«Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №11 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

МАХАББАТ  МАУСЫМЫ

(Саяттың сайран күндері)

 

Көршінің қызы

Армиядан келдім. Әрине, сіздер ойлап отырғандай Ұлы Отан соғысынан емес, дүние жүзін, бүкіл  кеңістікті жаулап алғысы келіп тұратын Кеңес армиясының арнайы әскери әуе қорғанысы қатарынан азаматтық борышымды өтеп, аман-есен қайттым. Анамның қуанышында шек жоқ. Айналып, толғанып қасымнан шықпайды. Екі жыл ел күзетінде тұрған, шыныққан сарбаз, есейген ер азамат екенімді ұмытқандай.

Бірде:

– Саятжан, бірер  күнде оқуын бітіріп Айсұлу келеді, – деп құлақ-қағыс қылды. – Құланның қасынуына, мылтықтың шүріппені басуы дәл келді деген осы. Үйлен сол қызға. Сөз айт, – деп тұқыртып қойды.

Айсұлу – көршінің қызы. Ақмолада оқуда. Осы  жаз айында  оқуын бітіреді. Айсұлуды былтырғы жылы әскерден демалысқа келгенде көрген болатынмын. Айсұлуды көргенде елең етіп, көз тоқтаттым: Орта бойлы, оймақ ауыз, күлім көз. Дәл ертегінің қызы. Өзім оқып ұнататын эпостағы Құртқаның,  Қыз Жібектің өзі.

– Бес жыл үлкен қалада оқып жүрген бойжеткеннің басы бос емес шығар?

– Пәлі, сөйлепсің! Мен бәрін өлшеп-пішіп, есептеп отырған жоқпын ба? Сен Нұрлы шешеңнің кім екендігін әлі білмейді екенсің. Мен аштық жылы, 32-де бір әулетті, сенің тұқымыңды аштықтан аман алып қалғанмын.

– Иә, апа соны айтсаңшы, қызық екен, – деймін.

– Е, балам, оның не қызығы бар дейсің. Мелтсия (милиция) шығып, белсенді атқамінерлермен бірге елдің малын тартып ала бастады.  Ескіше оқығаным, саясаттан хабарым бар мен  бір жамандықтың, зұлматтың келе жатқанын сезіп, күні бұрын үй ішінен әкеңе ұра қаздырып, қой, ешкіні  сойып, жіліктеп бөліп, тұздап тастадық. Аштық басталғанда есі шыққан ел Секбрайға (Сібір) ауды, дүркірей көшті. Біз бір жылдай өлместің күйін кешіп, қақталған, тұздалған етті талғажау етіп аман қалдық. Сен мені  алдаусыратпа, осы Айсұлуға  үйлен. Әке-шешесі де қарсы емес. Қыз көнсе болды, – деп апам тағы бір тиянақтап қойды,

Бірер ай бой жазып, шапқылаған соң:

– Апа, мен оқуға барамын, – дедім. Оқуға түсу туралы ағам Жұмаханмен ақылдасқанмын. Шешем біраз үнсіз отырды да, өз ойын айтты.

– Оқымай адам болып жатыр ғой. Немере сүйсем бе деп едім.

– Оқығанның алды жарық, – деп өзің айтпаушы ма едің, апа.  Жоғары білім алғым келеді.

– Мақұл. Оқимын деп құлшынып тұрған таудай талабыңа бөгет болмайын. Шүкір, бес немере иіскеп отырмын. Бірақ сен де менің бір ақылымды  тыңда. Айсұлумен  тілдесші.

Апам маған осындай салмақ салды. Тілдесейін деп едім, апамның әлгі әзірде ғана жиырыла қалған маңдай әжімдері тез жазылып, балаша мәз болды.

– Е, солай деші!

Күндердің бір күнінде Айсұлу оқуын бітіріп келді  Мамандығы – заңгер. Жарқын ағай мен Жадыра тәтеміз  Айсұлудың оқуды аяқтауына орай той жасады. Біз де бардық тойға. Таныстық. Амандықтан әріге барыспадық.  Қыздың мені ұнатқан-ұнатпағанын білмеймін, әйтеуір өзім ұнатып қалдым.

Айсұлу аз сөйлеп, көп тыңдайды. Жөнсіз күле қоймайды. Бұрынғы көргенімнен де салмақты болып көрінді. Күлім көзі кірбіңдегендей. Екі қастың арасына білінер-білінбес сызық  пайда болыпты, Дөңгелек жүзі сопайып, жақ сүйегі айқын білінеді. Әкесі: «Оқу оңай ма? Қарғашымды  қағаз жеп қойыпты», – деп қояды. Тіпті менімен кездесуден де қашқақтайтын сияқты. Мұны мен қыздың иба сақтауы деп білдім. Болмаса, мендей жігітті қыз ұнатпауы мүмкін емес. Меніңше, қыз ұнататын белгілер менде бар. Біріншіден, темекі тартпаймын, арақты аузыма алмаймын. Ортадан сәл жоғары бойым бар. Аяғымның сәл қисықтығы болмаса, дене пішінім құрыштан құйғандай. Белім аш арыстанның  беліндей. Жауырын, иық құйма кірпіштей. Әттеңі, қара торы ашаң жүзіме дөңестеу қырлы қисық мұрын келіспейтінін білемін. Әскерде жүргенде қоян-қолтық ұрыс жаттығуында алған жарақат белгісі. Амал нешік. Қисық мұрынды жұлып тастай алмайсың. Ота жасау керек дегенде рұқсат бермеген өзімнен көремін. Бір айнаны алдыма қойып, бір айнаны бүйірден ұстап олай қараймын, бұлай қараймын, түзелер мұрын жоқ. Апам: «Ер мұрынды келер», – деп жұбатып қояды. Соны көңіліме медеу тұтамын.

Екі жыл елден жырақ жүргендіктен болар орыстың Омбысына  қарай ентелей аққан Ертісімды сағынып қалыппын. Қызға қырындай бергенше, уақытты бірауық табиғат аясында, Ертіс жағасында өткізгенді жөн көрдім. Шіркін, біздің Ертістің табиғаты  ерекше-ау.

Ертістің жағасына ентелей орналасқан қалашықтың аты – Көрікті. Көше бойы жапырақ жайған жас қайың. Терістікке бет бұрсаң, алдыңнан салқын самал, жұпар ауа еседі.  Дәл аяғыңның астынан құлама жар көрінеді.  Биік жардан төмен қарай құлдилайсың.  Аяғыңның астындағы еспе құм жүрісіңді жылдамдата түседі. Жүріп емес, сырғанап келе жатасың. Ақындар Ертісті асау Ертіс, ағынды Ертіс деп жатады. Мен соның асауына қосылмаймын.  Ағынды екені рас. Суға күмп етіп қойып кеткеніңде  денеңді тез игеріп алмасаң, ағыны қатты  Ертіс  төмен қарай зымыратып ала жөнеледі. Асау болмайтыны  жағамен жағаласып жатқан жойқын толқыны жоқ. Желді күннің өзінде иір-иір толқындары жайпақ жағалауға екпіндей соғылғанымен  тез жуасиды. Сылқ ете қалып, тез қайтады. Бұнысы, «Әй, осы  түйіп жіберейін бе?», – деп түйіліп келіп, інісін қорқытқанына мәз болған  үлкен аға іспетті. Ал тымық күндері әсіресе, таңертең, кешкілік  Ертіс  тынымсыз жыбырлай ағады. Ағып жатқаны да белгісіз. Әйтеуір өзен  беті тынымсыз бүлкілге толы.  Бұнысы, денесінің жойқын күшін көрсеткісі келмей, кең шапанмен қымтана  қалған  алып батыр сияқты көрінеді.

Уақытымның көбін өзен жағасында өткіземін. Қолымнан кітап түспейді. Кешкілік аулаға шығып, Айсұлумен әңгімелесіп қоямын, сөзге тартамын. Әйтсе де, әңгімеміз  жарасып кете қоймайды. Неге екенін кім білсін? Осы қыз алдында мен де, ашылып сыр ақтара алмадым. Маған салқын қабақ, сабырлы жүз «сен менің теңім емессің» дегендей әсер қалдырады..

Біреулер қызға бір көргеннен  ғашық болдым, өлдім, талдым дейді.  Енді біреулер, бір көргеннен  ғашық болу көрсеқызарлық дейді. Үшінші біреу, қол ұстасып, сөз байласып жүргенімізге пәленбай жыл, махаббатымыз  мәңгі дейді. Барлай, байыптай қарасам,  бәрінің айтқандары  рас, бірақ өмірде соның орындалу нәтижесі  әрқилы болып жатады екен. Бір көргеннен ғашық болып, ертеңінде  сырт айналатындар да болады немесе талай сыннан өттік дейтіндердің өзінің дәм-тұзы жараспай айрылысып кететіні де жоқ емес. Осының бәрі өз басымнан өтпеген  жағдайлар. Сондықтан мұның бәрі маған әрі қызық, әрі бұлдыр дүниелер. Өзімше, ақылдымсып, өмір үзіліссіз үмітімен, толассыз толғауымен, кездейсоқ күдігімен қызықты емес пе деп білгішсініп қоямын. Сондықтан әзірше қыз қуғанды қойып, оқуға түсуге дайындалып, кітапқа  құдиғанды жөн көрдім.

Жоғарғы оқу орнына, Қарағанды қаласына жолға шығатын уақыт та таянды. Апам:

– Мауқымды да баса алмадым-ау. Екі жыл әскерде болдың, енді оқуға бара жатсың. Бұрынғылар: «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп тегін айтпаған. Жортқанда жолың болсын, алдың жарық, ой дүниең анық болсын, – деп бата берді де, – Балам, айтарым: Бұрынғылар «Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді ал» дейтін. Осы ұлағатты ұмытпа, – деді.  Анадан артық сезімтал, анадан артық ақылды, анадан артық данышпан, анадан артық көреген кім бар?! Осылайша сұлу қызға деген қызығушылығым, махаббатым,  оқуға-білімге деген махаббатқа ұласты. Оқуға көршінің қызымен қоштаспай аттандық…

 

Талапкердің талпынысы

 Мен оқуға түсуге келген Қарағанды қаласының еңселі үйлері еңсені басар  бірыңғай қоңырқай қарасұр түсті болып көрінді. Бірақ бұл алғашқы әсер екен. Адамның мінез, түр, түс  жағынан бір-біріне  ұқсас жақтары болса да, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар емес пе?! Сол сияқты сәулеткердің сызуымен, адамның  қолымен жасалған қалалар да бір-біріне ұқсамай, өзіне тән мәнерімен көрінеді екен.

Кең көшелердің бойымен жарыса  жүгірген жасыл желек, гүлді гүлзар көңілдің көк дөненін шапқылатып, бойыңды қуаныш кернейді. Нұркен Әбдіров көшесіндегі биік тұғырда тұрған  Нұркен ескерткішіне көз тоқтатып, таңырқадым. Жауына жауатын бұлттай түнерген, «мұздай темір құрсанған»  Нұркен  мүсіні тым айбарлы. Ұлы Отан соғысында  жауын жер жастандырған бұл бейне дәл қазір «жамандық, жат қылық, басқыншылық соғыс енді болмасын» дегендей төменге шүйіле қарап тұр… Қыдырар жер көп, бірақ оқимын деген талапкерге уақыт жоқ,

Абитуриенттің арқалаған жүгі ауыр дейді. Ата-ана сенімі, ұстаз үміті, достар тілегі  оқуға талпынған әрбір ойлы жасқа ауыр жүк. Төрт кісілік  аядай  бөлмеде алты жігіт жатырмыз. Арқалаған  арман бағытымыз әрқилы. Асқаралы Алтайдан келген Көбен – экономика, Сағат – математика, шымкенттік Таңсық  мен Әли – тарих, ақтөбелік  Мансұр – заң, Алмат пен мен филология факультетіне түспек ойымыз бар. Көбіне бөлмеде Көбен екеуміз қаламыз. Айналдыратынымыз ала қағаз, кітап. Қалған жігіттер сапарларынан кешке таман келеді. Ішіндегі қу тілдісі Алмат:

– Әй, екі оқымысты, көздерің талды. Жетеді ғой оқи беру. Бүгін екеуіңді  Шәкен Айманов түсірген «Атаманның ақыры» фильміне апарамын, – деді.

– Ертең емтихан емес пе?

– Болса ше? Ертең мен де  тапсырамын.

Сөзге  Сағат араласты:

– Емтихан, емтихан деп өлесіңдер ме? Баяғыда  бір атамыз  әкесінің өлгенін естірткенде:

Атаң өлсе қойылар,

Атан өлсе сойылар.

