Баянауылда майдангер жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдық және саяси қуғын-сүргін құрбаны, жазушы, сатирик, аудармашы, сазгер Қадыр Баспақұлы Тайшықовтың 125 жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырлыған облыстық әдеби байқаулардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары марапатталды.

Қалмұқан Исабай атындағы байқау проза жанрында, Қадыр Тайшықов атындағы байқау сатира жанрында өтті. Бұл додаларды Баянауыл ауданының әкімдігінің қолдауымен «Айқара.kz» әдеби порталы мен облыстық тарихи-танымдық, әдеби-көркем «Ақбеттау» журналы ұйымдастырды.

Салтанатты жиын заңғар тұлғалардың сөздерімен басталды. Қадыр Тайшықовтың 1932 жылы жазылған «…Де!» деп аталатын сатиралық әңгімесін Айсұлтан Дәулетхан, Қалмұқан Исабайдың «Алғашқы тәй-тәй» естелік әңгімесінен үзіндіні Мейіржан Баршынбай оқыды.

Баянауыл ауданында облыстық, республикалық әдеби жиын, форум-фестивальдер өту дәстүрі бай тәжірибеге ие. Сол берекелі бастама биыл да жалғасын тапқаны көңіл қуантады. Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Альмира Диюсупова құттықтау сөз сөйлеп, бұл байқаулардың қаламгерлер үшін шығармашылық биік белес екенін айтты.

Әуелі Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған рәсімдерге куә болдық.

Қалмұқан Исабай – қазақ мүддесі тұрғысынан келгенде бір өзі бір институт, ұйымдардың жүгін көтеріп, солар атқаруға тиісті жұмыстарды айқай-шусыз бір өзі тындырған, онысын және міндет етпеген тұлға.

Бұл сөзіміздің жалған еместігіне куәгер жан – Қ.Исабайдың ізбасар інісі, ақын, жазушы, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қорғанбек Аманжол. Қаламгер республикалық баспасөз беттерінде ардақты ағасы туралы тағылымды толғаныстарын, мазмұнды мақалаларын, деректі очерктерін дүркін-дүркін жариялады.

Алматыдан арнайы келген мәртебелі мейман – Қалмұқан ағасын «Ісі ұлық, өзі кішік» деп қастерлеген Қорғанбек Аманжол жиын барысында естелік әңгімесін айтып, ағасына арнаған жырын оқып берді:

«…Бойы бұлдырықтай Қалағам,

Кеңірдегі қылдырықтай Қалағам.

Он сегізде солдат боп,

Аламанға түсер арғымақтай жараған.

Қолтоқпақтай болса да,

Қанына қарға бойлы Қазтуғанның,

Қайсарлығы дарыған Қалағам.

Баянауылдың байтағында,

Жасыбайдың ойпаңында,

Кіл ұлылардың ой таңында туып,

Қазағым деп арыған да налыған,

Қайрағын намыстың

Үнсіз де жүріп жаныған Қалағам.

Қаршығадай Қалағам,

Қолдан бермес намысты

Осы екен ғой нар ағам…», – деп жазыпты ақын Қалмұқан Исабайдың 90 жасқа толған тойында. Бұл өлеңді мерейтой иесі тыңдап, ерекше тебіреніп, разы болыпты.

Қажырлы да қайратты қаламгердің – мерейтой иесінің ізбасарлары бүгінде бір шоғыр болып, әдебиет көшіне ілесті. Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен «Қалмұқан қаламының ізімен» атты павлодарлық жазушылардың әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты. Іс-шара аясында аталған кітаптың тұсауы кесілді. Рәсімді Қалмұқан Исабайдың жары Зәбира Исабаева мен Қорғанбек Аманжол жүргізді.

Қаламгердің мерейтойына орай өткен облыстық прозалық шығармалар байқауында үміткерлердің жасына шектеу қойылмады. Бірнеше кезеңді қамтитын байқаудың іріктеуіне облысымыздың түкпір-түкпірінен отызға тарта қаламгер қатысты. Олардың ішінде үздік 18 шығарма іріктеліп, «Aiqara.kz» порталында жарияланды.

Қазылар алқасына шығармалар автордың аты көрсетілмей, нөмірленіп ұсынылды. Бұл – байқаудың әділ өтуіне мүмкіндік берді. Сонымен бірге, әр шығарма көркем әдебиет сыншыларының, сарапшылардың, оқырмандардың талқысына түсті. Портал оқырмандары сарапшылардың әр әңгімеге жазған рецензияларын оқыды.

Байқауда маңдайы жарқырап, жұлдызы жанған жазушылар ел алдында марапатталып, ықыласқа бөленді.

Бас жүлде және 750 000 теңге сыйақыны «Өлім. Код. Өмір» әңгімесінің авторы Жақсыбек Шанышқылы (Павлодар қаласы) еншіледі. Жеңімпазды Алма Қалмұқанқызы марапаттады.

«Өлім. Код. Өмір» туындысының тақырып өзектілігі аса жоғары. Жасанды интеллект, виртуалды шындық пен адам эмоциясының тоғысуы қазіргі қоғам үшін өте актуалды әрі терең моральдық сұрақтар тудырады. Кейіпкердің ішкі психологиясы нанымды берілген. Ананың қайғысы, күйзелісі, өмірге қайта оралуға талпынысы біртіндеп, шынайы өрбіген.

Бірінші орын және 550 000 теңге сыйақыны «Тек» әңгімесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөжен (Ақтоғай ауданы) иеленді. «Тек» әңгімесінде автор адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдік бұзылса, зорлық, ашкөздік пен қатыгездікке жол ашылатынын жеткізеді оқырманға. Сөйте тұра Құдайдың әділет таразысы барлығына иландырады. Туындыдағы сипаттауда поэтикалық сарын басым.

Екі екінші орынның бірін «Ертіс жағасында» әңгімесінің авторы Жантас Еркін (Павлодар қаласы) алды. Бұл әңгіме көркемдік стильімен ерекшеленеді. Автордың жазу мәнері – поэтикалық сипатта. Шығармада автор табиғат суреті мен ішкі күй арасындағы байланысты көркемдікпен өріп, оқырманды сезім кеңістігіне жетелейді. Бұл – шулы оқиғадан гөрі ішкі диалогқа, күйзеліс пен рефлексияға құрылған проза.

Екінші 2-орын жүлдесін «Ақкелін шоқысы» әңгімесі үшін Нұрлан Күлжан (Баянауыл ауданы) алды. Қазаққа белгілі Шорман бидің махаббат хикаясы суреттелген бұл шығармада автор әр сөзге, табиғаттың әр қозғалысына жан бітіріп, Ғабит Мүсірепов сынды мәдениетті жазудың үлгісін көрсете білген. Автор ел аузында қалған тау атауы туралы жаза отырып, өткен тарихтағы тұтас бір картинаны шеберлікпен көз алдымызға елестетеді. Қос жүлдегер 350 000 теңге сыйақымен марапатталды.

3-орын жүлделерін «Ауа райы болжамы: Ақбеттаудан сел жүруі мүмкін» әңгімесі үшін Жанасыл Серікбол (Шарбақты ауданы), «Тағдыр жебесі» әңгімесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ербол Қайыров (Тереңкөл ауданы), «Тұмаркіндік» әңгімесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы (Павлодар қаласы) иеленді. Жүлдегерлерге 250 000 теңге сыйақы табысталды.

Бұл әңгімелер несімен ерекшеленді? Соған тоқталсақ. «Ауа райы болжамы: Ақбеттаудан сел жүруі мүмкін» атты әңгімеде автор «Жан нені іздейді?», «Көңіл нені қалайды?», «Жүрек нені аңсайды?» деген сауалдарға жауап береді. Әңгімеде айтылғандай, қураған, нәр тілеген тек дала емес. Адамның көңілі құлазыса, жұт жайлаған даладай, тамшы тамбаған ағаш астаудай қаңсып қалады емес пе? Қуарған дала – құлазыған көңіл. Далаға қажеті – толассыз жаңбыр. Ал көңілге ше? Көңілге керекті адам өзінен, бір-бірінен, отбасынан, ұрпағынан іздеуі керек. Жазушы осыны жеткізгісі келеді оқырманға.

«Тағдыр жебесі» әңгімесінде орыс отарлаушылардың қазақ халқына жүргізген озбыр саясаты баяндалады. Баһадүр Есенқұл батырдың немересі Темірдің езгіге түскен ұлттың кегін қайтармаққа талпынуы, сол жолда шейіт кетіп, оның жолын баласы Қошмұхаммедтің жалғауы көрініс тапқан. Әңгімеде Қошманның әкесінің қабіріне қан тамызып, кек алмаққа уәде беруі, мысықтың құйрығына от байлап, отарлаушылардың бекінісіне лаң салуы секілді детальдер оқырманды оқиға желісіне ынтықтырып, жетелеп отырады.

Ал, «Тұмаркіндік» – терең психологиялық иірімдер мен ұлттық болмысты қатар өрген, оқырманды бей-жай қалдырмайтын көркем туынды. Оқиға желісі жұмбақ әрі символикалық астармен өріледі. Әңгімеде бас кейіпкердің жан толқынысы арқылы адамның түп тамырына, тегіне деген сағынышы, бейсаналы түрде өзін-өзі іздеуі көркем бейнеленеді.

Қалмұқан Исабайдың журналистік жолында – «Социалистік Қазақстан», яғни қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті ерекше орын алады. Қалмұқан ата бір естелігінде былай дейді:

«…«Социалистік Қазақстан» маған күнделікті өмірде алдымен неге назар аударуды, ойды шұғыл дамытуды, қолдағы деректерді сөз бұйдаға салмай дереу қағазға түсіруді, өзім ұзақ жылдар бойы қол үзіп кеткен ана тілімді жетілдіріп, нақыштауымды, аз сөзбен көп ой айта білуімді, кіммен қалай сөйлесуімді үйретті…»

Осы сөздерден-ақ жазушының басылымға деген махаббаты мен құрметі анық көрінеді.

Жазушының мерейтойына Қалмұқан атамыздың өзі «Мені биік дәрежеге жеткізген университетім» деп бағалаған, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің ресми өкілі, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қанат Әбілқайыр қазылық етті.

 

***

Жиынның екінші бөлігі Қадыр тайшықов атындағы сатиралық шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттауға ұласты.

Қадыр Тайшықов туралы айтқанда, қазақ әдебиетінің білгірі, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың естелігіне үңілмей өте алмаймыз.

«…Қадыр өте-мөте шағын көлемді әңгіме, фельетонға шебер. Оның әңгімелері мен фельетондары әрі өте қисынды, өткір, көркем тілді, әрі келісті, күлкі-әжуалы, мысқыл-сықақты болып келеді.

Қысқа күлдіргі, сықақ әңгіме, фельетон жөнінде Қадырды А.П.Чехов стиліндегі, сонан ұтымды үйренген талантты күлкіші, сықақшы десе болады. Ол таланатты, тамаша сықақшы еді…», – дейді Бейсенбай Кенжебаев.

Демек, Қадыр Тайшықовтың 125 жылдық мерейтойы аясында облыстық сатиралық шығармалар байқауын өткізу өте орынды һәм жарасымды.

Қ.Тайшықовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп зерделеуде «Ақбеттау» журналының бас редакторы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сайлау Байбосынның еңбегі ересен. Әр жылдары республикалық, облыстық баспасөз беттерінде Қадыр атамыз туралы көлемді мақалалар жарияланып, насихатталды. 2015 жылы қаламгердің шығармалары жинақталып, «Аманат» атты кітабы жарыққа шықты. Осыған дейін Қадыр Тайшықов атында бір рет облыстық, бір рет республикалық сатира байқауы ұйымдастырылды. Биылғы байқау да Қадыр Тайшықов мұрасын кең көлемде танытуға соны серпін берді. Осы және өзге де ілкімді істерге Сайлау Әшенұлы мұрындық болып келеді.

Қадыр Тайшықовтың 125 жылдық мерейтойына орай өткен облыстық сатиралық шығармалар байқауында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алпысбай Әбділұлы жеңімпаз деп танылды.

ІІ орынға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөжен (Ақтоғай ауданы), ІІІ орындарға Жанболат Абайхан (Мойылды кенті), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабай (Екібастұз қаласы), Жақсыбек Шанышқылы (Павлодар) иеленді.

Қазақ әдебиетінде өшпес із, сөнбес сөз сәулесін қалдырған тұлғалардың мерейтойында жүлде алу – әр қалам иесі үшін зор мәртебе ғана емес, үлкен сенім мен жауапкершіліктің жүгі дер едік. Барша қаламгерге қайырлы-құтты болсын айтамыз.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий