
Цензура
Есілдің бар жағасында бекініс,
Есілте бір сынасады екі күш.
Дойырлық кеп сойылдайды шындықты
Не тұрыс?
Жан сарайым жайрап жатыр бұл күнде,
Жат біреу кеп ойран салып жүр мүлде.
Айнымалы аярлықты ар тұтып,
Кінәз жүрек кілкілдейді кірбіңге.
Азулының аузын тіккен инемен
Ол жүйкемнің талшықтарын түйреген…
Тамырыңда ызылдаған күйменен
Неткен…
неткен қорқынышты билеген…
Мен, мысалы, басқыншылық соғыстың
Зардабынан талқан болған қоныспын.
Сым ұшына солғын айды септеген
Көңілімнің көшесінде жоқ ұшқын.
Жалғандыққа жан дүнием қас менің,
Келіп жетер кейіндеген әскерім.
Тұман торлап тұрмас мәңгі бұл маңды,
Биіктейді бұлт бүркеген пәс көгім.
…Есілдің бар жағасында бекініс.
Есілте бір сынасады екі күш…

Екеуара сағыныш
Ертіс жатыр елтіп әсем әуенге,
Сүйгенінің қасындағы адамдай.
Кездейсоқтық көп болса ғой әлемде,
Жүрем сені жұрт ішінен таба алмай…
Зәу кеңсеге өзіңді ойлап келем де,
Қайтып кетем іздемейтін адамдай.
Кездейсоқтық көп болса ғой әлемде,
Болмаса ғой есік біткен қамалдай…
Саусағымды сығымдайды жүзік тар,
Саған деген сезімімді шектеймін.
Жайым осы, күнәкердей қызық хәл,
Қалай ғана өзімді-өзім сөкпеймін?!
«Сәулем» дейтін бір кездегі сөзімді,
Жүрекке сап, көзбен ғана айтамын.
Алып қаша бермеші енді өзіңді,
Сағындым мен – байқадың ғой, байқадың!
Жанды азапқа салатұғын күй үшін,
Келмедік біз дүниеге, бәс қылам!
Өтші алдымнан бұрымыңның иісін,
Бұрқыратып «ақ орамал» астынан.
Қаншама арман, қаншама үміт, қаншама ой…
Жауабы жоқ сұрақтардан қашып бар,
Кідірер ем,
аялдама болса ғой
кездесетін ертедегі ғашықтар.

Сәбира
(Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналады)
Ғұмырың бар қасқағым,
Барқыт таудың шұғынығы сияқты.
Сенің ерте үзілгенге дастаның
«Ұлы Отаның» ұятты.
Ғаламшардан қарғып кеттің ғарышқа,
Текті құстың балапаны сияқты.
Жұлдыз самсап, қол бұлғайды алыста
Боздақтардың алақаны сияқты.
Тас тұғырға тас «тұлғалар» қонады,
Емес оған аспан таң.
Жұлдыз деген барлығынан жоғары,
Болмайды олар тас талқан!

Абайдың елі
Мінберге мініп,
Төрлерде тұрып,
Кесімді сөйлер заман деп,
Кеңсеге бардым,
«Күнде айғай салдым»:
Қақпасы жабық қамал көп…
Жаңғырып босқа…
«Жау болып досқа»,
Қаңғырып қалдым жаман боп.
«Абайдың тілі»
тулақтай…, – тірі,
Өзіңнен өткен шабан жоқ…
…«Толғауы тоқсан» жүйрігім,
Қорлыққа көндің, амал жоқ…
Тірлігі теріс
Елдегі «болыс»
«Есепшіл, епті» ұрыдан.
Марқайды бәрі,
Алтайдың дәні –
сары алтынның буынан.
«Абайдың елі!»,
«Абайдың төрі!»,
«Ұрпақпыз қалған ұлыдан!»
«Ұлымыз біздер!»,
«Ұрымыз біздер!»,
Аспанға қарап ұлыған…
…Байқасам екі ұртыңды,
«Бірі май да бірі қан»…
Дүрмегім қалың,
Жүргенім мәлім
«Үрген ит пен айтаққа»
«Дүрмегім» менің
Жүрегім менің,
Дүрлікпеші, қой, тоқта!
«Абайдың тойы»,
«Ақылман ойы»,
Алты алашқа ортақ па?!
Тойыңды тойла,
Ойыңды ойла,
Ортадан дұрыс жол тап та!
…Тыңдаушы қайдан түзелсін,
Түсірсең текірек-жортаққа…
…Мінберге міндің,
Төрлерде тұрдың,
Сұғыңды қадап сұмдарға.
Таңданармысың,
Арбалармысың
«Күнде алдағыш қуларға»?
Жетер ме төзім?
Өтер ме сөзің?
Тас мүсінді тыңдар ма?
Мүжілермісің…
Үзілермісің
үмітің жетпей жылдарға…
Қазақтың қатпа данасы-ай,
Сен «ішпеген у бар ма?»

Домбыра
Ғажап-ай сенің қоңыр үніңдегі,
Ойлантқан, толғандырған бүгін мені.
Домбырам, қой ішекті, шайтан тиек,
Арманым саған ауған тілімдегі.
Досым-ау, табармысың тартсаң төзім,
Бұл ағаш күйзелсең – күй, айтсаң – сөзің.
Бес саусақ өрден төмен құлағанда
Тарихқа терең сүңгіп қайтсаңшы өзің.
Қазақ кім? Түзде жортқан құлан ба екен?
Құланнан ажал тапқан ұлан ба екен?
Ежелден атажұрты – Тұран мекен,
Тұранның елі қашан жұбанды екен?
Күйіңді тыңдата бер, бауырға бар,
Тыңдасын құймақұлақ, жалынжанар.
Мен болсам аспандатып ән салайын,
Домбырам тозса тозар, әнім қалар.
Қу ағаш тозса тозсын, әні қалсын,
Бабасын туажаты танып алсын.
Тірілтпек болса бізді үйеңкінің
Түбінен домбыра ғып шауып алсын.
…Ғажап-ай, сенің қоңыр үніңдегі,
Ойларға жетелеген бүгін мені.
Сен – менің сөйлеп тұрған шежіремсің,
Сен – менің арманымсың тілімдегі

Туған жер
Атаған «Тарбағатай» ілкі дұспан,
Алатау – Алтайменен бір туысқан,
Барқыттың торғай ұшпас ең асқарын
Бері аттап таң келеді күншығыстан.
Қоянжон төбелерді нұрға шылап,
Әлемге тең тарайды мырза шуақ.
Сыртында менің туған ауылымның
Сынаптай сырғанайды жылға, суат.
Пау, менің туған далам, тірі далам!
Төсінде түйіншек бұлт ыдыраған.
Жүрсем де қайсы тұста сені іздедім
Жандай бір көзжазбаған құбыладан.
Сыр бүккен топ шеңгелің, қарағаның,
Сыр бүккен топ шеңгелді араладым.
Жезтаңдай бозторғайың үркіп ұшқан
Тілінде байырғының салады әнін.
Тірісің, кең бесігі бұл өмірдің,
Өзіңнің өлмеуіңді тіледім мың.
Мен-дағы ызылдаған сары маса
Қыл шегін қозғап кеткен жүрегіңнің

Раушан
Сенің жайың қалай болар, раушан?
Менің жайым қалай болар, раушан?
…Қандай қиын гүл сыйламау сұлуға…
Сондай қиын бақтан үзіп гүл алсаң…
Батар күндей өртенгенім батыста,
Қандай сынақ күтер сені оқыста?
Жүрегіммен ұсынам ба сәулеме,
Білегіммен ысырам ба қоқысқа?
Көркемім-ау, кереметке сендің бе,
Ермеймін деп ессіз жанға, ердің бе?
Сабағыңнан тартқан кезде талаурап,
Тағдырыңа көнбеймін деп көндің бе?
Сенің жайың қалай болмақ, раушан?
Жақсы еді ғой сен жадырап, қуансаң.
Жақсы еді ғой махаббатпен суарса,
Баптайтұғын нәзік қолдар құп алса…

Мөлдір
Сабау кірпік, тостаған көз күн шығып,
Бөленеді шұғылаға тіршілік.
Нұр шуағын тең таратып тұрғанмен
Жетер жерге жетпей қалар қырсығып.
Күннің көзі түскен емес жүрекке,
Түскен емес, жүрек орны түнекте.
Оның нұры, оның жарық сәулесі
Мейірімде, махаббатта, тілекте.
Сол бір сәуле кеткен екен сенімен,
Айларменен керуен де керуен…
Ай-хой, Мөлдір, тыңдар болсаң жырымды
Оңашада емірен де тебірен.
Ай-хой, Мөлдір, жұмыр етте қалдың-ақ,
Мөлдірейді қос жанарың жаудырап.
Тоғыспайды-ау тарамдалған жолымыз,
Тарамыстай бір байланыс бар бірақ.
Жанымды ұқса, бір ұғатын өзің деп,
Саған қарай жүрдім сыңарезулеп.
Тағдырға да қарсы жүр деп сен айттың,
Көзің айтты тыныштықтан безін деп.
