Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған кезекті әңгіме.

 «Aiqara.kz» әдеби порталында – №13 әңгіме.

БІЛГІР ЖАУЫРЫН

(әңгіме)

Қаңтардың қай бір күні, азынаған іңір, қой қоралап ел орынға отыра бастаған сәт. Көксеркенің көк долы  бораны тебіндей түсіп, ұйытқи соғып  әлсін-әлсін тарамыстай қатып көпті көрген  біздің қыстаудағы  алты қанат ақ ордамыздың  уығын  ауық-ауық сықыр-сықыр еткізіп,  ұшырып әкетердей үрей тудырады.

Оң жақтағы темір кереуетке біз кестесін қисайта сүйеп тігіп отырған анам «Мынау құдайдың желі қақылданып кешеден бері бір тынбады ғой, жарықтық» деп, әкеме бажайлай қарады да, «Шығып, үйге салма салмасаңдар, мына күркемізден айырылатын түріміз бар бүгін» деп қысқа қайырып кергіштегі кестесін тоқи бастады…

Қап-қара қатипаның үстінде қолдан езіліп сұйықталып жағылған ұнның әппақ жолақ иір-иір қошқар мүйіз ізімен тырс-тырс етіп әрі қарай сапарын жалғаған біз кестенің дыбысы күркіреген желден де анық естіледі. Күндегі әдетінше әкем төр алдындағы сары ала сырмақтың үстінде, солға жанбастай жатып, басына тері ішікті бүктеп-бүктеп жастық қылып, қасына май шамды жақынырақ қойып кітап оқып жатыр.

Киіз үй демесеңіз құдды бір үш бөлмелі там сияқты. Олай дейтінім үйдегі үш адам үш жерде жеке-жеке май шам жағып өз тірлігімізбен  отырмыз.

Әлсін-әлсін май шамды шалқыта соққан құйын үйренген әдетімен үйді тағы да түйіп-түйіп кетеді.

«Қап, мынау шынымен де күшейді ғой!» деп әкем басын көтеріп, ала көлеңке шамның жарығында кітапқа тесірейе-тесірейе талып кеткен көздерін уқалай сөйлеп, маған үңіле сөйлеп, «Жүр, үйге салма салып келейік» деп маған бұйыра қайырды.

Жалма-жан киініп жатырмын, әкем қол шамның батерейкаларын салып, оң жақтағы төсек астында қапқа салған қодастың қылынан есілген арқандарды алып сыртқа шықтық.

Айнала қап-қараңғы болып тұр. Сонау сайдың басынан түксие түйілген, қап-қара бура бұлттардың күркіреген үні сияқты қуатты жел үйді шайқалтып-шайқалтып қояды.

Жалпылдаған үйдің сыртында үнемі осындай жел кезінде салмаға салатын үлкен тастар жататын, құдай жаратты демесең әлде қайда біздің еншімізге айналып кеткен сол тастарды арқанның ұшымен мықтап орап байлап салмаға тартып үйге  кірдік.

Ортада темір ошақ, жылтыңдап жанған қидың әлсіз қызуына жылынып баяғы әдетімізше қасиетті қара  ошақты айнала отырдық.

Анам да кестесін жинап ас-су әзірлеуге кіріскен еді.

Ошақтың төр жағында малдас құрып темекісін тұтатып отырған әкем: «Желдің күшейгеніне қарағанда таңертең басылуы керек», деп темекісінің күлін етігінің ұртына түсіріп шаңыраққа шалқая бір қарап қойды.

«Ертең жел басылса ерте жотаға шығып қасқырға қақпан құрамыз, әлгі неше қарасанды қарамағалы да он күннен асты, ит-құстан аман ба екен, соны да бір түгендеп айналып келейік» деп маған қарап қутаңдай сөйледі… Бұл сөз маған аса ұнай қоймаса да әкеге қарсы келер бас қайда?! Жоқ деуге жүрек жетсін бе? Жарайды деп күмілжіп қасымда құйымшағын отқа қақтай мажаурап отырған тарғыл мысықты сипалай беріп бас изеп қойдым.

«Баланы шаршатпай, өзің неге барып-келмейсің?» деген шешемнің дауысы жаныма майдай жаққаны сол еді, әкем: «Е, не бопты, осындай елдің балалары Алатауды шыр айналып жүгенімен, тоқымын беліне байлап жылқы  іздеп шақпылап жүр емес пе?» деп қатқыл үнмен тіл қатып, маған қадала қарағанын көз қырыммен бағып отырмын.

Шешем де бұдан әрі ләм деп үндемеді.

Қазандағы былқып тұрған етті түсіріп, бетін жапты да, төсектің үстінде жұп-жұқа қылып оқтаумен жазып, жайып қойған шелпектің ұнын қазанға әкеліп салып пісірді де, буы бұрқыраған бір табақ етті дастарханға қойды.

Үйдің іші жым-жырт, тек далада күрілдеген қара таудың үні, басылар емес.

Әкем қонышындағы сары мойын бәкісін шығара бастады. Есік жақта тұрған құман мен елегенді әкеліп қолына су құйдым, бәкінің жүзін шайып дастархан шетіне қойып, бата жасалды. Етті турап отырып, «Балам, таңертең жел басылады, жотаға шығамыз, тамағыңды ішіп ал да, дем ал. Ал мен шөп қораға барып атқа шөп лақтырып тастайын» деді.

Сонымен тамақ ішіп шүйіркелескендікі ме, әйтеуір жел де басылған сияқты, бәріміздің жүзімізге күлкі үйіріліп, қасқырдың таңғы асынан тараған тазқарадай сәл шегінісіп үйдің іші бір ауық күбір-дүбір болып басылды.

Сүйек-саяқты жинап сыртқа шығып қос төбеттің  алдына шаштым да үйге келіп төсегімді салып жатып, жатырмын…

Атқа шөп салып келіп әкем жүктің артында тұрған «Бесатар» мылтығын  алып шығып, шақпағын суырып тастап, сүмбісінің ұшына мақта орап ұңғысын тазалауға кірісті.

Әр тазалықтан соң  шамға қаратып ішін сығалап қояды. Ал мен оң жақтағы темір кереуетте керней мен түндіктің арасындағы сынық тағадай саңлаудан әлсін-әлсін жылт етіп жоғалған жалғыз жұлдызға телміре қарадым. Жанарымда бір бейне қол бұлғай қою түн құшағына маужырай сіңіп барамын…

– Балам, анау науа қуыстағы қасаттанған қардың қасында жемтіктегі қасекеңдерді көрдің бе?

– Қане, әке?

– Әне. Мә, дүрбімен  анықтап көріп ал, көрдің бе?

– Ия-ия, көрдім, әке.

– Қазыр атты анау жықпытқа шідерлейміз де, баспалап барып атамыз, – деген әкемнің дауысы бұрын дәл қасқырға шығып көрмеген маған өте суық естілді.

Денем шымырлап бірде ысып, бірде суып сала берді.

Ала-аяқ аттың ауыздығын  шығарып, қанжығадағы қайыс шідерді  шешіп шідерлеп, тізгінін  жақтығына орап, шылбырын мойнына түре байлап, жайылымға  қалдырып, әлгінде дүрбімен шолған жақты бетке алып келе жатырмыз, келе жатырмыз…

Әкем баспалап келеді, артынан мен де қалмай жүрелей басып жылжып еріп келемін.

Қасқыр келіп жонымнан жұлып алардай артыма жиі-жиі жалтақтаймын.

Сол сәтте әкем артқа бұрыла қарап: «Сен осында қал, мен өзім жақындап барайын. Мылтықтың даусы шықанда жүгіріп кел» деп мені отырғызып кетті. Бойымды  үрей билеп «Анау жемтікті жұлқылап жатқан қасқырлар өзімді келіп жұлқыласа не болдым?»  деген үрейлі ой денемді билеп, өз-өзімнен қатты қорқып отырмын. Бір кезде мылтықтың  тарс еткен дыбысы шықты, орнымнан тұрып жүгіріп келемін, ал әкем көрінбейді, оқтан қашқан қасқырдың бірі тура маған қарай атылып келеді, жан-ұшыра айқайлап кері  бұрылдым, айналамда ешкім жоқ.

Денем бірде ысып, бірде суып, қатты қорқып аяқ-аяғыма тимей бездектеп  қашып келемін. Бір кезде қорым тастың шетіне ілініп қалған екенмін, бір үңгір тастың қуысына кіріп, «үк» дегендей болдым.

Әйтсе де үстімнен жаңағы қашып келе жатқан көкжал кіріп келердей қатты үрейленіп отырмын.

Тың-тыңдаймын, жым-жырт. Маңдайымнан аққан суық терімді малақайыма сүртіп қойып, інінен аса сақтықпен шығып келе жатқан суырдай айналаға сақтықпен көз тастап қоямын.

«Тұр, балам, тұра ғой, таң атты» деген дыбыс құлағымда, не сенерімді, не сенбесімді білмей бажырайып жатып қалдым. Сосын барып «үк» деп кең демалып түсім екен ғой деп қуанып кеттім.  Ия, расында түсім  екен…

«Шай дайын, сен тұрып киініп, шайыңды іше бер, мен ат ерттеп келейін, деп әкем сыртқа шығып кетті!

Түндегі бура бұлттар буырқана келіп кеудесімен біздің үйді әрлі-берлі соққылап ашуларын алып енді түк білмегендей моп-момын күйге енген тәрізді.

Шешем айтқан құдайдың күні шынымен де тынышталып, тамаша бір күйге еніп тұр.

Шай үстінде әлгіндегі түсімді жақсылыққа жорып, нар тәуекел деп апыл-ғұпыл асымды іше салып, буынып-түйініп дайындала бастадым…

Темір кереуеттің бас жағындағы шиыршықталған төрт, бес сырмақтың іргесінде тұратын өзіміз «жүздік калибрь» деп атайтын 100 метр алысқа ғана жететін кішкентай мылтықты шығарып жатқан әкем: «Мынаны мойныңа салып ал, түлкі атасың» деп мырс етті.

Қорамсағында жездемнің  сап-сары алтын тістеріндей тізіліп тұрған оншақты оғы бар екен.

Бұл менің алғаш мылтық ұстаған кезім емес. Әйтсе де әкеммен алғаш бірге аңшылыққа шыққаным еді. Мен бұл кезде 17 жасқа келе қоймаған шағым болатын.

Ақпанның алаң-қуаң таңы шығыстағы биік терісейден сығалай сиқырлы бір самалмен қыс түнінің қытығына тигендей қырдың селеуін әлсін-әлсін мың бұралтып билетіп қояды. Ал әкем қолында серперіне үлкен тоқпақты шынжырмен шырмап-шырмап байлаған қара қақпан, табағына құрым киіз тіккен, ал құрым киіздің дәл ортасында домбыраның тиегіне ұқсайтын ілгекті екі шетінен берік жіппен құрым киізге жапсыра тіккен, атамнан қалған қасқыр қара қақпанды қапқа салып қанжығаға байлады да, мені мінгестіріп жотаға жол тартып кеттік

Теріскейдегі ат жолмен бірде оңға, бірде солға бұралаңдап таң ағарғанда сайдың басына да жеттік. Күнгей беттегі кереге жартастағы түнегінен ұларлар шулай ұшып, теріскейге топ-топ болып жайылымға  өрістей бастаған сәт.

Біз де сайдың биік басына жеттік. Түсімде көргендей ала-аяқ атты отқа қалдырып, қанжығасындағы қапқа салынған  қақпанды шешіп әкем иығына  көтеріп асықпай демала-демала үстіртке де келіп жеттік. Аспанда жалғыз шолпан жұлдыз дүниені бір өзі ғана жарықтандырып тұрғандай жарқырай жымыңдайды. Айналаға дүрбі салып шола бастаған әкем: «Балам, ештеме көрінбейді, біздің неше сиыр көлашаға асып кеткен-ау, алдымен анау көк қабақтағы, ескі бұқаның жемтігіне барайық, соның қасында үлкен, соқпа сару тас бар соған қақпан құрып тастайық» деп жүре сөйледі…

Қабақтағы қарлардың бетінде ұлардың, аққұрдың, түлкінің, қасқырдың, арқар құлжаның, ескілі-жаңалы іздері жосып жатыр.

Әлгінде айтқан ескі бұқаның жемтігі жатқан жерге де келдік.

Шашылған сүйектер, күнге қурап қоп-қоңыр боп қопыраған қодастың жүні, ескі терінің бір шетіне ілінген құзғын шоқып қуарған қу бас өлексе өмір мен  өлім арасының шынайы ақиқатының дәлелі болып жатқандай.

Қасқыр саритын тайлақтың өркешіндей тікшиген кішірек сары тас шилі қияқтан басы ғана қылтиып тұр. Ит-құс сарыған жердің шөбін мал да, аң да жемейтіні көрініп-ақ тұр.

Қасқыр сарыған май салтақ тастың қасынан қақпанның көлемімен бірдей сызып белгілеп жер қаза бастадық.  Қаптағы қақпанды алып шығып екі серперін бар салмақпен басып құрып жатқан әкем маған бұрылып: «Сен жылдамырақ  жылқының қуарған тезектерінен бір етек теріп алып кел» деді.

Анам өз қолымен ел қыстауға қонғанда қара барқыттан тігіп берген қазақы шапанымның  етегін бір қолыммен  жоғары қайыра қуыстап, жазда жайлауға келген елдің жылқысының ескі тезегінен толтырып, бір етек алып келгенім сол еді әкем қақпанды құрып қазылған орынға салып даярлап қойған екен. Жылқының қу тезегін қаптың ішіне салып, аяқпен басып-басып әбден ұсатып қақпанның айналасын және бетін толтырып жауып, оның үстіне еш із түсірмей жұқалап қар шашып, өзінің ізін де білдірмей артқа жылжи-жылжи көміп шықты. «Міне, балам, қақпанды қасқырға осылай құрасың, ал түлкіге құрсаң жазда суыр сойып оның майын шикідей шыны құтыға сасытып сақтап қойып, қыста қақпан құрған жеріңдегі тастың бетіне құйып қоясың, суырдың иісіне түлкі келмеуі мүмкін емес. Ондай май болмаған жағдайда соғымға сойылған малдардың безін майымен бірге жақсылап шыжғырып, соның әбден күйген шыжығын салып құрасың, сонда түлкіні оңай ұстайсың», – деп аңшы әке біраз аңшылықтың қыр-сырын айта келіп, «Жарайды, енді күн кешкірмей кешегі жоспар бойынша әлгі неше сиырды бір қарап, несі бар, несі жоқ, түгендеп тастап, үйге қайтайық» деді. «Күнде келіп көріп тұрамыз, сен барып атты алып кел, қақпан құрған соң маңында көп жүруге болмайды» деді.

Ол аңшылардың  ең басты ұстанымының бірі осы болса керек.

Сиырды түгендеп ит-құстан аман екенін көзбен көріп, үйді бетке алып ала-аяқ атты жетелеп теріскейдің сап-сары қар аралас шүйгінінен тайғақтай басып үйге таман құлдилап келеміз.

Қыстың қысқа күні, лезде күн кешкіріп алып таулардың басынан қызғылт сәулелер қош-қош дегендей сыңай танытады. Қатпар-қатпар тау жынысынан сайға сұлай құлап бірімен-бірі жарыса таласқан қарағай көлеңкелер, қапталда баяу үйге беттеген қора-қора қойлар, әр сайдағы қыстап отырған малшы қауымның ақбоз үйінен будақтап көтерілген қидың қою алқаракөк түтіні батар күннің алқызыл нұрымен араласып, қой үстіне бозторғай ұялаған  бейбіт заманның есте қаларлықтай тамаша әсерін беріп  аспан мен жер ортасын тыныштыққа бөлеп, бүкіл жаратылыс мейірім құшағында балқып бара жатқандай әсер етеді. Біз сайдың аяғына жеткенше кеш те болып қалды.

Рауанда бізбен бірге өріске шыққан ұларлар кереге жартасты күрілдетіп топ-топ болып күңгейдегі көк қонаққа шулап келіп жатқан сәт жаныңа бүкіл жаныңа серпіліс силамай қоймайды.

Арада үш күн өтті. Тағы да кешкі ас уақыты. Анам қазаннан буы бұрқыраған етті әдеттегідей алдымызға қойып өзара шүйіркелесіп отырмыз. Жауырынның етінін мүжіп болған әкем, сүйегін маған ұсынып: «Мынаны ошақтың аузындағы ыстық қоламтаға салып қой, біраздан соң көреміз, жауырын қатты қызғанда бөлінеді, егер мойнынан морт бөлінетін болса қақпанға қасқыр түсті деп болжаған бұрын аңшы бабаларымыз, егер жалпақ етегінен бөлінген болса, қақпан құр шауып қалды деп ырымдаушы еді бұрынғылар» деп мырс етті де, маған бұйыра сөйлеп, «Бар, бисмиллаһ деп шоққа көміп қой, әйтпесе  қасқыр түспей қояды» деп қалжыңдай сөйлеген болатын.

Тамақ ішіп, ұйқыға бас қояр сәт. Мен де ертерек жатуға қамдандым. Қидың қызуы қайтқан ошақтың қоламтасынан манағы жауырынды алып шыққан әкем таңырқай сөйлеп, «О, қақпанда бірдеме бар сияқты, мына жауырын мойнынан қиылыпты» деп бөлінген  жауырынның күлін қағып-қағып қалып ошақтың мойынына қойды да, тағы да бес атарын алып шығып майлап жайлап отырып асықпай сөз бастады. «Балам, ертең тағы жотаға барамыз, жауырын ақ сөйлейді» деп бірдеме сезгендей сенімді сөйледі. «Сен демал, тағы да ерте кетеміз» деді.

Шалқалап ой үстінде жатырмын, таң тез атса деп те ойлап қоямын. Керней мен түндіктің ортасындағы саңылаудан тағы да қара аспан әлемімен үндесе ұйқыға кеткен болатынмын.

Әкем мені оятып, «Тұр-тұр, балам, кеттік, мен атты ерттей беремін, сен тез киініп, шайыңды іш» деді. Сонымен бәрі сақадай сай, тағы да ала-аяқ атқа мінгесіп қақпан құрған сары жонды бетке алып аяңдап кеттік.

Үйренген жолмен ала-аяқ ат та құлағын елеңдете қайшылап, өн бойы ақ қырауланып, кеше кешқұрым сайда түтіні бұрқылдаған ақ боз үйдің кернейіндей кеңірейген танауынан шыққан бу бұрқ-бұрқ етіп салып ұрып келеді.

Таңда атты баяғы көрініс, шулаған ұлардың үнінен басқасы жым-жырт.

Суық ызғарлы жел бетті әлсін-әлсін тыз еткізіп тістеп алады. Ыстық бумен араласқан ала-аяқ аттың ашы тері тақымымды соқталап, әрлі-берлі қисақтап ат өрге жүрген сайын сыпырылып қалардай бір қолыммен әкемнің белінен, енді бір қолыммен ердің артқы қасынан тас қылып ұстап теріскейді өрлеп тырмысып келеміз.

Ескі бұқаның жемтігіне жақындап келіп аттан түсіп үлкен қыналы түйе тастың ығына жайғастық.

Атты шідерлеп тастадық. Әкем малақайының бауын қайыра байлап қойнындағы темекі салған қалбырын шығарып, қағазға қып-қызыл жирен темекісін орай тұтатып, құшырлана бұрқылдатып қалып, қойынынан  дүрбісін шығарып, айналаны үнсіз шолып отыр.

«Қақпан жақсы көрінбей тұр, жақындап барып қарайық», – деп сару тасқа қарай бет алды. Артынан мен де қалмай өкшелей тершіп адымдап алға ұмтылып келемін.

Шамамен, жүз метрдей қалғанда кілт тоқтап, бір ізге шұқшиып қадалды да, «Қақпанды сүйреп кеткен бе?», – деп жан-жағына жалақтап тездетіп сару тасқа қарай ұмтылды.

Ескі жемтіктің айналасы аю қопарғандай, қардың үсті ойран топыр қызыл қан.

Жүгіріп сару тасқа келіп, «Қақпан жоқ, алып кетіпті» деп айналаға сапалақтай көз тастады.

Әрлі-берлі тоқтаусыз із шалып айнала жүгірді, «Бері кел, міне, былай кетіпті, тоқпақтың ізі міне, тамған қан да бар екен, осы ізден адаспай қуалайық» деді.

Әр жер-жерден тоқпақтың бір түйген ізі, шымды қыра қопарып қап-қара құмды қар бетіне шашып қалып отырыпты.

Ізді  қуалай-қуалай  үлкен қабақ қорымға жете бере, тоқта деп кенет тасқа сүйеніп түра қалды да, қойынынан дүрбісін шығарып жан-жақты, бит қарағандай шола бастады.

«Ол аяғын қыршып қақпанды лақтырып кетуі де әбден мүмкін, немесе бір жерге тоқпағы ілініп жатуы да мүмкін» деп темекісін тұтатып жиі-жиі тартып  тағы да айналаны шолып дегбірі қаша бастады. Қайда болса да қақпанды таппайынша сабыр таппасы анық.

Әкем әдетте өте сабырлы асықпайтын,салмақты мінезді адам еді,мен ол кісінің бұл әрекетіне қайран қалып аң-таң  болып отырмын…

Алайда аңшылық сабырлы адамның сабырын қашырып, салмақты адамды сасқалақ етіп жіберетінін сол сәтте түсінгендей болдым.

