Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған кезекті әңгіме.
«Aiqara.kz» әдеби порталында – №16 әңгіме.
ІЗ
– Ертеректе Қобда бетінде Қадыр деген су жұқпас ұры болды, – деп бастады атам әңгімесін. – Бозбала шағынан суық жүріске үйір болған ол, бастапқыда ауыл-үй арасынан ұсақ-түйекті қолды қылып дәндеп алып, кейін жылқыға құрық салды. «Бұзау ұрлағанның өгізден дәмесі бар», – деп тегін айтпайды. Атам жанарын алысқа тіктеді. Біз көз ұшында көлбеп жатқан көк мұнарлы Көксеркені бетке алып келеміз. Бірақ одан беріде бір-бірімен иық тірескен бірнеше үлкен қырат бар. Оның үстіне аттарға қамшы басып, саржеліске салатын жазық жер де емес. Алдымен тастақ шатқалмен өрлеп барып, биік доңғыл басына жеткен соң қия бетпен көп жерге дейін қапталдап отырып Көксерке көліне жетеміз.
– Қадырдың түйені түйедей, жылқыны жылқыдай қылғытып, талайды қан-қақсатқанын дүйім жұрт біледі. Біздің үйірден де талай құр ат, талай ту бие жоғалды. Бір ғажабы, ойламаған жерден бір-ақ күнде жер жұтқандай зым-зия болады. Тұмсығынан сыпырған ақ адал малымыз еді, бәрі сол Қадырдың кеңірдегінен өтіп кетті ме деп күдіктенеміз. Бірақ, көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң не айтасың, – деп бір кідірді.
Атам екеуіміз жаз мезгілі жеткенде мұндай ұзақ сапарларға көп шығатын едік. Жаздың үш айында Текелінің жоғарғы тұйығы мен Көксеркенің айнадай тұнық көліне бір бармасақ көңіліміз жай таппайтын. Бұл – Қобда бетіндегі ат төбеліндей аз қазақтың ғасырға жуық мекендеп келе жатқан құтты қонысы, құйқалы жайлауы. Көбінде қойға мінілген аттарды ауыстыру үшін жон жайлап кеткен жылқыларды іздеп шығамыз. Жаз бойы қойдың соңында тепеңдеп, табандаған тай-торпақтарды үйірге қосамыз. Ал оның орнына қарлы таудың тұнық суы мен көк жайлаудың құнарлы шөбі – сірігіне сауырына жыра салып тойынған семіз құнанды ұстап мінгенде арқаңа қанат байлап алғандай күй кешесің. Мен үшін жаздың қызығы да, рақаты да осы еді. Расында, сөзбен айтып жеткізе алмайтын бөлек сезім, естен кетпес ерекше бір тылсым дүние ол. Мұны тек басынан өткен адам ғана сезіне алатын серуен-сейіл. Иә, мен үшін ғана емес, көшпелі тіршілік кешкен бүкіл қыр баласының ең бір шаттықты шағы дер едім. Кейде атам жалғыз аттанып бара жатады, ондайда атыма міне салып, алды-артыма қарамай далақтап ере шабамын…
Жазда жылқы малының бармайтын жері, баспайтын тауы болмайды, тау етегі сарғайып қураған сайын көгалды қуып өрлей береді, өрлей береді. Осылай Көксерке жайлауының көлінен бірақ шығады, ал оған аялдамаған қылқұйрықтың үйірі Текелінің ұзын оғына дейін барып тіреледі. Кей жылдары сол Текелінің басындағы үлкен кезеңнен ары асып, Дэлүүн сұмынының жайлауына өтіп кетеді. Мұндай кезде Дэлүүннің мал отарлатқан қойшы-қолаңдарының қосына түней салып, ертеңінде қайта аттанамыз.
– Қадырдың мынадай бір оқиғасы жұрт аузынан түспей жүрді көпке дейін. Қазақта «Ұрысы күшті болса, иесі жығылады» деген сөз бар емес пе?! Міне, осы сөз тура Қадекеңе қаратып айтылғандай дерсің, – деп тағы бір қызық оқиғаның шетін шығарды. Мен ала жаздай қойға салып, әбден қажыған көмпіс торы байталды тебіне түсіп, атаммен қатарласа беремін. Атамның мінгені – аздаған жол жорғасы бар ұзындығы есік пен төрдей құла ат. Қамшы салдырмай бір сарынмен аяңдап отырады. Оған өзіміз «Рамазан құла» деп ат қойып алғанбыз. Құнаннан дөнен шығарында Рамазан деген кісіден сатып алған екен.
