Павлодар облысының Құрметті азаматы Балтабай Сыздықов – 80 жаста

Өресі биік, көкжиегі кең оқырман ақын, сазгер, күйші, Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Балтабай Сыздықовтың ғибратты ғұмыр кешіп, өнегелі өнерімен көпке үлгі болып келе жатқанын жақсы біледі. Жауынгер аталарымыз зұлымдық пен жауыздықтың қара бұлтын серпіп ысырған жылдың күзінде өмірге келген Балтабай Сәкенұлы биыл 80 жастың сеңгіріне шықты. Мерейтойға орай ардақты ақсақал туралы, нақтырақ айтсам, оның өнердегі дара жолы жайлы сөз қозғамақпын.
Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезім. Бұл 2009 жыл болатын. Белгілі қаламгер Сүлеймен Баязитовтың 65 жасқа толуына арналған салтанатты жиында арнау өлең оқу үшін аудандық мәдениет үйіне келдік. Баянауылдың әр түкпірінен жиналған 2-3 қалаулы жас ақынбыз. Жиын дүркіреп өтіп жатыр. Жүргізуші – Балтабай Сыздықов. Ол кісінің жас ақындар үйірмесін ашқанынан хабарым бар. Бірнеше рет оқушылар мүшәйрасына қазы болған. Сахна сыртында кезегімді күтіп тұрмын. Жүргізушінің барлық сөзі жадымда қалды демеймін, бірақ залдың ішін дуылдатып, ерекше екпінмен әр шумағын нық-нық оқыған ұзақ өлеңінің «Арпалысып қара дауыл дүлеймен, келді өмірге арқалы ақын Сүлеймен» деп басталатын екі тармағы әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. «Осындай шымыр өлеңнің жанында менің шатпағым ешкімге де әсер етпейді» ғой деп қобалжи қынжылғаным да жадымда. Ақыры өлең де оқыдық. Балтабай атамыздың «Біздің үйірмеге жазылыңдар» деген ұсыныс-шақыруын да алдық. Бірақ, не себеп болғанын білмеймін маған Балтабай ақынның ресми шәкірті болу мәртебесі бұйырмады.
Уақыт ары қарай жылжыды. Әрқайсымыз өз еншімізге жазылған тағдыр тартуын қабыл алдық. Өмір көші бізді талай мәрте, талай жерде тоғыстырды. Мен – бала, ол – ата. Мен – талапкер, ол – сыншы. Мен – үмітті жас, ол – ақ баталы ақсақал…
Сексен жастың биігінен айналаға көз тастап, ой жүгірткенде өткен өмірінің қай тұсын а ерекше зер салатынын білмек ниетпен Балтабай атаны іздеп бардым. Қимылы шалт, сөзі нық ақсақал аңқылдап қарсы алды. Шығармашылық бастауы кірлемеген, ақындық қайнары суалмаған. Көңілі де, өмірі де өнерден қуат алған жан менің мақала жазбақ ойымды білген соң, «Бала кезден өнерге бейім болып өстім. Есейгеннен соң білім алуыма да, еңбек жолында жетістікке жетуіме де, халқыма елеулі еңбек сіңіруіме де өнер атты құдірет ерекше ықпал етті», – деді.
«Тыңдаушысы жоқ жетімнің» күйін кешпесін деп, сарқырамадай құйылған тасқын сөзге құлақ тосып, тыңдай бердім, тыңдай бердім. Өнерге деген құмарлық ән-күйден басталыпты. Есті ән, күмбір күй бойын баураған өрен уақыт өте келе өзі де ән-күй шығара бастапты.