Мынадай қансонар,

Қайдан маған табылар, – депті. Сондықтан ертеңгі емтихан алдында  тынығып алған жөн. Алғашқы емтиханда мен дайындалмай-ақ математикадан келген есепті  шекілдеуікше шақтым…

– Сағат, сенің қансонарың  қан сорпа болып көше аралау, театр, киноға бару  ма? Қазіргі мәселе емтиханды дұрыс тапсыру. Алға қойған мақсатқа жету, оқуға түсу. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі деп «Құрыш қалай шынықтыдағы» Островский неге айтты? – деп Көбен сөзге араласты.

– Пәлі, Көбен сенің мына сөзің – кітап сөзі, жаттанды сөз. Ал өмірде мүлде олай емес, – деп Сағат та бой берер емес.

– Сенің ойыңша, кітап сөзі өтірік болғаны ма? – деп Сағатқа  бәріміз дүрсе қоя бердік.

– Көп қорқытады, терең батырады. Мен қойдым, – деп Сағат екі қолын төбесіне көтерді.

Біз бармадық. Айтқан ұсыныстарын қабыл алмадық. Сабаққа дайындалдық. Сағаттың  есепті қалай шаққанын бір құдай біледі. Ертеңінде емтиханнан үш деген баға алды.

«Атаманның ақыры» Алматтың ақыры болды. Соңғы емтиханымыз тарих пәні еді. Кезегім келіп, емтихан қабылдайтын бөлмеге кірдім. Мұғалімнің алдында Алмат отыр. Жауап бергенінен басын сипап, арқасына ауыр жүк артқан арық аттай тұғжиюы көп.

Мұғалім:

– 1917 жылғы февраль революциясының пісіп жетілуіне нендей жағдайлар әсер етті?, – десе,  Алмат:

– Ағай, піскенді қалай түсінуге болады? – деп қарсы сұрақ қойып қарап отыр.

Алты жігіттен оқуға түскеніміз – Көбен және мен. Қалғандары өкініш деген  жүкті арқалап ауылдарына қайтты.

 

Студент

 «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп тегін айтылмаған. Алғашқы лекция жазуымыздың өзі  тәй-тәй басқан жас баланың жүрісіндей болды. «Әдебиет теориясынан» сабақ беретін Қаби ағаның  дәрісіне ілесе алмай жатамыз. Қаби ағай біздің ілесе алмай жатқанымызды  түйілген қабағымыздан, қалтақтаған қаламымыздан біле қояды. Асықпай сөзін созып, жетекке алады. Үйреніп алған соң қаламыңды ақ қағаздың бетінде жүйрік жорғадай тайпалтасың. Ұстазымыздың даусы сөздің  мағынасына, мәніне қарай сан құбылады,  сазды, әуезді естіледі, кейде ән салып тұрғандай әсерде қаласың. Сөз мәнері бірде өрлейді, бірде  бәсеңдейді. Әуен сөзге ағайдың қол қимылы ұштасады. Енді бірде оқып отырған дәрісін әдеп, әдет (этика, эстетика), әдемілік, көркемдікпен, тәрбиемен  астастырады. Ағайдың  дәрісін  тыңдап отырып, дүниенің кілті, өмірдің мәні әдебиетте, өнерде, әсемдікті әспеттей білуде, сұлулықты көре білуде, мөлдір махаббатта екен деп ұғындық.

Қаби ағаның:

– Сендер білім атты бұлақтан  сусындауға келдіңдер. Сол бұлақтан нәр ала жүре бойларыңыздың  өсіп, ойларыңыздың қалай  молығып қалғанын білмей қаласыңдар. Оны сырт көз, жұртың, ауылыңның ақсақалы, дос-жаран, бейтаныс аңғарады. Пәленшенің баласы адам болыпты, мүйізі қарағайдай азамат болыпты, есейген екен, есті екен, – деп сендермен  мақтанады, санасады деген сәуегей сөзін қалай ұмытарсың?! Енді бірде: «Үлкен қаланың көшесі ауылдың іші емес. Көшеде айғайлап сөйлеп, алысып-жұлысып жүрген жараспайды. Қала мәдениетіне бейімделу керек. Күштерің тасып бара  жатса университет спорт залында өтетін бокс, күрес секциясына, би үйірмесіне барған дұрыс», – деп кеңес береді. Осы тәлімді естігенде аудиторияның соңғы қатарында отырған ауылдан келген жігіттер: Көкіш, Өмір, Самғат, Танаш, Болаттар ағай бізді айтып отырған жоқ па дегендей бір-біріне жалт қарасты. Бұл жігіттердің сабақтан шыға сала өзара даурығып сөйлеп, дауласып қалатыны бар. Даурығудың соңы алысып-жұлысуға ұласады. Көшеде кетіп бара жатқан адамдар мына қазақтың балаларына не болған дегендей аңтарылып қалатынын байқадым. Міне, ұстазымыз осыны меңзеп отыр. Біреу айтты ма, өзі көрді ме, айта  алмаймын. Әйтсе де осы әбестіктерімізді біз мойындап, көше тәртібін сақтап, бойды жиып, жинақы  жүретін болдық. Оқушы кезімде студент болуды армандадым. Бірде Жұмахан ағамның альбомындағы  фотодан ақын Кәрім Сауғабаев:

