1. «ЕДІГЕНІҢ ОБАСЫ» ЖАЙЛЫ ЕКІҰШТЫ ӘҢГІМЕЛЕР

       Алтын Орданы жиырма жылдай билеген даңқты қолбасшы, әділ би Едіге туралы «ол перінің қызынан туған, әкесі – Баба Түкті Шашты Әзіз, моласы Ұлытаудың биігінде» дейтін пікірлер қазақ арасында берік қалыптасқан. Алайда ескіден жеткен аңыздарды, басқа да мәліметтерді саралай қарағанда айтылатын осы әңгімелерде күмән тудыратын жайттардың да барын аңдадық. Сол қисынсыз тұстарды қаузамақпыз.

Қазақ өміріне қатысты құнды мәліметтерді қалдырушылардың бірі – А.Янушкевич (1803-1857). Ол 1830 жылы поляктардың көтерілісіне қатысқаны үшін Сібірге жер аударылып келеді. 1845-1846 жылдары ұйымдастырылған экспедиция құрамына еніп, қазақ даласына сапарлайды. Сол кездерде көрген-түйгендерін қағазға түсіріп отырыпты. Кейін бұл жазбалары «Дневники и письма из путешествия по казахским степям» деген атаумен жарық көрген. Сонда бетпе-бет жүздескен, өзі «дала Геркулесіне» теңеген  Барақ сұлтан Солтабайұлы (1790-1865) ата тегінің шежіресін тарқатып, бұдан екі жүз жыл бұрын Ташкент бағытында, Әзірет Сұлтанның яғни, Түркістан маңында көшіп-қонып жүргендерін әңгімелеп беріпті. Янушкевич «ол ноғай, қазақ, қырғыз бір туған» дейді, бірақ бұлардың әкесінің кім екенін айтып бере алмады депті. Сөзін былайша жалғастырады сонан соң: «Не знает также, кто был Едиге, которому насыпали курган на Улу-Тау. Говорит все же, что кажется, Токтамыш убил его, оба они были, вероятно, ногаями».

Міне, Янушкевичтің сұрағына бәрі де «Едігені Тоқтамыс өлтірген сияқты, екеуі де ноғай болуы мүмкін» деп күмілжіп жауап беріпті һәм жаңсақтасып.

Ұлытаудың басындағы «Едіге» аталатын обаның анық тарихын білуге бек қызыққан А. Янушкевич осы сапарда Құнанбай Өскенбайұлына (1804-1886) да сұрақ қойыпты, оны да былай деп әңгімелеп өтеді: «На мой вопрос о могиле Едиге Кунанбай сказал: «Он был из рода Узбека и, поссорившис с отцом Нұралы-хана, вышел прямо на Кубань, где был какой-то хан, с которым он, собрав войско, удачно воевал наконец создал себе государство между Сыр-Дарьей, Или и Чу».

Келтірілген мәліметтер Ұлытаудың басындағы Едігенің есімімен байланыстырылатын обаның нақты тарихы, Едігенің кім екені 19-ғасырдың бірінші жартысында-ақ бұлыңғыр тартып, ұмытыла бастағанына куәлік беріп отыр.

Аталған бұл тауға А. Янушкевичтен соң келген Шоқан Уәлихановтың да қағазға түсіргені, Мәшһүр Жүсіптің аңыз әңгімесі – ел ішіндегі айтушылардың баяндауымен  көмескіленіп, бұрмаланып кеткен осындай дүдәмал деректің бір нұсқалары-тын. Оларды да куәлікке тартайық.

 

2. ШОҚАННЫҢ ДЕРЕГІ, МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ АҢЫЗ ӘҢГІМЕСІ НЕ ДЕЙДІ?

       «Алтын Орданы билеген Едіге Ұлытауда жерленген» деген пікірдің қалыптасуына себеп болған негізгі жайттың бірі – Шоқан Уәлиханов жазбасындағы дерек-тін. 1855 жылы (бір мәліметтерде 1856 жыл. – Б.К.) ұйымдастырылған бір экспедиция сапарында  «Едіге» аталатын осы тауға жолай соққанда көргенін ол бүй деп әңгімелейді: «Западная часть горы Улутавъ, въ Средней Орде, составляющая совершенно отдельный утесъ отъ главнаго хребта, называется Идыге. На вершине этого утеса есть курганъ, сложенный изъ плитняку и буту; курганъ этотъ, имеющій форму всехъ оба (помонгольски обо), т.е. кургановъ, воздвигнутыхъ въ честь и воспоминаніе падшихъ или умершихъ героевъ, называется Идыгеевымъ обасы, самая гора называется просто Идыге. Киргизы, почитая его какъ національнаго героя и святого по происхожденію, часто приносятъ на могиле его жертвы. Иногда режутъ скотъ, что теперь очень редко, а большею частью привязываютъ къ растущему тутъ кустарнику лоскутки одежды или конскіе волоса» (Қараңыз: Сочиненія. Чокана Чингисовича Валиханов. Изданъ подъ редакціею д.ч. Н.И. Веселовскаго. С.-Петербургъ. Типографія Главнаго Управленія Уделовъ, Моховая, 40. 1904. Стр. 223-224).

Оқырманның кейбіріне түсінікті болу үшін аудармасын да бере кетейік: «Орта Ордадағы (Орта жүздегі. – Б.К.) Ұлытау тауының батыс бөлігі «Едіге» аталады. Бұл қия жартастың төбесінде жалпақша тастардан, шойтастардан соғылған қорған бар. Қаза тапқан батырларды еске алуға, солардың құрметіне арналған. «Едігенің обасы» делінеді. Ал таудың өзін жай ғана «Едіге» дейді. Қазақтар оны халық батыры деп, шыққан тегі бойынша әулие деп құрметтеп, моласына жиі құрбандық шалған, қазір сирексіген. Осында өсіп тұрған бұталарға киімнің қиықтарын немесе жылқының қылын байлайды».

Шоқанның сөздеріне бажайлай қарасақ, «Мұнда Едіге жерленген» деп кесіп айтпаған. Ол «Алтын орданы билеген Едігенің моласы» деп ол сол кездегі адамдардың айтқандарына өте күмәнмен қарап: «Курганы этихъ героевъ находятся на правой стороне реки Ишима, могилы ли это ихъ или только памятники, определить невозможно до техъ поръ, пока эти курганы не будутъ раскопаны», – деген. Аудармасы былай: «Қорғандар Есіл өзенінің оң жағында, бұл – батырлардың бейіті ме, әлде жай ескерткіш пе, оны қазбайынша анықтау (археологиялық жұмыс тұрғысынан. – Б.К.) мүмкін емес».

19-ғасырдың екінші жартысында арнайы сапарлап келген атақты ғалым осылай деп шүбә келтіріп отырса, нақты дерегі жоқ обаны екі ғасыр кейін туған осы заманның елірме «білгіштері» Ер Едігенің қабірі деп дес бермей өжектейді. Анық-қанығына бармай.

Және бір айта кететін жайт, тарихшылар болсын, басқалары болсын мәтін сөйлемдерін мұқият түсініп оқымай, атүсті шолып өтіп, «Шренк Едігенің моласының суретін салған» деп жалаулатып жүргендері де – бос сөз! Солай екеніне тап қазір көз жеткізе кетейік. Шоқан: «Александръ Ивановичъ Шренкъ былъ на этомъ кургане и очень верно срисовала видъ этого затеса», – деген. Ал мұның аудармасы былай: «Александр Иванович Шренк осы қорғанда болып, бұл белгінің сыртқы көрнісін дәл салған». Әлі де пысықтап ұғындыра түсейік, Шоқан Шренктің жалғыз тұрған моланың емес, таудың басындағы қорғанның немесе обаның алып жатқан жалпы аумағының, ондағы белгілердің көрнісін қатесіз, бұрмалаусыз дұрыс бейнелегенін айтып отыр. Едігенің бейітінің суретін салды демеген. Ондай сөз жоқ.

Ұлытаудың басындағы үйілген тастардың Едігенің моласы екеніне осы А.И. Шренктің өзі былай деп шүбә келтіреді: «Ұлытаудың ең биік шыңдарының бірінде ел арасында «Едіге моласы» атанған тамаша ескерткіш бар. Бұл – Едіге, қырғыздардың (қазақтардың.-Б.К.) аңыздары бойынша, Жайықтың арғы жағында ерлік істерімен аты шыққан батыр болған. Сібірдің кейбір білгірлері Литваның ұлы князы Витовтпен соғысқан тарихтағы белгілі Едіге екеніне сендірді, бірақ оның жерленген жерін соншалықты шалғайдағы шығыста  деп ойламаймын…» (Қараңыз: Шренк А. И. Четыре месяца въ киргизской степи. Из записок офицера участвовавшего в экспедиции против киргизских мятежников) // Журнал для чтения воспитанникам военно-учебных заведений, Том 78. № 311. Стр. 259-260. 1849 г.).

Қызығы, кейінгі жылдары біреулер Ұлытаудың басына Тоқтамыс хан да осында жерленген деп белгі қойыпты. Бұл – бұрмалау, жалған! Шоқан: «Неизвестно где находится могила Тохтамышъ-хана» деп тайға таңба басқандай таңбалап кеткен.

Дереккөздерде Тоқтамыс хан Ресейдің Тюмен қаласына жақын маңда қаза тапқан дейді. Енді бір мәліметте Томск шаһарына он үш шақырым жердегі «Тахтамышево» деп аталатын ауылға басын әкеліп жерленген дейді. Мұнда негізінен татарлар тұрады екен. Мешіттері бар… (Қараңыз: 1-карта. Ресейдегі Тоқтамыс ауылы).

Хош, әрі қарай. Алтын Орданың биі Ер Едігенің моласының Ұлытауда екеніне  куәлік қып көлбеңдетіп жүрген «тарихшылардың» тағы бір «дәлелдері» – Мәшһүр Жүсіптің Едіге жайындағы аңыз әңгімесі. Онда былай деп баяндалады: «Ер Едіге өзі тұрақ қылған жері – Ұлытау, Кіші тау екен. Өзі өлерінде Ұлытаудың басында отырып, Кейқуаттың сөзінен құса болып, жарылып өлген екен. Сонда өлерінде айтқан екен:

– Мені бұл жерге жер қазып көмбеңдер! Қорған тас қалап қойыңдар! Нұралы жер үстінде бар болса, «ат айналып қазығын, тиірмен айналып шүмегін табар», – дегендей, бір табар. Сонда мені Қаратаудың бауырында, Қарақалпақ атасы Созақтың қара обасының қасында, Бабай түкті шашты Әзи (з) атам бар, соның қасына апарып қойсын!» дегенімен денесін сонда апарып қойған екен. Ұлытаудағы аманат қойған жайын «Ақмешіт әулие», – деп, атап кетіпті. Бұл сөзді кеше Керейттен шыққан Сарысопының баласы Жалаңаяқ Әудер (Әздер, Ашдүр) сөйлеп, ол әулие де өзін сол жерге қойдырыпты» (Қараңыз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. 8-том. – Павлодар: ЭКО, 2013. 113-бет).

Мәшһүр Жүсіп одан әрі бұл әңгімені кімдерден естігенін қайталап, тағы да былай деп тәптіштейді: «Сол жерде (Жылыбұлақта.-Б.К.) Бабай түкті шашты Әзиздің барлығын ер Едіге айтыпты. Ол екеуінің сол жерде екенін Жалаң Әудер айтыпты. Жалаң Әудердің барлығын Арық Қоңырбай айтыпты. Арық Қоңырбайдың анық сол жерде екенін, міне біз айтып отырмыз. Осындай біреуден біреуге мирас боп келе жатқан сөз» (Қараңыз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. 8-том. – Павлодар: ЭКО, 2013. 114-бет).

Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жазып алған осы аңызын нақты дереккөзге санап, даурығып жүргендер ондағы: «…Қаратаудың бауырында, Қарақалпақ атасы Созақтың қара обасының қасында, Бабай түкті шашты Әзи (з) атам бар, соның қасына апарып қойсын!» дегенімен денесін сонда апарып қойған екен. Ұлытаудағы аманат қойған жайын «Ақмешіт әулие», – деп, атап кетіпті», – делінген сөздерге мән бермейді. Мұнда Ер Едігені Ұлытауда жерленді деп айтпаған, денесі аманат қойылып, Қарақалпақтың атасы Созақтың қара обасына апарылды деген. Бұл енді Едігені идеаландандыру мақсатында шыққан таза аңыз әңгімелердің бірі. Едігенің 1419 жылы Тоқтамыс ханның кенже баласы Қадірбердімен соғыста өлгені, ол соғыстың Ұлытауда емес, Алтын Орданың батыс жағында, Ортаңғы Бөртеде өткені қазіргі көзі қарақты қазақтың бәріне мәлім…

«Баба Түкті шашты Әзіздікі» делінетін зиратқа да алда тоқталамыз.

 

3. ТӨРТ ЕДІГЕ: ОЛАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ШЫН, ҚАЙСЫСЫ ӨТІРІК?

       Әуелі өмірде болды делінетін Едіге аттас тарихи кісілердің кімдер екенін анықтап алайық. Профессор Т. Омарбеков бір сұхбатында бүй депті: «…төрт Едігенің болғанын айта кетейік. Өйткені көп адамдар осы төрт Едігені бір-бірімен шатыстырып ала береді. Оның алғашқысы – Едіге Танашұлы Әмір Темір жорықтарына қатысып, Ұлытауда жерленген (астын сыздық.-Б.К.) Екіншісі – біз айтып отырған, Едіге Балташықұлы. Үшіншісі – Әмір Темірге туыс барлас Едіге. Төртіншісі – Тәуке ханға жақын болған Едіге би» (Қараңыз: Талас Омарбеков: «Ноғай ордасының негізін қалаған Едіге би». //Аңыз адам. №6 (210) 16-31 наурыз, 2019 жыл, 10-бет).

