«Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін айтып береді», – деп заңғар жазушы, Алаштың асыл жауһары Жүсіпбек Аймауытұлы айтқандай, осы сипаттың биік өлшемінен толық шыққан, кеудесі алтын қазынаға толы ғана емес, ернеуінен асқан жыр сандығы болса, ол – Несаға! Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, «Алтын барыс» белгісінің, Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері, 41 поэманың авторы, «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған асқақ рухты ақын Несіпбек Айтұлы – әдебиетіміздің ең биік шыңында тұрған тұлғалардың бірі.

Ақын – ұлы жаратылыс. Ол жаныңдағы жұмбақтың құлпын ашып, өлең атты тылсым әлемде өмірдің қуанышы мен қасіретін, арманын мен азабын жүрек сөзімен жеткізеді. Несаға жасынан-ақ Мұқағалидан бата алып, Мұзафардай ұстаздың жанында шыңдалып, әдебиеттегі алыптардың ортасында жүріп, өзіндік айрықша қолтаңбасын қалыптастырды.
Қазақ поэзиясының көкжиегінде жарқырап туған, өмірін ұлтының руханиятына арнаған ақиық ақын Несіпбек Айтұлы – қазақтың маңдайына біткен дара дарын, сөз өнерінің қайталанбас шынайы шебері деп білемін. Несағаның шығармалары – ұлттық рухтың асқақ үні. Оның әр өлеңінен ел мен жерге деген ыстық махаббат, тарихқа деген тағзым, ата-баба аманатына адалдық айқын сезіледі. Ақын жырларында Абайдың даналығы мен Жамбылдың жыршылдығы тоғысып, бүгінгі заманмен үндесіп жатады. Ол лирикалық өлеңдерімен ғана емес, дастан жанрын дамытқан ірі туындыларымен де ерекшеленеді. «Төлегетай», «Сардар», «Ту», «Бәйтерек», «Мұқағали-Желтоқсан» сынды шығармалары – қазақ руханиятының алтын қорына енген дүниелер. Бұл туындыларда ол бір адамның тағдырын ғана емес, бүкіл халықтың арман-мүддесін, қуанышы мен қайғысын өрнектей білді.
Өмірдің өзенін өлеңімен тербеткен, қазақтың рухын асқақтатып өткен Несаға бүгінгі күні арамызда жоқ. Алайда оның даусы – жырында, бейнесі – есімізде, рухы – халқымыздың жүрегінде. Әр кездескенде айтқан әңгімесінде тарихқа құрмет, елге сүйіспеншілік, тілге жанашырлық байқалатын. Оның қасында болған кездер – біз үшін баға жетпес сәттер…
«Адамды жақын танығың келсе, онымен сапарға шық» деген тәмсіл бар. Ой көзімен үңілсең, кейде өмірдің өзі де бір ұзақ жол секілді. Арман сапарында қай бекетке аялдап, қай бағытқа бұрылатының да белгісіз. Сол өмір жолыңда кездескен жақсы адамдарыңнан айырылғанда, күзгі желде күрсінген жапырақтай, сағыныштан жаның жабырқайды. Ондайда бірге өткізген, көңілге жылу сыйлайтын жарқын сәттерді еске алып жұбанасың.
Өлеңнің өрен жүйрігі, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы ағамызды туған жерім қасиетті Баянауылға бастап барған сапарым естен кетпейді. Бұрын сырттай ғана біліп, өлеңдерін оқып тамсанып жүрсем, бұл жолы көкірегі өлеңнің қазынасына айналған асқақ рухты ақынмен бір көлікте, жан аяспас жақынындай сырласып едік. Астанадан шыққан жол талғамайтын «ақбозат» Баянтауды бетке алып, жүрісінен жаңылмай жүйткіген еді. Ұзақ жолда не айтылмады дейсіз?.. Сонау тарғыл жон Тарбағатайдың бауырынан басталған балалық, жүйріктің жалына жармасып Шұбартауда өткен жастық шағы, үйленіп, арман қуып Алатауға бет түзеп, Алматыда өткен аяулы жылдары, Астанаға ат басын тіреген шығармашылығының ең бір жемісті кезеңдерін еске алып, ерекше тебіреніп отырды. Өмірінің өрнегіндей өлеңдерін оқып, қара жолдың үстінде қиялға қанат бітіргендей болып еді.
Бұл сапардың басқа сапардан жөні бөлек болды. Олай дейтінім Ілияс Жансүгіров, Иса Байзақов сияқты ақындардың жолын жалғаған эпик ақынға ұлтының ұлы перзенті Қазақтың Қанышы жайлы да бір поэма жазсаңыз деп өзім қолқа салған болатынмын. Көкейімде Қаныш Сәтбаевтың елін-жерін көрсетіп, ақынның көкірегіндегі шабыттың шоғын маздатсам деген тілек. Қазаққа сіңірген Қаныштың ұшан-теңіз еңбегін бір кісідей білетін Несағама бұл тақырып соншалықты қиынға соқпас деп те ойладым.
Баянның әсем табиғатына сүйініп, Қаныш туған Қоңыртөбенің басына келгенде көңілі толқып, көзіне жас алды. Ата-баба, Сәтбай әулетінің зиратына зиярат етіп, рухына құран бағыштадық. Баянауылдың Мұса Шорман ауылындағы Академик Қ.Сәтбаев атындағы мектептегі Қаныштың музейін көрсеттім. Бар білгенімді Несағаға айтып, Сәтбай әулетінің бүкіл тарихынан сыр тартуға тырыстым. Несағамның Қаныштың туған еліне еміренуін көрдім. Әр тасын әлдилеп, әр белесін бетке ұстап, іштей сүйініп еді. «Туған жеріне адал перзент болса сендей болсын, сендей іздеушісі бар Қаныш бабаң бақытты», – деп, батасын беріп еді.
Қаныштың арғы бабасы, сөздің киесі қонған Бұқар жыраудың басына тәу етіп, бір күн түнеп, ертесіне Астанаға аттандық. Міне, бұл сапар біздің көкейімізде осылай қалып еді. Кейіннен Қаныштың кіндік кескен жерінің әрбір тасы мен тауын Несаға және талантты шәкірті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Шеризатпен бірге аралағанымызды арнайы кітапшада көрсетуге тырыстым.
Қилы тағдырын ойлап: «Қайран Қаныш!» – деп күрсінген Несағам да бүгін қасымызда жоқ. Өмір деген осы екен… Бірақ өзі өлсе де, сөзі өлмейді шайырдың. Оның бір жарқын дәлелі – «Қаныш» поэмасы. Жүрегімнің бір бұрышында жүрген тілек-арманымның орындалуын іске асырған Несағама мың да бір рақмет! Қанекеңнің таудай тас тұғырлы мүсіні зәулім ескерткіш болып 2021 жылдың шілде айында Елордада қоладан құйылса, ал тамыз айында ақмаржандай тізілген ақындық асыл сөздер легінен поэма болып мәңгілік сөз ескерткіші құйылды. Ақмаржандай тізілген ақындық асыл сөзбен Несағам Қазақтың Қанышына мәңгілік жыр-ескерткіш тұрғызды. Осы поэманың соңғы үш шумағын ғана келтірсем:

Болмысы сүттен таза, нұрдан жарық,
Бақытты Сәтбаевты туған халық!
Атасы сол деп қазақ ғылымының,
Айтады сұрасаң да кімнен барып…

Тұратын жарқыратып алыстарды,
Үлгісі ұлылықтың Қаныш мәңгі!
Құдайға мың рақмет бере салған,
Қазаққа осындай бір данышпанды!..

Сәтбаев ғұмыр кешкен, міне, қандай,
Кім сірә, ғалам сырын біледі ондай?
Көз салып кең әлемге Елордадан,
Қарап тұр ескерткіші тірі адамдай!..

Бұл ғажайып өлең сөздерді Астанадағы Қаныш Сәтбаевтың зәулім ескерткішінің жанында қойылған төрт гранит тастың біріне жазғанымызды Несағаның өзі 2022 жылы салтанатты түрде ашқан болатын. «Алтынбек бауырым, бұл тасқа менің сөздерімді мәңгілікке таспаладың», – деп ризашылығын білдіріп еді қайран ағам!
Ақынға ақын айтар сөздің төресін Серік Тұрғынбеков ағамыз: «Тәуелсіздікті жырлауда және тәуелсіздікті алған кезеңде Несіпбектен асқан, алдына түскен ақын болған жоқ!» – деп бір ауыз сөзбен жеткізген екен. Расында да солай. Тәуелсіздіктің рухани бейнесін, бабалар арманын ұлттық деңгейде бейнелеп көрсетті. Қазақстан тәуелсіздігінің жыршысына айналған ақиық ақынның, Тәуелсіздікті төбесіне көтерген Несағаның, осы Тәуелсіздік күні қарсаңында академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында «Қаныш» поэмасының авторы ретінде Несіпбек Айтұлын еске алуға арналған бильярдтан Республикалық турнир ұйымдастырдық. Еске алу кешінде Елімізге белгілі тұлғалар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен Республикалық газет-журналдардың бас редакторлары, жалпы 60-тан аса адам қатысқан болатын. Ашылу салтанатын құттықтау сөз айтып Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен ашса, атақты жазушы ағаларымыз Қойшығара Салғара, Төлен Әбдік, Сауытбек Абдрахмановтар ыстық ықыласты еске алу лебіздерін білдірді. Арнайы «Несіпбек Айтұлы», «Мұқағали Мақатаев», «Мұзафар Әлімбаев», «Қаныш Сәтбаев», «Медеу Сәрсеке», «Кәкімбек Салықов», «Нұртас Оңдасынов» атты атаулы сыйлықтармен қатар, «Алғашқы шар», «Мерген ойыншы», «Шебер ойыншы», «Мәдениетті ойыншы», «Үздік дуплет» атты номинациялардың иегерлеріне сыйлықтар табыстадық. Турнирдің бас төрешісі – ҚР жоғары Ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы болды. Модератор – «Халықаралық Сәтбаев қоры» қамқоршылар кеңесінің төрағасы ретінде өзім басқарып өткіздік. Жиналған халықтың берген бағасы өте жоғары болды. Бұл өлең өлкесінің дара ақиығы Несағаға көрсеткен құрметіміз еді.
Әрине, НесАғамен туысқан бауырдай болып кетуіме Қаныш атама арнаған поэмасының жазылу барысында бастан өткен небір қызығы мол күндер, поэманы талдау барысында сағаттап телефонмен сөйлескен түндер, тіпті «Әй, Алтынбек, міне, мынадай шумақтар туды, сен тыңдашы» — деп звондаған сәттер болатын.
«Қаныш» поэмасы жазылған жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуі туралы депутаттық сауалымды Сенаттың мінберінен көтердім. 2022 жылы НесАғаға келесі бір өтінішім осы Ахаңның 150-жылдық тойына поэма жазсаңыз деп айтып едім, бірден қолдай жөнелді және жан толғантар керемет дастанды өмірге әкелді. Сол замандағы аярлы биліктің аяулы Ахаңа жасаған қиянатына қарамай, бүгінгі ұрпаққа аманат ретінде қалдырған ұшан-теңіз ерен еңбегі мен өмірдерегін поэзия тіліне түсіріп қана қоймай, терең ойға батыратын жыр жолдарын жарқ еткізді. Алтын әріпті сөзбен жазылған Ұлт ұстазына деген мәңгілік асыл ескерткіш қойды. «Ахмет» поэмасын оқыған сайын Ахаңдай алыптың әр қырын жаңа жағынан аша түскендігіңді сезінесің! Бас алмай тұщынып оқығаныңды да байқамай қаласың! Себебі, Несағаңның алмас қылыштай өткір тілі – өзекті дүниенің күрмеуін кілтсіз ашады. Поэманың тұла бойында ғибратты әрі нақыл сөзге айналар шумақтар да көп. Мысалы, поэмадан үзінді келтірер болсақ:

Елім деп отқа түсіп жанып-күйді,
Алашқа тізгін қашан анық тиді?
Айтпасақ кейінгі ұрпақ қайдан білсін,
Ахмет жасап кеткен Әліпбиді!

