
Оян, қа-зақ, кө-тер бас-ты. Қабырғадағы сол бір сөйлемді ежелей оқыды. Екі көзі ботадай болып сөздің мағынасын ұғар емес. Елеукен көзінің қиығын салып қояды. Басын тырнап, қасып болмаған соң атасына бұрыла қарап:
– Аташка, мынау сонда не сөз? Неге оян дейді, разве мы спим? А, аташка?!
Елеукен ішінен немересінің ана тілінде бұлбұлша сайрай алмайтынына іштей қынжылса да, нұрлы жүзіне қарап олай демейсің. Сабырлы, қоңыр дауысымен:
-Балам, ұйқыда жатқан соң оян деп дабыл қаққаны ғой,- деп күрсіне қойды. Немересінің құлағына оян, дабыл деген сөздер түрпідей естілді. Мағынасын түсінбейінше миын құрт жегендей мазасызданды.
Үйге қайта оралды. Дүңгірлеген теледидардың дауысы. Артынша ізін суытпай төрде жатқан баласы:
– О, сынок, қалай с дедом хорошо прогуляли, – деді.
– Да, пап. Мы с аташкой ели бал-бал, ата, қалай еді?
– Балмұздақ па? – деді атасы күлімсіреп.
– Иә, иә балмуздак ели. Аташка, маған айтты то что мы глубоко спим. Ол сонда қалай, папа?- деп сұрақты төтесінен шап етті. Екі көзі футболда. Баласының сөзін арасында еміс-еміс естіп қояды. Қойған сұрағы санасы түгілі, құлағына да жетпеді. Елеукен бұл көріністі сырттай бақылап тұрды. Балаға дәл осы қарқынмен тәрбие берсе, болашағы қараңғы түнек болмақ. Немересінің қасына келіп:
– Жарқыным, жүре ғой. Мен сені бұрын соңды көрмеген бір жерге алып барамын,- деп қолынан ұстап, апыл-ғұпыл киініп, үйден шығып кетті. Қолы жетектеліп кетіп барады. Бір кезде әдемі бір ғимараттың қасына келіп тоқтады. Елеукен немересіне қарап:
– Жарқын, бұл – Потанин атындағы тарихи өлкетану мұражайы, бұл жерде қазір біз тарих қойнауына шолу жасаймыз. Еліңнің тұғыры қаншалықты берік болғанын түсінетін боласың.
– Аташка, біз ұзақ боламаймыз ғой иә? Менің қазір любимый мультфильмім басталады,- деп ішке кіргісі келмегендей түрін тыжырайтты. Ішке кіре салысымен көзі қазақтың киіз үйіне түсті. Ою-өрнекпен көмкерілген киімдер, көздің жауын алатын түрлі әшекей бұйымдар. Қазақтың иісі бұрқ етті. Одан ары жүріп еді, қазақтың батырлары, олардың соғысып жатқан бейнелерін көрді. Ішінен осы батырлардың орнында болсам ғой деп қиялдап қояды. Атасының көзінен мөлдірлеп жас жерге ағылды. Жарқын атасына таңырқай қарап:
– Ата-ау, неге жылайсың? – деді.
– Балам, біздің мына жер бетінде тайраңдап жүргеніміз осы кісілердің арқасында. Сол батырлардың маңдай терімен, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген жерімізге ие бола алмай отырмыз ғой. Жау деген қалмақпен бітеме деп ойлаған қайран бабаларымыз. Қайдан білсін болашақ ұрпағы ішінара араздасып, ит пен мысықша қас боларын.
Жарқын атасының бұл сөздерінде пілдей ауыр зіл жатқанын сезді. Келесі бөлмеде, жан-жануарлар, шаруашылықпен айналысып жүрген қара халық. Ұзақ уақыт барлығын қызықтап жүрген немересін көріп, Елеукен іштей балаша мәз болды. Мұражайға саяхат өз мәресіне жетті. Сыртқа шығып терең тыныс алды. Жарқын өзін ішінде бір алапат күш пайда болғандай сезінді. Тарихқа, тіліне деген қызығушылығы артқандай. Осылайша уақыт өте берді. Күндердің сол бір күнінде, Жарқынтай үлкен өмірге қадам басты. Бала кезең артта қалды. Жанында жалау болып жүрген атасы да, келмеске кетті. Тағдырының Б нүктесі нақты болғанымен, ол тағдырдың тауқыметі қандай болары беймәлім.