Домбыраны балғын шағынан серік еткен. Күйді де бала кезімде меңгерген. «Қазақтың дәулескер күйшілеріне еліктеп, өз жадымнан бірнеше күй шығарғаным есімде», – деді. Бірақ күйбең тіршілікпен одан қол үзіп кетіпті. Бірақ, бойда бар өнер ешқандай кедергіге, тосқауылға қарамайды. Домбыраны қолына алса болды, күй ырғағы саусақтарын перне бойымен жетелей жөнеледі. Бұл не? Бұл қандай күш? Бұл оқуды бітіріп, елге келіп қызметке аралсқаннан кейін, студенттік жылдарды, сол кезде өткен қызық-қуаныштарды еске алып, сырлас досын сағынған сәттегі толқыныс пен тебіреніс екен. Солайша күйшінің ең бірінші күйі күмбірлепті. Оны автор «Досыма» деп атапты. Өз жадынан күй шығару осылай басталған екен. Ал, өмірдің белестерін – балалық шақтан бастап қартайған кезге дейін жүріп өткен жолын, арман-мақсаттарын өзек еткен күйі «Белес» деп; Ел егемендігінің салтанатын паш ететін күйі «Өрлеу» деп аталады екен. Балтабай Сыздықов осы күйлерді орындап берді де, «Мына домбыраға 57 жыл болды. Романенко шебердің жасаған домбырасы. Көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Бет қақпағын ғана ауыстырдым», – деді.
Ұлттық аспапқа деген құрметі алабөтен жанның бұндай құнды жәдігерге құрметпен қарауы – заңды. Мен домбыраның тарихын сұрадым.
– Эмануил Романенко деген музыка аспабын жасаушы шебер болғанын білетін шығарсың?, – деп сұрады ол менен әуелі. Бөгеліп қалдым. Миымның Google-ын іске қосып әлекпін. Менің жауабымды күтпестен:
– Алматы музыкалық драма театрының шеберханасында, Қазақ мемлекеттік филормониясының шеберханасына істеген кісі. Ол Қазақ академиясының халық аспаптары оркестрі үшін домбыра мен қобыздың түрлерін жасаған. Өмірінің соңына дейін Алматы консерваториясының музыкалық-эксперимеиталдік шеберханасында еңбек еткен, – деп біліп жүруіме тиісті ақпаратқа да қарық қылды.
Балтабай ақсақалдың айтуынша, бұл домбыраны ол 1968 жылы Алматыда – Қазақ ауыл шаруашылығы институтының 4-курсында оқып жүргенде олжалаған. Сол жылы республикалық студенттер мен жастардың ұлттық өнер фестивалі өткен. Құрамында жас Балтабай бар оқу орнының ұлт аспаптар оркестрі бас бәйгені жеңіп алады. Кейін студент домбырашылар Польшада өтетін «Қазақстанның мәдениет күндеріне» жолдама алады. Ауқымды әрі жауапты шығармашылық іс-сапар үшін жас өнерпазға сапалы домбыра қажет болды. Балтабай Сәкенұлы қазақ ұлттық оркестріне арнайы музыкалық аспаптар жасайтын шеберханаға барып, танысы арқылы Романенко домбырасына тапсырыс береді. Содан бастап бұл домбыра өнерпаздың жан серігіне айналды. Бұдан бөлек оның қолында жергілікті шебер Шәкен Рақышев жасаған домбыра да бар.
