Ә. Х. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басшылығы келешек иесі – жастарға айрықша көңіл бөліп, әсіресе талапты студенттердің бойындағы қабілет-дарынының ашылуына ерекше жағдай жасауда. Сол игілікті іс-шаралардың бірі – жуық арада университет қабырғасында өткен жас ақындар мүшәйрасы деуге болады.
Жыр бәйгесінің түйіні іспетті қазақ өлеңінің ең жас буынының шығармаларын жинаққа топтастырып, жарыққа шығуына да ұстаздар ордасының басшылығы қолдау білдіруде. Осы тарапта айтпағым – өзім жыр жарысында төрелік еткендіктен, «Алғы сөз» жазуға келісім бердім.
Қадірлі оқырман, дос-жарандар,
Сіздерге айтар өтінішім бар!
Жасыратыны жоқ, қазір көбіміздің (жастың да, жасамыстың да) кітап оқымайтынымыз рас. Әрине, шығып жатқан кітаптар көп және олардың ішінде жақсысы да, жасығы да бары тағы да шындық. Алайда, бұл кітаптың жөні мүлде бөлек. Олай дейтінім, біріншіден, мына өлеңдер жинағына «жаңа өспірім, жас өрім» кілең балауса жыр иелерінің ең тәуір деген өлеңдері топтастырылып отыр. Екіншіден, бұлардың дені – кейбіреуінің туындылары мерзімдік баспасөз бетінде болмаса, өлең жинақтарына енбеген, ал енді біреулерінің әлі бір өлеңі де жарық көрмегендер. Демек, Сіз бен біз келешекте қазақ өлеңінің көгінде жарқырап, талантымен танылатын талай жастың жарқын болашағына жол ашып, үміт артпақпыз. Оған мына жарық көргелі отырған жыр жинағы куә болмақ!
Жинаққа енген жас талапкерлердің өлеңдерінде алғаш рет жер басқан құлыншақтың діріліндей, талпынған балапанның толқуындай жасқану бар. Сонысымен қызықты да тартымды. Кеше ғана келген ауылын, бірге оқыған достарын сағынып, ата-анасын аңсауы да жарасып тұр. Құрбысына сөз айта алмайтыны, қыз саусағын ұстамағаны да иландырады. Сол балғын сезімдерді сыпайы, ұяң қалпында жеткізуге талпынады:
Күндерімді өткізген сеніменен,
Артымыздан елегзіп еріп өлең.
Мені еске аларыңа сенімдімін,
Жүрген болсаң түймедақ теріп егер…
Жыр жолдары – «Бір сағыныш…» атты өлеңнен де, ал авторы – Нұрсерік Тәуекелов. Жүректі лүпілдетіп, көңілді кернеген сағыныш сазы сыпайы сипатталған. Жас ақынның жырларында жастық иісі, жастық жұпары бар. Өлең болғасын, одан мәңгі жастықтың лебі осылайша есіп тұрғаны жөн-ау?!
Бір қуаныштысы – балауса ақындар қазақ өлеңінің осы қасиетін, табиғи жарасты, сезімге дәл тиетін, қан қозғайтын кереметін қадірлеп, таниды екен, соны үлгі-өнеге тұтады екен:
Тулап барады бойымда қаным,
Сағынышымды жасыра алмадым.
Өзгелер сезе алмаған барлық
Сезімдерімді саған арнадым.
Қабыл ал жаным…
дір еткен күзгі жапырақтардай,
Тоңған жүректі.
Талапкер Гүлгина Мейірбек бұл жыр жолдарында «тоңған жүректің дірілін» «күзгі жапыраққа» теңеп, сағыныш сезімін білдірмекке тырысқан. Иә, түйінді ретіндегі соңғы шумақ сәтті шыққан. Алайда, өлеңнің алдыңғы шумақ, жолдарында бұрын басқалардың қолданысында кездесетін эпитет, метафора сияқты көркемдегіш құралдардың бары қынжылтады. Еліктеу тұрғысындағы мұндай әдіс-тәсілдер жастарда көп кездеседі. Бұл – заңды да! Дегенмен, бұдан бойды аулақ ұстаған жөн. Ізденіс үстіндегі бұл жазу стилі қалам ұстаған өнер адамын өсірмесі анық. Әрине, «көш жүре түзеледі».
Ал жас ақын Гүлжанат Кемелбек ояна бастаған нәзік сезімді сол күйінде әдемі айтып, қарапайым әрі әсерлі жеткізеді:
Мені саған Құдайым серік қылған,
Сенсің мендік өмірімде кумир болған.
Махаббатпен күн кешуді жазған болса,
Драмалар жазар едім өңде болған.
Көңіл күй, махаббат өлеңі аса сақтықты, сезімтал суреткерлікті қажет етеді. Адамға айтылмаған жан сырыңды жария ету оңай ма? Андамай айтылған, қатқыл айтылған бір ой, тіпті қатаң тұрған бір дыбыс оған кері әсерін тигізеді. Нені айтудың, не айтпаудың жөні бір басқа. Қалай айту – тағы бөлек. Айта білсең, бүкіл құпияңды сыртқа шығаруға болады. Данышпан Абайдың «өлең деген өсекші» деуі де сонда болса керек?!
Бірақ ақын жан сырын ашпай тұра алмасы тағы анық!
Бұл жастардың көбі – тәуелсіздік кезеңінде туғандар. Сондықтан жырлайтын тақырыптары да жаңа. Дәл осы кездің сәулелі құбылыстары, романтикасы, қимыл-әрекеттері, армансыз, еркін өскен жастардың көңіл күйі көбірек көрінеді. Жастыққа тән албырттық, құлшыныс бар. Соның өзінде жеке басының тіршілігін ел өмірімен байланыстыра жырлауға, дәуірмен бірге сөйлеуге ниеттенеді.
Мәселен, Әбілхан Мараттың мына өлең түйінінен байқағанымыздай, бәрін нарықпен бағалап, өлшейтін замандастарын «Құдайшылыққа» жүгінуге шақырады:
Жігіттер!
Кетер есе жоқ өмірдің шебінде,
Бәрі ақылы «өп» – десең.
Еркектіктен аспайықшы.
Оралған соң кебінге,
Төрелікті Құдай алар әйтпесе.
Құлау да, шын, бір-ақ сәт,
Алла ашумен – «Биігіңнен кет!» – десе.
Есенкелді Жәнібектің хан Кенеге арнап жазған өлеңінде қызулы жігермен бірге, тапқырлық, айтқыштық байқалады:
Шежіресін байқасаң ер түріктің,
Ұлы дала ұлдарын өр қылыпты.
Қанды ауыз бабам бөрі болса егер,
Мен онда бала қасқыр бөлтірікпін.
Бұл жерде бір сөзің орынды айтылмаса, бүкіл еңбегің далаға кетеді. Жасандылық сезіледі. Құйттай жасандылық сезіле қалса, өлеңнің қадірі қалмайды. Қызуы жоғары өлеңдерге қыруар қуат керек, кең тыныс, орынды ауқым керек. Әйтпесе, әл бермей кетеді. Автор асауды ұстай алмаған адамның кейпінде қалады. Мұндай өлеңнен көп ақынның қашқақтайтыны содан да болу керек. Оқушыны сергітіп-сілкіндіретін, бойына қуат құятын осындай жырлар қажет-ақ.
Күн нұрынсыз мүлгіген қара орман,
Таң болса да әлдене сығалап тұр.
Сәулесіз түнерген қара аспан,
Майдай жағып көңіліме қараңғылық,
Желмен ығып барады будақ бұлттар.
Кең, орманды даланың көркем бір суреті көз алдыңа елестейді. Таң шапағы қылаң бере бастаған кезді, «желмен ыққан будақ бұлттарды» көру қандай әсерлі?! Бұл құбылысты тек суреткер көреді; шебер тіл айта алады. Сурет арқылы жанды бейнені елестету – ізденудің, үлкен жолға қадам басудың нышаны. Жамбылдың (Абылқас) ізденіс жолындағы қадамына сәттілік тілейміз.
Қазақ өлеңінің ғажайып қасиеттері көп, неге екенін білмеймін, өлеңмен сурет салатын ақындар аз. Талантты жастар осылай қарай ойысыңқыраса деп тілер ем. Олай дейтініміз, табиғатқа тамсану – оқырманға эстетикалық ләззат қана беріп қоймайды, табиғатты, өзімізді қоршаған ортаны аялауға, қорғауға міндеттеп, ықпал етері анық.
Біздің бұл жинақтағы жақсы өлеңдердің бәрін тізе бергіміз жоқ. Онда тым көбейіп кетеді. «Құс қанат менің ғұмырымда» – тәуелсіз кезеңнің келбеті, бүгінгі бейнесі бар, балауса ақындардың ағынан жарылған көңілі, жүрек сыры осында.
Уақыт тауып, сыр тұнған жыр сандығын ашып, оқып қара!!!
Сәлеммен, әдебиетші-ғалым әрі ұстаз
Сейфитден Сүтжанов
Алқау сөз
Павлодар педагогикалық университеті студенттерінің ұжымдық жыр жинақтары осы уақытқа дейін әлденеше рет жарияланған еді. Бұдан он шақты жыл бұрын «Қанатталды», «Шындықтан туған шымырлар» және т.б. кітапшалар жарық көрді. Оған енген бірқатар жас ақын елге танылған талантты қаламгер болып қалыптасты, Қазақстан жазушылар одағының мүшелері атанды. Оқырманға жол тартқан «Құс қанат менің ғұмырым» жинағына 20 талапкердің тырнақалды туындылары еніп отыр.
Осы жас ақындардың дені – «дүйім жұртқа танылып, әлі үні шықпаған», ішкі потенциалы мықты жастар. Барлығының шығармашылықты кәсіп етуі шарт емес. Өздері жайлы өлеңдері сыр шертіп-ақ тұр. Қалам-сиясынан өлеңнен өлеңге өсу динамикасы, еліктеу, жетілу, толысу, қалыптасу үстінде екендіктері байқалады. Студенттердің поэзия теориясын, әдеби тектерді, тілдің көркемдегіш тәсілдерін, ұйқас түрлерін, өлең жазу техникасын айтарлықтай жақсы меңгеріп, озық шығармалар үлгілерін оқып үлгергені анық көрінеді.
Шындығы сол, бұл жинаққа балауса жырлары енген бозбалалар мен бойжеткендердің бәрі ақын не жазушы болып кетпейді. «Ауылыңа барам ғой деп жүргенде/Ауылынан көңілдің кеттің, еркем» (Н.Тәуекелов) демекші, ақындықтың ауылына барамын деп жүрген жастар ЖОО-ны бітірген соң көңілдің ауылынан кетіп, өлеңнен алыстап қалып жатады.
Шынайы өлең тумаса, ешкім ешкімге жазып бермесі анық. «Шындық қазір елеусіз қадірі кеткен// Өзгелердің бағумен қас-қабағын/ Көзімнен жалын өшкен… (Жамбыл Абылқас) деп жазыпты жас ақын. Жарқ етіп жанғанның жалп етіп сөнуінен үрейлі не бар. Сондықтан осы көкөрімдердің көзінің жалынын өшіріп алмау, шоғын үрлеу, шабытын маздату үшін – арқадан қағып, алауын жағып, алқау маңызды.
Бұл өлеңдер тек жас ұрпақтың жан айнасы ғана емес, сонымен бірге бәрімізді толғандыратын махаббат, сенім, Отан тақырыптарына оралтады. Жинақтағы жырлар әртүрлі арнаулар мен діни дидактикалық өлеңдерден бастап, махаббат тақырыбына ұласады, арагідік жүректі дір еткізер сыршыл лирика мен отты одаларға ойысады, ішкі әлеміңді аластап өтетін сөз-саз-сурет үштағаны тоғысқан ілкі дүниелер де кездеседі.
Қазіргі жас буынды заманауи тілде «Z ұрпақ» деп жатады. Себебі олардың «саналарының түбінде жаңғырған үн», «гүрілдеген, өзгеше тілде күбірлеген бір айқай бар», «кеуделерінде мәңгілік жанар жалын» лапылдайды. Осы «ақсұңқар ұрпақтың» өкілдері «жүрекке дүре соқтырған» жайттарды әлінше жырлайды. Өйткені олардың денін өздері айтқандай «жыр жолына Мұқағали жырлары алып келген». Бұл жастар бодандықты білмеген бұла жастар – өздеріне дейінгі алаштың аймаңдай ақындарының, «тамыры тереңге кеткен бәйтеректердің рухани жаңғырған жапырақтары» іспетті. Жастар үнінен жез қоңыраудың дыбысы сияқты ынталы жүрекке жететін руханият жаңғырығын естиміз.
«Поэзия – бұл ұлы сезімдер мен шынайы жан толқынысы әлеміне есік ашатын жүректің кілті”, – деп жазады америкалық ақын әрі философ Ральф Уолдо Эмерсон. Осы жинақ – поэзия әлеміне енуге талпынған жас ақындардың жан әлемінің есігін ашатын кілт болмақ.
«Құс қанат менің ғұмырым» жинағына енген жастардың өлеңдегі ғұмыры жыл құсының жолындай ұзақ болуын, құс қанатындай қысқа болмауын тілеймін!
Айбек Оралханов
Тәуекелов Нұрсерік – ППУ түлегі, «Құс қанат ғұмыр» әдеби клубының негізін қалаушы. 2002 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
БІР САҒЫНЫШ…
Күн өтуде мезгілі ай жасарып,
Гүл тірілткен кешегі қайда шабыт?
Сағымдай бір сағыныш жатады екен,
Жүректердің түбінде ойға шомып.
Жүректегі дерті көп ақын жанның.
Бұйырмаған аруды тақымдар кім?
Мен жаным бағасына жетуші едім,
Өзіңмен жәй сөйлесіп отырғанның.
Күндерімнің, өткізген сеніменен,
Артымыздан елегізіп еріп өлең.
Мені еске аларыңа сенімдімін,
Жүрген болсаң түймедақ теріп егер…
Нәубеттің де тиеді-ау септігі ертең,
Сен де әйбат қыз едің тектімен тең.
Ауылыңа барам ғой деп жүргенде,
Ауылынан көңілдің кеттің еркем.
Жылтырлармен жүргем жоқ сан жүздесіп,
Ішкі жақтан тастайды қанды із кесіп.
Дара жүріп үйрендім қазір өзім,
Ақтөбе көшелерін жалғыз «кешіп».
Қызықтырмайды ешкімнің ертектері,
Сезімімнің сарғайтып сол көктемі.
Бұл қаладан бұрында күдер үздім,
Сен кеткелі…
Марат Әбілхан – ППУ түлегі.
ЖІГІТТЕР
Жігіттер!
Жасандылық кімге керек осы, шын?!
Шаршамадың ба?
Өзімізше бір ортада кісімсіп,
Сыйластыққа жете алмай жүрміз өмірдің шаршы алаңында.
Кімге керек жүргеніміз шіреніп!?
Қарапайым бола алмаймыз ба?
Шындығында қорқақтық-ау.
Тіреліп,
Келсе біреу, рухтанып жана алмаймыз да.
Мінезсіздік құртар түбі еркекті.
Шыңдалмаймыз ба?
Нәпсіге ерсек, айтар бізді ер деп кім?
Істеп алып, кімді алдаймыз, ә?
Түсінбеймін.
Дәлелдеуге тырысамыз біз нені?
Мәлім бәрі танитынға онсыз да.
Қай биікті, әлде нені ізденіп,
Айналамыз ақша беті қансызға.
Жігіттер!
Кетер есе жоқ өмірдің шебінде,
Бәрі ақылы “өп” десең.
Еркектіктен аспайықшы.
Оралған соң кебінге,
Төрелікті Құдай алар әйтпесе.
Құлау да шын бір-ақ сәт,
Алла ашумен: – “Биігіңнен кет!”- десе.
Мейірбек Гүлгина – ППУтүлегі
НЕГЕ?
Еңсесі биік, алып тұлғалым,
Ерекше, бөлек, дара туғаным.
Еректігіңе нұрымды төгер,
Күнің боп неге жаратылмадым?
Жүректе орны дара тұрғаным,
Көңілге көлдей таза тұнғаным.
