Жұмекен Нәжімеденовтің туғанана – 90 жыл
Менің бұл қысқа жазбам – Жұмекен ағам үшін Жаратқан Алланың дәргейінде жасаған дұғам ретінде оқылсыншы.
Өйткені қазақтың ұлы шайырларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың мол әдеби мұрасы менің талдап-тәпсірлеуіме мұқтаж емес. 1988 жылы жарыққа шыққан «Ұлым, саған айтам» атты жыр жинағына жарықтық Темірхан Медетбек ағам ғаламат мақала жазып, Жұмекен ақынның жырда жасырған жұмбақтары мен қилы заманның ағысында өзін жоғалтпаған күрделі тұлғаның ішкі драмасын сұмдық ашып беріп кеткен. Әлбетте, біз де Жұмекенді өзімізше танығанбыз, шығармаларын да өзімізше саралап-саралай алатын хәлдеміз. Бірақ бұл мақаланың жөні бөлек.
Жұмекен Нәжімеденовтың ұлы Мағжан ағам хабарласып: «Ақберен бауырым, жақында әкеміздің жаңа бір жыр жинағы жарық көрмекші. Сол кітапқа алғысөзді жазып берсін деп әулетімізбен өзіңді ұйғарып отырмыз» дегені. Ол маған Жұмекен әкеміз үшін дұға жасашы дегендей естілді.
Бұл мен сияқты Жұмекеннің поэзиядағы інісі, оның ақындық мектебінен түлеп ұшқан шәкірті үшін зор мәртебе екені анық. Бірақ дөйдалаға ұшып кетпеу үшін сол мәртебенің үстіне жауапкершілік атты зілмауыр дүние қойылатыны да бізге белгілі шаруа. Сондықтан біз үшін аса қадірлі Жұмекен ағамыздың бұл жыр жинағына басқа жағынан келгеніміз жөн деп ойладық. Анығында біз ойлаған жоқпыз, Алла соны қалады десек – сонымыз дұрыс болады.
Ардақты оқырманымыз «автор неге бұл мақаланы дұға деп айтып отыр» деп ойлауы мүмкін. Жұмекен ағамыз Совет үкіметінің билігі үстем болып тұрған кер заманда дүниеге келіп, сол кезеңде дүниеден өтті. Ал Совет үкіметі – Құдайсыз мемлекет еді. «Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес» деген хакім Абай. Дүниеден озса да, өлмейтұғын мәңгілік рухқа мақтау, мадақтау керек емес. Оған артында қалған ұрпақтан Алладан мағфирет сұрағаны әлдеқайда қажет дүние. Мәңгілік рухқа артында қалған елінен жақсы сөз, ақ ниетті тілектер ағылса бек жақсы. Сондықтан Жұмекенді шын құрмет тұтқан адам, оның мұрасын шын жүрегімен сүйетін ұрпақ – марқұм жан үшін шын ниетпен дұға жасауы парыз.
Бірақ біз дұғамызды Жұмекен ағамыздың өз жырларын дәнекер етіп жасамақпыз. Өйткені Жұмекеннің өз өлеңдері – Алланың алдында «міне, мынау Жұмекеннің дінсіз замандағы жасырып жасаған амалы, Сен оны Өз рақымына бөлей гөр!» деп айтуымызға көмек болмақ.
Әлқисса, Жұмекенмен танысуым оның сырты сары, мұқабасында алып атты кісі бейнеленген «Темірқазық» атты кітабынан басталған. Ауылдағы үйде сол кітапты ары аударып, бері аударып оқып, кейбір өлеңін түсініп, кейбіріне шама-деңгейім жетпей, әбден қиналушы едім. Дегенмен сол өлеңдердің ішінде бір сырлы жауһарлар барын сезетінмін, сол сары кітапта өзгеше бір таңғажайып әлем, өзге ақындарда кездеспейтін кеңістіктер, ерек бояулар мен сиқырлы әуендер бар сияқты көрінетін. Есею жылдарымда да мен Жұмекеннен қол үзген емеспін. Қазір де «кімді тағы бір қайталап оқысам екен, ә?!» дегенімде қолым еріксіз Жұмекеннің жеті томдық таңдамалы жинағының біреуін сөреден суырып алады. Тағы да Жұмекен сені шырғалаңдай шыр айналдырып, өзінің терең иірімдеріне тарта жөнеледі. Қазіргі ақындармен салыстырасың оны. Салыстырасың да, «бәрібір Жұмекен мықты ғой!» дейсің.
Шынында Жаратқан Жұмекенге құдіретті талант берген. Ал сол Жаратқанның шексіз сыйын Жұмекен толығымен ұқсатты. Аз ғана ғұмыр, небәрі 47 жаста артында біріне бірі ұқсамайтын, әрқайсысы құбылыс деуге болатын өлеңдерді қалдырып кетті. Және дүние сырына терең үңіле білген Жұмекен әлемді де, оның жаратылысын да, тіршілік пен оның бұлжымайтын заңдылықтарын да, өзіне берілген телегей таланттың да, ерітілген алтыннан құйылғандай сом-сом, ғаламат өлеңдер де, бәрі-бәрі тегінен тегін еместігін, мұның артында бір ұлы Құдіреттің бар екенін түйсінгені хақ.
Өйткені Жұмекен тумысынан дана адамтұғын. Ойлы оқырман Жұмекеннің даналығын жыр жолдарының арасында «жасырып, тығып қойған» оның парасатты орамдарынан сезіп-білер еді.
Ал дана адам дүние өздігінен көктен түсіп, барлық үйлесімді жаратылыс судан шығып, тіпті ақыл мен сана, ар-ұждан, махаббат пен мейірім сияқты сезімдер, музыка мен өнердің барлық түрі будан қалықтап шықпайтынын біледі.
Білген соң, Жұмекен былай дейді:
«Алтыншы күн отырмын мына столдың басында,
бір маңызды іс тындыру керек маған,
расында,
адам жасап балшықтан,
балшық та емес, күл-құмнан
маңызды ісін Алла да алтыншы күн тындырған.
Ай, Күн – жарық,
Көк – түнек,
Су – сұйық та, тас – қатты,
алты-ақ күнде Құдірет бәрін жасап тастапты.
Жасағанын мықтының алты-ақ күнде бастапқы
алты миллиард жыл ойлап түсіне алмай бас қатты,
Бас қатырып кетті Хақ,
Сый ғып маған Күн, Түнді,
өзің іздеп тап депті қасіретіңді, күлкіңді –
тұғыр торы секілді салып келем бүлкілді;
әлденеге ой алаң,
көңлім күпті бір түрлі
еңбегіме – тапқаным татымайтын сықылды.
Жақсылық пен жамандық – жаратқан Хақ аралас,
Мықты екенсің, ажырат,
адас, Адам, ал адас!
Мен де адастым талай жыл –
Күнәкарлық емес ол,
барлық күнәң – мықтыға еліктедің демесең.
Алтыншы күн отырмын осы столдың басында,
бір маңызды іс тындыру керек шығар, расында:
алақанмен көсіп ап әппақ нұрды Күн, Айдан
себейінші жырымның жолдарына мұңайған.
Күнге қарап өссін сөз күнбағысша күләйлан,
мұхиттардың толқынын тулатайын тақымға ап,
Тәңірім басын изесін: «мақұл», «мақұл»,
«мақұлдап».
Керегі жоқ той ұлы
Сала аламын былай да ән,
Кішіпейіл кісімін – дәме етпеймін ұлы ойдан.
Жо-жоқ, Құдай емеспін,
сақта, Құдай, Құдайдан!».
Иә, құдай болудан тек Құдайдан қорқатын және әуелі оған сеніп, иман келтірген адам ғана айтар еді. Ал ескілердің көзін көріп, мұсылман әулеттен шыққан Жұмекен ағамыз жүрекпен де, тілмен де Жаратушы бір Аллаға иман келтірді деп сенеміз. Тек оны Совет заманында ашық айта алмағаны анық. Бірақ сол замандағы ағаларымыздың сыртқы өмір сүру салты – олар үшін «үзір» жағдайы (яғни амалсыздық, уәж, дәлелді себеп деген мағынада) болып есептеледі деген үмітіміз бар.
Бәсе деймін, өмірде де, өлеңде де әдепті болу үшін адамда табан тірейтін бір ұстаным, бір тиянақ керек-ақ. Ал Жұмекеннің өлеңдерін тұнып тұрған әдеп пен гуманизм емес пе!
Мынаны қараңызшы:
«Бүкіл әлем махаббаттан тұрады –
Таңғы шапақ – от боп жанған еріндер.
Бүкіл әлем – мейірімнен тұрады –
Әжелердің әжім жүзін көріңдер.
Жаса десе дүниенің картасын,
Көл орнына көз салар ем тұп-тұнық.
Алатау мен Балқан таудың ортасын,
Бір тал шашпен жалғар едім, мықты ғып.
Білеу-білеу қырларының орнына,
Білегімнің сүгіретін салар ем.
Өрбіп жатқан өзендердің орнына,
Қан-тамырдың сүгіретін салар ем.
Бүкіл әлем – мейірімнен тұрады,
Бүкіл дүние – махаббаттан тұрады!
Жуады ғой қатып қалған қайғыны,
Жаңа туған бала күннің шуағы.
Көрсет десе ғұмырыңның бар сырын,
Күн көзіне тосар едім күректі.
Жаса десе, жаса десе жер шарын,
Сүгіретін салар едім жүректің!», – дейді ақын.
«Бүкіл әлем – мейірімнен тұрады, бүкіл дүние – махаббаттан тұрады!» дейтін ақын бірдеңе білсе керек. Бүкіл дүние – қара күштің арқасында тұрмағанын, «адамзатты махаббатпен жаратқан» Біреу барын біледі ғой ойшыл адам.
Ал ойшыл болса, Жұмекендей болсын!
«Үзіліпті сол өмір…
Жо, жоқ, өлген жоқ бірақ.
Тек ерлік пен еркіндіктің өлеңін,
Айтар болдық бұрынғыдан қаттырақ…» дегенде бір ишара жасырулы тұрған жоқ па?! Кейін осы өлеңнің тұсына, сол тұста айтқан жасырулы ойына ешкім (уақыты келгенше!) назар аудармасын деп жырды ары қарай шұбыртып ала жөнеледі. Назар аударсаңыз, «бұрынғыдан қаттырақ айтатын ерлік» деп отырғаны – баяғы «ұлы отан соғысы» деп аталып кеткен қиян-кескі ұрыстың даурықпалы, идеологиялық науқаны ғой…
«Белгісіз ой, жүректе жүре тұршы,
Бедерлі өлең, қойнымда жүре тұршы,
Менің-дағы шаңымды қағып мезгіл,
Іздеп тауып алғанша бір оқушы» дейді Жұмекен ақын.
Байқайтын адам байқайды. Өйткені өлең дегеннің өзі – ишара, ым, белгі, әуен мен ұйқасқа жасырылған жұмбақ бір ой-энергетикалық құрылым. Ал шөпті де, шөңгені «жырлайтындар» нағыз өлең емес, әдемі құрастырылған тақпақ жазады. Ол басқа әңгіме.
Жұмекенде «Қожа Ахмет Яссауи мешіті» деген өлең де бар. Ол тіпті ғажап өлең. Мақалаға аз орын берілген, ал өлең ұзақтау болғасын бәрін келтіре алмадық. Бірақ мына тұсын салмасам, болмайды:
«Ұлылық деп осыны айтса – көнем де,
Сұлулық деп осыны айтса – сыятын.
Қарап тұрып жеті ғасыр төменге,
Сүйсінуге ғана жетті қуатым!» дейді Жұмекен аға.
Атеистік замандағы ақындардың ішінде Қожа Ахмет Яссауи Пір-әулиеге зиярат жасай барып, кесенесіне сүйсініп тұрып өлең жазған адам есіме түспей тұрғаны… Мүмкін бар шығар, мен кездестірген жоқпын. Кейінгілер жазды ғой, оған дау жоқ.
Әдеп дегенді айтып қалдық. Жұмекеннің бір қасиеті – өмірде де, өлеңде де өңмеңдеп алға шықпаған адам деп оқыдық. Қадыр Мырза Әлі ағам да соны айтқан маған. Жұмекен – бір ғажайып сырды ішіне жасырған сұлу тау секілді. Сол әдеп оның әр өлеңінен есіп тұрады. Әдепті адамның – мінезі көркем. Мінезі көркем адамның – жүрегі көркем ғой.
«Аяқ екеу,
Ақыл жалғыз,
Қатем мың –
Барлығын да өмірге өзім әкелдім.
Жігіт болдым.
Анам байғұс соған мәз,
Шақ болғанға киімдері әкемнің.
Қайдан білсін, қадан білсін, ол менің,
Бар мәнімді мазасыздық жеңгенін.
Қайдан білсін бар екенін талай жыл,
Шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың…» – дейді Жұмекен аға.
Шыбыртқысын! Қаламын емес, қағазын емес, ақындық жолын емес… Шыбыртқысын! Қараңыз, Абайдың жаны түгілі, денесіне тіл тигізбейді. Қолындағы аз уақытта пайдаланып, айдалаға тастай салатын қара шыбыртқысын ғана айтып отыр Жұмекен! Неткен әдеп және неткен астамсымай, өзіне өзі берген есеп десеңізші. Осы ғой көп қаламгерлерге жетпей жүрген дүние. Хакім Абайдың қолындағы жай ғана шыбыртқысының өзін қасиетті көріп, «оған әлі талай жыл бар» деп отыр. Әдепке жасырылған көркем мінез деген осы, көркем мінезге жасырылған сұлу, нұрлы, иманды жүрек деген осы.
Осы мақалада келтірілген төрт-бес шумақтағы Жұмекеннің философиясынан – баяғы, дана қазақтың ұстанымын көруге болады. Ол әуелі – Аллаға деген махаббат, Одан қорқу, Жаратқанға деген әдеп. Сосын Алланың әулиелеріне деген махаббат, құрмет һәм әдеп.
Және мейірім мен махаббатты жырлаған жұмсақ жүрек.
Жұмекен деген құбылыс – осы.
Сондықтан да Жұмекеннің бір қарағанда ғана қарапайым боп көрінетін «Менің Қазақстаным» атты өлеңі – бүгінде Қазақстан Республикасының Әнұраны болып, күнделікті шырқалып тұр. Бұл сөзсіз әдептен озбаған, дінсіз заманда жүрегіндегі нұрын жоғалтпаған пендесіне Тәңірдің берген өлшеусіз, рақымды сыйы.
Сондықтан да Жұмекеннің аты аталғанда, Поэзия атты әлемді жақсы білетін адам оны «ұлы шайыр, ұлы ақын» деп бағалап жатады. «Абайдан кейінгі ақын осы Жұмекен» деп Бас ақыннан соң екінші қып қойып сөйлейді. Оның барлығы заңды. Өйткені бұл Алланың Өзі заңдастырып берген Жұмекен Нәжімеденовтың дербес мәртебесі, Алаштың алдындағы асқақ абыройы. Абайдың шыбыртқысына әдеппен қолын созған Жұмекенге Алла осындай бақ бұйырды.
Жұмекен дінді толық білмеген шығар, рухани жағынан тереңдеп, кемелденбеген шығар, бірақ Алла анандай діннен безген бедеу заманда Қожа Ахмет пен Абайдың нұрлы жолы үзілмесін деп қазаққа Жұмекенді жіберген деп ойлаймыз. Бірақ әдеттегідей оны дер шағында толық ешкім байқап, бағасын берген жоқ. Олардың шаруасы – бүгіншіл, Жұмекендікі – ертеңшіл еді.
Ал біз – қазақта Жұмекендей ақын туғызғаны үшін Тәңірге разымыз.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
2025 жыл, тамыз айы.
(Автордың Facebook парақшасынан алынды)