
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда эмпатияның аздығы анық байқалады. Алдымен осы ұғымның мағынасы қандай, соған тоқталып, сөзімізді жалғайық. Қарапайым тілмен айтқанда, «эмпатия» дегеніміз адамдардың бір-бірін құрметтей білуі. Осы құрмет сезімі жоғалса, қоғамның қатыгезденуі, адамдардың бір-біріне салқындығы арта түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда өзара құрмет пен сенімді, жанашырлық мен ізгілікті қалыптастырудың маңызын әрдайым айтып келеді. Бұл құндылықтарды ілгерілету, сөзсіз, қоғамның сапасын жақсартуға ықпалын тигізеді.
Адамның адамды құрметтеуі – дүниедегі ең жақсы амалдың бірі емес пе еді? Ал осы күнде бір-бірімізге деген құрметіміз азайды. Мұның себебі неде? Жүректен жылу кетті ме? Адамның адамға деген жанашырлығы, мейірбандылығы азайды ма? Әлеуметтік желілердің әсері ме? Адамның адамға деген құрметінің болмауынан қоғамда қатыгездік, тасбауырлық пайда болды.
Абай Құнанбайұлы «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа» деді. Абайша айтқанда, адамды сүюді, жақсы көруді, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан құрмет көрсетуді азайтып бара жатқан сияқтымыз. Дөрекі сөйлеу, мәдениетсіздік таныту, әдепсіз қылық көрсету, балағаттау, жол бермеу, ұрыс-керіс, дау-жанжал шығару, зорлық-зомбылыққа бару, ар-намысты қорлау – осының барлығының түп негізінде адамға деген құрметсіздік жатыр. Жақсы адам болу қоғамдық мұратқа айналмай отыр. Бүгінгі қоғамдық мұрат – баюды, мансапқа қол жеткізуді көбірек насихаттайды. Ал қарапайым адам болу, жақсы қасиеттердің иесі болу, шынайы болу, мейірімді болу, бейтаныс адамдарға құрмет көрсету онша маңызды болмай қалды.
Эмпатия өркениетті елдерде тек жеке адамның сыпайылығымен ғана емес, қоғамның, заңдардың және мемлекеттік институттардың жұмысынан да байқалады. Мысалы, Жапония, Швеция, Норвегия сияқты елдерде адамдар өзгелерге қолайсыздық туғызбауға тырысады. Қоғамдық көлікте қатты сөйлемейді. Кезек сақтау мәдениетін ұстанады. Мұқтаж адамдарға орын береді. Қоқыс тастамайды, өйткені оның салдары өзгелерге әсер ететінін түсінеді.
«Адам – адамның айнасы» дейміз. Әр адам өзін қалай қабылдаса, өзгені де солай қабылдап үйренуі керек. Өзін құрметтеген адам өзгені де құрметтейді. Эмпатия ұғымын қоғамның ең маңызды құндылығына айналдыруымыз керек.
Адамдардың бір-бірін кемсітуі, келемеж қылуы, ар-намысын қорлауы, жеке басына тіл тигізуі қоғамда бар дүниелер. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан эмпатияны арттыратын нәрселерді көбейтуіміз қажет.
Әлеуметтанушы Зигмунт Бауман қоғамның сапасы оның табысты адамдарға қалай қарайтынымен емес, ең әлсіз мүшелеріне қалай қарайтынымен өлшенетінін айтқан. Сондықтан да эмпатия – жай ғана жанашырлық емес, өзгенің жағдайын түсініп, оның мүддесін ескеруге дайын болу. Қоғамның өркениеттілігі технологиялық жетістіктерімен емес, адамдардың бір-бірінің мұңын түсініп, қадір-қасиетін құрметтей білуімен өлшенетенін ұғыну.
Қазір түрлі коучтар тұлға болуды насихаттаудан жалығар емес. Тұлға емес, алдымен адам болуды, қарапайым адами қасиеттерді игеруді көп айта бермейді. Тұлға болу – өзімшілдікті оятады. Ал адам болу – адами құндылықтарды қалыптастырады.
Бүгінде адамды байлығына қарай, қол жеткізген мансабына қарай бағалау етек алды. Бұрын адамдар жағдайы келмесе, қонаққа, тойға ақшасыз да бара берген. Себебі ешкім бір-бірінің құнын ақшамен бағалап, өлшемеген. Адамның адамдық құны жоғары саналған. Ал қазір олай емес. Адамға деген құрмет азайды. Көшеде жол, қоғамдық көлікте орын бермеу, ұрып кету, соғып кету, алдап кету, арбап кету, тонау, өлтіру, қинау, азаптау…осының барлығы да эмпатияның жоқтығынан болып отыр. Мысалы, өркениетті елдерде қоғамдық орында қарт адамға көмектеспеу немесе мүмкіндігі шектеулі жанның құқығын елемеу заң бұзушылық болмаса да, қоғам тарапынан теріс бағаланады. Адамдар «басқалар не ойлайды?» деп емес, «менің әрекетім өзгеге қалай әсер етеді?» деп ойлауды үйренеді.
Көптеген елдерде балаларға кішкентайынан өзгелерді тыңдау, өзге пікірді құрметтеу, адамды көпшілік алдында қорламау, мазақ пен кемсітуден аулақ болуды үйретеді. Сондықтан мектептерде буллингпен күресуге ерекше мән беріледі.
Неліктен бізде түрменің сөздері қоғамда айтылып жүреді? Себебі бізде «бандитизм» ұғымын романтизациялау бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген посткеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, заң мен тәртіп әлсіреп, қылмыстық топтар күшейген кезең болды. Сол уақыт туралы фильмдер, әңгімелер, аңыздар кейін мәдениетке әсер етті. Кейбір фильмдерде қылмыскердің өмірі қызықты, күшті, ықпалды болып көрсетіледі. Қатігездік, дөрекілік, күш көрсету «нағыз еркектік» ретінде ұсынылады. Ал шын мәнінде жауапкершілік, сабырлылық, өзгені қорғау сияқты қасиеттер әлдеқайда маңызды. Күш көрсеткен адам емес, білімді, адал, жанашыр адам дәріптелсе, эмпатия мәдениеті де күшейеді. Ал қылмыстық романтика үстем болса, қоғамдық сенім әлсірейді.
Ата Заңның бірінші бабында тайға таңба басқандай «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені жазылған. Әр адам эмпатиясы жақсы дамыған елге барғанда сол ортадағы жоғары мәдениетке қарай өзгере бастайды. Осылайша, қоғам өз адамдарының бойына жақсы құндылықтарды қалыптастырады. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халқымыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Рахым жақсы көреді аяғанды, Адамға қаттылықты ойға алмайды» дейді. Осы екі жолдың өзінде үлкен философия жатыр. Шәкәрім үшін рахым – әлсіздік емес, адамдықтың белгісі. Рахымды адам өзгенің мұңын түсіне алады, ал қатігездік адамшылықтан алыстатады.