– Иә, оның қулығына құрық бойламайды, айлакерлігінен адам айналып өте алмайды. Ұрлық үстінде талай мәрте ұсталса да балықша сытылып кететін сыйқыры бар екен. Тіпті сытылып шыққаны былай тұрсын, ұстап алған адамның өзін талай рет төлемге жығып кеткен кездері болыпты. Шынымен жан адамға секем алдырмайтын, жүрген жеріне із қалдырмайтын нағыз айлакердің өзі, – деп басын шайқады. Оқиға былай болған екен:
Түнгі жорықтан құрығына олжа ілінбей құр қайтып бара жатқан соң, тым болмағанда бір еркек қой өңгере кетейін деп малды ауылдың сыртын торуылдайды. Бұл осы төңірекке сыйлы Солтан деген ақсақалдың үйі. Күзеуге енді ғана қонған беті еді. Жалпы, жаз бойы қара топырақпен алысып, ойдың сары масасына таланған егіншілер қауымы осы уақытта жайлауда семіріп келген жас етті көксеп-ақ отырады. Сондықтан болса керек, қорадан мал жоғалса суық желдің сол диханшылар жақтан соққанын бірден бағамдайды малшылар қауымы. Ал мына сөз етіп отырған Қадырдың ауылы да қысы-жазы қара жерді кеміріп, егін басында отырады.
Әлгі ауылдың қожайыны Солтан ақсақал да қорасындағыны оңай алғызатын босбелбеу жан емес, жасынан бері талайды басынан өткізген өте сақ және қырағы адам. Елең-алаңда ауылдың ту сыртынан бір салт аттының қараңдап өтіп бара жатқанын байқап қалған. Кейін жүрген-тұрғаннан оның Қадыр екенін естігенде жүрегі зырқ ете қалды. «Апырмай, түн ортасында қайда аттанды екен?» деген сұрақ ақсақалдың мазасын ала бастады. Содан кейін-ақ ұйқысы қашып, қарадай елегізи берді. Тіпті, түн ортасына дейін кірпік ілмеді сол түні. Жүрегі бірдемені сезгендей болып «Қадырдың бұлай кештетіп жүргені жақсылық емес» деп ойлады іштей. Ал Қадекеңнің тағы бір таңқалдырар қасиеті бар. Ауылдың қандай қабаған иттері де оған албаты үрмейді екен. Мүмкін ары-бері өтіп жүріп, алдына ас лақтырып, өзіне үйір қылып ала ма, әлде ауылға бөтен адам жолатпайтын небір кеселді, айтақ төбеттердің көзін байлап тастайтын бір сыйқыры бар ма? Бұл сыр Қадырдың өзіне ғана мәлім. Бұрын үлкендер «Нағыз кәнігі ұрылар иттің де тілін тауып алады» деп айтып отыратын. Шынымен, солай болғаны ма?
Күзгі түн. Мүлгіген тыныштық. Қою қараңғылық бүкіл дүниені бүркеп алған. Елдің ең ауыр, ең тәтті, ең қою ұйқыға кеткен уақыты еді. Ұсақ мал ашық қорада бытырай жусап, пырдай болып жатыр. Үй иесі төңіректі бір шолып шығайын деп тысқа беттеді. Баспалап қотанның шетін айнала бере, әудем жердегі үлкен сары қарағанның түбінде байлаулы тұрған ер-тоқымды атқа көзі түсті.
– Ә-ә, осындамысың, баукеспем, – деді іштей. Енді кері шегінетін жол жоқ, талайды зарлатқан, түйені түгімен, биені бүгімен жұтқан қаскөйді қолға түсіретін сәт келді. Қария бар қайратын бойына жинап, байлаулы атқа жақындады. Қапелімде бір жағынан шыға келіп, тап берсе не істемек?! Сол сәт қолындағы таяғына сеніп, ары-бері ербеңдетіп қойды. Шынымен Қадырдың көк аты. Жасы келсе де көзі өткір адам ғой, жыға таныды, дәл сол дөйіңнің өзі. Мейіздей қатырып жаратқан сымпыс құйрық, сұйық жалды көк атты танымайтын ел жоқ бұл аумақта. Ұрының аты да соған әбден икемделіп ала ма, шылбырын не затқа ілсе сол жерден иесі келгенше тапжылмайды. Құдды тығылып тұрған адамдай үн шығармай тұра береді. Өзі суыт жолға әбден сақадай сай дайындалып шығыпты. Дөңгелетіп ораған ұзын сары қайыс арқанды ер-тоқымының екі қапталына асырып салыпты. Ердің қасында жуандығы білектей, ұзындығы бір құлашқа жақын қамыс қамшы. Енді ғана келген беті сықылды. Атының солығы әлі басыла қоймаған. Бірақ өзі жоқ, қайда кеткені белгісіз, сол маңайдағы топ-топ біткен қарағандардың бірінде жасырынып жатқан болар. «Өзін тапқанда не істеймін, бастысы атын қолға түсірдім, қазір өзі-ақ жалынып алдыма келеді» – деп ойлады.
«Енді мойындамай қайда барар екенсің? Осыдан бүкіл елдің алдында масқараңды шығарып, қайтып менің маңайыма жоламастай етіп жібермесем мына Солтан атым өшсін» деп бар қайратын бойына жинап алды.
Енді не істеу керек?! Сәл ойланды да атты шешіп үйінің жанына апарып байлап алуды жөн санады. Осылайша Қадырдың көк атының шылбыры Солтан ақсақалдың қолына түсті. Үйінің алдындағы ат кермеге байлап, сақтық үшін аяғына шідер салды. Бұрын бұлай ешкімнің уысына түспеген жылпосты «ұстап» алғаны үшін өзіне өзі риза болып, үйге беттеді. Жалпы жұрттың бәрі оны ұры, шапқыншы деп шулағанымен бір адам «сен менің бәлен малымды ұрладың» деп бетіне келе алмайды. Себебі, ол не істесе де өте мұқият ойластыратын, қандай тірлікке барса да соңына із қалдырмайтын әккінің өзі. Иә, оның жүрген жерінде із қалған емес. Ал қандай да бір күдікпен полицияға арызданғандар да нәтиже шығара алмай, өздері тентірейтін көрінеді. Тергеушілердің өзімен сыбайласып ала ма, әлде олар да мойындата алмай ма, ешкім білмейді онысын.
Бірақ, сол күнгі ұйқысын құрбандыққа шалып, көк атты күзетуге тура келді. Сонымен, таң атты, Қадыр атын алуға келмеді. Күн көтеріліп, мал өріске шығатын уақыт болды, көк аттың иесі әлі көрінбейі. Тек түске таяу үйдің алдына полицияның машинасы келіп тоқтады. Көліктен Қадыр мен екі полиция қызметкері түсті. Түстері суық. Бірақ әңгіменің ауаны мүлдем басқа бағытта өрбіді. Құқық қорғаушылар түн ішінде біреудің қорасына кірмек болған Қадырды емес, керісінше қарақшының жолын кескен үй иесін тергеуге ала бастайды. Айыбы – иесіз атты үйінің алдына байлап алғандығы.
– Сендердің естерің ауысқан ба, ей?, – деп боқтап жібергісі келді. Бірақ, заң адамымен олай сөйлеуге болмайтынын бірден есіне түсіріп, өзін тежеп қалды. Сөйтсе, бәленің бәрін бастап жүрген ұрының өзі. «Солтан деген шал менің мініп жүрген атымды ұрлап кетті» деп арыз беріп тастапты.
– О, құдірет, саған дауа жоқ екен, не айтып тұрғаныңды білесің бе өзі, – деп булығады үй иесі.
– Не істегеніңізді өзіңіз жақсы білетін шығарсыз, ақсақал, менің атымды қайтарыңыз және осынша сарсаңға салғаныңыз үшін айыбын төлеңіз, іздемеген жерім жоқ, әйтпесе сот алдында сөйлесеміз, – деп одан ары күшейіп сөйлейді. – Көпе-көрнеу менің атымды қолды қылғаныңыз анық, оған мынау елдің бәрі куә, – деп айналасын бір шолып өтеді.
