2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл сайлау елдің қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңді айқындап, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған конституциялық реформалардың маңызды көрінісі болмақ. Жаңартылған саяси модельдің негізгі мақсаты – азаматтардың еркін білдіру тетіктерін жетілдіру, өкілді билік институтының тиімділігін күшейту және заң шығару қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы сайлау әрбір азаматтың ел тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауына мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық-саяси науқан саналады.
Aiqara.kz ақпараттық-әдеби порталы түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қоғам өкілдерінің көзқарастары мен пікірлерін тұрақты түрде оқырман назарына ұсынуды жалғастырады.
Алмагүл Еркінбайқызы Бегежанова – Павлодар қаласындағы «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалының жетекшісі.
– Кез келген ана сияқты мен де баламның болашағына алаңдаймын. Балаларымыздың қандай елде өмір сүретіні, қандай қоғамда өсіп-жетілетіні мен үшін өте маңызды. Сондықтан еліміздің ертеңіне әсер етуі мүмкін маңызды оқиғаларға бейжай қарамаймын.
23 тамыз күні Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл сайлау еліміздегі оң өзгерістерге бастайтын маңызды қадам болады деп шын жүректен сенемін. Бұл науқан жаңа мемлекеттік институттың қалыптасуына ғана емес, азаматтардың саяси белсенділігі мен жауапкершілігінің артуына да ықпал етеді. Әрбір азамат өз дауысының ел болашағына әсер ететінін терең сезініп, саналы таңдау жасауы қажет. Өйткені қоғамның дамуы мен мемлекетіміздің ертеңі әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға тікелей байланысты. Сол себепті баршаңызды бұл маңызды науқаннан шет қалмауға, сайлауға қатысып, лайықты кандидаттарға дауыс беруге шақырамын.
Бақыт Кубаева – Павлодар облыстық адвокаттар алқасының адвокаты.
– Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу – әрбір азамат үшін маңызды әрі міндетті азаматтық парыз. Біз өз еліміздің азаматтары ретінде азаматтық ұстанымымызды танытып, қоғамдық жауапкершілігімізді сезіне отырып, ең лайықты кандидаттарды таңдауға белсенді қатысуымыз қажет.
