Қаламгер, ұстаз, журналист, дін қайраткері Жұмат Айтқожаұлы Төлебаевтың өнегелі өмір жолы туралы

Уақыт өткен сайын кейбір адамдардың қадірі арта түседі. Өйткені олар өзінен кейін тек ұрпақ қана емес, өнеге, ізгілік, рухани мұра қалдырады. Сондай жандардың бірі – Ертіс-Баян өңіріне есімі кеңінен мәлім болған қаламгер, ұстаз, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, дін қайраткері Жұмат (Жұмажан) Айтқожаұлы Төлебаев.

Ардақты әкеміз арамызда болса, биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді. Алайда тағдыр оған бұл белесті көруді жазбапты. 2022 жылы жетпіс алты жасында өмірден озған аяулы жанның жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры мен артында қалған мол рухани мұрасы туған-туыстарының, шәкірттерінің, замандастарының жадында мәңгі сақталып қалды.

Туған жерден басталған тағылым

Жұмат Айтқожаұлы 1946 жылы Павлодар облысымен шекаралас жатқан Ресей Федерациясының Алтай өлкесі Борла ауданына қарасты Октябрь ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Жастайынан зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленген ол білімге құштар болып өсті.

Мектеп бітірген соң еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін жоғары білім алу мақсатымен Қарағанды қаласындағы оқу орнына тіл және әдебиет мамандығы бойынша түседі. Алайда көп ұзамай Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына ауысып, қазақ руханиятының ірі өкілдерінің тағылымын көру бақытына ие болды.

Сол жылдары ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шәкірті, көрнекті ғалым Қайым Мұхамедхановтан дәріс алып, қазақ тілі мен әдебиетінің терең иірімдерін меңгерді. Кейін қазақ ғылымының көрнекті тұлғаларына айналған Ғарифолла Есім мен Қуандық Жүсіпов секілді жас оқытушылардың дәрістерін тыңдап, олардың тағылымын бойына сіңірді.

Ұстаздық пен қаламгерлікті қатар ұстаған жан

Жұмат Төлебаевтың қаламгерлік жолы ерте басталды. 1963 жылдан бастап оның мақалалары, очерктері мен публицистикалық дүниелері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда үзбей жарияланып тұрды.

Отбасын Семейде құрып, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолын Павлодар облысы Баянауыл аудандық білім бөлімінде инспектор ретінде бастады. Кейін Аққулы (бұрынғы Лебяжі) ауданында қызмет атқарып, одан әрі Қарағанды облысының Егіндібұлақ өңірінде, Үшқара тауының баурайындағы Айрық ауылында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиеледі.

Қай жерде еңбек етсе де, адалдығы мен жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті бағаланып отырды. Осы қасиеттерінің арқасында Май ауданындағы Қалмақырылған тауының етегінде орналасқан Ақшиман ауылындағы мектепке директор болып тағайындалды.

Бұл өңірде академик, философ Жабайхан Әбділдиннің әкесі Мүбәрәк ақсақал бастаған ел ағаларының көзін көріп, өнегелі әңгімелерін тыңдап өсті.

Ел мен жердің шежіресін хатқа түсірген қаламгер

Ұстаздықпен қатар, Жұмат Айтқожаұлы қаламын қолынан тастаған жоқ. Ауыл еңбеккерлерінің өмірі, ел тарихы, әдебиет пен өнер қайраткерлері, туған жердің өткені туралы көптеген очерктер мен мақалалар жазды.

Оның еңбектері Павлодар және Қарағанды облыстық газеттерінде тұрақты жарияланып, оқырманның ықыласына бөленді.

Көрнекті философ, академик Жабайхан Әбділдин Жұмат Айтқожаұлын Алматыға шақырып, ғылыми диссертация қорғауға ұсыныс жасағанымен, тағдыр оған бұл ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Журналистикадағы жарқын із

Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданған Жұмат Төлебаев Май аудандық «Шамшырақ – Маяк» газетінің редакторы қызметіне тағайындалып, бес жыл бойы өңір журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосты.

Сонымен бірге қоғамдық негізде Май аудандық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік етіп, ана тілінің мерейін көтеруге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға белсене атсалысты.

Дін мен имандылық жолындағы қызмет

1995 жылы Павлодар қаласына қоныс аударған соң Жұмат Айтқожаұлы рухани жолға бет бұрды. Ел арасында сыйлы молда атанып, халыққа имандылықтың, адамгершіліктің, ізгіліктің жолын насихаттады.

2006 жылы қасиетті Мекке мен Мәдинаға қажылық сапар жасап, кейін осы сапар әсерінен туған «Әкбәр хажылардың Меккеге сапары» атты еңбегін жазды.

Он бір кітаптың авторы

Жұмат Төлебаев артына он бір кітаптан тұратын қомақты мұра қалдырды. Олардың қатарында: «Ана жұртым – Ресей, ата жұртым – Кереку мен Семей…»; «Әкбәр хажылардың Меккеге сапары»; «Жақып сынықшы»; «Перзент парызы»; «Ұстаздың ісі – мәңгілік»; «Режиссер Қадыр Хамзин»; «Бәкі Басарұлы»; «Қосылмаған қос ғашық»; «Түркістан сапары»; «С русскими дружим давно»; «Кереку өңірінің дін тарихы мен моллалары» атты еңбектері бар.

Әсіресе, ауыр сырқатпен күресіп жүріп жазған «Кереку өңірінің дін тарихы мен моллалары» атты зерттеу еңбегі оның көзі тірісінде жарық көрген соңғы кітабы болды.

Адамдықтың асыл қасиеттерін аманат еткен әке

Жұмат Айтқожаұлының өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол ұстаздық пен журналистиканы, қаламгерлік пен имандылықты, азаматтық пен адамгершілікті қатар алып жүрген сирек жандардың бірі еді.

Мұхит Омаров, Байтұяқ Жанымбет, Бақыт Баймұратов, Шолпан Байғалы, Арман Қани, Қайыргелді Тоқтамысов, Юрий Поминов, Ирина Лиссовская, Ғалымбек Жұматов, Қайыр Жүнісқалиев секілді журналистермен, қаламгерлермен шығармашылық байланыс орнатып, рухани ортада өзіндік орны бар тұлғаға айналды.

Бүгінде оның замандастары мен шәкірттерінің, аға-інілерінің естеліктерінен құралған арнайы кітап дайындалу үстінде. Сондай-ақ, 1963 жылдан бері жарық көрген мақалаларын жинақтау жұмысы жүргізілуде.

Біз әкемізден көп нәрсе үйрендік. Соның ең бастысы – халықшыл болу, қарапайым болу, адамдарға жақсылық жасау, мұқтаж жанға қол ұшын созу.

Ол кісінің өнегесі – біз үшін мәңгілік мектеп.

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, рухыңыз шат болсын, ардақты әке!

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

«Ақиқат» журналының бас редакторы.

Добавить комментарий