Т. Омарбеков: «Ұлытауда жерленген кісі – Едіге Танашұлы», – деп отыр. Бұл адамға қатысты деректі Асқақ Темір заманы тұсындағы шежірені түзген тарихшы Йазди Шараф ад-дин Алидің еңбегінен іздеп, таба алмадық. Әмір жасаған жорықтарға бірге қатысқаны рас болса, бұл жазбаға оның да есімі түзіліп, аталып өтілуі тиіс-тұғын. Тіс жармаған.

Одан әрі іздедік, бір ақпар тауып қаламыз деп. Ақсақ Темір жайлы қалам тартқан Жан-Пол Рудың «Темерлан» (2007), Лэмб Гарольдтің «Тамерлан» (2008) делінетін аттас еңбектерін, басқа да зерттеушілердің жазбаларын сан ақтарып, төңкердік, бұлардың біреуінде де жоқ.

Ақыры індеттік. Едіге Танашұлы туралы деректі. Алыста емес, өзіміздің елде екен. Былай деп түзіліпті ол жайында: «Едіге Танашұлы – батыр, 14-ғ-да өмір сүрген. Ресейдің қазіргі Омбы қ. орнындағы «Керей тоғайы» деген мекенде дүниеге келген. Орта жүз құрамындағы керей тайпасының ашамайлы керей руынан. Е. ағалары Бала, Балта батырлар сияқты Алтын Орда хандарының  әскербасы болған. Кейін Әмір Темірге қызмет етіп, оның әскерімен бірге ауыр шайқастарға қатысқан. Сол шайқастардың бірінде Е. ауыр жараланып, қасындағы серіктері Самарқанға  жеткізбек болып әкеле жатқанда жолда, Ұлытаудың бөктерінде қайтыс болады.

Әдеб.: Сүлейменов Т. Сегіз сері, А., 1991; Әбуталиев Н., Ордабасы Қожаберген, А., 1995; соныкі, Шоқ жұлдыз, А., 1998», – деп жазылған және осы жазбаның авторын «Қ. Биғожин» деп көрсеткен (Қараңыз: Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энцилопедиясы», 2011, 284-бет).

Атышулы Қаратай Биғожин дейтін бізге, баршаға жақсы аян-ды. Ол – «Сегіз сері», «Қожаберген жырау» деген, т.б. күмәнді  кейіпкерлерді ойдан құраушы. Бұларды 90-жылдардың басынан бастап, газет-журналдарда үздіксіз насихаттады. Қазақтың күллі ән-жырын сайда саны, құмда ізі жоқ өзінің осы «серісі» мен «жырауына» теліп, қызыл империяның озбыр отарынан әбден сансырап шыққан, санасы жарымжан халге жеткен қазақтың аузын аңқитып, жоқты бардай, ақсақты тыңдай еткен өтірігімен «дуалап» тастаған-ды. Кейін бұл ісінің арты ашылып, әшкере болды. Республикалық деңгейде мәселе етіп көтерген біздің табанды әрекетіміз Биғожиннің сол «дуасының» бетін қайырған соң ғана шүбәсіз нанып, лағып жүргендердің көп бөлігі ақылға келіп, естерін әрең-әрең жиған-тын…

Т. Омарбековтың куәлік қып отырғаны да – осы Қ. Биғожиннің «мәліметі» екен. «Профессор» деген ғылыми атағы, докторлық дәрежесі бар адамның  Йазди Шараф ад-Дин Али өзінің жазбасында Ақсақ Темірдің әскербасылары қатарында Едіге Танашұлының есімін елеусіздеу болса да бір рет атап өтпеген, ал сол заманға, яғни XIV-XV ғасырларға қатысты мына мәліметті Биғожин қандай дереккөзден алған?» деп анық-қанығын тексермей-ақ дәйексіз сөзге құлай сеніп қалғаны қатты таңырқатты. Сонда тарихшы бола тұрып, мәліметтерді іздеу, табу, талдау, соңында олардан шынайы нақты ақпарларды бөліп алу туралы деректану ғылымы міндеттейтін талаптардан мүлде хабарсыз болғаны ма?!

Қысқасы, «Танашұлы Едіге» дегенге бұдан әрі уақыт кетірудің түк мәні жоқ. Бұл – Қ. Биғожиннің «Сегіз сері», «Қожаберген жырау» сықылды ойдан құраған көп өтіріктерінің бірі!

Т. Омарбеков және атаған Едіге Балташықұлы (кей деректе Құтлы-Қияұлы. – Б.К.) – исі түркі жұртына белгілі, Алтын Орданы біраз уақыт билеген тұлға. Ортаға салып, баяндап отырған пікіріміз де осы кісіге тікелей байланысты болғандықтан бұған бөгелмейміз.

Енді тарихшы айтқан Барлас Едігеге сәл тоқталып өтейік. Шынында да бұл – өмірде болған адам. Йазди Шараф ад-Дин Али өзінің жазбасында оның есімін атайды. Сөзімізді растайық, ол жайлы деректі былай бастайды: «В селении Хуроша округа Джувейн Сабзавара группа заговорщиков внезапно напали на амира Хаджи Барласа и его брата Идику Барласа и обоих убили».

Йазди Шараф ад-Дин Али осы Барлас Едіге туралы тағы бір мынадай ақпарды жазып қалдырған: «Токтамыш тоже собрал войско и вышел против них. В произошедшей затем битве Токтамыш опять не устоял и бежал. Дойдя до реки Сайхуна, ради спасения своей жизни снял халат и бросился в воду. Преследовавший его Казанчи Бахадур, увидев его в реке, пустил стрелу и ранил в руку. Токтамыш сотнею страданий выбрался из реки, вошел в прибрежные заросли кустарника и упал.

Одно из удивительных дел судьбы то, что государь Сахибкиран посылал за ним Идику Барласа, чтобы увещевать и поддержать, дабы у него прибавилось силы. Случайно путь Идику Барласа пролегал через заросли этого кустарника (астын сыздық. – Б.К.). Когда он шел по зарослям, услышал чей-то стонущий голос. Внимательно оглянувшись по сторонам, он увидел Токтамыш-хана: тот голый, в беспамятстве лежал на кустарниковых ветках. Он слез с коня, перенес его оттуда, построил палатку и внес его в палатку. Напоил его шербетом, накормил, полечил его рану, одел с ног до головы, поднялся оттуда и направился к Сахибкирану».

Барлас Едігенің есімі бір емес, әлденеше рет аталады. Алайда бәрін тізіп шығу  міндетімізге жатпайды. Ол турасындағы сөзімізді осы тұстан қайырамыз.

Енді Т. Омарбеков атаған төртінші Едігеге көшейік. Оны «Тәуке ханға жақын болған Едіге би» дейді. Бұл туралы мынадай мәлімет бар: «Едіге би (17 ғ-дың ортасы – 18 ғ-дың басы) – Тәуке хан ордасындағы билер кеңесінің беделді мүшесі, «Жеті жарғыны» түзуге қатысқан би, қазақ халқының күш біріктіріп, жоңғар шақыншылығына тойтарыс беру ісінде көрнекті рөл атқарған саясаткер. Орта жүз құрамындағы арғын тайпасының қаржас руынан шыққан. Оның шешендік сөздері ел аузында көп сақталған. Халық арасында Е. би «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» деп те дәріптеледі (Қараңыз: Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. 284-бет).

Мәліметте жаңсақ пікір бар. Едіге би анығында Арғын-Сүйіндіктің Қаржасынан емес, Айдаболынан тарайды. Қолымыздағы шежіре солай деп куәлік береді.

Академик Ә. Марғұланның баяндауынша, бабасы Олжабай батырмен бірге Едіге би 1762 жылы Екатерина ІІ-ге арап жазуымен хат жазады, табиғаттың қиын жағдайда қалдырғанын айтады, орыс-казактың бақылауындағы Батыс Сібірдің орманды өңірін қыстап, Құлынды даласында жылқыларын бағып шығуға рұқсат сұрайды.

Осы мәліметтерді, балалары Шоң мен Торайғырдың шамамен алынған өмір сүрген уақыттарын, басқа да деректерді жан-жақты салыстырып, саралағанда Сүйіндік Едіге би 1695-1700 жылдар аралығында дүниеге келіп, 18-ғасырдың екінші жартысының аяқ тұсына таман опат болғанға ұқсайды. Және ол Әз-Тәукенің емес, Абылай ханның қасында жүрген деп пайымдаймыз. «Жеті жарғыны» түзуге қатысқан деу – бекер. Ойымызды құптай түсетін мына әңгімеге көшейік.

«Дала уалаяты» газетінің 1890 жылғы 46-санында жарыққа шыққан жазбасында фольклор жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да тарихта өткен Едіге есімді адамдар жайында естігендерін былай деп әңгімелепті: «Кеше қазақта үш Едіге өткен екен. Әуел Едіге,  орта Едіге, ақыр Едіге. Әуел Едіге батыр өткен екен. Тоқтамыс хан деген ханның заманында орта Едіге деген ғазиз өткен кісі екен. Кешегі Әз-Жәнібек, Асанқайғының замандарының  соңынан кешікпей-ақ шыққан кісі екен. Ақыр Едіге деген би болып жұрт билеген кісі екен. Кешегі Абылай ханның заманында, сонда Едіге бидің таяғы жұртына шопан құт болып: «Едігеннің майлы жұрты» – атанған екен. Заманындағы қариялар, қара бұқара халқы: «Халық қамын жеген Қарқарадай хандарының саламаттығына, ел қамын жеген Едігедей билерінің саламаттығына!» – деп дұға қылады екен (Қараңыз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 13 том. – Павлодар: «ЭКО» ГӨФ, 2008. 313-бет).

Мәшһүр Жүсіптің бұл үш Едігесін былайша қабылдап, тұжырымдаймыз:

а) «Әуел Едіге батыр өткен екен» деген сөзіне қарағанда, бұнысы – Барлас Едіге тәрізді, осылай топшыладық, әрине, анығын Алла біледі;

ә) «Тоқтамыс хан деген ханның заманында орта Едіге деген ғазиз өткен кісі екен. Кешегі Әз-Жәнібек, Асанқайғының замандарының соңынан кешікпей-ақ шыққан кісі екен» дейді, әрине, мұнысы – жаңсақ! Бұл – Алтын Орданы билеген Едіге. Оның Әз-Жәнібек, Асан Қайғыдан кейін емес, тарих сахнасына бұлардан көп уақыт бұрын шыққаны күллі түркі жұртына аян жайт;

б) «Ақыр Едіге деген би болып жұрт билеген кісі екен. Кешегі Абылай ханның заманында…» деуі – мұның Арғынның Сүйіндік аталығынан шыққан Едіге би екенін күмәнсіз аңғартып тұр.

Едіге бидің ғибратты сөздері, істері түзілген ел әңгімелерін «Едіге мен Төле», «Едіге мен Тоғас» деген атаумен ертеректе, 1962 жылы Павлодар облысы, Майқайың станциясының тұрғыны  Омар Иманбаев есімді кісі қолжазбалар қорына тапсырған екен (Қараңыз: Шешендік сөздер (Құраст. алғы сөз мен түсініктерін жазған Б. Адамбаев). – Алматы: Отау, 1992. 106-110 беттер).

«Едіге мен Төле» атты әңгімеде Едігенің әуелгі билігімен көзге түсуі – Ұлы Жүздегі Жалайыр руы адамдары өлтірген Жәдігер Құлнәзір деген кісінің құнын даулауынан басталыпты, ол былай баян етіледі: «…Кешегі Шоң, Торыайғырдың әкесі Едіге би ат арқасына мінген соң, он төрт жасында осы құнды іздеп, атқа мініпті. Едіге қасына атқа мінер арғынның жақсыларынан сегіз-ақ кісі ертіпті». Бұдан әрі Шудың бойына келіп, Төлемен жүздеседі. Сонда бір-бірімен жауаптасып тұрып, биді тосылтқан екен. Ұлы жүз алты Арғынның баласына алты ат бастатқан тоғыз, төрт атаның ұлы төртуылға төрт түйе бастатқан тоғыз жол және бір жетім сұлу қызды беріп құтылады. Содан кейін Едігені «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» деп жұрты дәріптеп кетіпті.

 

4. ЕДІГЕНІҢ ПЕРІ ҚЫЗЫНАН «ТУУ» ХИКАЯСЫ

       Түркі халықтарында Алтын Орданың билеушісі Едігенің шешесін «перінің қызы» деп айтылатын аңыздар бар дедік. Соның қазақ ішінде сақталған нұсқасын Мәшһүр Жүсіп былайша баяндайды: «Бұл «Бабай түкті шашты Ғазиз (Әзиз) заманында бұрқыраған диуана болған екен. Қаратауда «Мыңжылқы» деген тауының бауырында бір бұлақты мекен жай қылып жүріп, күнде таң намазын күн шығармай сол бұлақтың басында оқиды екен. Бір күн (і) алагеуімнен келсе, жалаңаш үш қыз суда ойнап жүр екен. Соның біреуіне диуананың назары түсіп, диуана да есі ауып талып қалыпты, қызы да қалпақтай түсіпті. Сөйтсе де олар пері қыздары екен. Жанындағы екі қыз талып қалған қызды көтеріп ала жөнеліп, өздерінің жұртына алып барыпты. Қыз есін жия алмапты. Перінің патшасының қызы екен. Патша балгер, бақсыларын жидырып, бал аштырып, сонда бақсылары айтыпты:

– Азамзаттан шыққан бір әулиенің назарына ұшыраған екен. Сол әулиенің өзі үшкіріп жазбаса, басқадан жазылмайды! – депті.

Сонан пері патшасы күшті ұшқыр ұшқыштарын жіберіп, Бабай түкті шашты Ғазизді алдырыпты:

– Мына баламды оңалтып, сауықтырып беріңіз! – деп жалынып-жалпайыпты.

– Бұлар менің дәрет алатұғын суыма барып, жалаңаштанып суға түскендігінен менің есім ауып, бір намазым қаза болды. Сол намазымның орыны қияметке шейін толмайды. Соны қайтесің?! – деген соң:

– Осы баламды басы бүтін алыңыз! – деп, қызын беріпті.

Перілерге бұйрып, бұлақтың басына апарып салдырыпты. Қыз өмірінде диуанаға жалаңаш денесін көрсетпепті. Бір күн (і) диуана:

– Жалаңаштан, денеңді көремін! – деп қиғылықты салыпты.

– Қыз:

– Болмайды, онан соң екеуіміздің жолдастығымыз ада-күде таусылады! – депті.

Диуана да диуанашылық мінезі қысып:

– Жалаңаштанып, маған бір көрін! – деп қоймаған соң, қыз:

– Енді мен саған жоқпын. Мен сенен екі қабат буаз едім, ер ұл тапсам керек еді. Сонан соң көрінуіме дұрыс еді. Оған шыдамай асықтың. Қой, хош аман бол! Мына ішімдегі балаңды туан соң, осы бұлақтың басына ап келіп тастап кетем. Белгісі – алтыннан шүмегі, күмістен түбегі болар! –деп, жөнеле беріпті.

Сонан соң диуана қаңғып кетіпті. Сол баланы қыз айтқан күнінде ап келіп, су басына тастап кеткен екен. Бейуаз біреу тауып алып, алтыннан шүмегі, күмістен түбегі болған соң, Түркістандағы Тоқтамыс ханға апарып беріп, Тоқтамыс асырап бала қылып өстірген екен. Қазақтан шыққан ер Едіге осы екен. Әкесі – Бабай түкті шашты Ази әулие, шешесі пері қызы екен. Бабай түкті шашты Ази әулие өзін сол бұлақтың басына қойдырған екен де, ер Едіге де өзін сол Бабай түкті шашты Азиының қасына қойдырыпты. Олардың сол орында екендігін Жалаң аяқ Әшдүр (Әздер) сөйлеп, ол әулие де өзін сонда қойдырған екен. Мұның бәрін бастан-аяқ сөйлеп әңгіме қылған Қуандықтан шыққан Арық Қоңырбай. Байыштың Ақпанын һәм өзін сол араға қойдырыпты деседі. Ер Едігенің ертегісін сөйлеймін деушіге бір қап жан керек болса керек», – дейді (Қараңыз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. 8-том. – Павлодар: ЭКО, 2013. 40-42 беттер).

Мұның шындығынан аңызы басым екенін қазақ фольклорының қыр-сырын терең ұққан Мәшһүр Жүсіптің өзі де ап-анық біліп отыр, «Ер Едігенің ертегісі» деп.

Ноғай жұртында да айтылатын аңыз осы сарындас, бұл жөнінде белгілі ғалым  В.М. Жирмунский былай деген: «Так, в ногайской версии, записанный Ашимом Сикалиевым в 1958 г. а ауле Икон-Халк, Адыге-Хабльского районы Карачаево-Черкесской автономной области, Баба Туклас похищает лебединую одежду девы-лебеди и становится ее мужем. Родив ему сына Кутлы-Кая, она покидает его. В дальнейшем Кутлы-Кая сам вступает в брак  с дочерью «албаслы» (лесной женины), котороя запрещает ему смотреть ей под мышку и на ноги. Следует обычное нараушение брачного запреты, жена покидает Кутлы-Кая и подбрасывает ему новорожденного младенца – Эдиге…».

1399 жылы тамыз айында құрамында немістің Тевтон орденді рыцарьлары бар ауыр шерігін бастап келген батыстың осы күнгі Польша, Белоруссия, Украина, Литва жерлерінде билік құрып, заманында есімі дүркірген қолбасы Витовт Алтын Ордаға соғыс ашады, «дәргейіме келтіремін» деп. Ұрыс Борсықты (қазіргі Ворскла.-Б.К.) аталатын жерде өтеді. Өркөкірек Витовттың есепсіз әскерін Едіге басқарған қол ту-талақайын шығарады. Аман қалған санаулы топ жан-жаққа тым-тырақай қашып, әрең құтылады.

Бұл соғысты терең саралаған атақты тарихшы Н. Карамзин былай деп баяндайды: «Ужасно кровопролитіе продолжалось до самой глубокой ночи: Моголы резли, топтали непріятелей, или брали въ пленъ, кого хотели. Ни Чингизханъ, ни Батый не одерживали победы совершеннейшей» (Қараңыз: Карамзин Н. Исторія государства Россійскаго. Томъ V. СанктПетербургъ. Въ типографіи Н. Греча. 1819. Стр. 170-171)

Алтын Орда дәуірінің бір куәгері Клавихо мынадай мәліметті таңбалап қалдырған: «У этого Едигуя постоянно имеется в орде более двухсот тысяч всадников».

Біз бұл жерде бәрін тізбектемей Едігенің Алтын Орданы сыртқы жаудан аман сақтап қалғанына қатысты бір ғана оқиғаны қысқаша атап өттік. Пікірімізді дәйектеу үшін.

Мұндағы айтпағымыз, «перінің қызынан туды» деп Едігенің шыққан тегін қиял-ғажайып аңызға айналдыру – оның қас жауын қиядан қағатын дарақ қолбасшылық бітіміне, ел басқарудағы бөлекше ұйымдастырушылық алғыр қабілетіне түркі жұртының көрсеткен сүйіспеншілігінде, аса қадір тұтқан құрметінде жатыр. Осылай екені – еш даусыз! Біздің бұл тұжырымымызды ғылым растайды. Мұны фольклортану ғылымында басты қаһарманды идеяландандыру деп атайды.

 

5. «ҚҰМКЕНТ» АТТАС ҚАЛАЛАР ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТЕР

       «Едіге» жырында оқиға былай басталады: «Әй, жігіт, – деді, – ішімде алты айлық балаң кетіп барады, Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасында балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал» деді. Иә қыз кетті. Баба Түкті Шашты Әзіз баланы іздеп Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасында жібек орамалға ораулы баласын тауып алды» (Қараңыз: Едіге. Халық эпосы / Текстологиясын қарап, баспаға әзірлеген, алғы сөзін, соңы сөзін жазан Е. Мағауин. – Алматы: «Айқап» баспасы, 1993. 24-25 беттер).  

       Беріректегілердің куәлік етіп жүрген басты дәлелі – осы. «Едіге осы жерде туды» деп. Жыршының өз қиялымен әсірелеп қосқан сөзін оңтүстік өңірдегі құм астында көміліп, үйіндісі жеткен Құмкент аталатын қаламен байланыстырып.

Ә. Марғұлан бұл шаһар жайлы мынадай мәліметті қағазға бүй деп қаттап кеткен: «Найболее важным археологическим объектом, выявленным разведкой 1946 г., является городище Кумкент (песчаный город). Он находится в 25 км к северо-западу от районного центра Сарысуйского района пос. Байкадам и в 30 км к северо-востоку от развалин Баба-Ата. Городище Кумкент – остатки некогда крупного города. Он занимает массивную трехъярусную площадку в плане неправильного прямо-уголника. Размер городища с севера на юг 450 м, с запада на восток – 300 м. в южной стороне городища возвышается на 35 м насыпной холм, представляющий собой остатки цитадели… Поверхность городища буквально усеяна рагментами неполивной и поливной керамики, а также обломками обожженого кирпича квадратной формы, характерной для XIII-XIV вв… В 12 км  к югу от городища находится родник Жили-Булак… Возле родника раположено древнее кладбище миниатюрное архитектурное сооружение – гробница «Шапты-Аулие» (терілімде қате кеткен, дұрысы «Шашты-Аулие.-Б.К.).

Белгілі ғалым Б. Әбілқасымовтың көне түрік тілінен ықшамдап аударған Әбілғазының «Шежіре-и түрк» деген еңбегінде Үргеніште хан көтерілген Уаныштың уағында өткен қақтығыстар туралы айтыла келіп, Хорезмде, яғни, қазіргі Қарақалпақстанда да ежелгі заманда «Құмкент» аталатын жердің болғаны былай деп таңбаланған: «Уәзірдің  күн шығыс жағындағы қыр етегінде Құмкент деген бір кенті бар еді, ол уақытта ғажайып бай еді… (астын сыздық.-Б.К.) Білегеш сұлтанның балалары Жаңа шаһардан аттанып,  Құмкентке келгенде (астын сыздық.-Б.К.) ұрыс болған жерді, өліктерді көріп, оқиғаның мән-жайын біліп, қайтып үйлеріне бармады, Үргеніш үстімен Бұқараға барды» (Қараңыз: Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1991. 142-143 беттер).

Б. Әбілқасымовтың баяндауынша, бұл еңбек 1726 жылы француз тілінде, бұдан кейін, 1780 жылы, немісшеге аударылып, баспадан шыққан. 1825 жылы арап графикасында түзіліп және кітап боп жарық көреді. 1854 жылы мұның орысша аудармасы «Шығыс тарихшыларының кітапханасының» 3-томына енеді…

Әбілғазы баһадүрдің орыс тіліне қайта аударылып, 1768 жылы шыққан «Родословная історія о татарахъ…» атты еңбегінің 1-томынан (250-251 беттер) тағы да қысқаша деректер келтірейік, онда бүй делінген: «Ишъ-Султанъ не будучи темъ доволенъ, что средній его братъ Хаюкомъ и иметъ Ханское достоинство въ предосужденіе ему, просилъ помощи у своихъ братовъ, чтобъ и: ити подъ городъ Ургенсъ; и получивши некоторюу помощь, пошелъ туда. Но прибывши на земли города Чилпукъ, которой принадлежалъ къ земле Кумкантъ, (астын сыздық.-Б.К.) нашелъ тамъ Гаджимъ-Султана, которой уведомившись о его намереніи, шелъ ему на встречу съ болшими силами, нежели онъ сколько имель».

Осы томның 222-бетінде Құмкент қаласы жайлы тағы да былай делінген мәлімет түзілген: «О семъ уведомившись Султанъ-Гаси, послалъ требовать помощи у потомковъ билбарсъ-Султанвыхъ, которые владели городомъ Янгишаромъ (а). Но понеже они не весьма торопились къ немуу итти, то ожидая ихъ прибытія вышелъ въ поле съ темъ войскомъ, сколько у него было,  и пошелъ противъ Аванашъ-Хана до земли Кумкантъ (б), (астын сыздық.-Б.К.) котороя назападъ отъ города Уасира, и которыя обыватели весьма богаты. Сіи оба войска, которыя другъ друга искали, встретилисъ тотчасъ».

Мәтіннің төменгі жағында мынадай түсініктеме берілген: «Земля Кумкантъ есть не большая провинція земли Харассмъ на востокъ отъ земли Кордишъ къ Северному берегу реки Аму. Сея то провинціи на границахъ и земли Кордишъ разделяется река Аму на два рукава, около 88 градуса, 30 минутъ долготы».

«Құмкент» аталатын қаланың тым көне заманнан келе жатқанын 15-ғасырда ғұмыр кешкен ақын һәм тарихшы  Йазди Шараф ад-Дин Алидің Әмір Темірдің өмірі мен жорықтарын баяндайтын жазбасындағы деректер де бұлтартпай бекітеді, былай делінген онда: «Дошел до канала Жадрис и прошел его, тут со стороны врага перебежал один человек и сказал, что Элигмиш Оглан и Сулайман Суфи вышли из Хорезма и бежали к Токтамыш-хану. Государь Сахибкиран в погоню за ними послал царевича Миран-шаха, Мухаммад Султан-шаха, Шаме ад-Дина Аббаса, Учкара Бахадура, Ийгу Темура и Севинчак Бахадура, приказав им: «Пусть идут по дороге Кумкента и Кира, да постараются, чтобы настичь противника» (астын сыздық.-Б.К.). Эти пошли быстрее ветра и молнии, настигли врага и, поймав, многих из них убили, взяли бесчисленное множество добра, возвратились с победой и присоединились к победоносному войску. Государь Сахибкиран, несколько дней побыв в Хорезме, издал ярлык: «Переселить все население города и округи в Самарканд!».

Все наличное население города Хорезма (Көне Үргеніш.-Б.К.) переселили в Самарканд, а сам город разрушили и на его месте посеяли ячмень».

Атақты тарихшы В. Бартольд шаһарлардың бір-бірінен ара қашықтығын былай деп куәландырады: «Кум-кентъ, какъ видно изъ сочиненія Абулгази находился къ западу отъ Ургенча, на расстояніи фарсаха къ востоку отъ города Везира» (Қараңыз: В. Бартольдъ. Сведенія объ Аральскомъ море и низовьяхъ Аму-дарьи сь древнейшихъ временъ до XVII века. Ташкентъ. Типографія Штаба Туркест. Воен. Округа. 1902. Стр. 70-71).

Дереккөздерде «бір фарсах 6-8 шақырым шамасы» делінген.

«Схема оросительной сети и гидрографии Хорезма в XIV в.» деген атаумен беріліп, осы Құмкент шәрінің орналасқан тұсы көрсетілген картаны назарға ұсындық. Бұл – профессор Я. Гулямовтың «История орошения Хорезма с древнейших времен до наших дней» (1957) атты еңбегінен алынды. (Қараңыз: 2-карта. Үргеніштегі Құмкент.).

Хорезмдегі 14-ғасырда суландыру жүйесін зерттеген профессор Я. Гулямов тағы бір мына мәліметті айтады: «Сухопутная дорога, о которой здесь идет речь, хорошо известна, как можно заключить по рассказам Абулгази. Она идет через колодцы Динар-Кудук на Куртиш и оттуда тем же сухим путем до берегов Дарьялыка. Через Дарьялык на лодках и кораблях переправлялись примерно в районе Кумкенда (Шемахи), между Ургенчем и Везиром», – дейді. Бұдан Көне Үргеніштің маңында орналасқан Құмкенттің де маңызы бар қатынас жолы болғаны аңдалады.