Жаңа қала, жаңа адамдар. Үлкен қалаға студенттік шағын тәтті өткіземін деп келді. Қала у-шу. Қызылды-жасылды жарықтар. Қолына қабат-қабат етіп құжаттарын ұстап алған. Қайда барарын білмей көшенің қақ ортасында тұр. Жан-жағына қараса құмырсқаның илеуіне кетіп бара жатқандай, тізіліп адамдар кезек-кезегімен бір ғимаратқа беттеп барады. Жақындаған сайын жүрегі аузына тығылып жатыр. Үлкен әріппен студенттер үйі деген жазуды көрді. Кезекке тұрып, өзіне бөлме алды. Қолында бөлмесінің кілті. Есікті ашып, бөлмесіне шолу жасауды бастап кетті. Кереуетінде отырғаны сол еді, ішке бір бойшаң келген жігіт кіріп келді. Түріне қарап үй жағында ағаш өспейме деп ішінен мырс етті. Жарқынға жақындай келіп, қатты қолымен:
– Ассалаумағалейкум, есімің кім, бауырым, – деп қабағын шытып қояды.
– Уағалейкумассалам, Жарқын. Сенікі ше? – деді.
– Есімім – Құттыбай, қай жақтансың өзі тамыр? Мен өзім Шәмші атамыздың кіндік қаны тамған жер, оңтүстіктің кіндігі гүл қала, Шым қаладанмын, – деп көзімен Жарқынды сүзіп барады.
– Ал мен, талай ғалым, жазушы мен ақынды шығарған, ерке Ертісімен танымал Кереку қаласынанмын.
– Кереку несі, ол қандай ел?
– Павлодар!
– Е-е, Павлодарданмын де. Сендерді қазақша білмейді дейтін еді ғой. Саған қарап олай демейсің, сайрап тұрсың.
– Кереку деген Павлодардың қазақша атауын білмеген саған қарап, керісінше мен сені қазақша білмейме деп қалдым – деп, әңгіменің басын қайырды. Құттыбай күлді де, басын шайқап киімдерін жайғастыра бастады. Таң атты. Оятқыштан бұрын тұрып алған Жарқын, сабағына дайындалып отыр.
Ал Құттыбай аяғын тыр-тыр қасып, тәтті ұйқыда жатыр. Жарық, таза дәріс залы. Студенттер лық толы. Алма түсер жер жоқ. Барлығы бір-бірімен танысып әлек. Терезеге қарап, үңіліп отырған кезінде артқы жақтан айқайдың дауысы естілді.
– Қалай наймандар мықты? Біз мына біздер, адайлар мықтымыз!
– Уй, қойшы. Адамның тілін қышытпай. Қоңыраттар мықты, кел жекпе-жек кім жеңеді сол ру мықты.
Руға тайталасқанды алғаш рет көріп тұрған Жарқын аузы ашылған күйі қарап қалды. Әлгі рушыл жігіттерді ешкім ажыратар емес. Айқайдың дауысы үдеп барады. Бір сәтте ауыздарына құм құйылғандай үндері шықпай қалды. Шыбынның ызыны естілмейді. Қараса профессор мырза келіп қойған екен. Қабағы шытулы, қатқыл дауысымен:
– Қайсысың құмалақтанып отырған? Шық бері! – деді. Ешкімде үн жоқ. Залға ұзақ қарап тұрды да, әңгімесін бастады.
– Қарақтарым, бөлінгенді бөрі жейді. Руға бөлініп не пайда таппақсыңдар? Бізге жау керек емес. Осылай бөліне берсек, бір күні тарыдай шашыраймыз. Ал сол кезде, қайта талқанша жиналу қиынға соғады. Бір құмалақ, бір қарын майды шірітер. Бұл істерің жарамас, бәріңде бір елдің, қазақтың жігіттерісіңдер. Ал енді, сабағымызды бастайық.
Мұғалімінің сөздері Жарқынды қатты ойландырды. Сабақ аяқтала салысымен кітапханаға бет алды.
Шаң басқан сөрелерден Тарих беттерінен деген кітапты тауып алды. Кітапты шамасы ешкім ашып оқып көрмеген сияқты. Беті шаң басқанымен, іші жап-жаңа. Қолына алып, жатақханаға қарай бет алды. Кітаптан оқыған әр оқиғасы көзіне елестеп келе жатып, басқа ғимаратқа кіріп кеткенін байқамай да қалды. Қараңғы. Суық. Қайда жүргенін ұғар емес. Бір кезде, бір бөлменің жарығы көрінді.
Ақырындап жақындады. Есікті ашып қарап еді, көрген көзіне сене алмай аң-таң болды.
Жарқынның орнында сіз болсаңыз, сенбес едіңіз. Ойлап көріңізші, көз алдыңызда қазақ үшін жанын қиған Алаш зиялылары. Төрдің басында әліппенің атасы Ахмет Байтұрсынұлы. Жанында Алаштың көсемі болған Әлихан Бөкейханұлы. Міржақып, Мағжан ағаларымыз да бар.
Не істерін білмей сасып қалды. Бір түрлі киінген бейтаныс жігітке қарап:
– Әй, балам, кімді іздедің? – деді Ахмет ағамыз.
– Мен, мен ешкімді іздемедім. Мен болашақтан келдім.
Бір-біріне қарап күлді. Миға қонымсыз әңгіме естігендей. Жарқын қалай дәлелдерін білмей дел-сал болды. Бір сәтте ойына, Тәуелсіздік түсті.
