Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «Мен Жеңіс ақынды ертеден білемін. Ол ҚазМУ-де оқып жүргенде біздің «Балдырған» жорналының белгілі авторларының бірі болды. Осында топтама өлеңдерін жорналдың екі бетіне суретімен беріп, бүлдіршіндерге алғш таныстырып едім… Ж.Қашқынов оқиғалы өлеңдерінде, яғни, ертегілері, аңыздары, дастандарында бала танымдылығын ұлғайтып, аңдар мен құстардың тылсым сырын білуге құштарлығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Оны жалаң үгіт түрінде жайдақ баяндамайды. Қайта қызықты оқиғаға құрып, кішкене оқырманын ынтықтыра түседі…» деп баға берген балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың (жоғарыдағы суретте) «Бала жанын баураған» мақаласын оқырман назарына ұсынамыз. Мақала Мұзафао Әлімбаевтың шығармашлығына арналады.
Бала жанын баураған
Қазіргі әдебиетімізде көрнекті өз тұғыры берік, әмбебап талант, тәлімгер қаламгер, зерделі зерттеуші жазушылардың бірегейі – Мұзафар Әлімбаев.
Мұз-ағаң үлкендер поэзиясында да, балалар әдебиетінде де, фольклор зерттеуде, ана тілінің тұнықтығын сақтап, қазына қорын байытуда да әркез ерен еңбеккерлік, қызу құлшыныс танытып, оқырманды сүйсіндіруде.
Соңғы жылдарда халықтық педагогиканың қасиеттерін зерттеуде құнды еңбектер жазып жүр. «Халық – ғажап тәлімгер» атты кітапты баспаға тапсырды. Сонымен қабат түркі тілдері мен қазақ тілінің қандастығы-туыстығы және өзара қазына алмасу жөнінде жоәне бір кітап боларлық зерттеулер жариялады.
Мұзафар Әлімбаевтың 300-дей туындысына ән-өлендер жазылған. 45 шақты төл кітап иесінің өлеңдері 38 тілге аударылған. М.Әлімбаев – Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындагы сыйлығының лауреаты. Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Халык ағарту ісінің озаты…
Қазақ балалар әдебиетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, белсенді ат салысып жүрген М.Әлімбаевты «балалар әдебиетінің атасы» деп орынды айтқан. Өйткені, Мұз-ағаң балалар әдебиетінің қалыптасып, дамуына өзінің балғын балаларға арналған шығармаларымен елеулі үлес қосып қана қойған жоқ, қоғамдық белсенділік көрсетуімен елеулі ықпал жасаған зиялылардың бірі.
М.Әлімбаев бақытты ақын. Өйткені, қазақтың маңдайына біткен жалғыз балбөбек журналы «Балдырғанды» ұйымдастырып, құруға ат салысып, соның бас редакторы болды. Журналдың балабақша мен мектеп балаларына лайықты шығуына өз ақыл-ой, қайрат-жігерін жұмсаған қайраткер. Журналда 25 жылдан астам уақыт бас редактор міндетін атқарған Мұз-ағаң көптеген балалар ақын-жазушыларын тәрбиелеп шығарды.
Атап айтқанда, Бердібек Соқпақбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Тұманбай Молдағалиев, Жақан Смақов, Қадыр Мырзалиев. Жанібек Кәрбозов, Машқар Гумеров, Қастек Баянбаев, Ермек Өтегілеуов, Сұлтан Қалиев, Мұхамеджан Етекбаев, Ескен Елубаевтар мен осы мақаланың авторына және басқа да қаламгерлерге жасаған ағалық қамқорлығы өз алдына бір төбе.
Мұзафар Әлімбаев балаларға отызға тарта кітап сыйлады. Сол жинақтарындағы тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаш, мазақтама, ертегі, аңыздары, баллада-поэмаларында құрғақ үгіт-насихат айтудан аулақ. Ақын балаларға арнап жазған жырларында әр баланың жас ерекшелігін ескере отырып, өз оқырманының адресін тауын ұсынады. Қаламгердің өлеңдері сонысымен де құнды.
Оз шығармасына жауапкершілікпен қарайтын М.Әлімбаев балаларға танымдығы бар жыр жазғанда ақынға тән шеберлікті әсте естен шығармайды.
Мысалы, «Он саусақ» деген өлеңінде былай жырлайды:
Жалғыз саусақ, тіпті де,
Ұстай алмас жіпті де.
Екі саусақ бірікті,
Ине қолға ілікті.
Үш саусағы орамды,
Жүгіртеді қаламды…
Өнерлі екен он саусақ,
Қала салсақ, жол салсақ.
Немесе, «Жылқышы» деген өлеңінде:
Екі бала таласты.
Едірейе қарасты.
Жылқышы – ол кісі, –
деді Арнұр.
Жылқышы – шөл құсы, –
деді Жарнур.
Кім жаңылып бұрыс айтты,
Екеуі де дұрыс айтты, – деп «жылқышы» деген сөздің екі мағынасы бар екенін нақтылы айтып береді.
Бұл өлеңді оқығанда балалар, біріншіден, «жылқышы» дегеннің жылқы бағатын кісі екенін, екіншіден, «жылқышы» дегеннің шөлде жүретін құстың аты екенін біледі.
Балаларға танымдылығы бар шығарма жазғанда жалаң, өзің ойдан шығарып айта салу сол нәрсені жалған түсіндіруге әкеліп соғады. Мұндайдан сақ болу үшін Лев Толстой айтқандай, «ғылыммен дәлелденіп», шындыққа негізделгені жөн.
Мәселен, ошағанның жаңбыр жауғанда тікенінің жұмсарып, ал күн ашық кезде қатаятынын ел аузынан естігеніміз бар. Мұны ғылым да растап, дәлелдеп берді.
Осы жайлы ақын «Қошақан мен ошағанның сырласуы» деген олеңінде:
Қошақан:
– Ой, ошаған, ошаған!
Қоймаушы едің түйремей,
Неден жұмсап босаған,
Тікендерің инедей!
Ошаған:
– Келе жатқан жаңбыр бар,
Өн бойымды алды ылғал…
Кошақан:
– Ой, ошаған, ошаған,
Бүгін қалай қадалдың?
Қастығың ба жасаған,
Қадалғаннан қан алдың?
Ошаған:
– Ашық болса күн жаумай,
Қатаямын, жұмсармай.
…Жаумай ма, әлде жауа ма,
Қандай болмақ күн бүгін?
Тікеніме қара да,
Ауа райын біл бұрын! – деп шебер жырлап береді.
Міне, осындай өлеңдер бала ұғымын толықтырып, табиғаттың кейбір бірден біле бермейтін құпия сырымен таныстырады.
Бала деген арманшыл әрі қиялшыл келеді. Олар ертегі, аңыздарды кызыға тыңдайды. «Қаңбақ шал» сияқты тапқыр, «Ер Төстік» сияқты батыл болғысы келеді. Заманымыз өзгеріп, өміріміз көріктеніп гүлденді. Бұрындары білмейтін ғажап ғылыми жаңалықтар ашылып, ғарыш пен айға ұшып жатқан кешегі «ұшқыш кілемдердің» шындыққа айналғанын кезінде ертегілердің не керегi бар деушілер табылуы мүмкін. Себебі, жаңағыдай ертегілердің құпиясы ашылып, күнделікті үйреншікті жағдайға айналып жатқанда оларды айтудың қажеті жоқ сияқты.
Бірақ та ертегінің аты – ертегі. Әлі де бұрынғы бала кезде тыңдаған ертегілерге қызығамыз. Балалар да сондай. Олар алып адамдардың ортасында болып, су астындағы қалаларға саяхат жасағысы келеді. Күнделікті көріп жүрген үйреншікті нәрселерден гөрі оларды ертегі мен аңыздардағы сан қилы оқиғалар қызықтырады. Сондықтан ақын-жазушылар жазған ертегілер шындық өмірге жақын болса, соғұрлым жас оқырмандардың жүрегіне жол табады.
М.Әлімбаевтың «Қарағай неге ұзын, жыңғыл неге жатаған, тобылғы неге қызыл болған?», «Көкек неге көкек дейді?», «Тауық неге қызыл-жасыл, қарға неге қара?», «Алатаудың баурайында», «Көк кілем», «Еріншектер елінің Ертеңбайы туралы» ертегі, аңыздары оқығанда балаларды жалықтырмайды. Өйткені, бұл шығармалары өмірдегі шындыққа үйлеседі. Ал шындыққа жақын нәрсе балдырғандардың ынтасын арттырып, танымын молайтады.
Бала ой-санасын өсіріп, қалыптастыруға арналған танымдылығы зор бірнеше өлеңінің алдына автор кіріспе айтып, соған лайықты жыр жолдарын тудырыпты. Енді соған тоқталайық.
Омоним сөздер – бұл таңбасы бірыңгай, бірақ мағынасы әртүрлі сөздер. Мысалы, бас – адам мүшесі, дауыстың бір түрі, етістіктің бүйрық райы.
