Қадыр Тайшықов – 125 жыл

Eгер, жолдас, шешен болам десең, сатып алсаң да, бір кішкене жиналыс тауып ал. Сосын тайға мінген баладай, мінбеге барып таштия қал. Сол қолың сүбеңде болсын, оң қолың төбеңде болсын.

– Жолдастар!.. деп сөзге кіріс. Содан соң былы-бы-лы, былдыр-былдыр, дыбы-дыбы-дыбы, дыбдыр-дыбдыр, шұбыртып ала жөнел.

Аң тілінде сөйлеп тұрғаныңды, құс тілінде сөйлеп тұрғаныңды жан түсінбесін. Отырған жұрттың алды тарап кетіп, арты ұйықтап қалсын. Екі жарым сағат шамасы осы қалыпты сөйлеп бол да:

– Бағанадан бергі айтылғандардың бәрі жасасын! – де.

Егер, жолдас, белсенді болам десең, «мушке», «девятый бал» (карта ойындары) алдыңнан кетпесін. Сүйретінді борыш-қарызың артыңнан кетпесін. Пиво алдыңда тұрсын, коньяк түсіңе кірсін. Он бес күннің бір күнінде ғана арақ іш, қалған он төрт күні пахмельмен өтсін. Он алтыншы күн дегенде бір бас көрсетіп қой.

«Қайда жүрсің?» – деуші біреу бола қалса: «Жұмыс бастан асып жатыр, сіңбіруге мұрша жоқ, науқаннан-науқан, командировкадан-командировкада жүрмін», – де.

Егер, жолдас, аңқау елге арамза молда болғың келсе, алты құлаш документ ұстап елге шық. Қалың елдің ортасына барған соң: «Мен жоғарыдан келген өкілмін, профсоюздың өкілімін, живсоюздың өкілімін, қылсоюздың өкілімін, актсоюздың өкілімін, балықсоюздың өкілімін, шошқасоюздың өкілімін, қысқасы осы дәуірде ашылып бар болуға тиісті болған барлық союздың өкілімін. Өкіл болғанда, жұрт қатарлы жай өкіл емес, әйдік өкілмін. Бұрынғы келген өкілдердің бірінің астынан қарайтын емес, бәрінің де үстінен қарайтын өкілмін!», – деп, кеудеңді қағып, өзіңді таныстырып қой.

Нақты кім екендігің көп өкілдіктің астында калып, жұрт түсініңкіремесе: «Николай тұсындағы губернатор, Керенский тұсындағы агитатор, совет тұсындағы организатормын», – де.

Егер, жолдас, асқан ақын, жортақы жазушы боламын десең, әуелі көркем суреттен баста. Бастағанда былай баста:

«Алатау – бір қақпас карт шал,

Басына қардан сәлде киіп тұр.

Құзы, шыңы, жыныс, жартасы,

Ұйқысы келіп, қабағын түйіп тұр.

Бұлттар – бір жас бала талтайып,

Алатаудың иығына мініп тұр.

Су сыбырлап тұр,

Жапырақ жыбырлап тұр.

Жел желе желпіп тұр,

Табиғат арақ ішкендей,

Маужырап елтіп тұр.

Даңғырат, қаңғырат,

Соқ дабыл, барабан,

Әкел мұнда гонорар! – де.

Егер, жолдас, ухажор болғың келсе, екі табақ қағаз алып бір қызға хат жаз. Ең басына: «Махаббат деген тікенек, Жүрекке келіп қадалды» деп бір ауыз өлең қыстырып қой.

Содан кейін: «Сәулем сен дегенде ұйқыдан айрылдым, сөткесіне 12-ақ сағат ұйықтаймын. Сен дегенде тамақтан айрылдым, бір жегенде алты қадақтан артық ет жей алмаймын. Сен дегенде сүзек болған адамдай сусын шыдатпас болдым. Бір ішкенде – бір дожына ғана пиво ішемін. Қысқасы не керек, сен дегенде сіңіріме ілініп, құр сүлдерім жүр. Мен сені ойыммен, жаныммен, тәніммен, өне-бойыммен «сапсім» сүйемін, ендігісін өзің біл!», – де.

Егер, жолдас, үкімет қаулысын орындағыш боламын десең, семіз қойдан алтау сой. Ту сиырдан екеу сой, ту биенің екісі қымбатырақ келер, бір биеге бір семіз тай қоса сой. Күндіз қорықсаң, түнде сой. Қораға соя алмасаң, үйде сой. Есіктен төріне дейін қаны-жыны шашылып жатсын. Қазы, карта шы-мырлап қазан-қазан асылып жатсын. Осылай істе де: «Партия мен үкіметтің ет дайындау науқанын жүз процент орындап жа-тырмын!», – де.

Жолдастар ойынға қалжың араластырсаң, әңгіме бола береді. Бәрін айт та, бірін айт. Жоғарыда айтылған: шешен, көсем, белсенді, организатор, беделді, арамза молда, ухажор – мұның бәрі кеңес жұртшылығына керекті іс емес, бұлар ескіліктің сарқыны, мещандық түрлері. Керітартпа кеселділердің қылықтары. Олай болса «Осының бәрінен де бізді құдай сақтасын!», – де.

 

1932 жыл.

(Қадыр Тайшықов, «Аманат» кітабынан алынды)

Добавить комментарий