Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған кезекті әңгіме.
«Aiqara.kz» әдеби порталында – №15 әңгіме.
«ТАНСАҢШЫ» НЕМЕСЕ КҮЙ-ҚҰДІРЕТ
«Балалықтың елінен келдім» депті бір данышпан, «Сен қайдан келдің?» дегенде. Балалықтың елінен бәрі келген. Бір ғажабы, бала кезде көрген, естіген-білгендерің, оқыған-тоқығандарың санаңда сарғайса да, сол күйі сақталып қалады екен. Әкем айтқан осы аңыз-әңгімені естігенде жасым он бір-он екілердегі желкілдеген ойын баласы едім. Аңызды естіп отырып, жүз жасқа есейіп кеткем, сол кеште.
– Бағзының күйші-домбырашылары домбыраны адамша сөйлеткен, -деп бастаған еді әңгімесін әкеміз. – Сендер сенбейсіңдер, – деді де көршінің үйінен аттай қалап сұрап әкелген домбыраны қолына алып, тыңқ-тыңқ еткізді. Қолына домбыра алғанын алғаш рет көріп, аңтарылдық. Еңсегей бойлы, тау тұлғалы әкенің әр саусағы балғаның сабындай болғанымен, пернелерін нық, анық басып, жалпақ алақанымен шанағын сипалай отырып, шертпей-ақ әлдебір тосын дыбысты уілдеткендей болды. Уіл! Желдің әлде боранның әлде қобыздың, мүмкін қамыс сырнай ызыңы әлде уілі. Уіл тыңқылға ұласып, күмбір қаға, кенет бебеулей жөнелді. Шерлі, шерменде күй… біз қалт тындық.
– Жә, кешке, кешке… қазір демалайын, – деді ауыр күрсіне қисая беріп. – Шуламаңдар. Жұмыстан келген соң асықпай отырып, бір әңгіме айтамын, күй туралы, – деді басын сипап қойып. Әке сөзі заң, шыжыған шілдеде үйге ыстық кірмесін деп қалың пердемен тұмшаланған салқын бөлмеден жылыстап шыға бердік.
Кешқұрым. Мал өрістен келіп, ауыл азан-қазан, бұзауын іздеп мөңіреген сиыр, енесінен адасып қалған қозы-лақтың маңырағаны, бұлақ жағасындағы бақылдаған бақа мен шырылдаған шегірткенің үні – ауыл симфониясы. Ауада сүттің, мал тұяғымен көтерілген шаңның иісі кілкіп тұр. Аздан соң өзен жақтан салқын леп есіп, үйдің қарсысындағы қоңыр тау биігіне дөп-дөңгелек аппақ Ай асылды. Үйдің бау-бақша жағындағы іргеде самауырдың түтінін шұбатып кешкі ас ішіп отырмыз.
– Домбыраларың қайда? Беріп қойдыңдар ма? – әкей жан-жағына қарады. Лып еткізіп, қолына ұстата қойдық.
– Е, бәсе… Асықпай қолына алып, құлақ күйін келтірді. Аз ғана ойланып отырып: «Ал, тыңдаңдар» деді. Манағы уіл сарыны мен іле-шала бебеу қаққан күй арыны орнымыздан қозғалтпай тастады, көзіміз домбырада, күмбір-күмбір қоңыр күй шанақтан шығып жатыр ма әлде пернеден төгілді ме, аң-таң күйде кірпік қақпай қадалып, елтіп, бірауық отырдық.
Әннің қайырмасында, әлсін-әлсін әлдебір төкпе сарын қайталанып, жадымызда жатталып қалғандай болды. Әкей кілт тоқтады.
– Домбыра қандай сөз айтты, кім ұқты?, – деді жағалай бізге көз тастап. Сонда ғана ұйқыдан оянғандай болдық. – «Тансаңшы» дейді, «танып кет» дейді. Мойындама дегені ғой. Міне, тыңдаңдар, – деп алып, әлгі күй қайырымын қайта-қайта қайталады. Рас, домбыра осы сөзді қайталап тұр екен. Өзі де ыңылдап қосылды. «Тансаңшы-ей, тансаңшы», «Тансаңшы-ей, тансаңшы…» осылай… Мен бұл ұзақ күйді толық білмеймін, тек жас кезде естіп, ойда қалғанын ғана тартатынмын.
Сол жолы, күй әуеніне ұйып, селт етпей отырған қалпымызда осы құдіретті күйдің тарихымен таныстық. Әкей ара-тұра домбыраны бебеулетіп қойып, қоңыр дауысымен әңгімесін бастап еді.
– Ықылым заманда, өте ертеде жарықтық домбыра адамша сөйлеген деседі. Қобыз да солай, адамша сөйлеген дейді. Бағзыдағы абыздар хандарға айтар кеңесі мен халықтың мұң-шерін домбыраның үнімен айтқан. Шыңғыс қағанға қаралы хабар – ұлы Жошының өлімін де домбырамен естірткен. «Маған баламның өлімін жеткізген жанның көмейіне қорғасын ерітіп құямын» деген ғой қаған. Сонда қаралы хабарды домбыра күйінен естіп-білген қаған, домбыраның көмейіне ыстық қорғасын құйыпты, содан болар, домбыра адамша сөйлеуден қалыпты дейді аңыз. Мұның анық-қанығын білмедім, үлкендер айтып отырушы еді. «Естіген құлақта жазық жоқ». Қош. Әлгі күйдің тарихын айтайын.
Біз, естиярымыз бар, сөз ұғатынымыз, ұқпайтынымыз бар, отбасының төрт-бес баласы әлдебір тылсымның күшімен жіпсіз байланып, әке әңгімесіне құлақ түрдік. Сонда ауыл тым-тырыс еді, тып-тыныш, қараңғылық қоюланып, айнала, бүкіл әлем, қоңыр тау төбесіне асылып қалған Ай да, төбедегі жұлдыздар да, түбіт шәлідей керілген Құс жолы да сол кеште осы әңгімені қалт жібермей тыңдаған еді. Санамызда сақталып қалған еді, сол «Тансаңшы» күйі, тарихы.
– Ертеректе, тіпті ерте заманда бір ауылда талабы таудай, өнері елден асқан Күйші жігіт өмір сүріпті. Күйшінің жалғыз кәрі шешесі мен ағайындары бар екен. Домбыраны адамша сөйлететін сол өнерпаз жастың адам түгілі Алла да кешіре алмайтын бір кемдігі – баукеспе ұры екен. Күйшінің ұрлықты аса бір шеберлікпен кәсіп еткені сондай, өте сақ құс «сауысқанның құйрығын ауыстырып салатын, жатқанның жамбасын білдіртпей кесетін» жүрек жұтқан әккі болған ғой. Күйші ауылының қоңыртөбел ғана тірлігі, аздаған шаруасы – мал-мүлкі бар, кедейлеу екен. Күйші атқа қонып, ұрлықпен айналыса бере, алдарына мал бітіп, алты қанат ақ үйге қолдары жетіп, күн көрістері түзеле бастапты. Қазақ үшін жылқы малының қадірі мен қасиеті бөлек, бағасы ерек. «Жауға мінсем – айбарым, тойға мінсем – жайнағым» деп, қылқұйрықты әс көтерген. Міне, Күйші жігіт күйшілік өнерін місе тұтпай, Ай қараңғысы – өліара кезеңде жүйрік құла жиренімен апта жүріп баратын алыс жерлерден мыңды айдаған байлардың жылқысын үйірімен үш тоғыз деп, қас пен көздің арасында білдіртпей айдап кетіп, жым-жылас жоқ қылады екен. Ұрлықтан түскен пайда – олжа, әрине ағайынға бұйырады. Күйшінің бұл «кәсібінен» алыс-жақындағы ел құлағдар, бірақ тап басып, сен ұрладың деуге дәлел жоқ. Күйші сақ, белгі қалдырмайды. Жаздыгүні екен, бір топ ашулы салт атты сыдыртып желіп келіп, киіз үйінің іргесінде күй тартып, көсіліп отырған жерінен Күйшіні әп-сәтте байлап-матап алып кетеді. Ошағын көсеумен ұрғылап, күлін шашқан анасы ұлын жоқтап, зар илесе, ағайынның аяқ астынан қолынан келер дәрмен жоқ, көздерімен жер шұқып, отырып қалған дейді.
Құс қанатын күйдірген шыжыған шілдеде Күйшіге өлместей ғана ас-су беріп, бөкен желіспен апта жүріп, ауылдарына жетеді. Байлап әкелген Күйшіні қойшының лашығына тастап, күндіз-түні күзет қояды, азын-аулақ қымыз-қымыран, сүйек-саяқ беріп, өзегін талдырады. Өкініштен аһ ұрған Күйшінің қашып құтылуға немесе жан баласымен тілдесуге мүмкіндігі жоқ, елінен, ағайынынан, іздеушіден хабар да жоқ, еңсесі түсіп, екі дүниенің ортасында қалғандай күй кешіпті. Алты күн өтіп, жетінші күн дегенде Күйшіні байлаулы қалпында ел алдына шығармақ екен, жауап алмақ екен, кінәсі мен күнәсін мойнына қоймақ екен, жасаған ұрлығына кесім айтпақ екен. Билер. Сол елдің атқамінерлері. Бұл жиынға сол маңайдан ел жиналмақ, жазаны құлақпен естіп, көзбен көрмек. Кесім-жаза қатал, өмір бойы осы елдің құлақкесті құлына айналуы да бек мүмкін-ау. Итжемеде өлді деген осы ма? Көкірегі қысылып, өңешіне әлдене кептелгендей болды. Бұдан былай… бұдан былай ұрлығымды қоярмын-ау деген ойдың өзін бұған күмәнмен қарап отырған байдың ауылы естіп қоярдай, төмен тұқырды. Иә, айыбы ауыр.
