Торайғыров көшесі. Тәуекелі көп, тынышсыз тоқсаныншы жылдары тағдыр бізді осы көшенің бойындағы 56-шы үйде тоғыстырды. Тоқсан бірдің желтоқсанында тәуелсіздік таңын осы үйде қарсы алдық. Бұл кезде көшенің атауы басқаша болатын-ды. Ел дербестік алған соң облыс орталығында  алғашқы болып атауы ауысқан көшенің бірі – осы Торайғыров. Сондағы қуанышымызды айтсаңызшы! Ол сезімді аз сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Не керек, тоқсан бірдің қыркүйегінде студент атанып, Сұлтан ақын Торайғыров көшесіндегі 56-шы үйде қылшылдаған жастық кезеңіміздің әйдік бөлігін өткердік. Желтоқсан айында жұртымыз тәуелсіздігін жариялады. Егемендікті от пен оқ кешіп жүріп, құдды өзіміз алғандай алақайладық! Ол тіптен сұмдық сезім еді!

Одақтың ойраны шығып, балапан басына, тұрымтай тұсына дерлік алмағайып тұста студент болу – айтуға оңай. Бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ күндерге тап келсек те, бұйырғанша білім алып, алдағы күндерден үмітті үзбедік. Еліміз тәуелсіздік алардың аз-ақ алдында Павлодар педагогикалық инситутында негізі қаланған қазақ филологиясының шәкірттеріміз сол. Кафедраның ұйымдасуына жол салған профессор Ермек Өтебаевтан бастап, Хафиз Текжанов, Борис Қуатов, Ғабит Иренов, Қанипа Досжанова, Айтмұхамет Тұрышев, Бақыт Ашықбаева, сол тұстары жоғары білім игеріп келген жалынды жастар Айман Зейнуллина, Ырысгүл Шақаман, Бекен Сағындықұлы сынды және тағы басқадай ұстаздардың тәліміне бас ұрдық.

Рас, біздің буын кітап оқудан сұмдық бәсекелес еді. Шетімізден «қызылкөзбіз»! Кім бұрын оқиды, кім көп оқиды – негізгі уайымның бірі осы. Кітап ұрлығы  – біздің арамызда әбден шектен шыққан «қылмыс» еді! Мына суреттегінің бәрі ұры жігіттер!!!

Әрине, қыздардың бөлмесін жағалап, сауық іздеп, өзімізді кәнігі серілердей көрсетуде де өзара бәсеке қайнап жатты.

Тарбағатай атырабының тастүлегі Нұрлан Аққазин уытты тілімен шаншып жіберетін, кез келген жағдайда тапқыр сөзімен жаншып жіберетін, қыздарға жағымды жыр арнап, бәрімізді орағытып кете беретін ақын ретінде студенттер қауымына тез танылды. Сол орақ тілділігінің арқасында Нұрлан айтыс өнерінде күллі республикаға әйгіленді. Ел дербестік алған соң жер-жерде айтыс жиі ұйымдастырылады. Мұндайда Нұрлан оқудан босатылып, чемоданын арқалап, бізге қол бұлғап, домбырасын да, өзін де асқақ ұстап кетіп бара жатады. Қызығып біз қаламыз.

…Ар жағында адырдың

Шөккен нардай бітімі.

Аз ұйқылы ауылдың

Көрінеді түтіні.

 

Көкжиекпен ұштасқан,

Көз жеткісіз аумағы

АЛТАЙМЕН ҚОЛ ҰСТАСҚАН

ТАРБАҒАТАЙ ТАУЛАРЫ!

Осынау ғажап ән Торайғыров көшесіндегі 56-шы үйден күн сайын естіліп жатты десек, артық айтпаспыз. Кез келген орта-отырыстың сәніне айналған туындылардың қатарындағы осы әнді Нұрлан «бәріміздің әнұранымызға айналдырамын» деп екіленетін-ді. Бірақ Нұрлан – біздің арамыздағы жалғыз тарбағатайлық. Қайсыбір жерде осы әнді орындай бастап, қайырмасына келген тұста:

Көкжиекпен ұштасқан,

Көз жеткісіз аумағы.

АСПАНМЕН ҚОЛ ҰСТАСҚАН

БАЯНАУЫЛ ТАУЛАРЫ! – деп, «сері едім мен семсердей серті ере жүрер» дерлік намыстың нағыз қызылкөзі Ерқанат Әбсаттаров, «Баянауылдың Шашубайы» атанған Таңат Ахатов, бірінші курста-ақ саясатты судай сапырып, көшбасшылыққа құлаш ұрып, «Шоң» серіктестігін құрған Мейрам Нұғыман, сол тұстағы нарықтың жөн-жосығына бойлай бастаған Нұрбек Балтабаев, сырбаз мінезімен, өршіл өнерімін көзге түскен Қази Таев – бәріміз әнге қосыла кетіп, Нұрекеміздің дауысын тұншықтырып тастайтынбыз. «Жалғыздың үні шықпай», қандыбалақ құрдасымыз еріксіз күмілжіп, артынша «қырып жіберердей» кіжінеді-ай кеп…

Мұның барлығы өзінше ғажапқа толы әдемі де қайталанбас сәттер еді-ау.

Орталық әмбебап дүкені маңатына келген сайын (сол тұстары қаладағы басты нысан еді) қатарлас қандыбалақтың барлығы бірауыздан: «Ал, жібер Асеке!» деп иек қаққан сайын:

Өле бірсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде! – деп, басты шалқақтатып, қолды сермеп жіберіп,Төлегенді төгілте жөнелетінім – осы күні мен үшін де, құрдастар үшін де жағымды естеліктерге толы күлкілі жағдай.

Біраз уақыт түрлі тарапқа бет түзеп кеткен біздер соңғы жылдары қайта тоқайласуды жолға қойдық. Жыл сайын Наурыз қарсаңында жүздесуге тырысамыз. Бұл дәстүрді биыл да жалғастырдық.

Кеше «Қозыбайдың үйінде мәжіліс қып», Тарбағатай тауларын тағы шырқап, қайырмасына келгенде Нұрлан мырзаны тағы да шаң қаптырдық. Онсыз болмайды ғой енді!

Аман болыңдар, Абадандарым!

 

Асыл ӘЛІМЖАНҰЛЫ.

Добавить комментарий