Шынымен, оған дәлел де бар. Ат үйдің алдында байлаулы тұр. Ал үй иесі болса Қадырдың түн ортасында қораны торуылдап келгенін айтқанымен ешқандай дәлел көрсете алмайды. Полиция да Қадыр жаққа болысып, екінші жақтың айтқан уәжін есепке алмады. Ақсақал ағынан ақтарыла сөйлесе де, көздеріне шел біткен шекпенділер тек дәлел сұраумен болды. Ақсақалдың Құдай атымен сөйлеген сөзіне құлақ аспады.
– Көпе көрнеу әділетсіздің құрбаны болудан асқан қасірет жоқ екен. Дәл бұлай күйінген, қорланған кезім болмаған шығар, сірә. Қазақ «Жаным – арымның садағасы» деп бекер айтпаған. Егер, менің еркіме қойса сол жерде ана иттің баласының кеңірдегін суырып-ақ алар едім, – дейтін көрінеді кейін кеңескен кісілерге.
Сонымен, қылмыскер Қадыр емес, ұрлығының жолын кескен Солтан ақсақал болып шыға келді. Біреудің атын «ұрлап», оны үйінің алдына байлап алғаны үшін үй иесі кінәлі болып шығады. Қораға түспек болған ұрының жолын кескен ол енді сол ұрының өзінен кешірім сұрап, айыбын төлеп әрең құтылыпты.
Осы әңгіме аяқталғанда біз Уст (қазақша мағынасы сулы) деген сайдың басын қапталдай кесіп өтіп, Урт (қазақшасы ұзын сай) сайының иығына шықтық. Ал одан ары Көксеркенің басына дейін тағы бір-екі сағаттық жол бар. Уртының иығына түсіп, аттарымыздың айылын қатайтып, бір тынықтырып алып, қайта жүріп кеттік.
– Қоңырөлең өлкесін мекендейтін менің бір Әлімбай деген нағашы ағам бар еді, сендердің түп нағашыларың. Сол кісінің ажалы да осы барымташылардың із жасыру әрекетінен болды емес пе?! Бұлардың бәрі осы Қадырдың сыбайластары екенін айтады білетіндер.
Атам мына әңгімені бастағанда қызғылт тартқан нұрлы жүзі сұрланып барып тоқтады, нағашысын сондай бір өкінішпен, аяушылықпен еске алып, алдыңғы хикаялардай жоғары екпінмен емес баяу ғана сырғытып отырды. Ол оқиға былай болыпты:
Мал ұрлығын кәсіп қылғандардың бәрі бір-бірімен сыбайлас келеді ғой. Жылқыны үйірімен айдағанда екі аймақтың барымташылары бір-бірімен қол жалғасып істейді. Бірінде жылқы дайын болғанда екінші аймақтағы серіктестеріне хабар жіберіп, бәлен жерден алып кетіңдер деп белгі береді. Бір жылы жазда осы Қадырдың атқосшылары Қобданың шығыс аудандарын тінтіп жүріп, бір үйір, отыздай жылқыны қолға түсіріп, оны Баян-Өлгейге қарай өткізіп жібереді. Айдаушылар таң қылаң бере Қоңырөлең жайлауына жетіп, жол үстіндегі Әлімбай ақсақалдың қорасын бастырып өтеді. Әлекең таңертең теріскейдің етегіндегі өзінің жылқысының шетінде бір бөтен құлынды биенің тұрғанын көреді. Ойында еш арамдық жоқ, көшкен елдің жылқысына ере алмаған соң қалдырып кеткен болар деп топшылайды. Шынында жаңа туған биенің құлыны ұзақ жүріске әлі жете қоймаған, кім болса да осыны маған сеніп аманаттап қалдырған болар деген оймен жылқысына үйір қылып, сыртынан қарап жүреді. Арада үш-төрт күн өткенде полицияның көлігі келіп тоқтады үйге. Одан екі полиция қызметкері және тағы бірнеше қарапайым киімдегі адамдар түседі. Әлімбай ақсақалмен аман-сәлемнен кейін бірден полиция бөлімшесіне алып кететінін айтады. «Осылай да осылай, қуғынға ұшыраған жылқының ізі тұп-тура осы қораға келген, оның үстіне жоғалған жылқының бірі сіздің үйіріңізде, сондықтан күдікке ілініп тұрсыз» дейді…
Осылайша нағашымызды Қобданың тергеу изоляторынан тура екі ай өткенде үй қамаққа әрең ауыстырды. Оның өзінде кінәсіздігі дәлелденгенше бір қадам алыс шықпауы керек деген келісіммен босатқан. Бірақ, үйге ол кісінің қыбырлаған қу сүйегі ғана келді. Бұрын еңгезердей мығым денелі адам еді, оның енді сұлбасы ғана қалыпты. Кеудесіне түскен қою жирен сақалы селдіреп, ағарып кеткен. Бүкіл ағайын-туыс жиналып, көңілін жұбатып, жүрегін орнына келтірудің әрекетін жасап бағады. Бірақ, одан нәтиже шықпады. Үйіне үш қонып, төртінші таңын кезінде өзі жинап, төбесін жапқан мал қорада атырды. Таңертең балалары асылып тұрған жерінен тауып алды.
– Нағашымыздың өзі елге шарапаты көп тиген, талай жоқ-жітікке жақсылығы өткен жомарт адам болатын. Сол мінезінен болса керек, ел-жұрт хандай көтеріп сыйлайды, ауылдың үлкені де, кішісі атын атамай Әлаға дейді. Жерлеуіне адам көп жиналды. Алдында үйден алып кеткен екі полиция қызметкері де сол күні келіпті, бірақ олар қайтыс болғанын естіп келді ме, естімей келді ме, ол жағын білмедім. Әйтеуір Әлімбайдың жоғалған жылқыға еш қатысы жоқ деген қағаз беріп кетіпті, – деді атам тағы күрсініп.
Марқұмды жер қойнына тапсырып, адам аяғы сиреген соң артында қалған бәйбішесі төсегінің жанынан бір жапырақ қағаз тауып алады. Әлгі қағазда балаларына арнап жазған бір-екі ауыз өсиет сөзі қалыпты. Онда: «Мен Қобданың түрмесіне қамалған күні өлгенмін. Сонда бойымнан үрейім кетіп, жаным ғана қалған еді. Жетпіс жыл алақанына салып келген жұртымды жерге қараттым. Енді менің тірі жүруімнің еш мәні жоқ» деген жазулар болыпты. Марқұмның қазасын естіген елдің бәрі егілді, езілді. «Әттең бір күн күткенде ақталғаны туралы үкімді көріп, жаны тынышталар ма еді…» деп өкінді. Бірақ, әуелде тағдырына осы дүние жазылған болса оны өзгерту адам баласының құзырында емес екені белгілі.
Біз ұлы сәскеде жылқы жайлауға жеттік. Үйірден ұстаған екі құнанның бірін мен ерттеп міндім де, екіншісін атам жетектеп кері қайттық. Тоқ жылқыларды өрге салып зорықтыруға болмайтынын ескеріп, сиыр аяңмен ғана жылжып келеміз. Осы кезде атамның әңгімесі Қадырдың қартайғандағы өміріне ауысқан еді…
– Жалғанды жалпағынан басып өткен баукеспенің кейінгі ғұмыры тым аянышты өтті. Ол түсінікті де ғой, қанша адамның қарғысы мен көз жасы жіберсін бе?! Бұл талай адамды ойландырып кетті, – деп әңгімесін қайта жалғады.
Расында, Қадыр шалдың қартайғандағы қылығы елді таңдандырыпты. Марқұмның бойынан әл кетсе де ескі әдетін қоя алмапты. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген осы-ау. Қарттықтың қақпанына түсіп, төсек тартып жатса да қолына түскен затын жымқырмаса жаны жай таппайтын болыпты. Қолын «лай суға» бір малмаса ұйқысы келмейтін көрінеді. Сондағы қолы жеткен «олжасы» кемпірінің киім-кешегі дейді. Торға түскен арыстанша бұлқынады, бірақ бойында дәрмен қалмаған шалдың көңіл шіркіні тоқырамақ емес. Төрінен гөрі көрі жақындап, жарық дүниелік қыл көпірдің үстінде қалтылдап жатса да ұрлыққа үйренген қолы бір қимылдамаса ұйқысы келмейді екен. Кемпірі ары қараған уақытта етігінің сыңарын не болмаса, байпағының бірін білдірмей алып, өзінің көрпесінің астына жасырып қоятын көрінеді. Содан кейін барып жайланып, салалы жирен сақалын бір тарап қойып көзін жұмады. Ал бәйбішесі болса ел ұйқыға кетер уақытта шалының түнгі «жорыққа аттанғанын» көрсе де байқамағансып, теріс қарап жата береді. Жасында түзей алмағанда қартайғанда тәртіпке қайдан салсын?! Бойынан әл тайғанда қандай тәрбиеге көнсін!? Жастық ғұмырының бәрін ат үстінде, қарақшылықпен өткізген отағасының осылай бір түрлі қартайғанын көрген кемпірі де қамығады, уайымдайды.
Бірақ, кейуананың қайғысы бұл емес, одан да ауыр, одан да зарлы бір дүние бар. Ол осы шаңыраққа бір перзенттің бұйырмауы. Иә, кемпір байғұс шаңырағын басып, ошағының түтінін түтететін бір баланың болмағанына назалы. Тіпті, кейде алда-жалда ажал келіп, дәм-тұзымыз үзіліп кетсе көмусіз қаламыз ба деп үрейленеді. Себебі, бұл үйге ағайын-туыс, көрші-қолаңдардың өзі өте сирек бас сұғады бұл күнде. Бұл бәлкім ағайынды ағайын, алашты алаш демей тоздырған Қадырдың осы дүниедегі жазасы болар. Ал ана дүниеде не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян.
Алжыған шалының иесіз қалып бара жатқан шаңырағына жаны ауырмайтын сияқты. Бірақ, әлденеге көңілі алаң, ішінен бірдемесін айтып, күбірлейді де жатады. Қарауыл тартқан көз алдына бұрынғы жасаған тірліктері еміс-еміс елестейтін сияқты. Бірде тау асырып, тас бастырып қуған жылқылардың кісінеген, шұрқыраған дауысы құлағында жаңғырса, енді бірде жоғалған малдарын іздеп сабылып жүрген бейуаз адамдардың бейнесі көлбеңдеп келе береді.
Ертеректе бір жақын ағайынның баласын бауырына басқаны бар еді. Бірақ Қадырдың оған дұрыс әке болып жарытпайтынын білген олар бір-ақ күнде балаларын алып кетті. Күнді түнге, түнді таңға жалғап ат үстінде жүретін сылқым серінің ол кезде баламен ісі болмады, оған уақытын да шығындамады. Бәлкім, қарттықтың құрығына түспей осылай мәңгілік өмір сүрем деп ойлаған болар. Енді қартайған шақтарында екеуі ғана сопайып, қу тізелерін құшақтап қалды. Жылқының киесі ұрды ма, адамның көз жасы тиді ме? Оны енді қанша ойлағанымен уақытты кері айналдыра алмасы хақ. Міне, жалғанды жалпағынан басқан баукеспенің кейінгі тағдыры осылай аянышты һәм қорқынышты күйде өтіп жатты.
Ес кіргеннен жасаған ұрлығының ізін жасырып өтті, ал өмірінде шынымен із қалмады. Ұрпақсыз өтті. Қадырдың қара шаңырағының ақ түндігі мәңгілікке жабылды.
Біз қас қарая ауылға жеттік, ол уақытта бесіктегі баладан басқасының бәрі тысқа шығып алған, кешкі малдың әбігерімен естері шығып, ұлар шу болып жүр. Біз аттарымызды кермеге байлаған соң тура бір алпыс күндік сапарға шығып, дүниенің төрт бұрышын түгел шарлап келгендей қойқиып, үй маңындағы ұсақ-түйекке көп мән беріңкіремей өте беремін. Басқалары сол лақ бөліп үйшігіне қамау, бұзауларды ұстап желіге байлау секілді шаруалардың бәрін рет-ретімен атқарып жатады. Себебі мұндай сапардан адам кәдімгідей есейіп келеді, көзқарасың алысты барлап, кісі болып ораласың. Бірақ, менің бұл жігіттік шағым көп ұзаққа созылмайды. Бір шәй ішіп, күндізгі сапар мен үлкен әңгіменің атмосферасынан шыққаннан кейін бәз баяғы қойшы бала қалпыма оралатынмын. Себебі, ертеңгі қойдың кезегі менде тұр.