«Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №10 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

ЕРТІС ЖАҒАСЫНДА…

(әңгіме)

 І

Біз Кривенко көшесін бойлап, Ертіске жеткенде, қайта жаңбыр жауды. Бүгінге екінші рет…

Көктемнің бұл уағында Ертіс ілбіп ағады. Жар қабақтан төнген тал қарағай мен бал қарағайдың құр сүлдері анадайдан ғана қарауытады. «Мамырға бір ілініп кетсе – күмістен сырға тағынып, жасылдан қырым киетін шығар» деп ойладым.

Ертіске таяғанда мені бір қым-қуыт сезімдер билейді. Бәлкім бұл балдыр иісімен араласып жеткен өзеннің өз иісінен туған сезім шығар, білмеймін. Бойымда бір сергектік пайда болып, еңсемді тіктеймін. Сосын алыста қалған күндер жайлы ойлап, суға «тас жалатып тұрған» балалық бейнемді елестетуге тырысамын. Күн батардағы сағымдай көз алдымнан ол да лезде ғайып болады. Тек күнге күйген арқам ғана анық көрінеді.

– Не жайлы ойлап келесің? – деді Лилит термостан салқын кофесін ұрттап.

– Ештеңе.

– Қарным ашты.

– Менде сэндвич бар. Жеткен соң берем.

Біз тағы үнсіз қалдық. Алыстан шарқ ұрған шағалалар даусы анық жетіп тұр. Жылға жаңбырдан кейінгі күнмен шағылысып, қос ғимарат арасындағы көпірдей елестейді. Жанымыздан құм жағажай туралы сөйлесіп үш еркек өтті. Біреуі шетел азаматы сияқты; бөкебайын француздарша орап алыпты, сықпыты бөлек.

Мен қайта өзенге тас жалатып тұрған өзімді ойлауға тырыстым. Ол кезде де өзен бетінде уақыттай сырғып, сең жүріп жататын. Ол кезде де біреуі ақ, біреуі қара футболка киген екі қыз әткеншек теуіп ойнайтын. Ол кезде де шағалалардың даусы алыстан талып жететін. Қазір не өзгерді екен?

– Әкем осы жолы көк тиын  татырмады, – деді Лилит күрсініп. – Ертеңнен бастап жұмысқа шығатын шығармын.

Неге екенін білмеймін, ол жұмысқа шықса, менен де алыстайтындай көрінді. Сол сәтте ғана ойыма ол туралы ең қымбат естеліктер орала бастады.

Мұны тіпті естелік деп айтуға да келмейді… Қалай айтсам екен, лего ойыншықтарының ұсақ-ұсақ бөлшектері сияқты бірдеңелер. Егер сіз өміріңізде тым болмағанда бір рет лего ойыншығын құрастырып көрсеңіз, мені жақсы түсінесіз деп ойлаймын.

Біздің қарым-қатынасымыз да лего ойыншықтарына ұқсайды. Кейбір қажетті бөлшектер дер кезінде табылмай қалады. Немесе орта жолға келгенде басынан бастап қате құрағанымызды түсінеміз де, ойыншықты бұзуға тура келеді.

Лилит туралы не айтуға болады. Маған оның күлгені ұнайды, әрі төсек қатынасында да жақсы. Бірақ үнемі жарықты сөндірмей ұйықтайды, ал онысы маған кедергі жасайды. Қате бөлшек – 1.

Кейде мен үйге мас боп келіп, мас күйімде тамақ істеймін. Мас күйімде жуынамын, мас күйімде кино көрем. Сөйтіп жатып ұйықтап кетем. Таңға қарай қапырық қысып, терезе ашу керектігі жайлы ойлаймын. Ал ол осыны айтқызбай сезеді де, өзі лып етіп тұрып, желкөзді ашады. Сосын менің түні бойы анда-мында лақтырған киімдерімді жинап, кір жуғыш машинаға рет-ретімен салады. Дұрыс бөлшек – 1.

Кейбір салаттар тамақтан қымбат, кейбір ойлар сезімнен қымбат. Мен жұмыс істейтін «Ким Чин Гуу» таеквондо мектебінің астында шағын асхана бар. Маған үнемі неге олар тамақтың бағасын тақтаға жазып, қабырғаға іліп қоятындары түсініксіз. Түскі ас кезінде ешкім оған бажайлап қарамайды. Бәрінің есіл-дерті – тамақта. Біз мүлде баға туралы ойламаймыз… Біз ештеңе ойламаймыз. Ал Лилит болса асықпай бәрін оқып, маған жалт қарап;

– Ақшамызды үнемдейік. Үйден жей салайық – дейді.

Дұрыс бөлшек – 2.

… Міне біз самалы бетті қытықтаған Ертіске де жеттік. Орта жастағы әйел кішкентай баласына тастаған қоқысын қайта көтеріп, жәшікке салуды үйретіп жатыр. Әне жастар гитарамен ән айтып, сылқ-сылқ күлісіп тұр. Біз тақтай жолға түсіп, өзенді тура бетке алдық. Міне біз дәл Ертістің жағасында отырмыз. Ол және мен…

– Менің бір танысымның қызын осы Ертіске батырып жіберіпті, – деді ол мен берген сэндвичтен болмашы тістеп.

– Неге? – дедім мен аса қызықпасам да.

– Неге дерің бар ма, жігіті қызғанған да.

Көктемнің бұл уағында қара Ертістің қайғысы молаяды, суы сирейді. Мамырдың маусымға жалғанар тұсында арнасынан асып-тасып, қамыспен иін тіреседі.

Мен суға кеткен әкем жайлы ойладым. Әлі есімде, көктемнің осындай бір шағында (әлде күз бе екен) қара тон киген үш кісі сау ете қалды. Бейуақ болатын. Самсаған ну қарағайдың арасында жалғыз киіз үй.

Самырсын мен көктің иісі дымқылданып, түндікті жапсақ та, далада жатқандай сезім тудыратын. Таңға дейін көз ілмейміз, бірақ оянғанда ұйқымыз шайдай ашық. Кейде ұйықтамай жатқанымызды біліп, әкем шам жағатын. Әпкем үшеуміз «тас табысып» ойнаймыз. Анам қара пешке картөшке салады, сосын бізге жымия қарап отырып басқұр, ши тоқиды. Сығырайған жарыққа сайтан көбелек келеді, үкі ұлиды, сауысқан шықылықтайды. Күндіз томардың түбінен шықпайтын орман тышқаны іргені сықырлатып, кейде жарыққа көлеңкесі зорайып, зу ете қалады, кейде көздері қарайып, жарықпен шарпысып тұрады. Ашулы бура күйлеген үлекті қуып, анда-санда ақырып, орманды басына көтеріп жатады. Жарықты сезе ме екен, кейде маң-маң басқан маялар үй жаққа қарай қашады. Мұндайда олар тіпті талды сындырып, шыбықты жапырып, жерді дүңкілдетіп жетеді. Мәтшәні қақырайтып кетпесін деп, әкем қолына қауығын алады.

Әкемнің айтуынша Тұран дейтін далада ел көшкенде жолбарыстар жиі адамға шабады екен. Бесіктегі баланы да, бүкірейген қартты да жарып кете беріпті-мыс. Сөйтіп жолбарысты қашыру үшін көшпенді халық осы қауық аспабын жасаған. Даусы – ақырған жолбарыстың өз даусынан аумайды.

– Сонда жолбарыс өз даусынан ғана қорқа ма? – деймін мен әкемнің ішігінен басымды шығарып. Әкем «солай» дегендей үнсіз жымиып, шап теріні тартып-тартып қалады. Ыр-р-р-р-р!

Әкем қауықты тақымдап, бәрімізге белгілі «жолбарыстың жортуын» тартты. Ашынған бура саяз тауып, үлек те пысқырғанын басып, аулаққа кетті. Кейде мен жылағанда;

«Үлек-үлек!

Мойны жуан көк!» деп қорқытатын. Әлі күнге дейін үлектерден қорқатыным содан шығар.

Үш қара тон әкемді алып кеткеннен кейін сауысқан да шықылықтамайтын болды. Үкі де ұлымайды, үлек те мойнын созбайды. Тек орман тышқаны ғана тіміскіленіп, іргеден шықпайды.

Радиодан апта өтпей оның жоғалғаны туралы хабар жетті. Алты айдан кейін сеңмен аққан мәйітті әлдебір қойшы бала тауып алыпты.

– Қызғанған жақсы ғой, – деді Лилит сөзін жалғап, – Мені де біреу қызғанса ғой, сөйтіп өзенге батырып жіберсе екен!

Қате бөлшек – 2.

 

ІІ

Біз өзен жағалап отырып, құлаған терекке жолықтық. Оның бұл жерге қалай тап болғанына таң қалдық. Су суағырылған соң жағаға шығып қалған болар, бәлкім.

Лилит менен неге таеквондо мектебіндегі жұмыстан шығып кетпейтінім жайлы сұрады. Мен оған басқа жұмысқа алмайтынын, әрі өзімнің де басқа жұмысқа икемім жоқ екенін айттым. Әрі қарай ол «маған қашан ұсыныс жасайсың?», «баламыз болса да осылай жүресің бе?», «кептерлер неге қатты үн шығара алмайды?», «менің жанымда неге шылым шекпейсің?» сияқты күнделікті сұрақтарымен арадағы тыныштықты ауық-ауық бұзып отырды. Ол сұрақтарды жауап алу үшін емес, қою керек болған соң қоятын. Арамыздағы жауапсыз сұрақтарға ол да, мен де ренжімеймін. Біз осы сәттеміз және дірілдеп аққан дана Ертіс бар.

Кейде мен оятарға дейін оянып, күнді іздеп кетемін. Алғаш кездескен әжеден «күн қайда?» деп сұраймын. Белгісіз бағытқа бара жатқан ол «білмеймін!» деп тіл қатады. Бірақ оның білместігінде бір ұлы даналық бар.

Мен күртешемнің сыдырмасын тартып, жердің сыдырмасын іздеймін. Кешке «GQ» барынан бренди ішкенше бұл іздеуім жалғаса береді. Шараптың буы кеңірдегімнен құйылған сәттен жаңа күн басталады. Сосын тек айтқан сөзге берік болу керектігі жайлы ғана ойланамын. Әрбір сөз – әрбір сен. Беліңнен тараған ұрығың сияқты – үлкен хаосқа айналуы мүмкін…

Біз Ертістің қымбат виллалары орналасқан тұсынан құлаған теректің тағы екеуін көрдік. Біреуі тамырынан жұлыныпты да, екіншісі морт сыныпты. Орман өртеніп жатыр ма, алыстан қою қара түтін шарпысып тұр. Көктемнің бұл шағында былтырғы қураған жапырақтар тұтанғыш қасиетке ие болады. Ал жел оны үрлеп әкетіп, соңы алапат өртке ұласады. Жақында ғана бір газетте: «Бір ағаштың өсуіне он жыл керек, ал бір орманның өртенуіне бір тал сіреңке жеткілікті» деп жазыпты.

– Саған қай үй ұнайды?

– Анау «Қараша – 57» деген.

– Ал маған «Қыркүйек – 11» деген үй ұнап тұр. Мынау ше?

– Шіркеуге ұқсайды.

Лилит лып етіп балық аулап тұрған орыстың жанына барды да;

– Қармақты ұстап көрсем бола ма? – деді. Тағы «тас жалатып» тұрған балалық шағым көз алдымнан жүгіріп өтті.

– Жоқ!

– Неге?

– Уақытым жоқ. Мазалама! Балықты үркітесің.

– Сараң неме!

– Не дедің?! -.  Орта бойлы орыс Лилиттен мұндай жауып күтпесе керек, сасып қалды.