Аңсаумен туған елдің азаттығын,
Дәл сондай арқалаған азапты кім?
Қиыннан қиыстырып емлесін,
Шығарған шыңыраудан Қазақ тілін!

Өксіді Еділ мен Сыр, Ертіс, Іле,
Қиналса Алаш кірді ел түсіне.
Ахаңды Тәңірі өзі бере салған,
Алты Алаш, атажұрттың еншісіне.

Сияды пайғамбардың бірі десем,
Өлген жоқ, ортамызда – тірі десем!
Жасайды ұрпағымен мәңгі бірге,
Ұлтының туын ұстап Ұлы көсем!

Ақылдың ұясындай алтын басы,
Ахаңнан анық ешкім артылмасы.
Биік тұр қай қырынан қарасаң да,
Бүтін бір Академия нар тұлғасы… – деп кете береді.

Несаға және шәкірт ізбасарларымен бірге «Қаныш» және «Ахмет» поэмаларын Астанадағы ұлы тұлғалардың есімімен аталған мектептерде кездесу өткізіп, арнайы тұсаукесерлерін жасап, жас ұрпаққа насихаттадық. Бұл поэмаларын «Қазақ радиосы» арнасының толқынында талапты қарындасым Толқын Сұлтанованың басқаруымен моноспектакль ретінде қойып, белгілі актер Нартай Сауданбекұлы қоңыр даусымен таспаға түсірген болатын. Осы поэмалармен бірге «Жер жаннан қымбат» атты Жұмабек Тәшеновке арналған поэмасы да арна толқынында қойылды. Несағаның әр дастаны – тарихтың бір үзігі, әр өлеңі – жүректің бір лүпілі деп нық сеніммен айта аламын.
Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, марқұм Несіпбек Айтұлының қырық күндік асы Әзірет Сұлтан мешітінде берілгенде досы, ғұлама Тұрсын Жұртбай: «Несіпбек өмірге ерекше қызғанышқа пара-пар ғашық еді. Ақан сері айтқандай, «Дүниенің қызығына құмары бір қанбады». Бақтың да, атақтың да дәмін мейірлене татты. Фәнидің жолын ажал-батыраш кеспегенде, Алтынбек Нухұлы айтқандай, дастандардың санын қырық бірге жеткізері кәміл еді. Сөйтіп ол қазақ поэзиясын сапасымен ғана емес, санымен де «Абылай аспас асуға» шығарып кетер еді. Қазіргі асуының өзі ұлт поэзиясының бір шырқау шыңы болып есептеледі. Өйткені, оның өлеңдері – жай өлең емес, саф таза сезімнен құйылған «жүрек көзінің ыстық жасы» еді», – деді. Шынында да Несіпбек ағамыздың жүздеген өлеңдерінен басқа, поэмаларының өзі 40-тан асатыны белгілі. Мемлекетімізде осыншама көп поэма жазған ақын жоқ. Несаға тек, өмірінің соңғы жылдарында ғана Қаныш Сәтбаев пен Ахмет Байтұрсынұлынан басқа, Жұмабек Тәшенов, Амангелді Иманов, Тоқтар Әубәкіровке жеке-жеке поэмалар арнады. Тұлғатану саласында таптырмайтын тәлімі бөлек, тағылымы зор ерен еңбек емес пе! Астана мен Алматы төрінде осы таутұлғалардың еңселі ескерткіштері де тас тұғырдың үстінде бірінен соң бірі соңғы жылдары ашылып жатыр…
Жыр жампозы Несағамның жанарындағы мейірім, сөзіндегі асыл ой, мінезіндегі қарапайымдылық – бәрі де айналасындағыларды баурап тұратын. Осындай ғажап тұлғамен соңғы кездесулеріміздің бірі 2023 жылдың 11 сәуірінде Павлодар қаласында рухани ұстазы Мұзафар Әлімбаевтың 100-жылдығына арналған кешке шақырып, басты қонақ ретінде ала баруым болып еді. Ұстазының атына ашылған жаңа мектепті көріп, ондағы Мұзағаңа арналған музейді тамашалап, ерекше көңілі көтеріліп еді. Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауымымен кездесуінде қаншама дүниелерді айқара ашып айтып, кеңінен төгіліп еді. Сол күнгі кездесуден соң «Мен ертең Космонавтар күні Тоқтар ағамның үйіне барып, «Көктің ұлы» атты бастаған поэмамды оқып арнаймын», – деп асығыс жолға шыққан еді…
Жоғарыда аталған поэма-дастандарынан басқа, «Бөрітостаған», «Ерлікке ескерткіш», «Арқатірек» және т.б. 20-ға тарта жыр жинақтарымен Несаға өшпес мұра қалдырған қаламгер. Сонымен қатар аударма саласында Әлішер Науаидың «Хамсасын» көне өзбек тілінен қазақшаға аударған кітабы жарық көрді. «Ескендір қорғаны», «Игорь жорығы туралы жыр» сияқты классикалық шығармаларды да қазақ тіліне аударды. Жалпы, әлем әдебиеті маржандарын ана тілімізде сөйлетті. Ал, енді халықтың аузында жүрген әйгілі «Дариға-дәурен», «Сарыарқа», «Қазақтай ел қайда?», «Арман», «Сәуле ғұмыр» сияқты танымал 50-ден аса ән мәтіндерінің авторы. Мұзафар Әлімбаев ұстазының ықпалымен балалар әдебиетіне де үлесін аямай қосты.
Несіпбек Айтұлы – өз дәуірінің шежірешісі, өз халқының рухын өлеңге көшірген нар тұлға. Оның жырлары – өткеннің естелігі, бүгіннің айнасы, ертеңнің аманаты. Ол өмірден өтсе де, өлеңдері өлмейді. Өйткені ақынның шындыққа суарылған сөзі мен жүректен туған жыры – ұрпақтан ұрпаққа жететін асыл қазына. Ақынның азаматтық тұлғасы да, шығармашылық биігі де біртұтас еді. Ол қай уақытта да ұлттың мүддесін, халықтың мұңын жырлаудан айныған жоқ. Көптеген жас ақындар үшін ол – ұстаз, бағыт беруші, сөз өнеріндегі жол көрсетуші болды. Жас ақындарға қамқор болып, олардың шабытын оятатын сөзін талантты ізбасарлары ешқашан да ұмытпайды.
Несағаны есте қалдыру жұмыстары мен мол мұрасын насихаттау жолында қоғам қайраткері, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен дарынды шәкірттері, ақындар Арман Шеризат пен Қабиден Қуанышбайұлы, баласы Нұрат Несіпбекұлы аянбай атсалысуда. Биыл Несағаның туғанына 75 жыл толып отыр. Толық шығармалар жинағы мен естелік кітаптың да жарық көрер күні алыс емес деп ойлаймыз.
Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлесін қосқан тұлға Несіпбек Айтұлы туралы естелігімді Жүсіпбек Аймауытұлының сөзімен бастап едім. Жүсекеңнің тағы бір: «Ақын – елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой» деген сөзімен аяқтайын. Расында да осы ой тұрғысынан Несаға – тек бір әулеттің ғана емес, бүтін бір мемлекеттің мақтанышы.
Несаға 2023 жылдың 16 қазанында 73 жас мүшелінде дүниеден өтті. Ұлттық пантеонда бабасы Қабанбай батыр кесенесінің қапталында бірінші болып жатқан марқұм Несіпбек Айтұлының аруағына құран бағыштауға барып тұрамыз. Өнегелі ғұмыр кешіп, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер, мол мұра қалдырған Несағаның жарқын бейнесі жүрегімізде. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, Несаға! Жүрегіңізден төгіліп қалған жыр нұры туған халқымызды әлі талай ғасыр бойы ұйытып жылытады. Себебі, Сіз ұлы ақынсыз!

Алтынбек НУХҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
Ұлттық ғылым академиясының академигі.

(«Қазақ әдебиеті» газетінен)

Добавить комментарий