстеу