(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №15 «Тансаңшы» немесе күй-құдірет» әңгімесіне пікір)

«Тансаңшы» немесе күй-құдірет» әңгімесін оқыған соң, «Бұған дейін күй туралы жазылған қандай әңгімелерді оқып едім?» деп ми қатпарын қопарыстырдық.

Мектеп оқулығынан «Наридірген» күйінің тарихын баяндайтын Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесін оқығанда ерекше әсерленгеніміз еске түсті. Тәкен Әлімқұловтың «Сарыжайлауындағы» Тәттімбеттің бейнесін қалай ұмытамыз?! Әбіш Кекілбаевтың «Күйшісі» әлі жадымызда күй күмбірлетеді. Ал, Мұхтар Мағауиннің «Көкбалағының» санадағы сәулесі әлі шашырап тұр. Жүрген жерімізде Тоқсаба мен Бекжанның күй тартысы туралы айтып жүреміз. Тартылған әр күйдің тарихы мен тағылымы көкейімізге ұялағаны былай тұрсын, қос өнер иесінің бекзат болмысы, асқан кірпияздығы мен шынайы өнердің салтанаты көз алдымыздан кетпейді.

Бұл әңгімені жоғарыда өзіміз атаған, яғни өзіміз оқыған классикалық туындылармен салыстырып өтпеу мүмкін еместей. Себебі тақырып бір болған соң автор өзі жазған шығармасына біз атаған, атамаған авторлардан әсер алмауы мүмкін емес. Өзі естіген ескі аңызды бүгінгі оқырманға ұсынған қаламгер көңіліндегісін жеткізу үшін «алдыңғы толқынның» туындыларына қаныққаны көрініп тұр.

Автор оқиға орын алған уақытты, кейіпкер басындағы тағдырды, ұрпақтар арасындағы байланысты бейнелейді. Әңгімеде әкесі айтқан «Тансаңшы» күйінің аңызы, күйшінің ұрлық жасауы, күйші-ұры ұсталғанда қарт күйшінің күй тілімен «Ұрлығыңды мойындама!» деуі, күй құдіретімен жігіттің тұтқыннан босатылуы – бәрі-бәрі шебер баяндалған. Шығарманы аңыз желісіндегі әңгіме деуге болады.

Жазушы аңыз арқылы күйдің символдық мәнін ашуға тырысқан. Автор адам табиғаты мен өнер құдіреті арасындағы байланысты нанымды жеткізе білген. Шығарма ұлттық таным-түсінікті арқау етуімен және оқырманды күйді түйсінуге жетелей алуымен құнды.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий