
«Отаныма арнаймын» жобасы – жас ұрпаққа рух беретін дәстүр. «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясындағы «Шабыт» жобасының жалғасы – «Отаныма арнаймын» музыка жобасы дәстүрге айналып келеді.
Бұл жобаның мақсаты – оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Сондай-ақ, Тәуелсіздік, Республика күндеріне құрмет білдіру арқылы тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеп, өнер арқылы оқушылардың елжандылығын арттыру. 2021 жылдан «Оқушы-мұғалім-ата-ана» үштігі Отанға деген сүйіспеншілігін ән арқылы білдіріп, айтулы күндері жаңа әннің шымылдығын ашып, көпшіліктің назарына ұсынуда. Атап айтсақ: 2022 жылы – «Алашым айбыным» әні жарыққа шығып, мектеп-лицей мұғалімдері орындауында көрермен назарына ұсынылды. Әннің авторы – музыка пәнінің мұғалімі, танымал, айтыскер ақын Мизан Жұмали. Бейнебаян «Ютуб» арансында 5280 қаралым жинады. 2023 жылы – «Жаңа Қазақстан» әні өз тыңдармандарын тауып, 7005 қаралым жинады. Әнді мұғалімдер мен оқушылар орындады. Ән авторы – айтыскер ақын, композитор Асығат Тұрғанбек. 2024 жылы – «Мен қазақтың баласы» әні тыңдарман назарына 5-сынып оқушыларының орындауында ұсынылды. Әннің сөзі: Ринат Заитовікі, әні: Ұшқын Жамалбектікі (Қаралым саны – 5782).
2025 жылы – өңіріміздегі табиғатымыздың тамашасы, ерке өзен – Ертіс өзенінің кереметін танытатын «Ертіс вальсі» тыңдармандардың назарына ұсынылып, өз бағасын алды. Ата-аналар мен оқушылар орындаған әннің сөзін ақын Алтынбек Мұқышев, әнін сазгер Әділет Сейітов жазған.
Жоба аясында түсірілген патриоттық бейнебаяндар әлеуметтік желілерде кең таралып, мыңдаған қаралым жинауда. «Отаныма арнаймын» оқушылардың шығармашылығын дамытып, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға, мектеп пен ата-ана ынтымақтастығын нығайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан жобалардың бірі.
Әли ӘЛІБЕК,
«Жас Дарын» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы.