Домбыра – қуаныш әрі жұбаныш. Көңілінің мұңын да, жүрегінің сырын да ол домбыраға ақтарады. Сондай ақтарылудың бірі – ән болып әуелеген екен. Әңгіме барысында Балтабай ата алғашқы әні қалай туғанын есіне алды:
– Мен ең алғашқы әнімді студент кезімде жаздым. Ауыл шаруашылығы институтындағы халық аспаптар оркестрінің құрамында жүргенімде бір қызға ғашық болдым. Ол кезде 4-курста оқимын. Жылда жаңа құрам келеді. Арасында бір қыз бала бар екен. Экономика факультетінде оқиды. 17-18 жаста. Жамбылдан екен. Сондай сұлу, шашы төгіліп тұр, бойы тіп-тік. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Самиғолла Андарбаев – жетекшіміз. Жаңадан келгендерді біз секілді тәжірибелі домбырашыларға бекітіп береді. Маған әлгі қыз «шәкірт» болды. Мені «Ағай» дейді. Қарындасым секілді болып кетті. Жақсы көріп қалдым. Бірақ сезімімді жеткізе алмай қиналдым. Серуенге шығамыз, сыйлық беремін, көңілін тапқым келеді. Осындай сезім сергелдеңімен 4-курсты бітірдік. Ол алғашқы курсын аяқтап, демалысқа кетті. Жазды өткеріп, 5-курсқа келдім. Біраз уақыт өтті. Ол жоқ. Содан курстас қыздарынан сұрадым. «Хабар жоқ» деді. «Хабар болса, айтыңыздаршы!» деп тапсырдым. Ғашық болып, тәтті қиял жетегінде ғана жүріппін, тіпті қай ауылдан екенін де сұрамаппын. Аңсап, зарығып күтіп, кездесуге құмартып жүрдім. Сондай күндердің бірінде құрбылары сүйгенімнен хат алыпты. «Мені алып қашып кетті. Ағаға сәлем айтыңдар!», – деп жазыпты. Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Мен қамығып: «…Жалынды едің, жалын жас, күміс күлкің арылмас. Арман болған қашанда, ару қалқам, қарындас… Жан сырымды айта алмай, күндер өтті байқалмай… Қала бердің алыста, қайтқан құс боп оралмай…», – деп өлең жаздым. Оған ән туды, – деді. От сезімге оранған жалынды жастық шағын еске ала сөйлеген Балтабай атамыздың дауысында қайтып оралмас дариға-дәуренге деген қимастық білінді. Бұл ән бертінге дейін автордың жеке қоржынында ғана сақталып келіпті. Жақында ғана белгілі дәстүрлі әнші Әсел Ботаева бұл әнді репертуарына қосқан екен. Тазалық пен кәусарлықтың, іңкәрлік пен ғашықтықтың белгісіндей болған алғашқы әннен кейін сазгер «Анама», «Әкеме», «Қуаныш», «Сағыныш», «Хат», «Астана» деген әндер жазыпты.
Балтабай ақсақал оннан аса ән-күй шығарса да, жалпақ жұртқа жариялауға ұмтылмаған екен. Оған қызметтің қауырттығы ғана емес, денсаулықтың кемдігі пен көңіл күйдің күптілігі де әсер етіпті.
Осы орайда айтпай кетуге болмайтын бір жайт: Балтабай Сыздықов домбыраны серік етіп қана қойған жоқ. Оның насихаты мен таралуына да көп көңіл бөлді. Сонау кеңес кезеңінде – совхоз директоры болып тұрғанда домбыра ойнауға қабілетті балаларды жинап, концерттерге шығарған. Бұл тағылымды іс Тәуелсіздік таңы атқанда тіпті қарқын алды. Ол мәдениет бөлімінде жүргенде балаларды жинап, мәдениет үйлерінде домбыра ансамбльдерін ұйымдастырды.
Бұл – мерейтой иесінің мәдениетке сіңірген елеулі еңбегінің бір парасы ғана. Оның «Баян.tv» телеарнасын ұйымдастырып, жүргізуі – бөгенайы бөлек дүние.
– 2000-2003 жылдары «Баян.tv» телеарнасы ұйымдастырылды. Мен мәдениет бөлімінде жұмыс істедім. Кенже Кеңесбаев аудан әкімі болып келген уақытта шығармашылыққа, мәдениетке, өнерге деген көзқарасы дұрыс екенін танытты. Қызметтік бағдарламасында телеарна ашу туралы бастама көтерді. Мені атқарып жатқан қызметіме қосымша арнаның редакторы етіп тағайындады. Арна ресми тіркелді, куәлігі болды Сондай-ақ, екі жұмада бір рет облыстық телеарнадан аудан жаңалықтарын беріп тұрдық, – деп еске алды Балтабай ата.
«Баян.tv» әр жексенбі сайын, 2 сағат хабар таратқан екен. Аудандағы жаңалықтар, тарих, тұлғалар өмірі, ел еңбеккерлері туралы ақпараттар беріп, сұхбаттар жүргізілген. Аудан өнерпаздарының концерттері көрерменге ұсынылған. Бағдарлама арасында құттықтауларға да уақыт табылыпты.
