Қисық
Ақылсыз болса ұл кетер,
Нақылсыз болса қыз кетер.
Ата-ана қалар аңырап,
Айтқаныңменен жүз бекер.
Ертсе де татыр жүз нөкер,
Ақылды талай жүзді өтер.
Ибалы болса алғаның,
Жаныңды жылытып, ізгі етер.
Сіз десер туған, біз десер,
Үмітіңді үзбе, үз, бекер.
Біліксіз болса бауырың,
Маңыңды терең құзды етер.
Қарақшы болып із кесер,
Опасыз қара жүзді есер.
Имансыз болса ел патшасы,
Басынан халық құз көшер.
Көңіліңді суық күз-ді етер,
Күн шықса жерден сыз кетер.
Майдансыз болса дос-жолдас,
Араны жалтыр мұзды етер.
Адам
Хақ рас,
Құран рас,
Рас діні!
«Хақ» деген растайды рас мұны.
Тірілтіп өлмей тұрып, Хаққа шүкір,
Танытқан шын расты қыр астырып!
Хақ Өзі сүйген құлын дара етеді,
Барды жоқ, жоқты жоқтан бар етеді.
Тәңірін танымаған «Барды жоқ» деп,
Наданды Намұрттай хар* етеді.
Ондайлар көз, жүрегі, құлақ тұрып,
Шындықты естімейді құлақ түріп.
Анықты «көрдім» демес көзі көрмей,
Білмекті «білмеймін» дер жылап тұрып.
Бұл үшін адам деме перделіні,
Һәм «пенде» дей көрме әсте зерделіні.
Аллаһын естіп, көрмей нанатын бар,
Адам сол адамдықта жердегі ірі!
* Хар – суқараңғы
Тәртіп
Ханға тәртіп келмесе,
Жұртқа тәртіп кеу қиын.
Ол жоқ қоғамды, ендеше,
«Ашық қоғам» деу қиын.
Ханы иманды болмаса,
Халқы иманды болмайды.
Имансыз боп сорласа,
Халық үшін сол қайғы.
Иманды боп келеді,
Адам өмірге анығы.
Мұнда да Оған сенеді,
Ақиқатқа қанығы.
Иманменен келгеннің,
Сенбегені неткені?
Сенімсіз боп өлгеннің,
Имансыз боп кеткені.
Мәнсіз өмір – өмірдің
Құлшылықсыз өткені.
Сеніммен кеп дүниеден
Сенімсіз боп кеткені.
Обал
Расты өтірікші қаралайды,
Өйткені ол растауға жарамайды.
Ал шыншыл
Хаққысы
ашқан хақ көзімен,
Хақты да, қараны да саралайды.
Бірақ шын өтірікке қараймайды,
Ол қайта ол өйткен сайын арайлайды.
Ол қайта шыншылға шын сырын ашып,
Шыншылдың жанын жарық сарайлайды.
Өтірікші Распенен өштесем деп,
Өзінше еткенімен өшпес еңбек,
Ақыры өлім оны оятқанда,
Шайтанға өкінеді «кетті есем» деп!
Іздеу
Жалғызды «Бір» деп жалғыздай алмау нанымнан,
Көзқарастардың біреулеспеуі танымнан.
Түсініктердің түрлілігі де ілімді,
Үйренудегі, игерудегі алымнан.
Ілімін Хақтың игеру құлда пәс болса,
Ақылы надан, Аллаһ ісіне қас болса,
Барына Хақтың, Жалғыздығына нанбайтын,
Құлағы керең,
Жүрегі қара тас болса,
Онда ондай адам көргенге ғана нанбақ-ты.
Талдаусыздықтан Тәңірдің сырын сан жақты,
Жаратып өзін,
Ғаламды мүлтсіз басқарып
тұрған бір күштің Хақ екенінен танбақ-ты.
Өйткені оның көңілі жабық, көзі ашық,
Жалғанды шындап шырқауда жұрттан сөзі асып,
Құдай боп алған құл екенінде күмән жоқ,
Ақылға сеніп дүниеге өзі қожасып.
Дүние құлы болмақ-ты залым, ол мыстан,
Жасамақ құдай
Құдай бар еткен ол мыстан.
Өйткені надан көргенге ғана сенетін,
Іздемек Хақты жаратқан Өзі Ол болмыстан.
«Жарық» (Алматы: «Сөздік-Словарь», 2014 жыл) жыр кітабынан алынды.