«Ұста мынаны, маңайды дүрбіле. Ол аяғын шайнап тастамаса алыс кете қойған жоқ» деп маған дүрбісін ұсынды. Мен де айналаны бір шолған болдым, ол кісідей әр тастың түбін сүзіп шығатын қырағылық қайда менде.

Тағы біраз жоғары көтеріліп дөңге шығып қорымды тынбай тінтіп отыр. «Әй, анау сол ғой, мен оны көрдім» деп қуаныштың даусы саңқ етті. Жоным шымыр ете қалды. «Жүр, кеттік, жақындап барайық» деп алға қарай аяғы аяғына тимей асыға жүгірді. Менің бүкіл денем аяғымнан маңдай теріме дейін шымыр етіп, бір ысып, бір суып кетті. Құдды өткендегі түсім өңіме айналып, қорқынышпен үрей тағы қайталанып жатқандай. Әйтсе де әкемнен қалсам, артымнан қасқыр талап тастардай дыздақтап қалмай ұшып келемін.

– Тоқта, әне, көрдің бе, тастан асылып салақтап тұр, – деді әкем.

– Қане?

– Әне-әне.

– А, көрдім, әке.

Сол-ақ екен ол да бізді көріп шынжырды шалдырлата тастан асып кетуге әрекеттене бастап жұлқынды. Мен әкемнің етегіне жармаса еріп келем, зәрем зәр түбіне кеткендей болып екі көзім қасқырдан айырылмай сүріне жығылып жақындап та қалдық. Әкем кілт тоқтап: «Ә-ә, қуым-ай, нағыз көкжалдың өзі екен» деп сөйлеп тұрып, «А-а-ап» деп менің жауырынымнан қағып қалғанда  жүрегім тас төбеме шығып селк ете түсіп, ішімнен қарсы сөздер айтып қалғанмын. Сол сәтте әкем мылтығын иығынан сыпырып, оқтап та үлгерген болатын. Шамамен он бес, жиырма метрдей жақындай бердік. «Мынауың нағыз арлан екен», – деп жұдырықтай тасты дәлдеп тұрып лақтырып қалды, арс еткен ашулы дауыс, менде шара қалмады, тағы да таспен атып-атып қалды, жан бермек оңай ма қақпанды сақылдатып тістелей қауып, жұлқына тартынып құтылмасын сезгендей, созылып барып, қарсы қарап бұғып жатып қалды. Талай арланды олжалаған әкем қасқырдан сескенер түрі жоқ. Мылтықты өзінен оздыра ұстап жақындай түсті, мен осыдан әрі таяуға жүрегім жетпей отырып қалдым.

Босап кетіп өзімізге шабуыл жасай ма деп ойыма қай-қайдағы орала бастағаны сол еді, бесатардың даусы күңірене құлақ жарып, сайдың іші жайдың оты түскендей көздің отымен бірге жарқ етіп, қан күйгізе қоңырсыған дәрінің иісі мұрынға мүңк ете қалды. Есім шығып отыра беріп қасекеңе қарап та үлгердім, құйрығын шошаң еткізіп  аспанға бір қадап, сұлық түсті. Орнымнан есеңгірей тұрып жүгіріп әкеме келдім.

– Әке, өлді ме?

– Ия, өлгендей болды, үлкен арланы екен өзі тіпті, – деп марқайып масаттана сөйледі! Аңшыға осыдан артық бақытты сәт бар ма, шіркін!

Қасына келіп аяғымен түрте теуіп қалып бағанағыдай «арс» етіп мені тағы бір шошытып алды.

«Па, жарықтық-ай, үлкен-ақ екен» деп желкесінен ұстап басын көтеріп қайта тастай салды.

«Атты алып кел, өңгеріп алып тезірек қайтайық енді» деді күлімсіреп.

Бұл менің алғаш әкеммен бірге анау-мынау емес, Көксеркенің көк арланын атып алған аңшылық сапарымның бастауы еді.

Сол сәтте есіме ошақ мойнында қалған күл жауырын орала берді, орала берді.

Арланды өзім атқандай атқа қарай қуанышым қойнымнан төгіліп секектеп жүгіріп келемін. О, ғажап!

 

Түсіндірме:

Көксерке – Моңғолияның қызыл кітабына енген аң-құс мекен ететін, мемлекеттік қорғаудағы ең үлкен таулы-жонды мекен.

Добавить комментарий