– Әрине жұмыс істеу қиын болды. Ең бастысы техникалық мүмкіндігіміз аз еді. Соған қарамастан күні-түні жұмыс істеп, көрерменнің құрметіне бөлендік. Тағы бір ерекшелігі біз қаржыны өзіміз таптық. Жарнамадан, құттықтаудан түскен қаражатты қызметкерлердің жалақысы ретінде пайдаландық, – дейді Б.Сәкенұлы.
Әр хабардың сценарийін жазу, редакциялау, эфирді жүргізу – бәрі-бәрі Балтабай Сәкенұлының жауапкершілігінде болса, видеооператор қызметін Айбек Бұлғынхан деген азамат атқарыпты. Бұл шығармашылық тандем үш жылда 96 рет хабар таратыпты. Мерейтой иесі ол бейнежазбалардың сақталған-сақталмағанынан хабарсыз екенін де айтты.
Баянауылдық көптеген өнерпаз алғаш рет «Баян.tv» арнасы арқылы көпшілікке танылған екен. Солардың бірі – бүгінде әнсүйер қауымның ықыласына бөленген танымал дәстүрлі әнші Әсел Ботаева. Балтабай Сәкенұлы қызмет бабымен Жаңатілек ауылына келген бір сапарында бүлдіршін Әселдің ән салғанын көреді. Шынашақтай ғана бастауыш сынып оқушысының өнеріне тәнті болып, оны анасымен бірге аудан орталыға жеткізуді тапсырады. Сол уақыттан бастап кішкентай Әсел аудан өнерпаздарының делегациясы құрамында байқау, концерт, гострольдердің бел ортасында жүрді. Мақаланы жазу кезінде мен Әсел ханымға хабарласып, өнер жолындағы алғашқы қадамдары туралы сұрадым.
– Балтабай ағамыз ауылда жүрген менің аудан орталығына келіп, өнер көрсетуіме көп ықпал етті. Оқушы кезімдегі көрсеткен қамқорлығы әлі есімде: аудан атынан облыстық байқауларға барарда бір күн бұрын алдырып, үйінде қондырып, дайындайтын. «Ерте жүрмесең, кешігіп қаласың!» деп, жолға өзі шығарып салатын. Тіпті «Алматы» телеарнасындағы «Өнерпаз болсаң…» деген бағдарламаға қатысуыма да себепші болды. Талантты жастарға жанашырлықпен қарайтын. Балалардың өнерін дамытуға, талабын ұштауға әрқашан даяр болды. Мен өнер жолында Балтабай Сәкенұлының қамқорлығын көп көргенімді мақтан тұтамын, – деді әнші.
Балтабай Сыздықов «Бұлақ көрсең – көзін аш!» деген даналық сөзді бойтұмар еткен жан. Бұлай деуіме әнші Әселді мысал еткенім де аздық етпес. Дегенмен, мерейтой иесінің «Ақындар сыныбына» сіңірген ұшан-теңіз еңбегі жас талаптың жұлдызын жағуға қашанда даяр тұратынын айшықтай түсуге тиіс.
Балтабай ата 2008 жылдың 25-қарашасында зейнеткерлікке шыққан. Бұл күнді ақсақал санасында берік сақтапты. Ал, 2009 жылы наурыз айында Баянауыл аудандық білім бөлімі мен Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің тарапынан шығармашылыққа бейімі бар жастар үшін «Жас ақындар сыныбын» ашып, жетекшілік ету жөнінде ұсыныс жасалған. Зейнеткермін деп қарап жатпай, жауапты іске бел буып кіріседі.