«Өкінгенде оқыс айтып қаласың,
Оған кейде астығыңды саласың». Бұл омоним сөздердің шешімі «қап» дейді автор.
Ал логогриф – шараданың бір түрі. Көбінесе өлеңмен жазылады. Әуелі жұмбақтаған сөзді табу қажет, содан соң әлгі табылған сөзді бір, не екі әріп қосып немесе алып тастау арқылы жаңа сөздер құрауға болады. Логогриф ерте заманнан белгілі. Оны кұрастырушылар қатарында Цицерон мен Апулей де болған.
Бойыңдағы нәріңмін,
Анық айтсаң – жаныңмын.
Бұның шешімі – қан. Одан әрі:
Қоссаң дауыссыз дыбыс,
Дастарханнан табылдым, – деп жұмбақтайды. Сонда жаңағы «қан» сөзіне дауыссыз «т» әрібін қосса, «қант» болып шығады.
Сондай-ақ, балалар поэзиясына әкелген бір топ шарада, метаграммаларын да атап өткен орынды. Осындай соз жұмбақтардың, жаңылтпаштардың, жекелеген жұмбақтардың барлығы баланың ойын қалыптастырып, оның санасын оятады. Оларды еріксіз қызықтырады. Өздері де өлеңмен, не қара сөзбен ақынның келтірген жырлары арқылы соларды шығарып айтуға дағдыланатындары созсіз.
Көрнекті ғалым, әдебиет зерттеушісі Серік Қирабаев өзінің «Онер өрісі» кітабындағы «Балаларға арналған үлкен әдебиет жасайық» деген мақаласында: «Жас ұрпақ өз бақыты үшін күрескер болып тәрбиеленуге тиіс. Осы күрес үстінде олар жаңарады, ескі ұғымдардан – мақтаншақтық пен қызғаншақтықтан, өзімшіл менмендік пен ескіліктен, даңғойлықтан арылады. Сөйтіп, көпшіл, бауырмал, іскер жаңа адам болып өседі», – дейді.
Балдырғандардың бойына осы көпшілдік пен бауырмашылдықты құрғақ үгіт арқылы егуге болмайтынын М.Әлімбаев та жақсы түсінген. Ол әйгілі орыс балалар жазушылары С.Маршак, К.Чуковский, С.Михалков, А.Барто сияқты құстар мен аңдарды сөйлетіп, соларды достастыруы арқылы жас жеткіншектердің санасына жеткізеді.
Бұлар «Қорбаң аю», «Құмырсқалар», «Жорға торғай» сияқты өлеңдерінен көрінеді.
Мысалы, «Құстар тойына» атты өлеңінде:
Той басталды жаз келіп,
Қазан асты қаз келіп.
Турады ет тоқылдақ,
Торғай кірді отын ап.
Ұзақ отты маздатты,
Тарғақ күріш тазартты.
Мейіз әкеп мекиен,
Шымшық татты шетінен.
Құманмен су құр құйды,
Жапалақтар үй жуды.
Сәбіз тіліп сауысқан,
Тырна тұзын салысқан.
Қырғи пияз қуырды,
(Қызғыш топтан қуылды).
Бұлбұл салды бұрышын,
Бәрі осылай тырысып.
Торғай палау пісірді,
Баптап асты түсірді.
Бөліп берді бөдене,
Бұл той емей немене, – деп ақын ойнақы тілмен құстардың ұйымдасып, тамақ пісіріп жегенін қызғылықты етіп суреттейді. Мұндай өлең баланы ұйымшылдыққа, көпшілдікке тәрбиелейді.
М.Әлімбаевтың балаларға арнап жазған кітаптарынан тәрбиелік мәні бар өлеңдерді көптеп кездестіресіз. «Суайт сауысқан», «Қырықаяқ», «Әппақ пен сатпақ», «Тарғыл мысық дағдысы» сияқты толып жатқан жырлары бұған дәлел.
Мысалы, «Жел деген не?» деген өлеңінде:
Жел деген не?
(Айт деп інім жалынды).
Жел де – ауа кәдімгі
(Айтқаныма нана ғой).
Жел дегенің тек бірақ,
Ойға-қырға шапқылап,
Пайыз таппас ауа ғой, – деп жел сияқты тұрақсыз әрі берекесіз болмау жағын тапқырлықпен айтады.