Тәтті ұйқыңды күзетіп тұрар,
Түнің боп неге жаратылмадым?
Жанымның емін жазатын дәрім,
Сезім алауын жағатын бағым.
Тым болмағанда терезеңдегі,
Гүлің боп неге жаратылмадым?
Ақ ниетпен тек атырған таңын,
Байлыққа балап қолында барын.
Ақ тілегіңе қосылар әркез
Үнің боп неге жаратылмадым?
Тулап барады бойымда қаным,
Сағынышымды жасыра алмадым.
Өзгелер сезе алмаған барлық,
Сезімдерімді саған арнадым.
Дір еткен күзгі жапырақтардай,
Тоңған жүректі қабыл ал, жаным…
Жәнібек Есенкелді – ППУ студенті
БӨРІ
(Ұлттың ұлы көсемі хан Кенеге)
Шежіресін байқасаң ер түріктің,
Ұлы дала ұлдарын өр қылыпты.
Қанды ауыз бабам бөрі болса егер,
Мен онда бала қасқыр – бөлтірікпін.
Қанына сіңген қайсарлық пенен мықтылық,
Тектілігі бар мөлдір бұлақтай тұп-тұнық.
Айбары тасып тұрса да қаһар, ыза мен
ашуын жүрді ақыл ойына жықтырып.
Өгей ғұмырды жатсынып көрмей өткізген,
Арландар жүрген жол салып кетті текті ізбен.
Арықтығы да беймәлім болды өзгеге,
Жігер, намыс пен қайсарлық күтті тек бізден.
Үйіріменен зұлмат заманда жорытқан,
Ол басқан жерлер өзен судайын болып қан.
Жаулардың өзі қаһарын көріп бабамның
Жемтік етіне айналамын деп қорыққан.
Шибөрілердей тығылып қашып жатпады,
Ататын еді ұлып тәңірге ақ таңы.
Өртеп барады жанымды менің азаптап,
Ғазиз басының дұшпан қолында жатқаны!
Көтерді биік Тұран елімнің тұғырын,
Аңдамай басты дұшпанның құрған құрығын.
Жорытып жүріп жалғаннан кетті жырақтап,
Боз дала кезіп, өткізді бөрі ғұмырын.
Абылқас Жамбыл – ППУ түлегі
ТҮС
Махаббат жоқ әлемнен бақыт сұрап,
Күткенмін мен жалғызсырап, жыламсырап.
Бәрі жалған…
Үміттенген мен ақымақ!
Үмітсіз шайтан болса адасқаным,
Бәрі де жасандылық.
Бейқам өмір сүруді өнер тұтып,
Көзді ашып жұмғанша өтер өмір.
Кімдерге керек жалпы жасампаздық?
Тойып алып ерледім өтірікке,
Шындық қазір елеусіз қадірі кеткен.
Өзгелердің бағумен қас-қабағын,
Көзімнен жалын өшкен…
Шыңына жете алмаймыз әділдіктің,
Әрқашанда ауыр бізге “Шындық” бірақ.
Өшпенділік, кек алу бұлай тұрсын,
Түбімізге жетеді су жүректік.
Себебі ақымақтық!
Бетперделі бәрі де айналада,
Шынайылық отауын алыс тіккен.
Бауырмал көңіл қайда?
Өтпелі мәселені бір бөліскен.
Байлық іздеп, көз алмай дүниеден.
Расында соқыр болдық!
Жалған өмір сүреміз белгісіздікпен.
Шектен артық.
Жалығып кейде мынау бес күнімнен,
Кетемін жүйрік қиял жетегінде.
Кесел ойлар санамда жаңғырады,
Сапар шегіп ұлы тамұқ кемесінде.
Сапардамын, көрінгеннің бәрі мәлім.
Уақыттарым санаулы өткен ғұмыр,
Жетістігім, қателік, күнәларым.
Сеземін тынысымның тарылғанын.
Соңын көріп үлгермей тұрамын да,
Бұл менің,
“Қорқынышты түсім!” деп оянамын.
Кемелбек Гүлжанат – ППУтүлегі
***
Құштарлықпен құшақтасаң құмарланам,
Иіскесең маңдайымнан жетер маған.