Қиыры мен құзы көп,

Қызығы мен қызы көп,

Студенттік шақ думанды,

Неткен шіркін қызық ед! – деп жазып, қолын қойған өлеңмен таныстым. Осы бір шумақ өлең мидағы жад деген жатаққа тез қабылданды. Оқимын, студент боламын деген арман балаң шақтағы бойда боздай бастады. Өлең жазуға әуестене бастадым. Бір күні өзімше  бір ауыз өлең шығардым.

Туған жер маған ыстық көрінеді,

Сағыммен бұлдыр тартып керіледі.

Алыстан төбелерің көрінгенде,

Қиялым шартарапқа бөлінеді, – деп жазып апама (шешемді апа деймін) көрсеткенім бар. Апам оқыды да: «Балам, енді өлең жазбай-ақ қой. Көз тиеді. Әзірше, ішіңде болсын», – дегені. Мен үшін апмның айтқаны – заң. Тек іштей уілдеп ұйқас құрамын. «Батырлар мінер көк қасқа ат. Қорқақтар мінер боқ қасқа ат» деген түкке тұрмайтын жолдар да кетіп жатады.  Өлең демекші, біздің филология фаультетінде жыр жазуға ден қойған жазғыш, өлең жазбаса ішкені ас болмайтын қиялы қиянда жүретін ақындар баршылық екен. Ақтоғайдың алғыр ақыны Абзал, Шардараның шалқар ақыны Нұрғали, Алтайдың алшысынан түскен ақыны Базар, Ағадырдың ақиығы Төрехан, Нұраның  нұрлы Нұрханы, Жамбылдың  жампозы Жандос, Көкшетаудың Құлагері Тортай – бәрі шашасына шаң жұқпайтын ақындар. Сынықтан өзгенің бәрі жұғады, өткір пышақ қап түбінде жатпас дегендей, мен де осы мықтыларға еліктеп өлең құрастырып қоямын. Татымды деген өлеңдеріміз университеттің «Ақбұлақ» атты қабырға газетіне шығады. Көбіне махаббатты жырға қосамыз. Нұрғалидың «Қыздар, қыздар, қиыла қарасың бар, Кейде неге бұртия қаласыңдар?» деген тапқыр өлеңі студенттер арасына тез тарады. Төрештің «Ақылды қызды армандап жүріп талай біз, Қыздардың сұлу болғанын қалаймыз, Сағым боп сонсоң ұстатпай бізге кетеді,  Ақылды не бір талай қыз» деген өлең жолдарына таңырқадық. Біздің  қабырға газетіне шығарған туындыларымызды ұстаздарымыз оқып жүреді екен. Бір күні философиядан сабақ беретін Төлеуғазы ағай сабақ үстінде: «Өздерің білетіндей, өткен сабақта айтқанымдай, философия грекше даналықты сүю, өмірді тану, сезіну түйсіну. Ал даналық – ғылым-білімде, өнерде. Бүгін мен Саяттың қабырға газетіне шыққан «Қар жауып тұр» деген өлеңін оқыдым. Ғашықтық сезімің  алғашқы жауған  қармен сәтті ұштастырыпты. Өлеңде үлкен философия жатыр. Философтар өмірді тануда материалистер мен идеялистер болып екіге бөлінетін білесіңдер. Материя болмаса, сана да болмайды, Ақын осы өлеңде жауған қар материя арқылы санамызға сан алуан ой туғызады. «Жапалақтап қар жауып тұр тынбастан, жыларман боп  тұнжырайды күзгі аспан».  Осы жолдарды оқып отырып, неге күзгі аспан тұнжырайды деген сұрақ туады. Себебі, ақын біреуге  ғашық боп қалған», –  деді… Курстастарымның  бірі қуанып, бірі: «Ағай, Саяттың махаббат  туралы өлеңдері көп», – деп жатыр.