…Ерте көктем – наурыздың ортасынан ауа қар суы жылт еткенде осы аймақтан қос үйір сәйгүліктерді айғыр-бие, тай-құлындарымен түркімен асырып жібергені бар. Ол жақтағы серіктестері де жылмаңдаған әккі, қары еріген қара жермен дүркірете айдап, үлкен жылқылардың тұяғына киіз байлап, мұздақ құз жолымен тау асырып әкетті. Сыйы өз алдына, ақысы да аз емес. Екі күн, екі түн сар желдіріп отырып, ауылының желкесіндегі көк таудың іргесіне ат шалдырды. Тау беткейінде қаға беріс жердегі найзадай жартастың іргесіне еңбектеп жетті. Жақпар тасты жылжытып жіберіп, олжасын жасырды. Содан бері селт етіп, алысқа ұзап шығып, кәсібімен айналысқан жоқ-ты. Ел тоқ, ауыл тыныш еді. Сонда, жымын білдірмеген сол оқиғаны бұларға ел жеткізді ме, жел жеткізді ме?!
Айтылған күн, белгіленген уақытта байдың ауылына тұс-тұстан ел ағылды. Болат тұяқ, күлте құйрық үйір жылқысын алдырған, бірақ ұрыны қолға түсіре алмай қапы қалған бай-бағылан енді қас дұшпанының кеудесіне шыққандай масайрайтын болар… кім біліпті. Ұрлық – ол да дерт, ақыл-есіңді алады, жазылмауы мүмкін, жазылуы да бек мүмкін. Тек ол үшін ми-сананы ширықтырып, тәубасына түсірердей алапат күш, найзағайдай жарқ етер әсер керек. Ол табыла ма?
Жұрт жиналып қалыпты, қызық көрмек. Гу-гу, ду-ду. Баукеспе Күйші ел алдына әкелінді. Дабырлаған топ назары бұған ауды. Тас төбедегі күн дүниені күйдіргенімен, Күйші қалтырап, тоңып, арқасынан мұздай тер аққанын сезді. Мұндай топтың алдына алғаш шығуы емес, тек ол басқа, қуаныштан ширыққан, екі қолтығынан күй құдіреті көтеріп, шалықтатқан өзгеше шақтағы бұлқыныс-толқыныс әрі ұзаққа созылар еді, Ай туғаннан Күн шыққанша. Домбырасы безектеп, иірімі мол, кейде дүркіреген ырғақ, кейде жойқын тасқындай ойнақ салған, кейде біркелкі ырғақпен, шалқардай шабытымен тыңдаушысын мүлгітіп қояр еді-ау. Өнерімен шалқып-тасып жүрген ерен Күйші енді жат жердің басы байлаулы құлақкесті құлы болып шыға келмесіне кім кепіл?! Басы айналды… шалқайып зеңгір көкке көз тікті. Зау биікте әлдебір құс қанатын анда-санда қағып, баяу қалықтайды. Ол бұдан гөрі бақыттырақ, емін-еркін шарлап жүр, өмір төрін.