– Наурыз айында алғаш рет ауданның барлық мектебіне қатынас хат жолдап, талапты оқушыларды іздедім. Баянауылдағы үш мектептің оқушыларымен кездестім. Өлең жазатын, шығармашылыққа бейім оқушыларды таңдап алдым. Таланты тасқын, талабы таудай болса да көзге көп шалынбаған оқушыларды тізімдедім. Оларды мектепке шақырып, жеке-жеке кездесіп, әңгімелестім. Ең басты мақсатым – балаларың бойындағы қабілетін ашу. Ол үшін поэзия жайлы, өлеңнің құрылымы туралы жан-жақты түсінік бердім. Әр оқушымен жеке-жеке жұмыс істедім. Әрқасысына әртүрлі формаға сай өлең жазуын тапсырдым. Біреуіне 11 буынды, қара өлең ұйқасымен, екіншісіне 7 буынды, шалыс ұйқаспен, үшіншісіне 9 буынды егіз ұйқаспен өлең жазуды міндеттедім. Тақырыбын да айтамын. Біреуіне – мектеп, біреуіне – ата-ана, біреуіне – туған жер дегендей. Олар жазып алып келеді. Сабақта барлығымыз отырып жан-жақты талдаймыз. Соңында ең үздік өлеңдерді мектепте, ауданда өтетін іс-шараларда оқыттым. Аудандық газетке жарияладық. Оқушылар одан шабыттанып, өлеңге қызығушылығы арта түсті. Бірнеше жылдың ішінде Мерхат Қайыркен, Самал Сәрсенбекова, Жоламан Әйткен, Абай Рымбай секілді оқушыларыммен біраз жетістікке жеттік, – деді ақсақал. Өз тәжірибесін айтып, жұмыс процесін баяндаған сәтінде тура сол уақытта, тура ақындар үйірмесінің кабинетінде отырғандай шабыттана сөйледі.

Иә, бір сөзінің жалғаны жоқ. Ақсақал атаған оқушылармен қатар тұрып, аудан орталығында өткен іс-шараларда талай өлең оқыдым. Олардың тырнақалды шығармалары аудандық газетке жарқырай жарияланғанда қызыға қарадым. Тіпті ол оқушыларын айтыс сахнасына да шығарды.
Балтабай ақсақалдың мақтан тұтар шәкірттерінің бірі – ақын Жоламан Әйткен. 7-сыныпта оқып жүргенде-ақ «Жыр жазамын жүрегіммен» атты кітапшасын шығарды. Бұл бала ақынның шабыт-желкенін жайған, өлең-қанатын қатайтқан айтулы оқиға еді. Ұстазы артқан сенімді арқалай білген, ақтай алған Жоламан бүгінде әдеби ортаға танылды. 2018 жылы Қарағанды облысының «Ең үздік ақынына» берілетін Жұмабек Тәшенов атындағы сыйлықты иеленді. 2019 жылы «Ғасырауған» жыр жинағы оқырманға ұсынылды. 2023 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды.
Мақаланы жазып отырып, қол суытқан, ми сергіткен бір сәтте Жоламаннан ұстазы туралы сұрадым. Ол Балтабай Сәкенұлының аса қуатты шығармашылық әлеуетін жоғары бағалады.
– Ақын болам, азамат болам деген арман жүрегінің жанартауын қалғытпаған жас өркеннің бетін қақпай, белін буған ұстазымның еңбекқорлығы мені әлі де сүйсінтеді. Ол әр сабаққа мұқият дайындалып, әр тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарайтын. Балтабай ұстазымның бағыт беруімен жазған өлеңдерім менің шығармашылығымның іргетасы болды. Сол кездегі төраға Ұлықбек Есдәулет ағаның қолынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесіне берілетін куәлікті алып тұрып, мен Балтабай Сыздықовтың салмақты сөзін, жанашыр тілегін ойлап тұрдым. Ол кісі үнемі: «Ақиқат пен шындықты, ерлік пен намысты жаз!» деп айтып отыратын. Ұстазыма ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді Жоламан.
Балтабай Сыздықов «Ақындар сыныбында» бес жылдан аса жұмыс істеді. Кейін Павлодар қаласына қоныс аударды. Балтабай ақсақал бастаған істі азаматтар аяқсыз қалдырған жоқ. Жас ақындар үйірмесі әлі күнге дейін жемісті жұмыс істеп келеді.
