(Фрагментарлы поэма)
Әлқисса, Шыңғыс хан үлкен ұлының қазасын байтақ Дешті Қыпшақ даласын жайлаған жұрттан көріп, қырғынға ұшыратады деген қауіп болды. Аңыз бойынша, ұлы жырау, би, күйші, атақты қолбасшы Кетбұға жарты әлемді уысында ұстаған ханға үлкен ұлының қазасын қобыздың күйімен естіртеді. Жошы ханға ақылшы болмас бұрын Шыңғыс ханға оң қанатында отырып кеңес айтқан абыз Кетбұға осы күйімен Дешті Қыпшақты кесапаттан сақтап қалған деседі…
Ізашар
Жерге сіңер сырлар бар қылау қардай,
Мың бусанып қара жер:
жылар жандай.
Көтерілген тұманды тіліп өтіп,
Ғасырлар-ай!
Жөңкілген құландардай.
От тұяғы мөрлеген тәнін де ердің,
Топыраққа шылаған қанын да елдің.
Қан аралас топырақ –
күрең белдер,
Әлдилеген сүйегін әмірлердің.
Үйірінен адасып кеткені көп,
Адасты олар тағдыры шеткері кеп.
Тіреледі қай құзға құлан-уақыт,
Маңғаз дала төсінде шет-шегі жоқ.
Көкжиек те аңшының балағындай,
Шер дүниеден келеді қан арылмай.
Күн қарайды құланның төбесінен,
Жошының жанарындай…
Тағдыр желі соққылап бүйірінен,
Талықсиды тұншығып күйігінен.
Маң далада басталды өз аңызы,
Ақсақ құлан адасып үйірінен…
Түсінерсің аңыздың салмақ, күшін,
Дәуір өтер, күй болып арбап құсын.
Жұдырықтай тұяғы жүрегің боп,
Тарпи берер кеудеңнің сол жақ тұсын!
Құбатегін
Ұлысы алқап, жарылқап Тәңірім де,
Сөзі көпке теңеліп, әрі мірге.
Құба-тегін ер бабам ұзан болған,
Инаныш-Білге-Бұқа дәуірінде.
Қос бөрі жауды көрсе түнеріпті,
Қасарысқан жаулары: тізе бүкті.
«Мені сүйген Түркінің жалғасы», – деп,
Жаратқаным екеуін жіберіпті.
Ағайынға екеуін теліді кеп,
Аға керек заманда желігі көп.
Бірі – қалқан,
ал, бірі – қайқы қылыш,
Бірі – ақыл,
ал, бірі – шері-жүрек!
Айдарлы ұлы, қыздары гүл көрікті
Бір заматта жат жұртта құл болыпты.
Атамекен –
еңкейген бір қария,
Желкесіне зіл-батпан түн қоныпты.
Жер жылапты.
Азапты жас көрінбей,
Гүл жылапты.
Нұр сүйген һас бегімдей.
Асқар-асқар таулар да күңіреніпті,
Тас сауытты Күлтегін әскеріндей.
Еңірепті бұлбұлдар жырын аңсап,
Еркелеген бір шақта тұнық ән сап.
Көкжиекке төгілген қан боп жасы,
Күн жылапты.
Күн басты ұлын аңсап!..
Инаныш-Білге-Бұқа, Құба-тегін,
Құсаланған атаның қуа кегін,
Ала таңда шақырып әруағын,
Ереуіл атқа сайлапты жұрат-елін.
Қалың көкжал бір сапқа тізіліпті,
Көктем етіп көктеткен күз үмітті.
Жалғызына қош айтып қыр басында,
Аналардың көз жасы үзіліпті.
Құба-тегін қобызға тіл беріпті,
Ашық аспан түнерген түрге еніпті.
Балбал тастай сұр бұлттан кілең арлан,
Туған жердің сөзіндей жыр көріпті.
«Сүтімді емген азулы көкжалдарым,
Заманынан батыр боп озғандарым,
Ат үстінде мен үшін жаның қисаң,
Бұл жалғанда бар ма екен өзге арманың?!
Қазанатты баптадым дауылыммен,
Сауытыңды жуып ем жауыныныммен.
Тас түнекте жолыңды аян етем,
Таңғы арай, жарығыммен!
Перзентіңсіз ғаламың суық екен,
Мәнсіздікке, құрдымға жуық екен.
Ел жолында құласаң нөсеріммен,
Жер тұрғанша тәніңді жуып өтем!!!».
Деп осылай көкжал бұлт күркіреді,
(Күйдің тілін ұғынған жұртым еді).
Әр тамшысы тағылған тұмардайын,
Бауырынан гауһар тас сіркіреді.
Күй осындай аспани құдірет пе,
Алапат күш дарытқан жұмыр етке.
Буырқанған қаһарлы қалың қолдан,
Ұшары анық дұшпанның күлі көкке.
Білге-бұқа, Ұзанның бастауымен,
Қауышып һас ерліктің дастанымен,
Дұшпанының қамалын үгітіпті,
Құтылмапты қорқаулар қашқанымен.
Тәңір сүйіп «Ар» деген далалықты,
Нәсіп еткен күйшілік, даналықты!
Артық туған ұзанның атақ-даңқы,
Қыран жеткен қиырға таралыпты.
Қобыз шанағында
Күйді аңсаған ғұмырдың сарынында,
Қарағашты жұлғанмен топырақтан,
Балталанған, қураған тамырында,
Сақталады Тәңірдің оты жаққан.
Жылынады сол оттан пенде жаны,
Жаурағанда тірліктің боранынан.
Даналықтың жалғыздық, шерде мәні,
Құйғытады жолыңды сор алуан.
Қобыз үні –
даланың Баба тілі,
Еркіндіктің еркесі –
жел дастаны.
Содан ердің күш-қуат табатыны,
Ұға алмаса,
жүректі шел басқаны.
Асқақ сырдың шыңына ой жетеді,
Тазалықпен бойласаң мұңына да.
Дала жанын төгілтіп сөйлетеді,
Жаратқанның таңдаулы ұлы ғана!
Тамыр
Сары теңіздей сары дала төсінде,
Аңызақ жел, төңірегі жалаңаш,
Шарпылысқан тіршіліктің көшінде,
Жалғыз өзі тамыр жайды қарағаш.
Сағым құшқан, бәлкім, тіпті, елес құр,
Назарына ілмейтін де ел мұны.
Мұңлық іздер әулие ағаш та емес бұл,
Тағдыры тек Жасағанға белгілі.
Жаралғаннан жалғыз екен – тағдыры,
Өзен қайда, орман қайда, ол қайда?
Аялдаған бұлттарға аян бар мұңы,
Бұтағына қонбайды екен торғай да.
Жорғалауы секілденіп жыланның,
Күндер баяу өтіп жатты қалыпты.
Ай, жылдармен төр, мекені Тұранның,
Қарағашқа құдіретін дарытты.
Дарытты оған бабалардың арманын,
Арайлы таң, болашақтың үмітін.
Ерлік толы жұмыр жердің салмағын –
Қызыл тілмен айтылмайтын ұлы тым.
Дарытты оған баһадүрдің жүрегін,
Жер қайысқан қалың қолдың дүбірін.
Періште мен әулиенің тілегін,
Жалбарынған қарияның күбірін.
Қорғасындай тағдыры бар шекті үзер,
Әуелден-ақ айқындалған жол, ізі.
Дәуірлерге дала үнін жеткізер,
Бұл қарағаш –
Кетбұғаның қобызы.
Салтанат
Атақ-даңқы ерлігімен өрілген,
Тарап кеткен байтақ Тұран далаға,
Алып күндей тау артынан көрінген,
Құба-тегін кіріп келді қалаға.
«Айналайын кең пейілді жұртымнан,
Мойымайтын, кетпейтін де сөгіліп»!
Сүйсінеді шаһарына құлпырған,
Көзінен нұр төгіліп!
Біреулері алтын төрін ұсынды,
Біреулері бал қымызға тойдырды.
Сүйіншілеп көгершінін ұшырды,
Азан-қазан шаһар ішін той қылды.
Даңқты ердің бар қадірін түсініп,
Зиялысы өз Ұзанын тұр танып.
Маң-маң басқан түйесінен түсіріп,
Күйшісінен күй сұрамақ бұл халық.
Елеңдеді сұлу қыздар қылықты,
Жүгірді-ау кеп айдарлы ұл, тұлымды ұл.
Төсек тартқан кемпір мен шал жінікті,
Ең айтулы күн болды-ау деп бүгін бір.
Ұлы күйші, ұлы ұзан тоқтады,
Қалың елдің межелеген жеріне.
Жанарлардың отқа айналды шоқтары,
Толқығанның леп қосылып деміне.
Жүрегіңсіз сайрағанмен тіл ғана,
Кеуде құдды жел гулеген шанақ құр.
Көп ішінде жүрегі ояу бір бала,
Күйші жаққа ойлы көзбен қарап тұр.
Бар кеңістік қобызымен өлшеніп,
Құба-керім дария күйін бастады.
Өмір жайлы қарт толғанды теңселіп,
Тебіренді көк өскіндей жас жаны.
Қайран қобыз, күйік-шерді қозғады,
Тәтті жанның түпкірінде көз ілген.
Көкірекке жалын құйып боздады,
Ботасынан айырылған боз інген.