– Ағалар, рас айтамын мен болашақтан келдім. Мен сіздерді танимын, жақсы білемін. Сіздер туралы маған атам көп айтқан. Уайымдамаңыздар, тәуелсіздікті аламыз. Өз еліміз, әнұранымыз болады. Қой үстінде, бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды. Маған сеніңіздерші.
Бейтаныс жігітті, оларға көп ұзамай келетінін алдын ала білген еді. Әңгімесін қызықтап сұрақ қоя бастады.
– Жігітім, сонда қазақтың күні жарық бола ма? Ешкімнің терезесін сығаламай жүрсіңдер ме?
– Аға, уайымдамаңыз. Көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ. Ешкімге, алақан жайып отырғанымыз жоқ. Тек алауыздық пен көреалмаушылық жұт ұқсап жайпап барады. Барлығы жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргісі келеді. Үкіметке сілтеп қояды, бірге жасайық деп тұратын жан ілеуде біреу шығар. Жемқорлық сарасынан тасып барады, білімге құмар жастар аз, аға. Міне, біздің жағдай осы.
– Е, қарағым, тәуелсіздік алып, ел болғандарың болмаса баяғы қазақ екенсіңдер ғой. Жау деген бізден кейін бітті ме десек, өз-өздеріңе жау болып отырсыңдар. Біз болашақ қазақтың көзі ашық болғанын қаладық. Малдың соңынан түсетін заман әлдеқашан бітті, шырағым. Біз қазақ сөзбен орақ орғанды жақсы көреміз. Іске келгенде ит тонымызды ала қашамыз. Абай атамыздың ішсем, жесемі бізбіз. Біз сендерді оңалып, ғылымға құштар ел болама десек, баяғы жартас сол жартас жаңғырығы әлі сол. Өсек-аяң, сатқындық, іріткі салу қазақтың қанына сіңіп кеткен бе? Тайқазанды ұрпақ білсін деп, тарих бұзылмасын деп шуласып жүріп алып келді ғой. Сол үшін күресті. Ал сендер, ол тайқазанның тарихы түгіл оның неге тұрғанын, не екенін де білмейтін шығарсыңдар. Орыстың мейрамын Наурыздан жақсы тойлайды екенсіңдер. Ей, сонда ағаң Өзбекәлі кім үшін шыр-пыр болды? Ұлттық санамыз өшпесін, ұрпаққа жалғазсын деп қайта жаңғыртты емес пе?! Кезінде қазақтың қыздарын көзімізше күң етіп, мазақ қылғанда намысымыз жібермейтін. Ағаң Қайрат қарагөздерімізді шаштарынан сабанша сүйрегені үшін, қалай жанын беруге дайын болды? Ал сендер, бір қазақтың қызын өлтіріп, енді біріне шибөріше жабылып жүрсіңдер. Біз сенген, Міржақып оятуға тырысқан, ұрпақ сендерсіңдер ме? Сексеуіл өзі жарылмайды, бір-біріне ұрса ғана жарылады. Сендер де сол сексеуіл секілдісіңдер. Өзектерің мықты, оңайлықпен өздерің сынбайсыңдар. Бірақ, бір-біріңді сындыруға құмарсыңдар.
– Аға, кешір бізді, үміттеріңді ақтамадық, ағау. Ауа жетпей, өкпесі тарылып барады. Қиналып көзін әрең ашты. Үстіне су құйғандай малмаңдай болып терлеген. Түсі екен.
Жан-жағына қараса ешкім жоқ. Алдында жаңағы кітап жатыр. Түсіне таңғалып, сене алмады. Бірақ сол бір ақталмаған үміт әлі жаңғырып тұр. Тарихына деген махаббаты одан бетер арта түскендей. Ендігі оның бар мақсаты, жастардың көзін ашу. Оларды біріктіру. Арада уақыт өтті. Жарқын республикалық деңгейде ұйым ашты. Атауы – Бірлік. Ол қазір қазақтың дарынды жастарымен қоғамның жұмыстарына белсене араласады. Ал әлгі көрші жігіт Құттыбай оның жақын досына айналды. Ол – да осы ұйымның белсендісі. Бірге талай істің басын қайырып жүр. Жанашырлық танытып кедей-кемшікке көмектеседі. Қазақтың салт-дәстүрін дәріптейді. Елдің жоқтаушысы, халқы үшін аянбай еңбек етуде. Кеше ғана былдырлап, Оян сөзін түсінбей жүр еді. Енді, міне, өзі сол дабыл қағушылардың біріне айналды.
Жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз кірпіш қорған болмайды. Артта қалу бізге жараспайды. Жауапкершілікті әр адам өзінен бастаса, тұғыры мықты, болашақ ұрпақ бізді мақтан етерліктей ел боламыз.
Біріңді, қазақ, бірің дос;
Көрмесең істің бәрі бос!
Аяулым ТҰРСЫНБЕК,
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті.