Ұстазым дөп басты. Шынында мен жуырда нәзік талдай майысқан талдырмаш бойлы, қиғаш қас, қаракөз қызға ғашық болып қалдым. Бізден бір курс жоғары  оқиды екен.

 

Есімімді ұмытқан қыз

 – Атыңызды айтпадыңыз ғой.

– Айттым ғой, Гүлнәр деп. Жіберіңіз енді.

Мен оның  адамды бірден баурап алатын тұңғиық қара көзіне, күлімдеген жүзіне аңтарыла қарап, жолын бөгеп тұрсам керек.

– Жол  беріңіз. Менде уақыт жоқ. Ертең емтихан. Өзіңіздің есіміңіз кім?

– Саят.

Менің Гүлнәрмен танысуым да қызық. Оқу жылының басталар шағы. Жатақхана мен университет арасында әрлі-берлі сапырылысқан студенттер.  Бәрі де жазғы  ауылшаруашылығы мен  студенттік құрылыс отрядынан  оқу ордасына сағынышпен оралып, жатақханаға орналасу жағдайымен деканатты торуылдап жүр. Соның бірі  мен – Саят. Екі көзім төрт болып,  жатақханадан орын тисе, жақсы болар еді деген оймен  деканға кіруге кезекте тұрмын. Жәй тұрмайсың, ойға шомасың. Ойға тым беріліп кетсем керек, төңірегімдегілерге назар аудармай бір орында тұра беріппін. Біреудің алға жылжыңыз деген сөзінен кейін өзімнің кезекте тұрғаным есіме түсіп, ой желісін бұзып алдым. Сәлден соң  жаңағы сөзді  кім айтқанын білгім келіп, артыма ұрлана көз тастадым. Аққұба, қасы қарлығаштың қанатындай  қиыла қалған, көзі ботаның көзіндей бейкүнә, аузы  жаңа ашылған гүлдей  бүріліп әсем біткен орта бойлы қызды көргенде мен көзімді бұрып әкете алмай  қарап қалыппын. Қыз да  қадалған көзді сезіп қалды да, ұзын кірпіктерін қорғанысқа әзірлеп, көзін тайдырып әкетті.

Жолым болып жатақханаға жайғасқанмен кешегі қиғаш қасты ботакөз көңілімнен шығар емес. Ертеңінде мен оны өзіміздің жатақханадан көрдім. Бір жайда, бір шатырдың астында тұрғандықтан мен оны жиі көремін. Күнде көргім келеді. Бірақ амандықтан әріге бара алмаймын. Сізді ұнатамын деп айта алмаймын. Танысуға талпынып, құлшынып тұрған қыз емес. Сыпайы амандасады, сырғып өтеді. Мұны мен ата-ана тәрибесін көрген ақылды  қыз деп білдім. Сөз жоқ бұл қыз мені ұнатады деген берік сенімдемін. Күндер өтіп жатты.

Университет спорт залында өтетін самбо секциясына барып жүремін. Бұрыннан ден қойған өнер. Бірде осы спорт залда самбодан қаладағы жоғары оқу орындарының біріншілігі өтті. Жуан ортасында мен жүрмін. Көрермендер көп-ақ келіпті. Солардың ішінен өзім ұнатып жүрген ботакөз қыз көзіме жылы ұшырады. Қасындағы құрбысымен сөйлесіп  тұр. Мен жаққа да көз салып тұрған сияқты көрінді. Өнерімді көрсететін кезім келді деп ширығып тұрмын.

Жарыс та басталып кетті. Алғашқы қарсыласымды арқадан асыра лақтырып таза жеңіске жеткеніммен келесі кезектегі қарсыласым тілерсектен қағамын деп байқамай тобықтан  теуіп, жарақат алып қалдым. Төреші күресті тоқтатты. Сылти басып, көрермендер тұрған жерге келіп, ауырсынып отырғаннан  басқа амал қалмады. Келген жерім қиғаш қас қыздың жаны болып шықты. Ол маған қарап қалыпты. Көзінде – аяныш.

– Байқап күреспейсз бе? Қатты ауыра ма? Ой, аяғыңыз ісіп кетіпті. Орамалыңыз бар ма еді? Мен қазір су орамал басайын, іскені  басылады, – деп бәйек болып қалды.

– Жоқ, онша ауырмайды. – Ол тобық тұсқа  су орамал байлап берді.

– Рахмет! Әрі қарай  не айтарымды білмей дағдардым да: – Атыңыз кім? – деп сұрадым.

Ол атын айтты. Осы кезде гу ете қалған көрермендердің қолпаштаған айқайы оның сөзін естіртпеді. Құлағы естімейді екен, саңырау демесін деп қайталап сұрауға ұялдым.  Кейін  жолығысып қалып жүрдік.  Сонда да мен сыр шертіп, шер тарқатып сөйлесе алмадым. Отан күзетінде қиын тапсырмаларды орындап жүргенде, айына екі рет өтетін қоян-қолтық жаттығуларда бүлк етпейтін жүрек «алма мойын, қиғаш қас» қызды көргенде аударылып-төңкеріліп дүрсілдеп қоя береді. Батылдық керек десек те, батылдықтың  ақылмен, сабырмен, әдіспен ұштасуы абзал ғой. Өзінің қара күшіне, батылдығына сеніп, өршелене ұмтылған боец-жауынгерді бокстың, жекпе-жектің әдісін, айласын шебер меңгерген салқын қанды сабырлы қарсыласы әп-сәтте құлатып түсірмей ме?!  Сол сияқты мен де жақсы көріп жүрген қыздан жан ашымастай сөз естіп, нокдаун алып қаламын ба деген қорқыныш та бар.

Батылдықты бойға жиып, есімін қайталап сұрауға тура келді. Мен Гүлнәрмен осылайша таныстым. Танысқаным бар болсын. Оны күніне бір рет көрмесем мені мазасыздық билейді. Иә, мен оны күнде көремін.  Кейбір кезде әдейі іздеп барып кездесемін. Жанымнан өтсе амандасып өтемін,  ол жоқ болса іштей тілдесемін. Гүлнәр өзіне тән жан жадыратар жымиыспен басын изеп сәлем береді. Мен кездесе қалғанда «Қайдан келесізден» әрі жалғастыра алмай  тұйыққа тірелемін. Ол сәл күліп: «Алыстан», – дейді. Осы сөзді созып, әндетіп айтады. Сондай сәттерде оны қасымнан жібергім келмейді. Әне, келе жатқан сол. Қашан да асығып жүреді. Жолын тостым. Көрмегелі көп күн өтіп еді.

– Асығып барасыз ғой?

– Иә, сабаққа дайындаламын, – деп қолындағы  кітаптарын көрсетті. Содан соң  бірдеңені  ұмытқандай шұғыл бұрылып: – Осы сіздің есіміңіз кім еді? – деді.

– Саятпын деп айттым ғой, – деймін ана жолғыдай өзі айтқанын өзіне қайтарып.

– Кешіріңіз, ұмытып қалыппын.

Ол ұзап кетті. «Ұмытып қалыппын» деймін, іштей Гүлнәрдің сөзін  қайталап. Міне, саған ғашықтық.  Мен оның атын жеті қараңғы  түнде біреу оятып сұраса айтып берер едім. Ал ол осы күнге дейін менің есімімді  білмей келіпті. Бойымды әлде бір мұң  биледі. Әлдекімге реніш, өкпе бардай, басым салбырап отырып қалдым. Мүмкін ол да естімей қалып, қайталап   сұраған шығар? «Жоқ» дейді екінші бір ойым. Сен оған мүлдем керек адам емессің. Абай атам: «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл» деген жоқ па? Мына, мен ұнатқан Гүлнәр ынтызарлықты көзбен көріп те, ішпен біліп те тұрған жоқ. Күйзеле, күйіне отыра мен: «Қош бол, баянсыз махаббатым» дедім.

