Алғаш рет 1979 жылы, «академде» жүргенде (денсаулығыма байланысты 1-курстан кейін академиялық демалыс алғанмын) Жалтырда теледидардан «Мартин Иден» телеспектаклін көрдім. Басты рөлде талантты актер Юрий Богатырев ойнайды. Қарапайым теңізшінің (моряк) әлемге әйгілі жазушыға айналуы. Сол жолында кешкен мехнаты мен азабы, қуанышы мен қайғысы, адал махаббаты мен таза сезімінің күл-талқан болып күйреуі.

Сол түні ұйықтай алсамшы. Иә, Джек Лондон есімі маған бұрын да таныс болатын. Оның Аляскада «алтын безгегіне» ұшыраған адамдар өмірінен жазған әңгімелерін  оқығанмын. Ал мына телеспектакль түсірілген романы мен үшін мүлде жаңа дүние, беймәлім әлем еді. Ешқандай мектеп көрмеген жұмысшы жігіттің күндердің күнінде Америкадағы ең танымал жазарманға айналуы.

«Жақсы жазушы болу үшін осындай жанкешті еңбекқор болу керек екен ғой» деп түйіп қойдым. Кейіннен Лев Толстой айтты дейтін «1 процент талант пен 99 процент еңбек» қажет болатынын оқыдым.

Жалпы, мен оқыған Семейде сол кезеңде, 1977-1982 жылдары, біздің айналамызда кішігірім әдеби орта қалыптасты деуге болады. Институттағы оқытушыларды есептемегенде, бізге бағыт-бағдар нұсқаған бірден-бір адам – Абай музейінің директоры Төкен Ибрагимов еді. Әбіштің (Әбубәкір Қайран) Төкен ағамен бұрыннан таныс-білістігі бар екен, 4 жыл бойы тығыз қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.

Бізден бір жыл бұрын түскен Айбек Сапышев пен Қыдырбек Батыров, біздің курстағы Әбіш, Әбіл Қасымов, Ахмет Тұрышев және осы жолдардың авторы, академнен соң бірге оқыған курстастарым Қаржаубай Таласбаев, Мұрат Иманжапаров, Айбар Қадыров, Серікбек Жүрсінов, Айтуған Омаров, Мәулен Рахымбаев, Бәрменбай Шахманов, Нұржан Тұрлыбеков, бір курс төмен оқыған Дәулет Қайырбеков сияқты жігіттер өлең, әңгіме, мақала жазып, Мұрат секілділер гитарамен айтатын ән шығарып, ештеңе жазбаған күнде де сыни ескертпелер айтып, жаңадан шыққан белгілі ақын-жазушылар шығармаларын қызу талдап, өзімізше пікір білдіріп жүретінбіз.

Кейіннен Жалтырымда жалғызсырап жүргенімде осы студенттік достарымның айтқандары жадымда қайта-қайта жаңғырып, маған көп жылдарға жететін (бәлкім қазір де) рухани азық болды.

Иә, Мартин Иденге оралайын. Қыдырбек 2-курста оқудан шығып қалып, армиядан жақсы мінездемемен келген соң, оқуын 3-курстан қайта жалғастырды. Мен ол кезде 4-курста оқимын. Жұбайым Закира екеуіміз 7-мектеп жақтан бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатқанбыз. Қабырғалас көрші пәтердегі қыздар таяуда ғана аман-есен пәтер ақысын төлемей қашып кеткен еді. Енді әскерден келіп, Бақытқа жаңа үйленген Қыдырбекті үй иесі семіз орыспен таныстырып, ақысын уақытында төлейміз деп ант-су ішіп, көрші қылып алдым. Сол пәтер бізге құтты болып, қызымыз дүниеге келді, оқу бітіріп, диплом алғанша паналадық.

Бір күні Джек Лондонның «Мартин Иден» романы қолыма түсті. Жалпы сюжетін телеспектакльден толық білетіндіктен, тез арада оқып шықтым. Көршіме оқуға бердім. Ертеңінде «оқыдым» деп әкеп тұр. Мен аң-таңмын. Тіпті нанбаймын. Отыра қалып, тексере бастадым.

Басын, ортасын, аяғын, тағы сөйтемін. Бәрін біліп тұр, бәрін оқыған. Қыдырбектің кітап оқу әдісі қызық болатын. Басын бастайды (тіпті сол уақытта тамақ ішіп отыруы мүмкін), одан бірден ортасын оқи жөнеледі, одан аяғына түседі, қайта басынан бастайды.

Не керек, ендігі әдебиет төңірегіндегі әңгімелеріміз Мартин Иденмен басталып, Джек Лондонмен аяқталатын болды.

Бір күні біздің үйге Саржалдан Талғат Кеңесбаев келді. Онымен күзде педпрактикада жүргенде танысқанбыз. Жаңа әңгімелер жазыпты. Бізге жазу машинкасын көрсетті. Мен оны ат-түйедей қалап алып, түн ішінде тықылдатып отыратын болдым. Баяғы Мартин Иденге еліктегенім. Сол Талғаттың машинкасымен басылған өлең-әңгімелер әлі де бар архивімде. Кейіннен Талғат әйгілі жазушы атанды. Бәлкім, қазақтың Мартин Идені – Талғат Кеңесбаев шығар!?

 

Ғабит САПАРОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

(Жалғасы бар)

Добавить комментарий