– Уа, халайық, бүгін міне… Күйшінің көз қарауытты. Басы айналып, жүрегі аузына тығылды. Иә, мұны айыптамақ. Ду-ду, гу-гу. Әлдекім бұған сұқ саусағын шошайтты, кебеже қарын тақиялы қазақ та ұзақ толғап, сөзінің ақырын ашумен аяқтады. Сірә, сәйгүліктердің иесі болу керек. Елдің бәрі соның аузына қарап аңтарылды, мұқият тыңдады. Тыңдамаған, есі кіресілі-шығасылы, дәрменсіз күйде отырған Күйші ғана. Кенет, әлдекімнің саңқ еткен дауысы естілді. Ортаға шықты, қария адам екен, қолын оңды-солды сермеп, бұған қарап екілене сөйледі. «Күй», «күйші», «басыбайлы», «азат», «ат-шапан айыбы». Құлағына үздік-создық сөздері естілді. Күйшіге бәрібір еді. Өйткені іштей өліп бара жатты, баяу ғана. Жарық дүниеге соңғы рет қиыла қарағандай тағы да зеңгір көкке көз салды, манағы қалықтаған құс жоқ екен, ізім-қайым. «Һай-һай», «һай» дауыстан селт етті, қарсы алдында әлгі қария тұр. Қолында домбыра. «О, құдірет» деді бұл іштей. «Күйшілік өнерім бұларға да белгілі болған ғой. Құлдыққа салмас бұрын өнерімді байқамақ, көңіл көтермек». Жоқ, қателесіпті. Әлдекім көрпе төсеп, қарияны отырғызды, домбырасын қолына берді. Қария бұған тіктеп қарады, көзі өңменіңнен өтердей өткір. Оң жақ көзінің астындағы тыртығы дірілдегендей болды. Домбырасы тыңқ деген дыбыс шығарды. Жұрт сілтідей тынды. Тыңқ. Қарияның саусақтары аппақ, ұзын екен, басқа адамдікі болар ма?! Ұзын ақ саусақтар перне бойымен жорғалай жөнелді. Құйылып берді, күмбір күй. Толқыған дария, теңіз, толқытқан жел, тулаған толқын, қырда жортқан қоян мен құлан, кең дала, міне-міне жылқы тұяғының дүбірі, ойпырмай құла жирені тақымына тиер ме еді… Домбырашы қарияның денесі тігінен тік қатып қалған, тек бір қолы перне бойымен ілгері-кейін жылжыса, оң қолы домбыра шанағында, кірпігін де қақпайды, бұған қадалып қалған. Бұл селт етті, адам ба өзі?! Санасы оянғандай, сөйтсе қарияның домбырасы безектеп бұған әлденені қайталап айтып жатыр екен ғой. Түсінді, Күйші, түйсінді, ұқты. «Өмір – дария, теңіз толқын сені бірде батырады, бірде шығарады, бірақ түбі бір күн иірімі тартып батырады, балам, даланы дүбірлетіп тасты илеген жылқы тұяғы бір күні сені де аяқасты етер, ұрлығыңды қоя ғой. Сен күйшілік өнеріңмен-ақ өміріңді баянды етесің, ауыл-аймағыңмен бай-бақуатты боларсың, ұрлығыңды таста, ақ-адал жүр. Ел батасы, ел қарғысы деген бар, алғашқысы бақ сыйлар, кейінгісі сорға батырады. Біреудің малы, ұрлықпен келген байлық баянды болмас. Сені айыптамақ болған мына ағайындарымның қолында сен ұрлады деген айғақ жоқ, тек күдік қана бар. Ұрлығыңды мойындама. Мойындасаң жас өмірің қор болар, бұлар аямайды…». Қарт домбырашы күймен бәрін айтты, ұқтырды. Күй қайырымында «Тансаңшы-тансаңшы», «Тансаңшы-ей, тансаңшы» деп сорғалатып тұрып алды. Жігіт түсінді, бәрін. Қарияға қарап басын изеді. «Алла разы болсын, ата, рақмет, ұқтым бәрін, ұрлығымды қоямын, ант беремін. Мені құтқардың, өмір бойы ризамын». Көкейіндегісін көз жанарымен ұқтырды. Ыза мен құса құрдымға кетті. Бағана жиын басталмай тұрып мұны тірідей, шайнамай жұтуға дайын отырған ақсақал, қадірменді би, сәйгүліктерін алдырған бай үнсіз қалды. Күйшінің «Дат» деп бастаған сөздерінен кейін ешқайсысы ләм-мим дей алмады. Алқалы топтың алдында кешу өтініп, алдына ас толы табақ тартып, мелдектете қымыз ұсынып, соңынан «қош» десті, ат-шапан айыбы өз алдына.
– Міне, күйдің құдіретімен Күйші жігіт тұтқыннан босаған, нақтысы босатқан. Аман-есен ауылына жетіп, анасы, ағайынымен қауышқан дейді. Ұрлығын қойып, бақытты-барақатты ғұмыр кешіп, қалың елін күйімен аялап өткен дейді. Бұл – домбыраның құдіреті, күйдің құдіреті, күйшінің құдіреті. «Тансаңшы-ның» тарихы осы. Домбыра, қобыз, одан төгілер күй – қазақтың жаны, қуанышы, мұң-шері. Қазақ пен күй егіз ғой, – деп әкеміз аяқтаған еді әңгімесін.
Арада қанша жылдар өтсе де бала кезде естіген осы аңыз ұмытылған жоқ-ты. Тау төбесінен дөп-дөңгелек жарқыраған Ай көрсем де, шегірткенің шырылын естісем де, ауылдағы сүт иісі де, күй тыңдасам да осы аңыз еске түседі.
Шындығында, деп ойлаймын, шындығында Шыңғыс қаған домбыраның көмейіне қорғасын құймағанда домбыраның тілімен талай тарих айтылар еді-ау, талай шежіре шертілер еді-ау. Бұл бала кездегі ойым. Ал қазір күй тыңдасам оның табиғатын, тарихын, «тілін» ұққым келеді. Күй деген драма, сол рас!