Эмпатия тәрбиесі бала кезден қалыптасады деп жоғарыда жаздық. Дегенмен, ересек адамдарды да эмпатияға үйрету мәселесін қолға алғанымыз жөн. Ол білім беру арқылы жүзеге асырылады. Шетелдік тәжірибелерге зер салатын болсақ, мысалы, Германияда Volkshochschule (Халық университеттері) жүйесі қалыптасқан. Бұл – ересектерге арналған білім беру орталықтарының желісі. Мұнда тілдерді, компьютерлік сауаттылықты, тарихты, экономиканы және басқа да пәндерді оқытады. Англияда өмір бойы білім алу (Lifelong Learning) қағидатын дамытатын ұйымдар жұмыс істейді. АҚШ-та колледждер, мектептер және жергілікті әкімдіктер жанында ересектерге арналған арнайы білім беру бағдарламалары бар. UNESCO аясында «Өмір бойы білім алу» (Lifelong Learning) бағыты жүзеге асырылады. Ол әртүрлі елдерде ересектер білімін дамытуға қолдау көрсетеді. Бұл жүйелердің негізгі идеясы – адам тек мектепте немесе университетте ғана емес, өмір бойы білім алып, өзін дамытып отыру. Ал бізде ересек адамдар университет немесе мектеп бітірген соң, білім алуды тоқтатады. Күнделікті күйбең тіршілікпен кетеді. Ал білім алмаған, үздіксіз оқымаған адам қарая береді. Сондықтан да өмір бойы үйрену, іздену, жетілу, даму сынды қасиеттер әр адамның адами қалпын ұстап тұратын қасиеттер. Шетелдердегідей бағдарламалар біздің елге де қажет. Өйткені, бұл да адамның эмпатиясына әсер етеді. Америкалық психолог Дэниел Гоулман эмпатияның туа біткен ғана емес, үйренуге болатын қабілет екенін айтқан. Сондықтан көптеген елдер эмпатияны тәрбиелеуге, дамытуға және қоғамдық құндылық ретінде нығайтуға күш салады. Мәселен, Скандинавия елдерінде (Норвегия, Швеция, Дания, Финляндия) мемлекет азаматтарға өзгені құрметтеуді, қоғамдық жауапкершілікті, теңдікті, әлсіз топтарға қамқорлық жасауды үздіксіз насихаттайды. Бұл құндылықтар заңдарда, мектеп бағдарламаларында, бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық институттардың жұмысында көрініс табады.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде біреуді мазақ ету, сарказм, агрессия, хейт жиілеп кетті. Адам экранның ар жағындағы адамның сезімін көрмегендіктен, оның көңіліне қалай әсер етіп жатқанын да аз ойлайды. Бұл үрдіс, әсіресе, әлеуметтік желілерде қатты байқалады. Келемеждеу, әжуалау, мысқылдау қалыпты жағдайға айналғандай. Сарказм түсінуге, тыңдауға емес, кемшілік іздеуге бағытталады. Эмпатиясы жоғары адам өзге адам туралы: «Ол неге осындай жағдайға түсті?» деп уайым шексе, сарказмға бой алдырған адам: «Ол адамды қалай күлкі қылайын» деп әрекет жасайды. Сондықтан, эмпатия мәдениеті әлсіреген қоғамда сарказм көбейеді. Егер адамдар мемлекеттік институттарға, бір-біріне, қоғамдық әділеттілікке көбірек сенсе, онда жанашырлық та жоғары болады. Ал сенім азайған жерде адамдар қорғаныс позициясына көшеді.
Біз «Адам және қоғам» дегенді жиі айтамыз. Десек те, «қоғам және адам» деген ұғымды бірінші шепке шығаруымыз керек. Өйткені, бірінші – қоғам, одан кейін адам ұғымы болса, адам айналасымен санасып, айналаға қарап бой түзейтін болады. Сондықтан да эмпатияны насихаттайтын әдеби туындылар, кино өнімдері көбірек пайда болуы керек.
Дәстүрлі ортада жанашырлық жоғары болғанымен, урбанизация, әлеуметтік желілер, бәсекелестік және қоғамдық поляризация жағдайында сол құндылықтарды жаңа ортаға бейімдеу қиын болып отыр.
Өкінішке қарай, эмпатия қоғамдық институттар мен күнделікті коммуникация мәдениетінде толық орнықпай келеді. Қазақ қоғамы тарихи тұрғыдан жанашырлыққа бай болғанымен, қазіргі заманда бұл қасиетті жаңаша әлеуметтік құндылық ретінде қайта күшейту қажеттілігі туындап отыр.
Иә, эмпатия – әлсіздік емес, ол өркениеттің белгісі. Егер қоғам адамдарды тек бәсекеге емес, бір-бірін түсінуге де үйретсе, онда әлеуметтік қақтығыстар азайып, қоғамдық сенім де күшейеді. Сондықтан XXI ғасырда эмпатия жеке қасиет қана емес, қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық бірліктің маңызды факторы. Елімізде соңғы жылдары «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Әділетті Қазақстан» сияқты бастамалар көтерілуде. Бірақ эмпатияны қоғамның негізгі құндылықтарының бірі ретінде жүйелі түрде дамыту мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ.