Төзімімнің таусылар шағы болса,
Мен сенен әрқашан қолдау алғам.
Бал татитын ерніңнің дәмін татам,
Сөзің ұнайды айтатын маған “ботам” .
Жүрегімнің төрінен орын болса,
Сол орынға мен сені құлыптатам.
Болып тұрсың қасымда сен құбылам,
Мен бұлданып арасында мың құбылам.
Еркелікпен қателескен кезім болса,
Жаратқан ғой осылай Хақ Тағалам.
Күнің болып көгіңде жарық болам,
Айың болам аспанда қалықтаған.
Өзіңді жалғыз сезінетін кезің болса,
Біліп жүргін жаныңнан мен табылам.
Мені саған Құдайым серік қылған,
Сенсің мендік өмірімде кумир болған.
Махаббатпен күн кешуді жазған болса,
Драмалар жазар едім өңде болған.
Қали Бекзат – ППУ студенті
ДОС ІЗДЕЙМІН
Отырмын еш нәрсеге зауқым соқпай,
Көңiлімдегi от сөндi де жарқын шоқтай.
Жан бар ма екен сол шоқты тұтандырар,
Әлекке салған менi салқын шақты-ай.
Жан бар ма ендi менi желпіндірер,
Күн қайда көңілденіп еркін жүрер.
Мұңайғанда жанымнан табыл, кәне,
Досым, маған ендеше сертіңді бер!
Жүрмін, міне, адал дос таба алмай,
Доссыз өмiр қаңырап бос қалардай.
Жанымда бірге жүрер дос табылса,
Өзi-ақ келер iздемеймiн басқаларды-ай.
Дос іздеймiн, досым менiң аз ғана,
Бірге жүрер қыс, көктемде, жазда да.
Қуанышта жаныма кеп жармасып,
Қайғы келсе кетiп қалма наздана.
Қиналғанда қашпағын, шыдай бiлгiн,
Атады ертең алдымнан шырайлы күн.
Ойлан досым, басына іс түскенде,
«Кешiр менi, досым», – деп жылайды кім?
Керек емес дос болу байлық үшін,
Дос емес пе өмiрдiң байлығы шын.
Дүниесi таусылып қалған кезде,
Дос таба алмай қалатын байы құрсын.
Имантай Мағзұм – ППУ студенті
Білесің бе?
Еріксізбін уақытпен ілесуге.
Шауып өткен сиқым бір шақтарыңды,
Тереңге жасырасың күлесің де.
Күдік талай
Сезіміңді семіртпес қытықтамай.
Сыртқа сеніп тапсырар ойын емес,
Қате болар қалдырсақ құлыптамай.
Көз алдымда
Қара құрым көздерден безе алдым ба?
Болар жақын жаныма жылу берер,
Сәл жымисаң шыңынан құзардың да.
Теңіздей мұң,
Толқыны тас ұрғандай бел үзбеймін.
Бір өзіңнен әлемнің бәрін көргем,
Барлығынан енді тек сені іздеймін.
Дәуренбекұлы Рамазан – ППУ студенті
СЕНІ ОЙЛАСАМ
Сені ойласам,
Құшағына бөлер мұң.
(Кейіпкері ең мен оқыған өлеңнің).
Бар айыбым – ессіз сүю болса егер,
Айыбымды сағынышпен төлермін.
(Сені ессіз, жүрегіммен шын сүйіп,
Сол сезімге өзім күйіп өлермін…)
Сені ойласам,
Көңілде күз орнайды.
Қайран жүрек
Көрмеген ед ондайды.
Махаббатқа зәру сезім аспанын,
Сағыныштың сұр бұлты кеп торлайды.
(Жиналып ап бар сұлулық атаулы,
Жалғыз сенің сымбатыңды сомдайды…)
Сені ойға алам…
Ойлай берем дамылсыз.
(Ақ сезімнің жаққан жансыз шамын сіз).
Абыр-сабыр күй кешуде көңілім,
Жүректегі жағаласып жалын, сыз…
Алып ұштың,
Құрбаны боп мен қалдым,
Сағыныштың сарынсыз…