«Балтабай ақсақалды Ертіс-Баян өңіріне таныстыру артық болар» дедім сөз басында. Ол кісіні тұлға ретінде ерекшелейтін ерек қыры – багөйлігі. Екі мәрте республикалық бата беру байқауында топ жарған ақсақал түрлі тақырыптағы авторлық және заманауи баталарын топтап, «Батадан асқан сөз болмас», «Ата сөзі – ақ бата» кітаптарын шығарды. Аудандық, ауылдық кітапханаларға, мектеп оқушыларына таратты. Бүгінде Балтабай ата жазған «Дастархан батасынан» бастап, шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той, тілашар баталары және мектеп түлегіне, жас сарбазға, жолаушыға, қоныс тойға, жас келінге, қаламгерге, кәсіпкерге, диқанға, әкімге берілетін баталар көптеген жиын-тойдың мәні мен мазмұнын ашып келеді.
Бата беруді әрі машық, әрі өнер, әрі өмір салты ретінде бағалайтын ақсақал оның насихаты туралы және маңыздылығы жайлы быйлай дейді:
– Мен бұрын партия қатарында қызмет еттім. Ол уақытта бізге көп тиым болатын. Соған қарамастан мен әуелден бата берудің маңыздылығын жете түсіндім. Ақ бата – шынайы көңілден шыққан жүрек сөзі, арнау тілек. Ол қазақ баласының қасиетті тұмарындай, бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақырады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-бабамыздың өсиетнамасы ағайынның бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін білдіру, үлкен-кішінің жолын ашу, келешекте жүзеге асырылатын мақсат-мүдделерді белгілеу болып табылады.
Біз бата беруді насихаттау мақсатында 5 рет оқушылар арасында бата беру сайысын өткіздік. Байқауда қатысушылар тақырыптық баталарды жаттаудан бөлек, қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты білімдерін шыңдады. Баянауыл, Успен ауылдарында, Майқайың кентінде, Екібастұз, Ақсу қалаларында ақсақалдар арасында сайыстар өткізіп, халықпен кездестім.
Бүгінде Балтабай Сыздықов – облыстық «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Әсіресе мектептерде – оқушылармен кездесулерге көп көңіл бөледі. Бірнеше жылдан бері ұлттық салт-дәстүрлер, отбасылық қарым-қатынастар, ата-ананың қадірі мен рөлі, жас жеткіншектердің ата-анаға, үлкендерге сүйіспеншілігі, қамқорлығы, мейірімділігі, ұлттық өнер, тиым сөздер, айтыс өнері, жазба поэзия, қазақ халқының жыр-дастандары, халық композиторлары, күй тарихы туралы әңгіме сабақтар өткізіп келеді.
Балтабай ақсақал ерекше атсалысатын кездесу – күй тарихына қатысты жиындар. Ондай іс-шараға күйші домбырасын құшақтай барады. Әр сабаққа ыждағаттылықпен дайындалады. Бар білгенін ортаға салады.
– Мысалы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей күйлерінің ерекшеліктері туралы сабақтарды мен өзім жүргіздім. Ондай кездесулерде алдымен күйдің тарихын түсіндіремін. Одан кейін күйдің мазмұнына тоқталамын. Шығарманы бөліп-бөліп орындап, әр бөлікте не айтылғанын жеке-жеке суреттеймін. Шертпе күй мен төкпе күйдің айырмашылығын айтамын. Балалар қызығушылықпен қатысады, – дейді домбырашы.
Бас-аяғы екі сағат әңгіме барысында Балтабай Сыздықов өнермен өрнектелген өмірінің әр кезеңінен сыр шертті. Өмірінің ең жарқын сәттерін еске алды. Ақсақалдың әңгімесін тыңдап отырып, мен де ойға шомдым. Сонау бір кезде «Ақындар сыныбына» шақырылсам да, жете алмағанымды ойладым. Бірақ, тағдыр мені бәрібір ұстаздың алдына алып келді. Оның екі сағаттық әңгімесін, нақтырақ айтсам, дәрісін тыңдап, сонау жылдары уысымнан шығарып алған игіліктің тізгініне қайта жармасқандай болдым. Өмір көші бізді талай мәрте, талай жерде тоғыстырды. Бұл жолы да… Мен – немере, ол – ата. Мен – талапкер, ол – сыншы. Мен – үмітті жас, ол – ақ баталы ақсақал… Мен – шәкірт, ол – ұстаз… Ұлағатыңызбен мың жасаңыз, ұстаз!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
