(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №2 шығармаға рецензия)
Күйбең кеңістік. Монотонды өмір. Көктеген үміт
«Дүйсенбі таңы» – урбанистік бағыт пен экзистенциалистік философия тоғысқан қысқа прозалық этюд.
Қазіргі қазақ прозасында урбанистік ортаны бейнелеу, үлкен қала кеңістігіндегі адамның психологиялық жай-күйін ашу – өзекті бағытқа айналып келеді. Бұл шығармаларда оқиғадан гөрі экзистенциалды күй, әрекеттен гөрі ішкі арпалыс, әлеуметтік ортадан тұлғаның еріксіз шеттелу мәселесі алға шығады. Туынды осы сипаттарға саяды. Бұл шығармада үлкен оқиға, сюжеттік тартыс, шиеленіс жоқ, бірақ оқырманды баурайтын кісіге тән үнсіз күйзеліс, детальдар арқылы берілген ішкі драма, кейіпкердің адами болмысын жоғалтпауға ұмтылған ішкі үміті бар. Сыртқы қарапайымдылық арқылы тұлғаның ішкі арпалысын, бірсыдырғы өмірге бейімделе жүріп, жоғалмауға тырысуын суреттейді. Кейіпкердің жан дүниесін ашуда ішкі монолог, көрінеу детальдар, символика шешуші рөл атқарған. Әсіресе, ағаш басындағы бүршік бейнесі – үміттің көркем коды, мәтіннің философиялық түйіні.
Бір қарағанда, «Дүйсенбі таңы» – кеңседе істейтін кез келген қала тұрғынының қарапайым бір таңын бейнелейді: ұйқыдан тұру, бет жуу, терезеге қарау, автобуспен жұмысқа бару. Алайда, автор мұны хроника ретінде емес, философиялық прозаның құралы ретінде қолданыпты. Таңғы суық сәуле, сағат тықылы, автобус ішіндегі үнсіздік – бәрі кейіпкердің ішкі жай-күйінің сыртқы нышанын нақыштайды. Жанын торлаған күйзелісті автор диалогпен емес, ішкі монолог пен қоршаған ортаға көзқарасы арқылы көрсетеді. Мұны жапон әдебиетіндегі «моно-но аварэ» эстетикасына (заттардың мезеттік сұлулық мұңы) жақын тәсіл деуге болатындай. Шығарма жапон (Мураками, Цусима), батыс (Камю, Кафка) жазушыларының стилімен үндес: автоматтанған, робаттанған, ЖИ жайлаған қоғамда жалғыз қалған тұлғаның үміт пен тіршілікке жармасуы, сосын қаптаған ішкі сұрақтар. Сонымен қатар, шығарма Дулат Исабеков пен Төлен Әбдік прозасындағы ішкі драма мен философиялық тұңғиықты да еске салады.
Автор сөзбен емес, образбен сөйлеуді таңдаған. Қазіргі прозаға тән терең психологиялық реализм мен минимализмнің белгісіндей. Кейіпкерлер бейжай, сүлесоқ, салқын көрінгенмен, ішкі әлемі әлемтапырық, үнемі ой үстінде, ұдайы ізденіс үстінде. «Дүйсенбі таңындағы» лирикалық кейіпкер де дәл сондай бейне. Ол үндемейді, қарсы шықпайды, бірақ терезе сыртындағы бүршікті көріп, тірі екенін сезінеді. Ағаштың басындағы бүршік – үміттің символы, бұл деталь бүкіл әңгімені мағыналық тұрғыда тереңдеткен. Бала мен шалшық – тірі, көңіл райын риясыз танытқан бейне; кеңсе – жансыз, мүлгіген тыныш. Осы екі әлемнің қарама-қайшылығы – мәтіннің негізгі өзегіне айналған. Бүршік бейнесі маңызды болғанымен, мәтіннің соңғы бөлігінде эмоционалдық серпіліс жетіспей тұрғандай, шығарманың шарықтау шегі тез өтіп кететіндей.
«Дүйсенбі таңы» – қазіргі қазақ прозасында ішінара кездесетін урбанистік экзистенциализм мен психологизмді біріктірген тәжірибелік туынды ретінде жазылған. Ішкі мағынасы терең, көркемдік ізденіске толы шығарма. Автор күнделікті күйбең тіршілікке тұншығып кетпей, іштей тірі қалуға (кісілік қасиетін сақтаған) тырысқан адамның үнсіз күресін бейнелейді.
Айбек ОРАЛХАН.