Я. Гулямов және былай деген: «В 1333 г. марокканский путешественник Ибн-Батута посетил оба Сарая и Ургенч: по его описанию, от Сарая до Хорезма (Ургенча) было 40 дней езды. Он ехал из Сарая Берке до Сарая Бату 10 дней на лошадях, затем 30 дней степью шли до Хорезма на верблюдах. Хорезм (Ургенч.-Я.Г.). – по словам Ибн-Батуты, – самый большой и красивый из тюркских городов, богатый славными базарами, просторными улицами, многочисленными постройками. «Он (точно) колеблется от множеств своих жителей и волнуется от них, как волна морская. Однажды я поехал… верхом и заехал на рынок. Забравшись в середину его, которая называется Шур. я там очутился среди такого скопления народа, что дальше не мог проехать. Решил повернуть обратно, однако, не смог выбраться. Наконец, выбрался после больших усилий».

Этот город подчинятся султану Узбеку (Узбек-хану.-Я.Г.) и управлялся его наместником Тимуром Кутлуком. Медресе в городе построено Тимуром Кутлуком, а мечеть Джами – его супругой (дочерью Узбек-хана) Тюрябек-ханым».

Деректен Үргеніштің ескі заманда  тоғыз жолдың торабы, маңызы зор шаһар болғаны ап-анық аңғарылып тұр. Олай болса, жанында алты-сегіз шақырым шамасында орналасқан Құмкенттің де өзіне тән мәдениеті, сол дәуірдің халқы үшін атқарған қызметі болғаны талассыз анық. Келтірілген мәліметтерге бажалай қарасақ Ақсақ Темірдің шапқыншылығы бұл қалаға зиянын тигізген сықылды, одан әрі гүлденіп, іріленіп өсуіне.

Жоғарыда куәлікке тартқан деректерді саралай келгенде, «Едіге» жырында перінің қызының аузына «солай деді» деп өз қиялымен ақын салған: «Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасында балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал» деген сөз біреулер айтып жүргендей Едігенің оңтүстік өңірдегі аттас Құмкент қаласында туғанын айғақтайтын бұлтартпас нақты дереккөз бола алмайды!

 

6. БАБА ТҮКТІ ҚАҒБАДА ЖЕРЛЕНГЕН!

       Девин Де Визе есімді зерттеушінің монографиясына байланысты жазған «Баба Тюклес в истории и генеалогиии» (https:cyberleninka.ru) деген резенциясында тарихшы ғалым А. Арсланова біресе Едігенің әкесі, біресе арғы атасы делініп әртүрлі көрсетілетін Баба Түкті Шашты Әзіздің моласы жайлы бүй депті: «Святилища, приписываемые Баба Тюклесу, из в Южным Казахстане, а также Башкири. Ногайская традиция ясно помещает его гробницу возле Астрахани, где она являлась целью паломничества по крайней мере до 1920-х годов».

Мұны мына мәлімет те куәландырады, онда былай баяндалған: «В Астраханской области располагаются свыше 50 святых мест – «аулья»» деген атаумен берілген тағы бір деректе Түкті Баба туралы: «Абдурахим, или Абдрахман Тукли-баба Шашлы-адже – суфийский святой-чудотворец, возможно, исламизированный шаман, предок эмира Эдиге (основателя Ногайской Орды), покровитель кыпчакских батыров, святой оборотень; в культовом комплексе на мусульманском кладбище у пос. Мошаик (Ленинский район г. Астрахани). Ранее располагалось на мусульманском кладбище в районе городской судоверфи, в 1930-е годы тайно перенесено», – деп баяндалған (Дерек https://pam30.ru сайтынан алынды.-Б.К.).

Бұл айтылғандарды В. Жирмунскийдің мына сөзі бекітіп тұр: «Святой Баба-Туклас известен в казахсом фольклоре как покорвитель различных героев богатырского эпоса. Култь его приурочен к району древного города Кумкента на северном склоне Каратау, где находится и легендарный источник этого святого. Его мазар упоминается так же как место культа в окрестностях Астрахана» (астын сыздық.-Б.К.).

Баба Түктінің, Едігенің шешесі Алып-Ананікі делінетін бейіттің орындары тек оңтүстікте, Астраханда ғана емес, Ақтөбе облысының Байғанин ауданында да бар. Қопа аулының маңында. Мұны өз көзімізбен көріп қайтқан ек (Қараңыз: Кәртен. Б. Едіге жалына сапар: көрген-түйгендер. // 05.08. 2021. aqtobegazeti.kz).

«Атырау: Энциклопедия» атты  анықтамалық кітапта: «Сағыз арнасына тақау жердегі Түкті Ата, Алып ана бейіттері де қасиетті орындар» деп атап өтілген (Қараңыз: Атырау: Эниклопедия. – Алматы: Атамұра, 2000. 282-бет).

Алып-Ана қорымының орналасқан жері – Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімшілік-аумақтық территорияларының тап қиылысқан тұсы. Аталған молалардың бірі – шығыс, бірі – батыс бетте. Қашық емес, жақын. Көрініп тұр. Араларын тек Сағыз өзені бөліп жатыр. Бұл бейіттердің орындардағы топырақ астынан қаланған жалпақ кірпіштердің сұлбалары көрінеді. Жүргізілген археологиялық зерттеулер XIV-XVI ғасырлар үлесіне тиесілі деп тұжырымдаған. Осыларға қатысты батыс өңірінде айтылатын аңыз хикая да сол «Едіге» жырындағыдай, ұқсас сарын.

Ал Едігенің тікелей өз ұрпақтарының баяндаулары бойынша түзілген мына деректер Баба Түкті Шашты Әзіздің, яғни Баба Түктінің қабірі бұл жерлерде екенін ақи-тақи жоққа шығарып тұр, онда былай делінген: «Могущество Эмир ель-Омра было пределомъ власти Калифовъ и обозначило эпоху паденія Калифта. Потомки Абубекири бенъ-Райока были правителями, султанами, съ царскою властію, въ разных местахъ: Дамаске, в Антіохіи, и пр. Иные изъ нихъ погребены въ Мекке, въ самой Каабе или возле нея (Баба-тюклесъ и два сына его: Аббасъ и Абдурахманъ) (астын сыздық.-Б.К.)» (Қараңыз: О рода князей Юсуповыхъ. Часть первая. С.-Петербургъ. 1866 г. Стр.11-14).

Қысқасы, бұдан түйетін ой: Қаратаудың төңірегіндегі Жылыбұлақ пен Астрахандағы, Ақтөбе жеріндегі бұл зираттар – ескі заманда әр өңірге келген Ислам діні насихаттаушыларын сүйегі Қағбада қалған Баба Түктінің бейнесінде танып, халықты соған оның ұрпағы Едіге арқылы сендіруден туған символдық орындар дер ек.

 

7. ЕДІГЕНІҢ ТҮП ТЕГІ КІМ, ҚАЙДАН?

       Енді Едігенің шығу тегіне де тоқталып өтейік. «Едіге» жыры топтастырылған жинаққа енген ноғай жұртында жырланатын нұсқасында (М. Османов) мынадай шежіре қоса берілген, онда бидің тегі былайша тарқатылған: «Эдиге мырзадынъ бурынгы аталары булай болады: Эдиге атасы – Кутлыкая, анынъ атасы – Кадыркая, анынъ атасы – Исламкая, анынъ атасы – Казыйжы, анынъ атасы – Терме, анынъ атасы – Баба Туьклес, анынъ атасы – солтан Жалаладдин, анынъ атасы – солтан Осман, анынъ атасы – Аьбуьв аьл-Хакк, анынъ атасы – солтан Сыйдак, анынъ атасы – солтан Саьлим, анынъ атасы –  солтан Аьбуьв аьл-Ас, анынъ атасы – солтан Маьвлуьд, анынъ атасы – солтан Кыйда, анынъ атасы – солтан Ваьлид, анынъ атасы – солтан Халид, анынъ атасы – солтан Хоьрмиз, анынъ атасы – солтан Кеап, анынъ атасы – Мухаммед, анынъ атасы – Аьбуьв Бекир Рийзауллах таала анхув эди.

…Эдиге мырзадынъ хикаьетлерин ваь анда айтылган жырларды таварыклар, жыравлар туьрли-туьрли этип айталар. Бу китапды мен язаган шакда меним колымда хем бир неше туьрли Эдигединъ хикаьетлери бар эди, сол нусхалардан сайлап, жаксы коьргенимди мунда жаздым» (астын сыздық.-Б.К.). Қараңыз: Эдиге: Ногайская эпическая поэма / под ред. Н.Х. Суюновой; Карачаево-Черкесский институт гуманитарных исследований при Правительстве КЧР. – М.: Наука, 2016. – 512 с.).

М. Османовтың бұл сөзінен байқағанмыз Едіге жайында ноғайлар арасында да аңыздың, ата тек шежіресінің тараған әлденеше нұсқасы бар екені, тізіп атаған адам есімдерін де солардың айтуында жазып алған.

«Едіге» жырының Березин вариантында былай делінеді: «Анда Эдиге айтды:

– Ай, атам! Менинъ оьз атамны сорасанъ, –

Наьдиркая бий эди.

Наьдиркая атасы – Кадыркая бий эди,

Кадыркая атасы – Термекая бий эди,

Термекая атасы – Аьзизкая бий эди.

Аьзиз жаьриз коьп аьзиз бар,

Баьрин сорап не а[й]тасын?

Туьп атамны сорасанъ, –

Баба Туьклес Чашлы Аьзиз дир эрди! – деп жырлап айтды» (Қараңыз: Эдиге: Ногайская эпическая поэма / под ред. Н.Х. Суюновой; Карачаево-Черкесский институт гуманитарных исследований при Правительстве КЧР. – М.: Наука, 2016. – 512 с.).

XVII ғасырдың алғашқы жартысында жазылып, 1602 жылы аяқталған ортағасырлық түркі жазба мәдениетінің аса құнды үлгісіне жататын Қадырғали би Қосымұлы «Жамиғат-ат-тауарих» аталатын жылнамасында: «Едігенің ең әуелгі атасы – Абу-Бакир», – дейді. Одан әрі былай таратып кетеді: Абу-Бакирден – Махмуд, Махмудтан – Катиб, Катибтан – Һармаз, Һармаздан – Халид, Халидтан – Уалид, Уалидтан – Қыдыр, Қыдырдан – Мулуд, Мулудтан – Абу Алфеис, Абу Алфеистен – Салим, Салимнен – Садық, Садықтан – Абулхақ, Абулхақтан – Мадайна, Мадайнадан – Гушман, Гушманнан – Жалаладдин, Жалаладдинен – Адһам мен Баба Туклас, Баба Тукластан – Терме, Термеден – Карачи, Карачиден – Ислам-Кия, Ислам-Киядан – Қадыр-Қия, Қадыр-Қиядан – Құтлу-Қия, Құтлу-Қиядан – Едіге (Қараңыз: Сыдықова Р., Қойгелдиев М. Қадырали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. – Алматы: «Қазақ университеті», 1991. 254-255 беттер).

Осы шежіредегі кісі есімдерін зерттеушілердің көпшілігі жаңсақ пайымдап, Едігенің түп атасын Мұхаммед пайғамбардың (С.Ғ.С.) ең жақын досы, қайын атасы һәм төрт әділ халифаның ең біріншісі Әбу Бәкір әл-Сыдыққа (573-634) апарып тірейді.

Қателесудің себебін көрсете кетейік, халифаның Айша, Асма, Уммігүлсім есімді қыздары, Абдуллах, Абдуррахман және Мұхаммад деген ұлдары болған. Көріп отырғанымыздай, Едігенің тегі Әбубәкір аталатын кісіден басталып, оның баласы Мұхаммедтен тарайтын болғандықтан – бұл қауымды Құрайыш тайпасынан шыққан аттас Әбу Бәкір әл-Сыдыққа һәм ұрпақтарының есімдері бойынша әкеліп тели салған сықылды.

Анығында Едігенің түп атасы халифа Әбу Бәкір әл-Сыдық емес, басқа. Дәлелімізді тартайық, «О рода князей Юсуповыхъ» атты еңбекте былай делінген: ««По грамотамъ Іоанна къ Юсуфу и Юсуфа къ Іоанну, хранящимся въ московскомъ государственномъ архиве, видно, что Юсуфъ былъ прямой потомокъ знаменитаго Эдигея Мангита, Тамерланова полководца, ордынскаго вождя и князя… Для указанія происхожденія сего пышнаго титла надлежитъ пояснить, что въ древнемъ родословномъ свитке, еще въ конце XVII века, представленномъ въ разрядный приказъ достопамятнымъ до доблестной службе стольникомъ княземъ Иваномъ Дмитріевичемъ Юсуповымъ, указаніе предковъ Юусфа восходитъ до «Абубекира, правившаго после Магомата всемъ муслульманскимъ родомъ» какъ сказано въ акте. Но это былъ не Абубекиръ тесть Магомета, после него правившій мусульманами и пользовавшійся титулом Эмир ель-Омра, князя князей и султана султановъ, соединяя въ лице своемъ правительственную и духовную власть (астын сыздық.-Б.К.). Это был верховный сановникъ изчезавшаго въ упоеніи неги и роскоши Калифа ради-Биллага, предоставившаго ему всю власть свою въ духовномъ и светскомъ значеніи.

Могущество Эмир ель-Омра было пределомъ власти Калифовъ и обозначило эпоху паденія Калифта. Потомки Абубекири бенъ-Райока были правителями, султанами, съ царскою властію, въ разных местахъ: Дамаске, в Антіохіи, и пр.  …Не входя въ подробныя розысканія сомнительной древности, укажемъ, что и въ самомъ Высочайше утвержденномъ Гербовнике (въ 3-й части) отмечено, что потомки Абубека (то есть, Абубекира, предка Юсуповыхъ) въ древнейшія времена въ Египете и въ другихъ местахъ были арями. Тоже свидетельствуетъ древній столпецъ с выпискою изъ старыхъ родословныхъ, писанною и заверенною въ 1656 г. Абдуломъ Культевымъ…» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: О рода князей Юсуповыхъ. Часть первая. С.-Петербургъ. 1866 г. Стр. 11-14).