«Қарыды ғой мына күйдің жалыны,
Қатып қалған тау қайғымды қотарды.
Аласұрған замананың дауылы,
Бауырымнан жұлып алған ботамды».
Құдіретті үн бере-тұғын ерге күш,
Әлімсақтың құпиясын айтады.
Теңіз болып мың сан діріл, тербеліс,
Жан әлемін қайық етіп шайқады.
Сезінгені ғайыппенен үйлесіп,
Тәңір берген қасиетпен көкті ұға,
Көп ішінде отыр еді күй кешіп,
Тұрымтайдай Кетбұға!
Төңірекпен күй тілінде сөйлесіп,
Көптен бері жалғыз жүрген дара боп.
Ес білгеннен бұлттай ауыр ой кешіп,
Ойнамаған бала боп.
Артық тусаң, жарығыңнан ұзар кім,
Қызықтырмас дүниенің базары.
Даналықтың төріне енген ұзанның,
Кетбұғаға түсті бір кез назары.
Тамырына өзен көшіп, тау көшіп,
Ғайып жақтан ашылыпты мың есік.
Жарты құлаш қобызымен хәл кешіп,
Отыр екен өз піріне ілесіп.
Жан біткенге үн қатпайтын тұйық ұл,
Күй тілімен ақтарды кеп сандығын.
Жүрегі – Күн,
Күні шашқан күйі – нұр,
Тыңдағанға ұғындырған ар жүгін.
Дарынына ұзан ұзақ таңырқап,
Қыл қобызын шалуын кілт доғарды.
«Ұлыста емес, ұлы өнерде бар ұрпақ», –
Деп осылай рухы тәнге оралды.
«Жарылқадың, О, Жаратқан, Жаратқан,
Ұлысыма шуағыңды төгіпсің!
Мына бала ақ таңы ғой жаңа атқан,
Несібіңе шүкір еттім көріп шын!
Кесіміңе менің қандай айлам бар,
Келерді ойлап уайым кештім, түнердім.
Топырағыма келмегенмен пайғамбар,
Пайғамбардай бір арысты жібердің!
Жазирама бұлағайдан ық болар,
Бір биікке айналады осы өрен.
Иығына сендік мұрат жүк болар,
Қайран елім, көгеріпті көсегең»!
Туған жерін балайтұғын арына,
Еңсесі тік, қайсар да һәм ақылды.
Кілең жақсы төңіректеген жанына,
Құба-тегін Кетбұғаны шақырды.
Арқасынан ақырғандай арыстан,
Жанарынан жалт-жұлт етіп от күліп.
Қалың жұртты сүйсіндіріп алыстан,
Жүрісінен байқалды бір тектілік.
Батырлықты, даналықты, күйді де,
Ерте ұғынған Жаратқаным берді деп,
Кетбұғаның маңдайынан сүйді де,
Құба-тегін сөз арнады елжіреп.
– Келер күннен жүрген едім түңіліп,
Қара түнде жарқ еткен сен – жасыным!
Оянды-ау бір көңілімде ұлы үміт,
Ұлы жолды жалғайтұғын асылым!
Ұлысыңның саған құлар көңілі,
Сенері бол, құлағыңды ас мұңына.
Байтағыңның боларсың да өр үні,
Айналарсың аңызы мен жырына.
Міне, саған нар қобызым аманат,
Сұсты қару қылыштан да өткір бұл.
Шанағында құдірет бар ғаламат,
Өзек тілер қызыл тілден өткір бұл.
Есейгенде ер боларсың қорғандай,
Мен де бір күн қарағайдай сұлармын.
Қасиетті қобызыңмен ормандай,
Қалың елді сақтап қалар туар күн!
Кетбұға
Ұлылыққа бастасын деп өз елін,
Сен Түркiнiң Тәңiр берген көзі едің.
Шет-шегi жоқ тым ғаламат құдірет,
Сөйлеу үшін күй боп кеткен кұдірет,
Бұл даланың дауысы һәм сөзi едiң!
Шер-шеменін ішке тартқан дала бұл,
Тағдыр – қаңбақ, бәрін көрген дала бұл.
Боз інгендей иіп кетіп күйіңе,
Көкірегінен ақтарылған нала зіл.
Тылсым күйің ер бойына дарыған,
Өзін-өзі күй арқылы таныған.
Тәңір бізбен тілдесем деп күй берген,
Естіледі қобызыңның зарынан.
Өзендерді тамырына көшірген
Кеудесінде құлан шабыт көсілген.
Күймен сөйлеп, күйге ұйыған жұртыңның,
Мәртебесін Тәңір өзі өсірген.
– Соңы –
Ерік НАРЫН,
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.