 

Төбелес

(Мені ұнатқан бойжеткен)

Мені жақсы көретін жан алыста емес екен. Қасымда жүріпті. Мен күнде көріп жүретін көрші бөлмедегі сұңғақ бойлы, бұйра шашының   қалыңдығына қарындаш батпайтын, апта сайын түрлі-түсті модный көйлек киіп жүретін, томпақ, өзін еркін ұстайтын еркетотай Алтынай. Оны біз  шашының ерекше бұйралығына орай сыртынан Анджела Дефис (70 жылдардағы АҚШ-тағы қара нәсілді қыз, саясаткер) дейтінбіз. Оныншы сыныпты бітіріп оқуға түскен жап-жас қыз. Қарындасымдай көретінмін. Менен кем дегенде 7-8 жас кіші. Қызық болды. Қызық болды деп айтуға тұрмайды. Философ ұстазым жиі айтатын себепсіз салдар болмайды дегеннің дәл өзі болды. Кешкілік кезекті жаттығудан шаршап келіп ұйықтап кетіппін. «Саят, Саят, тұр. Ана Көкішті тоқтат, араша түс. Бір жігіттерді ұрып жүр. Өзі қызу», – деген дауыстан ояндым. Оятып тұрғандар Өмір мен Самғат. Киімшең жатқанмын. Сағат түнгі 12-нің шамасы. Атып тұрдым.

– Қай жерде?

– Төртінші мен бесінші қабаттағы баспалдақ алаңында.

Жүгіріп келсем, өзіммен самбо күресіне бірге баратын спорт шеберіне үміткер Көкіш баспалдақ алаңында қазақтың екі жас жігітін түйгіштеп жатыр екен. Араша түстім.

– Не болды? – десем, «Басқа жатақхананың жігіттері. Біздің қыздарға келіпті», – дейді.

– Саған тиісті ме?

– Жоқ.

– Ендеше сонша ұрып, не әкеңнің құны қалды? – деген сөз аузымнан шығып кетті.

– Не дейсің,? – деп Көкіш ереуілдеп, қолын сілтей бастады. Қателескенімді енді түсіндім. Қызбалық жасадым. Ішіп алған адамға қатты айтпау керек еді.

Ұрған қолдарына тосқауыл-блок қоя отырып, бесінші қабаттың бетон алаңына шықтым. Қояр емес, екіленіп барады. Кәкіштің күші менен басым. Салмағы да ауыр. Қолы сіңірлі, жұдырығы білегіме темірдей тиіп жатыр. Бірақ қатты, нық удар-соққы сезінбей тұрмын. Болатын, қоятын түрі жоқ үдеп барады. Амал жоқ, есін жисын деген оймен алақанның астымен жақтың сүйірленіп тұрған бет тұсынан салып қалдым. Көкішім сәл есеңіреп қалды. Бауыр тұстан сәл көсеп жібердім. Көкішімнің көзі алақ-жұлақ етіп, ұйықтап кетті. Таяқ жеген жігіттерге зытыңдар деп бұрылып бара жатқанмын. Артымнан біреу жабыса кетіп, мойныма жармасты. Көкішім екен. Тез ояныпты. Басымды қыспақтан шығарып алып, алыса кеттім. Екеуміз небары төрт шаршы метр бетон алаңда ит пен мысықтай допша домаладық. Ұят болды. Тарих фаультетінің еңгезердей екі жігіттері келіп айырып алмағанда маған қиын болатын еді. Сол екі ортада Көкіш те  есін жиып алыпты. «Шал (қосымша атым), кешір. Бір ағаттық кетті», – деп құшағын жайды. Ертеңінде есік қағылды. Кіре бер дестік. Көрші бөлмедегі бірінші  курстағы орыс тобының қызы Сәбина екен. Маған қарап:

– Аға, коридорға шығыңызшы, – деді. Ұзын дәлізде  хол дейтін кең  қалтарыс бар. Сол жерге бардық.

– Аға, вы вчера около 12 часов ночью с кем-то подрались?

– Иә, аздап шекісіп қалдық. Все нормально.

– Наш Алтынай всю ночь не спала, по голосу узнала что вы деретесь, аж заплакала.

– Зачем плакала? – деппін.

– Вы нравитесь ей, – дейді. Орысша мектеп бітірген қыздар орағытпай тура айтады ғой.

– Солай ма?

– Солай аға, вы вообще ничего не замечаете, – деп өзіме кінә тағып, айыптап тұр…

Осы сәт апамның бес жыл бұрын айтқан «Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді ал» деген өсиет сөзі   ойыма оралды. Апа, апа, неткен ақылды едің!

Ана тілін алған адаспайды деген осы екен деп апамды сағына еске алдым.  Ал енді Алтынаймен  тез тіл табыстық. Жігіттер, сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу. Осыны естен шығармайық.

Анамның бір ауыз қадірлі, қасиетті сөзінің арқасында мен осылайша өмірлік жарымды таптым.

Добавить комментарий