Едігенің ата тек шежіресінің нұсқаларын өзара салыстырып қарағанда ондағы кей кісілердің реттік тізбектері бір тұстарда алмасып кеткен, немесе бірер есімдер сәл өзгеріске түскен. Әйтсе де анау айтқандай аса бір айырмашылық, туып тұрған қайшылық жоқ. «О рода князей Юсуповыхъ» (1866) деп аталатын бұл еңбектегі Едіге ұрпақтарының баян етіп, өз қолдарымен түзіп қалдырған деректері олардың мұсылман жұртында билік құрған Әбубәкір бен-Райоктан тарайтынын толық бекітіп тұр.

Йазди Шараф ад-Дин Алидың жазбасында бүй дейтін жері бар: «В то время государь Сахибкиран сидел в Бухаре. Осведомившись об обстоятельствах Токтамыша, опять пожалел его и заново приготовил ему все снаряжение. От Урус-хана бежал один из его беков, Идику, из рода мангыт, (астын сыздық.-Б.К.) пришел в присутствие Сахибкирана и сказал: «Урус-хан собрал войско и направляется в эту сторону, и требует выдачи Токтамыша».

В то же время от Урус-хана пришли два посланника: один Коппак Мангыт, другой Толуджан. Придя, они от имени Урус-хана в присутствии государя сказали: «Дело таково. Токтамыш убил моего сына и бежал к тебе. Направь его ко мне. И если не выдашь, то назови место сражения и готовься к битве!».

«…Идику, из рода мангыт» деген сөзге қарап Едігені сол тайпадан шыққан деу – біздіңше жаңсақ пайым. Йазди Шараф ад-Дин Алидың бидің есімін оның бағынышындағы тайпаға қатыстырып айтып отырғанын аңғару қиын емес. Нақтылайық..

Қазақ тілі грамматикасында қимыл-әрекеттің сынын, сапасын, мақсатын, мекенін білдіретін сөйлемнің тұрлаусыз мүшесін пысықтауыш дейді. Мұның бірнеше түрі бар, соның бірі – мекен пысықтауыш. Қайда? Қай жаққа? Қай жерде? Қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Бұл жерде Йазди Шараф ад-Дин Али «Из рода Мангыт, яғни, Маңғыт тайпасынан» деп Едігенің қай жұрттан келгенін  пысықтап айтып отыр. Руы болса куәгер тарихшылар «Маңғыт Едіге» дер еді. Мысалы, Қарақыпшақ Қобыланды, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, т.б. сықылды…

Хош, пікірімізді түйіндеуге көшейік.

XIX ғасырдың екінші жартысында Алтын Ордаға қатысты арап деректерінен алынып, жарық көрген мына мәліметте былай түзілген: «Въ шеввале 819 года (= 22 дек. – 21 дек. 1416.) прибыла хатунь, жена эмира Идики, государя Дештскаго. Она хотела изъ Дамаска совершить хаддж (т.е. отправиться въ Мекку). Въ свите ея находилось 300 всадниковъ».

Ибн Арабшах «Чудеса судьбы истории Темура» (Аджайиб ал-макдур фи тарих-и Таймур) атты жазбасында Едігенің болмысы жайлы нақты мәліметті былай деп таңбалап кеткен: «Идику был темноват, человеком пшеничного цвета; стан его был сродним, тело толстое, он был темпераментным, он мог убедить каждого подчиниться своей воле. Он, будучи великим человеком, был благородным и приятно улыбаюшим. Идику выделялся очень четким и правильным мнением и рассуждением; он любил ученых и талантливых людей, близко принимал к себе преданных [вере] и граждан, он поощрял всех, кто приятно, ласково выражался и тонко намекал, с ними он любил шутить и беседовать. Он с желанием держал уразу (пост) и, крепко держась за подол (правил) религии, по ночи проводил в молитвах. Идику сделал книгу (Коран), обязанности пророка и слава ученых посредником и связывающим средством между Богом» (астын сыздық-Б.К.).

Міне, елдің қамын жеген Ер Едіге бес уақыт намазын қаза қылмапты, Ораза ұстапты, жамағатын Меккеге қажылыққа аттандырыпты, Ислам дініне мүлде қайшы келетін құлдыққа адам сату саудасын біржолата тоқтатып, ала-құла діндегі Алтын Орданы шариғат жолымен ұйыстырып, аса зеректікпен басқарыпты. Мұның сырын іздесек, біз баяндап өткен арғы тамырында жатса керек.

 

8. «ЕДІГЕ» – КӨРКЕМ ШЫҒАРМА, НАҚТЫ ДЕРЕККӨЗ БОЛА АЛМАЙДЫ!

       Зерделі тарихшы, ғалым Қамбар аға Атабаев өзінің «Деректану» еңбегіндегі «Қазақ тарихының дереккөздері» деп аталатын 2-бөлімінде «Фольклор қазақ тарихының дереккөзі ретінде» деген тақырыппен берілген тарауда былай депті: «…ауыз әдебиетінің мәліметтері басқа да деректер сияқты өздерін деректанулық талдаудан өткізуді, яғни ондағы ақпараттардың шынайылық деңгейін анықтауды қажет етеді (астын сыздық.-Б.К.). …Мәлік Ғабдулин кезінде: «Ауыз әдебиеті тарихи фактілерді негізге ала отырып, оны ақындық қиялы арқылы құбылтып жырлайды, суреттеп көрсетеді. Кейде асырып, кейде өзгертіп елестеді. Сондықтан ауыз әдебиетін (мысалы, эпостар мен аңыздарды.-Б.К.) тарихтың өзі, оның документі деуге болмайды», – деген ой айтқан» (Қараңыз: Атабаев Қ. Деректану: Оқу құралы. Толықтырылып II басылуы. – Алматы: «Қазақ тарихы», 2007. 96-бет).

«Едіге» де – ақын қиялымен түзілген көркем шығарма. Ауыздан-ауызға көшіп, әсіреленген. Әр айтушы тарапынан қоспалар қосылған. Айтпағымыз, осы жырдағы «Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасында балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал», – деді» дегені Көне Үргеніштің жанындағы Құмкент шаһары болар бәлкім. О бастағы шығарушы іргесінде ағып жатқан Әмуді Нілге ұқсастырып, метафора түрінде қолданып айтқан тәрізді. (Тіпті берідегі орындаушы бір жырау көркемдеу үшін ойдан шығарған дүние болуы да бек мүмкін).  

Жырдағы айтылғандарды шындық, нақты дерек деп қабылдасақ, онда «Баба түкті Шашты Әзіз баланы іздеп Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасында жібек орамалға ораулы баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз туды деп атын Едіге қойды да, жауырынына таңды. Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен» делінген сөздер бойынша Едігенің әкесі – Құтлы-Қия емес, Баба Түкті Шашты Әзіз. Туған жері – Африкадағы Ніл өзенінің бойы.

«Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен» деген сөздер жырдың Ноғай ордасы құлағаннан кейін шығарылған қоспа екенін толық дәлелдеп тұр. Өйткені, Едіге дүниеге келгенде «Ноғайлының жұрты» деген ұғым мүлде жоқ еді. Бұл атаудың пайда болуы – кейін, көп жыл өткен соң. XV ғасырдың екінші жартысы тұсында. Қамтыған территориялық негізгі аумағы қазіргі Қазақстанның батыс аймағы, Кавказдың, Азаулының бірқатар төңіректері-тін.

Қадырғали би Қосымұлы бүй депті: «Бұл Терме Еділ-Жайықта қайтыс болды. Оның ұлы Каричи аталығ еді. Еділ-Жайықта қайтты. Оны ұлы Ислам-Қия. Ол һәм Еділ-Жайықта қайтты. Оның ұлы Қадыр-Қия. Ол дағы Еділ-Жайықта қайтты. Оның ұлы Құтлу-Қия. Ол Құмкентте қайтты (астын сыздық.-Б.К.). Оның ұлы Едіге би, Алла оған рақымын төксін!

Құтлу-Қияны Орус хан шаһид еткен. Және Баба-Тукластың төрт ұлы бар еді. Бірі Каабада патша болды. Бірі Каабаның жанында жатыр. Ал бірі Ургенчте жатыр (астын сыздық.-Б.К.). Бірі Қырымда, Уч-Утлуқта. Енді бір айтуда Баба-Тукластың  белгілі үш ұлы болған. Бірінің аты Абас, Каабаның оң жағында. Бірінің аты Ғабдул Рахманқожа. Ол дағы Каабада жатыр. Ал бірінің аты Терме. Ол дағы Еділ-Жайықта қайтыс болды» (Қараңыз: Сыдықова Р., Қойгелдиев М. Қадырали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. – Алматы: «Қазақ университеті», 1991. 224-255 беттер).

Куә боп отырмыз, Едігенің аталары Еділ-Жайықтың бойында бақи болған. Қоныс аударып келгеннен соң тұрақтаған атажұрттары осы аумақ екенін жоғарыда келтірілген мәліметтердің бәрісі бір-бірімен сәйкес келіп, бекітіп тұр.

Тарихшы, шейх Кемаль-ад-дин Абд-ар-раззак ибн Исхак Самаркандидің (1413-1482) жазбасында мынадай оқиға әңгімеленген: тарихтан белгілі Темір-Құтылықтың баласы Темір хан өзін таққа отырғызған, бірақ негізгі биілікті жүргізуші Едігеден біржолата құтылуды ойлайды. Шамасы оның көлеңкесінде қалғысы келмесе керек. 1410-1411 жылдары екеуі қарулы қақтығысқа барады, одан жеңілген Едіге Хорезмге, анығырақ айтқанда, өзіне қауіпсіз жер деп жоспарлаған болар, Үргенішке қашады. Әйтсе де соңынан қуып келген хан әскері оны алты ай қоршауда ұстайды. Оңтайлы осы сәтті пайдаланған Тоқтамыс ханның ұлы Жалал-ад-дин Алтын Орданың биілігін өз қолына алады. Темірдің хандық құрған дәуірі сонымен екі-ақ жылға (1410-1412) созылады…

Жалал-ад-диннен Едігенің көзін жою жөнінде тапсырма алған Каджулай есімді баһадүр оған қарсы соғыс ашады. Алайда қарсыласының әскер саны аз болса да одан жеңіліс тауып, өзі сол шайқаста өледі. Едіге орасан олжамен Хорезмге жеңіспен оралды. Қолға түскен тұтқындардың аяқ-қолын кісендеп, оларды бақылауды Үргеніш шәрінің тұрғындарына міндеттейді. Қашқан жағдайда тек күзетші ғана емес, көше тұрғындарының да қатаң жазаланатынын айтады. Бұл оқиға 1412-1413 жылдары болыпты.

Бұдан туатын ой: Едігенің әкесінің Құмкенте, тағы бір бабасының Үргеніште өлгені, Темір ханнан жеңіліс тапқанда Хорезмді паналауы, мұндағы тұрғылықты халыққа еткен өкімінің жүруі –  Едіге ғұмырының осы төңірекпен бұрыннан тығыз байланысы барын дәлелдей түседі.

Едіге расымен әу баста Еділ-Жайықтың бойын емес, Қаратаудың төңірегін қоныс қылып, билік құрғаны, оған қатысты сонда өткен оқиғалардың бірі, кейін басқа өңірге қоныс аударғаны Алтын Орда дәуірі тарихына байланысты түзіліп қалдырылған жазбалардың  біреуінде болмаса біреуінде тым құрығанда елеусіздеу аталып өтуі тиіс-тұғын. Аталынбайды.

Ақиқатында уақыт өте келе тарихтың шындығы қиял-ғажайып аңыздармен араластырылып, оңтүстік өңірдегі Құмкентке телініп, бытысып кеткен. Басқа да аттас қаланың барын білмегендіктен. Біржақты кетіп. Жан-жақты зерттелмеудің салдарынан.

«Едіге» жырында айтылатын «Баба түкті Шашты Әзіз баланы іздеп Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасында жібек орамалға ораулы баласын тауып алды» деген сөзді шындыққа сәйкестендіру үшін мынадай пікірлер де айтылған екен: «Согласно сообщению А. Картабаева (1945), Египет (Миср) и река Нил действия сказания в некоторых казахских вариантах явились результатом народной этимологии: развалины Кумкента носят у местного населения название «Мыср» (в значении «благоустроенный город»); по близости от них находится Красное озеро (Кзыл-Кул), в котором добывается красная глина («ніл») для покраски домов» (Қараңыз: Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. Ленинграды, Издательство «Наук» Ленинградское отделению, 1974. Стр. 383).

«Ніл» атауына қатысты айтқан А. Қартабаеваның бұл сөзіне қазақ тілінің күнделікті қолданысындағы мағынасы, сын-сипаты қайшы, анықтамалары мынадай: «Ніл. I. Көк шөптің шырынды бояуы. 2. Көк түсті бояу. Ніл қара көк – шымқай қара көк, көкпеңбек». Осы сөздің тағы бір мағынадағы түрін былай түсіндіреді: «Нілдей. Ніл сияқты ашық көк. Нілдей бұзылды – аяқ астынан айнып қалды, тез өзгерді» (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. / Жалпы редакциясын басқарған Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 620-бет).

Дереккөздердің куәлік етуінше, Ніл – Шығыс Африканың таулы үстірттерінен бастау алады дейді. Ұзындығы шамамен 6650 шақырым, негізгі екі саласы – Ақ Ніл, Көк Ніл аталады екен. Бірінің түсі – ашық ақсұр, енді бірінің түсі – қою көк дейді.

Едігенің бабаларының патшалық құрған өңірлеріндегі, Мекке мен Мединенің батысындағы Ніл өзені жыршы-ақындардың түсінігінде киелі саналып, оның атауын көк бояудың сипатына ауыстырып айтудан тілімізге орныққан сықылды. Жырдағы «Ніл дариясының басында…» сөйлеміндегі «ніл» сөзі Құмкент пен Үргенішке тақау ағып жатқан Әму дарияның түсі ретінде қолданылған ба деп те ойлаймыз. Өйткені, сонау арап жерінде қазақша «Құмкент» аталатын шаһардың жоғы айдан анық…

  

9. «ЕДІГЕНІҢ МАЙЛЫ ЖҰРТЫ» – СҮЙІНДІК ЕДІГЕ БИГЕ АРНАЛҒАН ЛЕБІЗ!

      Едігенің моласының Ұлытаудың басында екенін дәлелдеу үшін К. Жүністегі «Ұлы би – Ер Едіге» деген мақаласында былай депті: «…өз ұлысымен қоса бүкiл Алтын Орданы уысында ұстаған Ер Едiге хан ордасы Сарайшыққа бармай ұлы даланы мекен етiп, көшiп-қонып жүргенi тарихтан белгiлi. (?) Сонда оның негiзгi тұрағы Ұлытау болған, сол жерде күнi бүгiнге «Едiгенiң майлы жұрты» атанған жер жатыр» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Кәмел қажы Жүнiстегi. Ұлы би – Ер Едіге. 02.09. 2010. turkystan.kz).

«Едiгенiң майлы жұрты» аталатын жердің барын естігені болмаса К. Жүністегінің оның қай тұста екенін нақты білмейтіндігі анық көрініп тұр. Ұлытауда депті.

Бұл жөнінде С. Дәніқұлұлы есімді журналист «Ер Едігенің асыл сүйегі қай жерде?» деген мақаласында «Едігенің майлы жұрты» аталатын жердің қай өңірдің төңірегінде екенін былай деп анықтап айтқан: «…Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылының батыс бөлігінде, Жылыбұлақ жағасында, қарт Қаратаудың етегінде Баба Түкті Шашты Әзиздің жаңадан салынған кесенесі сонадайдан мен мұндалайды. Сол кесененің жанында қызыл кірпішпен қоршалған бір бейіт бар. Бейіт жанындағы тұғыртаста «Едіге батыр» деген жазу бар. Сонымен қатар, Жылыбұлақтың төменгі сағасын жергілікті тұрғындар күні бүгінге дейін «Едігенің майлы жұрты» деп атайды (астын сыздық. – Б.К.)» (Қараңыз: Дәніқұлұлы С. Ер Едігенің асыл сүйегі қайда жерде? // «Ақиқат» журналы. 02.10. 2019 жыл).

Созақтық өлкетанушы Сапарбек Олжабай Баба түкті шашты Әзізге қатысты телеарнаға берген өзінің сұхбатында: «Құмкенттің іргесінде «Едігенің майлы жұрты» деген жазық бар» (астын сыздық. – Б.К.), – дейді нақтылап (Қараңыз: Мұра. Баба түкті Шашты Әзиз. // ABAI TV.).

Әлгінде келтірілген «О рода князей Юсуповыхъ» атты жазбада: «Султанъ Термесъ или Термя, третій сынъ Бабатюклеса, въ 16-мъ колене от Абубакира бенъ-Райока, теснимый враждебными обстоятельствами, переселился на северъ отъ Аравіи, к берегамъ Азовскаго и Каспійскаго моря, где, по преданію, между Волги и Яика была его родина. Пользуясь своимъ значеніемъ, онъ увлекъ за собою многія племена преданныхъ ему мусульманъ. Ведя странническую, кочевую и боевую жизнь, они заняли обширное пространство между Дономъ и Ураломъ, а потомъ между Уральом и Волгою, где впоследствіи и образовались сильная Ногайская орда», – делінген.

Мінекей, бұл деректе Едігенің арғы аталары Арабиядан ауып келгенде әу бастан-ақ Еділ-Жайық бойын қоныс еткенін, соңыратын Ноғай ордасын да осы өңірде құрғанын баяндап отыр. Қаратау жақты мекен қылды, өз ұлысын сонда тіктеді демеген.

Олай болса, К. Жүністегінің жоғарыдағы пікірі дәлелсіз, қисыны жоқ сөз!

«Едігеннің майлы жұрты» деген лебіз – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан кейініректе тараған сөз. Әлгінде келтірген дерегімізді тағы да назарға қайыра ұсынайық, ол : «Кешегі Абылай ханның заманында, сонда Едіге бидің таяғы жұртына шопан құт болып: «Едігеннің майлы жұрты» – атанған екен», – депті (Қараңыз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 13 том. – Павлодар: «ЭКО» ГӨФ, 2008. 313-бет).

Бұл жерде Мәшһүр Жүсіп «Едігеннің майлы жұрты» деп ел аузында қалыпталып, кең тараған сөзді өзі атаған «әуел Едігеге» немесе, «орта Едігеге» емес, Абылай ханның тұсында өмір сүрген «ақыр Едігеге» меншікті екенін ап-анық қып айтып отыр. Оның мұнан кейінгі «Заманындағы қариялар, қара бұқара халқы: «Халық қамын жеген Қарқарадай хандарының саламаттығына, ел қамын жеген Едігедей билерінің саламаттығына!» – деп дұға қылады екен» деген пікірі де жұрты өз уақытында  Сүйіндік Едіге биді ханның дәрежесінде сыйлап, құрмет тұтқанын бекіте түседі.

Мәшһүр Жүсіп осы сөздің кімге арналғанын басқа бір жазбасында былай деп тағы да қадап тұрып айтады: «Қазақ жұрты әңгіме қылып айтысқанда: «Үш Едіге өткен екен: «Әуелі – Ер Едіге, онан соңғы – әз Едіге, ең ақыры – би Едіге. «Едігенің майлы жұрты» атанған уақытысы – би Едігенің заманындағы сөз еді!» десіп келеді» (Қараңыз: Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. 8-том. – Павлодар: ЭКО, 2013. 107-бет).

Оңтүстік өңірдегі Құмкент пен Жылыбұлақтың маңындағы жердің «Едігенің майлы жұрты» атануын шындық деп қабылдасақ бұл мекенді Алтын Орданың биі Едіге емес, Арғынның Сүйіндігінен шыққан Едіге би сонау ескі заманда тұрақ қылған, уақыт оза келе біржолата ұмытылған дер едік. Солай екенін тарихта қалған мына жайттың сілемдері растайды. Енді соған көшейік.

Әлгінде Сүйіндіктен тарайтын тағы бір баланың есімі – Қаржас дедік. Оның ұрпақтарына қатысты мынадай мәліметтер бар: «Қаржастар 1723 жылы (дұрысы 1722 жылы. – Б.К.) қазақ халқының тарихындағы ауыр қасіретті «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» басталғанда оңтүстіктегі Қаратау өңірінде өмір сүретін-ді. Сол кезде Қаржас руының жасақтары Қаратаудың ішіндегі шатқалдардың бірінде Жоңғар әскерінің бір тобының жолына қамал боп тұрып, жауды қоршап, қырып мерейлері үстем болады. Содан кейін шатқал «Қаржас қамал» деп аталып кетеді. Арғы бабаларымызға өшпес белгі болып қалған бұл жер қазірде де осылай аталады» (Қараңыз: Жақсыбаев С.И. Қаржас ұрпақтары. / Түзетіліп және толықтырылып екінші рет басылуы / Павлодар: ЖК «Сытина Н.И.» баспаханасы, 2018. 55-бет).

Архивтік деректердің куәлік етуінше, Әулиеата уезінде 1913 жылы Арғындар Шудың бойы мен Мойынқұмның бірқатар тұсын иеленіп, өз алдарына бес ауыл  болыс болып отырған. Сарытөбе, Қаракөл, Қызылтал, Баймұрат, Көкжиде, Қостөбе, Ақкөл, Шағырлы, Молалы, Қилыбайарал, Талдыарал, Сарышаған, Көктал деген жерлерде көшіп-қонып жүрген. Сондай-ақ, Құршу болысының 5-ауылын Арғындар құраған. Үлесінде Ақтөбе, Өстемір аталатын мекендер болған. Бұлардың кейісі Құмкентке, Жылыбұлаққа аса қашық та емес екен.

Шымкент уезіндегі Арғындар да Қаратау өңіріндегі Құмкентке, Жылыбұлаққа жақын тұстарды мекен қылып жүрген. Куәландырайық. Аталған уезде 1907 жылы олар қоныс еткен ауылдар, жайлаған төңіректер мыналар:

а) Шымкент уезі  Шағатай болысының 1-ауылы, иелігінде Қарасай, Құмкөл көлі, Құмқұлақ;

ә) Шілік болысының 5-ауылы, иелігінде Шошқакөл, Жаманкөл көлі;

б) Хантағы болысының 7-ауылы, иелігінде Құмкөл көлі деген жерлер болған;

в) Жылыбұлақ болысының 4-ауыл тұрғындары аралас рулар, ішінде Арғынның Қуандығы да бар.

Шежірелердің бірінде осы Шымкент уезінің Боржар болысы құрамында Арғынның Қаракесек, Тобықты Қуандық, Сүйіндік аталықтары да болған деп айтып өтеді.

Әкімшілік бөлініс шекаралары тоғысып жатқан Әулиеата мен Шымкент уездерінде Арғын руларының қоныс еткен тұстары Құмкентке тым шалғай емес, мұны назарға ұсынылған картаға қарап-ақ бажайлауға әбден болады. (Қараңыз: 3-карта. Қаратаудағы Құмкент).

Айғаққа тартқан мәліметтер Жылыбұлақтың төңірегін Абылай хан заманы тұсында Сүйіндіктің Айдаболынан өретін Төлебайұлы Едіге бидің мекен еткенін одан кейін де бірқатар Арғын руларының осы маңайда жүруі – толық қуаттайды. «Едігенің майлы жұрты» деген сөз тіркесі анығында кімге арналған дейтін болсақ. Алайда лебіздің мағынасы басқа. Жерге қатысты емес.

Тағы да қайталап еске салайық, Мәшһүр Жүсіп тарихта өткен Едіге есімді кісілерге байланысты қадап тұрып айтады: «Қазақ жұрты әңгіме қылып айтысқанда: «Үш Едіге өткен екен: «Әуелі – Ер Едіге, онан соңғы – әз Едіге, ең ақыры – би Едіге. «Едігенің майлы жұрты» атанған уақытысы – би Едігенің заманындағы сөз еді!» десіп келеді» (Қараңыз: Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 20 томдық шығармалар жинағы. 8-том. – Павлодар: ЭКО, 2013. 107-бет).

Дала заңын жетік меңгерген Едіге бидің елді аузына қаратқан ұшқыр ойлы шешендігі, рулар арасындағы дау-дамайды, өршітпей әділ шешудегі ұтымды шешімдері, Олжабай батырмен бірге 1762 жылы Екатерина ІІ-ге қатал табиғаттың қыспағында қалған қалың жұртының мал-жанын сақтап, дәулетін жұтатпай аман алып шығу үшін орыс-казак бақылауындағы Батыс Сібірдің орманды өңірлерін қыстап, малдарын сонда бағып шығуға рұқсат сұрап, ұтымды амалдарға баруы, т.б. – ел қамын жеуден туған тірліктер-ді.

Едіге бидің осындай көреген, қажырлы басшылығының арқасында қарашасы кемдік көрмеген. Бастарына бақ қонып, дәулеті асқан. Барақат тұрмыс кешкен. «Едігенің майлы жұрты» деген сүйіністен, риза көңілден шыққан жылы лепес «Едіге бидің ырысы мол, халқы ауқатты» деген мағынаға саяды. «Дәулетті», «бақуатты» атауларының орнына қолданылған «майлы» сөзін қоныс еткен жеріне байланысты айтылған деп ұғу – лебіздің бейнелі мағынасын түсіне алмаудан.

Тарихымыз зор, терең деген жәй мақтан үшін Алтын Орданың биі Едігенің жайлаған мекені етіп дәлелдемек боп, Мәшһүр Жүсіптің жазбаларынан басқа еш қағазға түспеген «Едіге бидің таяғы жұртына шопан құт болып: «Едігеннің майлы жұрты» – атанған екен» деген Сүйіндік Едіге биге арналған сөз тіркестерін берідегі біреулердің бұрмалап, Құмкенттің іргесіндегі жазыққа апарып жапсыруы – қисыны келіспеген көп өтіріктің бірі!

Аядай жерде төрт түлігін көбейтіп, бай-дәулетті болу о кезде тіпті мүмкін емес жайт. Және мұндай аумағы алақандай мекенді жүз орап алатын оты қалың, сай-саласы бұлақтың көзі, көлемі кең, берекелі жайылымдар бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған Жайық пен Електің, Ертіс пен Есілдің бойында, Ұлытау мен Баянауыл төңірегіндегі аңғарларда, алқап-алаптарда жетерлік. Әлденеше есе көп. Мейлі Алтын Орданың биі Едігеге болсын, мейлі Сүйіндік Едіге биге болсын, жаңағы айтқан қуықтай тар жазық көшпенді тұрмыстағы бұлардың қай-қайсысына да «майлы жұрт» бола алмайтыны айдан анық-ты.

 

                         10. ТӨЛЕБАЙҰЛЫ ЕДІГЕ БИДІҢ ҰРПАҚТАРЫ ХАҚЫНДА      

         Сүйіндік Едіге биден – Шоң мен Торыайғыр есімді ұлдар өрген. Бұлар да тегіне тартып, өз заманында осал болмапты.

А. Янушкевич Шоң туралы мәлімет қалдырған, былай депті: «…Чон был большими человеком, но не султанам. Он жил в последние времена перед приходом русских в эти места. Разумом, справедливостью и  энергией души он приобрел у своих такой авторитет, что имел большую власть, чем если ханом. Сам карал преступников, часто даже смертью, подчас жестокой, именно раздиранием на части дикими конями».

Шоқан Уәлиханов та жазбасында бүй деп лебіз білдіріп өткен Шоң туралы: «В родах киргизов Баян-Аульскаго округ султаны имели менее значения, нежели в других родах, а роды эти управлялись сильными родоначальниками – биями. Особенно известный в народе бии: айдабульском роде – Чон, а в каржасском – Чорман, по прозванию Чечен (мудрый), знаменитый умом и хитростью».

Шоң биге арналған мына зерттеуде генерал-майор С.Б. Броневскийдің бүй деген сөзі келтіріліпті: «…в должность старшего султана введен бий Шон Едигин, престарелый, но умный и благонамеренный, народом Туртугульских волостей любимый и имеющий влияние на оны более, нежели полагать можно было» (Қараңыз: Қайруллина А., Батталов Қ., Жұматай С. Баянауыл сыртқы округі қалыптасуының тарихи шарттары мен ерекшеліктері. // Отан тарихы. №26 (1), 2023 жыл. 117-бет).

