***
Сағынышта жатады екен қандай мән,
Тамылжытып, салмас енді таңдай да ән.
Сүйе алмадым ең соңғы рет кеш, күнім,
Менің атым жазылмаған маңдайдан.
Жанарыңда болсын мейлі жан құрбан,
Қабағымда қараша мұң сан жылдан.
Мен күн кешкен кеудеңдегі жүректің.
Тасасында тығыламын тағдырдан.
Жаныңдағы, жарасатын жат қалай,
Жүрген болар сезіміңді таптамай.
Дәрігерім, сен болсаң да күнім-ау,
Дәрілерің көмек бермей жатқаны-ай.
Бірақ…
Бірақ сендік, мұңдарымның жыры бақ,
Сен дегенде көбелек жыр құбылад.
Құспен бірге ораларсың көктемде,
Жанарыңа сағыныштар іліп ап.
Тұсауыңа байланады енді кім,
Күш ағымға бой бермессің сен бүгін.
Құса мұңға тығылатын жаныңды,
Құшағымда жылытайын кел, күнім.
Ерекше кездесу
Көшелер. Көліктер. Жарық шам,
Жанымды ұрланған емдер кім?
Қызылы, күреңмен қаныққан,
Алқызыл көйлекпен сен келдің.
Көркіңе сүйсініп қарайды,
Фараби-Әуезов біз тұрған.
Періште сияқты ең арайлы,
Шашына түймедақ қыстырған.
Сен сондай көрікті ең, шекерім,
Тұрмайсың өзіңді жырлатпай.
Мен сонда сезімнің не екен,
Жанармен түсіндім үн қатпай.
Ұрланып қараған ұяң қыз,
Қарашық, мөп-мөлдір жасыңнан.
Қайтейін ақынбыз, қиялмыз,
Сезімін өлеңге жасырған.
Аңсаумен қараймын жолыңа,
Күлкіңнің алдында жан құрбан,
Сезімнің шыдамды шоғына,
Шырыныңды түймедақ қалдырған,
Тағы бір кездесу сұраймын,
Сағыну сыйлаған тағдырдан.
Алматы
Мен безініп кеткенмін бұл қаладан,
Бірақ сені жан жоқ-ау жырламаған.
Бара сала бетіме күліп қарап,
Бақытымды байқаусыз ұрлап алған.
Бұл қалада тулайды сенімді арман,
Көрсетеді шындықты, ненің жалған.
Бұл қалада ішілген шындықтар мен,
Көшесінде мәңгілік демім қалған.
Бұйырмайды ерніңе шабыттан бал,
Алатауды құшақтап жауып қарлар.
Бұл қаланың үсті паң асқар шыңдар,
Бұл қаланың астары алып таулар.
Жанарымды ұрлайды жапалақ таң,
Қабағыма қарайды қатал ақпан.
Төмпешікке айналған қыран ғұмыр,
Мұқаң жатыр маздаған махабаттан.
Өкінішім алыстап, ұнаса екен,
Бұл қаланың құшағы құлаш екен.
Ақындар ауыл жақта туып-өсіп,
Алматыда өлері рас екен…