Әр ақын-жазушының үлкен әдебиетке келерде өзіндік жолы бар. Мұз-ағаңның да өлең, жырға, әсем әнге әуестігі ана сүтімен бойына дарыған. Тумысынан ақынжанды, өнерпаз Зейнеп шешесі халық ауыз әдебиетіндегі қисса, дастандарды нәшіне келтіріп жатқа айтатын болған. Абайдай ұлы ақынның болғанын, ғұлама ақынның әнге жазылған өлеңдерін де тұңғыш анасының айтуымен барып білген.
«Жас жеткіншектердің жан-дүниесіне рухани нәр беретін нәрсе – ананың ақ сүті, ананың әлдиі, ананың бесік жыры мен ананың әсем де әсерлі әңгімелері», – деп Мұз-ағаңның бірде тебірене айтқаны бар.
М.Әлімбаевтың алғашқы тырнақалды өлеңі мектеп қабырғасында жүргенде, он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде басылды. 1939 жылы Павлодар қаласында ақындардың слеті өтеді. Слетті өткізуге Алматыдан атақты ақын Жұмағали Сайын келеді. Қатысушылардың ақсақалы әйгілі әнші, ақын, композитор Естай Беркімбаев та, ең жасы – он бестегі бала М.Әлімбаев болады.
Сол жылдан бастап ақындардың керуен-көшіне ілескен М.Әлімбаев жарты ғасырдан астам көштен қалмай, тіпті бүгінде соның алдыңғы сапында келе жатқан дарынды ақын.
1960 жылдары Қазақ радиосында «Семья және мектеп» редакциясын басқардым. Редакция «Ересектерге балалар жайында», «Ата-аналарға арналған хабарлар» мен «Семья және мектеп» радиожурналында бала тәрбиесіне байланысты мамандардың кеңесін, ұстаз-педагогтардың, ата-аналардың, балабақша тәрбиешілерінің іс-тәжірибелерін ортаға салып, ақын-жазушылардың семьядағы тәрбие мәселесіне арналған шығармаларымен таныстырып отырды.
«Семья жане мектеп» радиожурналының алғашқы санын әуе толқынына шығарарда, сол кездеп Балалар мен жастар редакциясының бас редакторы Нәзилә Баймұратовамен ақылдаса келе, М.Әлімбаевты арнайы шақыруды ұйғардық.
Мен Мұз-ағаңа телефон шалғанымда:
– Бұл бастамаларың жақсы екен. Міндетті түрде қатысамын, – деп құптай кетті.
Содан Мұз-аға үзбей байланыс жасап тұрды. Радиотыңдаушыларға халық педагогикасы, балаларды ұлттық салт-дәстүрге тәрбиелеуге байланысты, тамаша адамдардың үлгі-өнеге аларлық тәрбиелік мәні бар кісілік қасиеттерін мысалға келтіре отырып, қызықты-қызықты әңгіме шерткені әлі есімде. Кейін радиотыңдаушылардың сол хабарларды қайталап беруімізді сұраған хаттары жиі келіп тұрды. Бірде Мұз-ағаңа:
– Осы әңгімелердің басын құрап бір жинақ шығармайсыз ба?, – дегенімде:
– Өзім де соны ойластырып жүрмін, – деп балажан ақын қуаныш сезімін жасыра алмады.
Артынша, 1972 жылы «Қазақстан» баспасынан «Тәрбие туралы әңгімелер» деген кітабы шықты. Бұдан біз М.Әлімбаев талантының сан қырлылығын аңғарамыз.
Ақынның естеліктері мен эсселері, мақал-мәтелдері мен көңіл күнделіктері де оқырмандар көңілінен шыққан тартымды дүниелер. Сондай-ақ ол айтулы публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеушісі де.
Бірақ та ақынның балалар әдебиетіндегі орны өз алдына бір сырлы әлем екенін баса айтқымыз келеді. Өйткені, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі М.Әлімбаевтың әр жастағы баланың ой-өрісіне сай азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, қызық оқиғалы, күлдіріп әрі тапқырлығы жағынан әр алуан ойлы туындылары бала психологиясының нәзік сырына жетік білгірлігін танытады. Оның шығармалары мектеп оқулықтарынан тұрақты орын алған. Көптеген ән текстері жас буынның сүйсіне шырқайтын өлеңдеріне айналған.
Мұз-ағаңның әлі де балдырғандар мен немере-шөберелеріне шабытпен жазылған тамаша жыр жолдарын сыйлайтынына еш шүбә келтірмейміз.
1993 жыл.
Жеңіс ҚАШҚЫНОВ
Ж.Қашқыновтың «Туған жер топжарғандары» (Қарағанды, 2003 жыл) кітабынан алынды.