Бұл айтылғандарды толықтыра кетейік, онда: «Шоң би, Шоң Едігеұлы (1754 – Баянауыл ауд. – 1836, сонда) – төбе би, аға сұлтан. Арғын тайпасының айдабол руынан шыққан… 1822 ж. патша өкіметі бекіткен ереже бойынша Орта жүзде хандық жойылды. Оның орнына дуандар (округ) құрылып, оны төреден шыққан аға сұландар басқарды. Шоң қарапайым халықтың да ел басқара алатынын дәлелдеп, патша бекіткен жарғыны бұздырып, аға сұлтан атанған тұңғыш би… Шоң би жөніндегі жазба деректер Ресей архивтерінде көп кездеседі. …Шоңның мәйіті Түркістан қаласына апарылып жерленген», – делініпті (Қараңыз: Ертістің Павлодар өңірі. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ эниклопедиясы», 2013.  740-бет).

Едіге бидің ұлы Шоң генерал-губернаторға 1825  жылы  қарашаның 28-інде жазған хатында былай деген: «1816  жылы  Бөкейдің  хандық билігіне  қарсы  күрес  барысында  біз  төртуыл  одағын ұйымдастырдық.  Оның  негізін  Сүйіндіктің  төрт  ұлы – Құлболды,  Жанболды,  Орманшы, Қаржастың  ұрпақтары  құрған.  Бүгінде  бұл  одаққа  Басентиін,  Буранайман,  Қанжығалы, Қарпық, Тама сияқты он үш ру мен осы рудың билері кірген. Аталмыш одаққа кірген билер бірауыздан мені одақтың басты биі ретінде сайлаған. Абылай ханның ұрпағы Бөкейдің ауылы маған қарасты 43000 мың ауылдың жартысына да жетпейді» (астын сыздық.-Б.К.), – депті (Қараңыз: Қайруллина А., Батталов Қ., Жұматай С. Баянауыл сыртқы округі қалыптасуының тарихи шарттары мен ерекшеліктері. // Отан тарихы. №26 (1), 2023 жыл. 114-бет).

Айтпағымыз, баласы бергіде осынша елді соңына ертіп, қамқоры болса әкесі Едіге бидің етегіне сыйған майлы жұрты бұдан әлденеше есе артық болғанын бағамдай беруге болады.

Енді Едіге бидің Торайғыр есімді баласына қатысты деректерді баяндауға көшейік, былай дейді: «Торайғыр Едігеұлы (1772-1825) – белгілі би, шешен. Шыққан тегі арғын ішіндегі айдабол. Әкесі Едіге Төлебайұлы Тәуке хан тұсында би болған. Торайғыр орысқа бағынудан бас тартып, патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы шыққан. Орта жүзде Ғұбайдолла Уәлиұлының хандық билігін орнықтыруға әрекет жасады. Орыс отаршылдығына қарсы ақыл-парасатымен, айбынды сөзімен күрескен Торайғыр Ресей құжаттарында империяға қарулы қарсылық жасаған Саржан Қасымұлымен теңестірілген (1825)… Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы замана қайшылықтарын терең таныған Торайғыр бидің нақыл сөздерін («Аспан, жер және адам жаратылысы туралы») өзінің тіршіліктің бастау сөздері жөніндегі ой-пікірлеріне дәлел ретінде пайдаланған. Баянауыл өңірінде «Торайғыр көлі», «Торайғыр ауылы» атты жер-су атаулары бар» (Қараңыз: Ертістің Павлодар өңірі. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ эниклопедиясы», 2013.  691-бет).

Осы Торайғырдан – Қожахмет, Қожахметтен – дарынды ақын Сұлтанмахмұт (1893-1920) туған.

Мәшһүр Жүсіп Шоң мен Торайғыр жайлы халық арасында сақталған «Шөженің Шоң биге айтқаны» (11-томында),  «Шоң би әңгімесі», «Тоғжан мен Торайғырдың қағысуы», «Шоң мен Тұрлыбектің кездесуі» (13-томында) деген әңгімелерді қағазға түзіп кеткен.

Шоң мен Торайғырдың жұрты үшін іс қылғандары, ел есінде қалуы – әкелері Едіге бидің тәрбиесінен, одан көрген өнегеден бойларына сіңірген бөлекше қасиеттерден-ді. Халықтың «Әке көрген оқ жонар» деген тұжырымы осыдан болса керек.

 

                    11. ҰЛЫТАУДЫ ТӨРТУЫЛ-СҮЙІНДІК ТЕ ҚОНЫС ҚЫЛҒАН

       Мәшһүр Жүсіп Арғын ішіндегі Құлболдысы, оның Күлігінен екен. Өзінің айтуынша, арғы атасы – Күліктің баласы Бесім. Бесімнің Бөктік деген бәйбішесінен – Ақжігіт, Жанжігіт, Қармыс туыпты. Ақжігіттен – Сермұхамбет, Сермұхамбеттен – Көпей.

Мәшһүр Жүсіп Бесім турасында мынадай әңгіме түзіп қалдырған екен: «Ұлытау, Кіші таудан, Баянаула, Қызылтауға жұрт қопарыла аумақшы болғанда, Бесім балалары Ақжігіт, Жанжігітке:

– Биылша көшпеңдер. Менің биыл өлетұғын жылым. Мені осы Ұлытауға қойып, ендігі жыл көшіңдер, – деген екен.

Балалары:

– Жұрт қатары бармаған соң, жерден құр қаламыз. Алдыңғы барған ел жақсы жерді таңдап алып қояды, – депті.

– Ендеше мені ол барған жерге көмбеңдер. «Сөрелеп қойып, сүйегімді осы Ұлытаудың басына ап келіп қоямын», – десеңдер, көшулеріңе рұқсат беремін, – депті.

– Бұл – Асан қайғы шыққан төбе. Баласы жалғыз жетім Жаналыға өсиет қылған екен. Әз-Жәнібек: «Не қалайсың» – десе, осы Ұлытауды сұрап ал, қоныс қыл. Күндердің күні болғанда, осының басына қойылған жан кәуірдің аяғының астында қалмайды, – деп. Және мұның басында тұрып қарауыл қараған жанның бақ-талайы жоғары болар, – деген екен. – Алаша хан да мұның басына шыққан соң, Алашқа билікті бөліп, Ер Едіге де мұның басын ұнатып, заманында осыны қоныс қылған екен. Солардың қырын (қадым) жайы болған. Мұның басында Ақмешіт әулие деген әулие бар, – деген екен.

Айтқандай қыс ішінде Қызылтауға келіп, Ашамай тас деген жерде Қаржасалтынторы: Боқты отыр екен. Сосын көшіріп, жұртына қондырыпты. Өз ажалынан Бесім өліп, өсиеті бойынша балалары Ұлытаудың басына, өзінің айтқан жеріне қойып, көп заманғаша «Бесімнің бес саласы» – атаныпты. Бұл күнде «Тілеуқабыл дарасы» – делінеді. Бесім деген кісінің дене топырағы сол Тілеуқабыл дарасының өре басында дейді (Қараңыз: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Жиырма томдық шығармалары. 9-том. – Павлодар: ЭКО, 2013. 342-бет).

Жоғарыда келтірілген архивтік мәліметтерден, Мәшһүр Жүсіптің ел ауызынан жазып алған әңгімесінен бағзыда Арғын балаларының Ұлытаудың, одан Баянауылдың шұрайлы, сан тармақты өзен-бұлақтары бар, оты қалың атыраптары аралығында көшіп-қонып жүргені анық байқалады. Пікірімізді мына мәлімет қуаттай түседі: «Главнаго Аргинскаго рода иъ 5 отделеніяхъ до 30 000 семействъ. Управляють Тиленча-бій, Чунъ-бій, (астын сыздық.-Б.К.) и Байдали-бій: над всеми же султаны Букей и Бупа. Кочують зимой въ горахъ Баянъ-Авла, Кизил-тау, Далба-кита-казылыкъ, Чингисъ-цаганъ и въ вершинахъ реки Тургая, при горахъ Улы-тау; (астын сыздық.-Б.К.) летомъ при горе Иреймякъ и по рекамъ Нуре и Жидису» (Қараңыз: Сибирскій вестникъ, издаваемый Григоріемъ Спасскимъ. Часть девятая. СанктПетербургъ, въ Морской Типографіи. 1820. Стр. 88). Бұл – 19-ғасырдың бірінші жартысының ең басындағы жағдай.

Төртуыл-Сүйіндік Бесімнің де «сүйегімді Ұлытауға қойыңдар» деп ұрпақтарына қиыла аманаттауы жайдан-жай емес. Оның жерленген жері – әуеліде «Бесімнің бес саласы» атанып, кейін «Тілеуқабыл дарасы» боп өзгеріпті.

Осы кезде де Ұлытаудың төңірегінде сонау заманнан тұрақтап қалған Төртуыл-Сүйіндіктің кейбір аталықтары әлі бар.

Келтірілген деректер Едіге бидің бұрынырақта, жалындаған жас шағында билік құрған бір жұрты осы Ұлытау болғанын дәлелдей түседі. Алайда арада біраз уақыт өткен соң есімі көмескіленген. Оған қатысты сөздер, оқиғалар шатастырылып, халық санасында бұлдыр болса да сақталған, дәрежесі биік онымен аттас, «Алтын Орданың биі» атанған Ер Едігеге теліне бастаған. Кейінгілердің жадына қате пікір осылай орныққан.

Қайталап еске салайық, Мәшһүр Жүсіптің Ер Едіге туралы қай жазбасында да оның Ұлытаудың басына жерленгені айтылмаған. Өлген соң Баба Түкті Шашты Әзіздікі делінетін бейіттің қасына қойды дейді. Алайда ол жердегі оның моласы екені нақты емес, күмәнді дедік. Бұған да жоғарыда дәлелдер келтірген ек. Қағбада қалғанын айтып.

Фольклоршы, түркі-моңғол жұртының тарихын зертеуші, қазақ жерінде туып-өскен Г. Н. Потанин де (1835-1920) Алтын Орданың биі Едігені Ұлытаудың басында жерленді, моласы осы жерде деген сөзге былай деп қисынды дәлелдерімен күмән келтіреді: «Мы сомневаемся, чтобы то, что киргизамъ известно под Идыге, было действително могила. Моглы устраивались въ степяхъ обыкновенно или въ открытой степи, на перекресткахъ дорогъ и у переправъ через реки,  или при подошве горъ, но на горахъ, на ихъ вершинахъ или на горныхъ перевалахъ складывались только «обо», священныя кучи камней, а не могилы. Не такое ли «обо» принято киргизми за могилу? За такое мненіе говоритъ и то, что сами киргизы называють кучу камней на вершине горы Идыге не мола, «могила», а оба (Идыгэнынгъ обасы); см. Ж. Стар., 1891, в. 4, стр. 157. Первое известіе объ этой горе еще въ прошломь столетіи записалъ Стралленбергъ: «Русскіе въ Сибири разсказывал мне, что на горе Итике, лежащей между реками Ишимемъ и Иртышемъ, находится прамида на которой будто бы, и теперь еще видны письмена… Это место находится въ дикой степи, где безпрестанно  снуетъ казацкая орда (В. Радлов, Сибирскія древности, 1891, т. I, в. I, стр. 40).  Впрочемъ, киргизы применяютъ слово «обо», если не къ современнымъ, то къ древнимъ (чудскимъ) могиламъ: то же делатъ и татары Минусинскаго округа, Енис. губ.» (Қараңыз: Потанин Г.Н. Тюркская сказка о Идыге. //  «Живая старина». Вып. IV. 1897. Стр. 314).

Г. Потанин айтып отырған швед Стралленберг 1709 жылы Полтава түбіндегі соғыста тұтқынға түсіп, он үш жыл ғұмырын Сібірде өткізеді. 1723 жылы бостандыққа шығып, Швецияға оралады. Оның «Русскіе въ Сибири разсказывал мне, что на горе Итике, лежащей между реками Ишимемъ и Иртышемъ, находится прамида на которой будто бы, и теперь еще видны письмена…» (астын сыздық.-Б.К.) деген сөзіне қарағанда «Едіге» аталатын таудағы жазуы бар прамида туралы ақпарды 1721 жылдың наурыз айы мен 1722 жылдың мамыр айы аралығында Тобол, Красноярск өңірлеріне, Шұлым өзені бойына ұйымдастырылған экспедициялық сапардың құрамында болған кезінде естігені еш күмәнсіз.

Филипп Иоганн фон Стралленбергтің осы мәліметімен танысқан отандық ғалымдар да Ұлытаудағы «Едігенің моласы» делінетін орынға: «Существование в данном месте могилы как места конкретного погребания эмира Едыге входит в категорию мифического», – деп сенбестік танытады, сонан соң өздерінің мынадай екіұшты болжамдарын айтады: «Можно предположить, что предание о захронении Едыге на горе в Улытау появилось позднее начала – середины XV в. когда процесс исламизации принял активные формы. В первой четверти XVIII в. оно было уже широко известно в степи» (Қараңыз: Э.Р. Усманова, С.В. Захарова, Д.А. Джумабеков, М.А. Антонов. Традиция культа гор в Улытау (Центральный Казахстан), или ритуальный разговор с горой. //  Древние и традиционные культуры во взаимодействии со средой обитания: проблемы исторической реконструкции. Материалы I Международной междисциплинарной конференции. Челябинск, 13-15 апреля 2021 года. Издательство: Челябинский государственный университет).

Осы жерде «миф» сөзінің анықтамасын да бере кетпекпіз ғалымдардың пікірін аша  түсу үшін, былай дейді онда: «Миф, -а, м. (гр. mythos – слово, предание). 1. Древнее народное сказание о легендарных героях, богах, о происхождении жизни на земле и явлений природы… 2. (перен.) О чем-л. фантастическом, неправдоподобном, о вымысле, выдумке…» (Қараңыз: Школьный словарь иностранных слов: Пособие для учащихся // В.В. Одинцов, Г.П. Смолицкая, Е.И. Голанова, И.А. Василевская; Под ред. В.В. Иванова. – М: Просвещение, 1983. Стр. 113).

Шоқанның: «…бұл – батырлардың бейіті ме, әлде жай ескерткіш пе, оны қазбайынша анықтау мүмкін емес», – деп айтқан әлгіндегі пікірі, сондай-ақ, А. Шренктің де «…оның (Едігенің. – Б.К.) жерленген жерін соншалықты шалғайдағы шығыста  деп ойламаймын», – деуі, А. Потаниннің «За такое мненіе говоритъ и то, что сами киргизы называють кучу камней на вершине горы Идыге не мола, «могила», а оба (Идыгэнынгъ обасы)», – деп таңбалауы, сонымен қатар берідегі белгілі археолог-ғалым Э. Усманова бастаған тарихшылардың: «Существование в данном месте могилы как места конкретного погребания эмира Едыге входит в категорию мифического», – деген көзқарастары шыңның ұшар басындағы тастардың үйіндісін «Едігенің моласы» деп біржақты кесіп-пішіп тұжырымдаудың нақтылыққа жатпайтынын көрсетеді.

Ұлытаудың «Едіге» аталатын бөлігінің сонау жаугершілік заманда қауіп-қатерден сақтану үшін қарауыл қарайтын биік болғаны аңдалады. Һәм бұл дүниеден өткен жақсы-жайсаңдарды еске түсіріп, дұға қылатын орынға да айналдырылған. Басқа да мақсаттарға пайдаланылған. Сүйіндік Едіге бидің басшылығымен, нұсқауымен. Таудың «Едіге» аталып кетуі – осы жайтқа байланысты екені шүбәсіз. Сол кезде ол жиырма-жиырма бес жаста болғанға ұқсайды. Едіге бидің даңқы осы кезден бастап кең жайыла бастаған. Заманындағы қариялардың, қара бұқара жұртының: «Халық қамын жеген Қарқарадай хандарының саламаттығына, ел қамын жеген Едігедей билерінің саламаттығына!» – деп дұға қылып, Ұлы Жаратушыдан оның амандығын ерекше тілеуі жайдан-жай емес.

Қазақта «Он үште отау иесі» деген сөз бар. Мұнда тек үйленетін кезді айтпаған, мағынасы кең, бұл –  балаң жігіттің ақыл тоқтатып, жауапкершілік жасқа жеткені жайлы ескерту, тұжырым. Жаугершілік уақыттағы көшпенді жұрттың баласы ерте есейіп, шаруаға жасынан араласқан. Бұған пікір өзегі Едіге бидің он төртінде дауда билік айтуы – дәлел. Халықтың тағы бір сөзі бар: «Болар елдің баласы он бесінде баспын дер, Болмас елдің баласы отызында жаспын дер», – деген. Едіге де халқына ерте жастан бас болған.

Ол – ескі заманның дана сөздерінде көрніс тапқан талабы мен қалыптасқан тәртібі, тәрбиесі бар ортада өскен, әке көріп оқ жонған адам. Соның нәтижесінің нақты дәлелі – «Едігенің майлы жұрты» деген ғасырлар бойы ұмытылмай келген халықтың оған арнаған жылы лепесі.

Бидің кейін Ұлытаудан ірге көтеріп, Ертіс бойына қоныс аударғаны, сол жақта тұрақтап қалғаны – 1762 жылы Екатерина ІІ-ге жолдаған хатынан аңғарылады.

Мұндағы тастан соғылған қорғанның бір тұсында осы өңірді қоныс еткен, өзінің өсиетімен қойылған Сүйіндік Бесімнің мүрдесі де жатуы бек мүмкін.

Қалай десек те келтірілген мәліметтер пікір өзегі оба атауының Алтын Орда биі Ер Едігеге түк қатысы жоқтығын анықтап беріп отыр.

Төртуыл-Сүйіндік Едіге бидің сүйегі Ерейментау жақта делінеді. Бұған Ресей империясы кезінде «Р. Эдыгей», «М. Эдыгей» деп түсірілген 1898 жылғы карта – нақты айғақ. Бұл да Едіге бидің заманында абыройының асқақ болғанын, өзі өлгеннен кейін арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де бірқатар көптің жадында сақталып қалғанын дәлелдей түседі. Әйтпесе өңір топонимикасын картаға түзген жат жұрттық бұл жерде кімнің жатқанын, өзеннің кімнің есімімен аталатынын қайдан білсін артындағы жұрты айтпаса. (Қараңыз: 4-карта. Сүйіндік Едіге бидің есімін иеленген өзен мен жердің атаулары).

Ет жақындарының да молалары осы төңірекке жақын жерлерде екен. Немересі Төкі Шоңұлы, Күлік-Сүйіндік Көтеш ақын, жаһаттас туысы Олжабай батыр, т.б. Тізе берсе бір қауым ел…

 

12. АЛТЫН ОРДА БИІ ЕР ЕДІГЕНІҢ ОПАТ БОЛҒАН ҺӘМ ЖЕРЛЕНГЕН ЖЕРІ

       Қадырғали би Қосымұлының жазбасына көңіл бөліп, талдау жасаған ғалым Шоқан Уәлиханов былай деп риза көңілмен баға берген екен: «Қазақ тарихына қатысты деректердің молдығы жағынан «Жылнамалар жинағына» иықтасар ештеңенің жоқтығы күмәнсіз».

Сол «Жылнамалар жинағынан» дәлелдер келтірейік. Онда былай деп тайға таңба басқандай таңбаланған: «Кейін он бір жыл өткенде (1419 жылы.-Б.К.) Қадірберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясын кешіп өтіп, Едиге бимен соғыс қылды. …Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын)  ұстап тұр еді. [Сол] Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» (Қараңыз: Қ. Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы: Қазақстан, 1997. 115-бет).

Қадырғали би жазбасының басқа бір тұсында осы оқиғаға қайта айналып соғады: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш бөрте [жылға] шығады. Ол үш бөртенің орта бөртесінде Қадырберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды», – депті (Қараңыз: Қ. Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы: Қазақстан, 1997. 119-бет).

Қадырғали бидің атын атап, түсін түстеп, орналасқан жерін еш жаңылыспай дәлел беріп отырған Үш Бөрте – Ақтөбе облысы Мартук ауданының территориясында жатқан Жайық өзенінің салалары. Бұлар Ресей империясы тұсында 1850 жылы түзілген «Карта Оренбургскаго края» деп аталатын картаға енгізілген (Қараңыз: 5-карта, 1419 жылы Едіге қаза тапқан тұс – Ортаңғы Бөрте өзені).

Тағы да еске салайық, Едігенің денесін біреулер Ұлытауда жерленген дейді, енді біреулер таудың басында сөреге қойылып, соңыратын Құмкентке апарылған дейді. Бұндағы күмәнді, үйлесімсіз жайттарға да сәл бөгеле кетейік.

Бір-бірімен аяусыз кескілескен қасап қырғында екі жақ та әбден қалжыраған, сан жүздеген адам опат болған, оларды жерлеу керек, оның үстіне жаудың қайтып айналып соғу ықтималдығын да ескермей, қара жамылған елді тастап, Құмкенттің төңірегіндегі Баба Түкті Шашты Әзіз деп аталатын моланың қасына қоямыз деп әуреленуі, әуелі мың шақырым жердегі Ұлытауға қиғаш тартуы – тіпті ақылға тіпті сыйымсыз. Едігенің денесі онда сөреге қойылған екен, сонан соң барып, «бабасының» жанына жеткізілген екен. Бұдан мынадай ой туады: неге төтелей салмаған, қазіргі Ақтөбе қаласының тұсын жанай өтіп, Ырғыздың үстімен, Қарақұмды кешіп өтіп. Бұру жатқан сай-саласы көп, жері тастақ Ұлытаудан гөрі Құмкентке осылай тұп-тура емес пе, бұрынғылар бұл жолды білмеген бе сонда, әлде адасып кеткен бе бағыттарынан ажырап?!

Едігенің жерленген жері – Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясында. «Едіге жалы» деп аталады. Биік қыраттың үсті. Қопа аулының қасы. Мұны Ресей империясы тұсында 1869 жылы түсірілген әскери карта айғақтайды. Онда «М. Идеге» деп таңбаланған. Сағыз өзені бойында. Бейіт құлаған. Топырақ басқан. Құм астынан шығып қалған кірпіштері XV-XVI ғасырлар үлгісіне жатады дейді (Қараңыз: 6-карта, «Едігенің моласы» деп көрсетілген тұс).

Бұл атау арада отыз төрт жыл өткенен кейін өзгертілмей 1903 жылы жарық көрген   «Обзорная карта Уральской области» аталатын картада «Идеге» деп тағы да түзілген (Қараңыз: 7-карта, «Идеге» деп белгіленген жер).

Айта кетейік, 1903 жылғы осы картада «Идеге» атауы түсірілген тұстың солтүстік-батысында «Маңғыт» аталатын жер де таңбаланған. Бұл – Ноғай ордасы ыдырағаннан соң маңғыттардың бір шоғырының уақытша мекендеп қалған төңірегі тәрізді.

Бұрынырақта басылымдарда жарық көрген әңгімелерді қысқа қайырып баяндасақ  жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, «Едігенің жалы» делінетін жер ертеде Ресей жақтан келетін керуен жолының бойында болыпты. Әрі қарай Хиуаға, Бұқараға қарай кетеді дейді. Мұны назарға жаңа ұсынған 1903 жылы түзілген картада жүргізілген шартты сызық растайды. Әрі-бері өткен татар-ноғайлар аялдап, «қасиетті орын, бабамыз Едіге» деп дұғаларын бағыштайды екен…

2021 жылы қазан айында осы бейітке қазба жұмыстары жүргізіліп, бірнеше адамның сүйегі қазып алынды. Сондай-ақ, Алып ана, Түкті баба бейіттеріне де археологиялық зерттеулер жасалынып, бұлардың бір-бірімен өзара туыстық жағы анықталады деген-ді. Бұл туралы облыстық басылымда жазылды да. Алайда Едіге бейітінің орынын алғаш анықтаған ғалымдарға, облыс жұртшылығына нәтижесі жария етілмей, осы кезге дейін жұмбақ күйде қалып отыр. Қаңқаларды өз орындарына қайта жерлеуді сөзбұйдаға салу – жалпы мұсылманшылыққа жатпайтын қайшы іс. Бұған «Ұлытауда жерленген» деген дәйексіз пікірді өзгертуді қаламайтын, «беделді топтың» ықпалы да бар тәрізді…

«Едіге Ұлытауда жерленген» деп бұрыннан айтылып келе жатқан әңгімеге осы кезге шейін көңіл аудармай, орта жолдан киліккен біреулердің «Едіге жалындағы» моланы қопаруларындағы бір гәп – Ақтөбе облысының мәдениет саласында «кедергісіз» мол қаражат бөлінетіндігінде сияқты… Бұл – бөлек тақырып.

Жалайыр Қадырғали би сонымен қатар Едігенің мекен еткен жеріне де, өлген жасына да былай деп куәлік беріп өтеді: «…Едіге Жайық бойын жайлады, оның ұрпағы осы күнге дейін өсімді ұрпақ болып өтті, көп мезгілден соң бұл заманда өте көбейгендер онан пайда болды. Бұл Едіге би алпыс үш жасында опат болды» (Қараңыз: Қ. Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы: Қазақстан, 1997. 118-бет).

Сонда Едіге 1356 жылы дүниеге келіп, 1419 жылы шаһид кешкен. Қадырғалидың нақты дерегі осы уақытқа шейін «Едіге 1352 жылы туған» деген болжамды жоққа шығарады. Туған уақыты – 1356 жыл!

 

13. ТҮЙІН

       Сөз түйініне көшейік. А. Янушкевичтің, Ш. Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында, сонау XV ғасыр дереккөздерінде Алтын Орданың биі Ер Едігенің Қаратаудағы Құмкентте туғанын, Ұлытауда  жерленгенін айғақтайтын нақты мәлімет жоқ.  А. Шренк, Г. Потанин, басқа да ғалымдар оның «моласына» күмән келтірген. Пікірлерін назарға ұсындық.

Ер Едіге оңтүстік өңірдегі Құмкентте тумаса, Ұлытауда моласы болмаса тарих зардап шегіп, ойсырап қалмасы анық. Зиянның, күнәнің көкесі сол –  күмәні көп қайшылықты әңгімелердің жетегіне еріп, өтіріктің соңында ілесіп жүре беру. Кейінгілерді қоса адастырып. Білместікпен, немесе, тобыр топтың ішкі жеке мүддесі үшін, мақтан үшін әдейі саналы түрде жасалған жалған тарихтың шындығы түбі бәрібір ашылатыны – талассыз жайт. Бұған дәлелдеріміз толық жеткілікті.

Төртуыл-Сүйіндік Едіге биге қатысты жайттарды одан әрі бұрмалап, Алтын Орданың биі Едігеге жапсырған, саналарына өз өтіріктері берік орныққан, соны шындыққа айналдыруға тыраштанып жүрген өрелері төмен кей тобыр баян қылған ақиқатты байбаламға салып, мойындамаса да бізден кейін шыққан талабы тай жегендей қарымды ұрпақтың ақиқатты өз орнына қоятындарына бек сенімдіміз. Жол көрсетіп кету – парызымыз. Соңыратын ақсақалдарымыздың бірі болмаса бірі айтпапты, бәрі жалғанға жақ болыпты, жасырыпты деп жүрмесін зерделі баланың бірі. Біз ғұмыр кешкен лайсаң былғаныш заманда қалыптасқан теріс түсінікті байқап қалып. Кінә артып. Сөгіп. Сол үшін қаттадық мұны.

 

Бөрібай КӘРТЕН,

Ақтөбе қаласы.

Добавить комментарий