– Сараң, жылауық, – қармақшыны басынан аяғына дейін бір шолып шығып: – етігін өкшесінен басқан тойтық! – деді. Анау да не болғанын түсінбей қалды, білем, аузына құм құйылды. Лилит тілін шығарды да, топ-топ басып қайта жаныма келді. Маңдайына түскен кенгуру кекілі желпілдеп;

– Кеттік! – деді.

Маған оның тек өзіне ғана жарасымды осы бір қылығы ұнайтын.

«Қыз – қылығымен…» деген сөз бекер емес шығар деймін іштей күбірлеп. Дұрыс бөлшек – 3.

Әдетте осындай ұзақ серуеннен кейін «Бургер кингке» кіріп чизбургер жейміз, болмаса үйреншікі «GQ» барынан бренди ішеміз. Ол «пәтер ақысын сен төлейсің ғой» деп мысқылдап, мені брендимен сыйлайды. Бірақ онысын сауда үйіне барғанда екі еселеп өндіріп алады.

Оның тіпті шоппинг жасауы да қызық. «Жаңбырлы күнде шоппингқа баруға болмайды» дейді де, әр жаңбыр жауған сайын екі дорба киім көтеріп келе жатады. Сосын маржандай тістері ақсиып:

– Аяқ-астынан зауқым соғып кеткені… – дейді ақталған боп. Әрі қарай  екеуміз оның не сатып алғанын бір-бірлеп қызықтап, мәз боламыз.

Мен үтіктеуді қажет етпейтін шалбарларды жақсы көрем. Жалпы шалбарды үтіктеудің қажеті не деп ойлаймын. Ал, ол болса бәрінің қыры шығып тұрғанын қалайды. Әрі маған оның «тізім жазбайтыны» ұнамайды. Не аларыңды алдын-ала жазып алмағанда көп уақытыңды жоғалтып аласың. Оған сауда орталығындағы эскалаторды қос; уақыттың жауы. Эскалаторда тұрғанда жылдам түсіп бара жатырмын деп ойлайсың,  бірақ ол уақыт туралы түсінігіңе иллюзия қосады. Тағы бір маңызды дүниені айта кеткенім жөн шығар… Ол – Лилит екеумізге ғана аян тылсым дүние. Біз үнемі шоппингтан қайтқан сайын өзіміз күтпеген тылсым жағдайға тап боламыз. Мысалы осыдан бір ай бұрын бұрылыста тыржалаңаш еркекті кездестірдік; басы адам, денесі ешкінікі. Ол су құбырынан шықты.

Іңір болатын. Жылдам тамақтану орталығында жұмыс істейтін сары шашты қыз соңғы трамвайға үлгеруге тырысып, жүгіріп бара жатқан. Құдықтан жаңағы тыржалаңаш «Қодардың» басы көрінді. Ол алдымен айналаға бажайлап зер салды да, ешкім жоқ екеніне көзі жеткен соң, құмды қармана сыртқа шықты.

– Бізді бәрібір көрмейді, – деді Лилит менің таңданысымды байқап.

– Неге?

– Сен адамдардың көзінде жындар мен періштелерді көрмейтін перде бар екенін білмейсің бе?

– Бірақ біз періште емеспіз ғой…

Қодардың оң жақ иығында айбалта мен орақ бедерленіпті. Астына әлдебір түсініксіз сөздер жазылған. Қараңғыда анық аңғара алмадым. Ол тағы айналаны бір шолып, сосын бір ырғақпен шаптыра бастады. Лилит теріс қарады. Жақ жүндері үрпиіп, шашы үйітілген киіздей шекесіне жабысып қалыпты. Ол қайта құдығына кіріп кетті. Құбыр қақпағын жабуды да ұмытпады.

Сосын мен үйге жеткенше жер қыртыстары және онда жерленген динозаворлар мен мамонттар жайлы ойлаумен болдым.

 

ІІІ

– Соңына дейін бармай-ақ қояйық.

Мен кідіріп қалдым.

– Қараңғы! – деді Лилит ойын жалғап.

Біз Достоевский көшесімен кері қайттық. Үйлердің далдасынан Ертіс көрінбей қалды. Әрі қарай Черныйшевский, Бөкейхан көшелері… Бұл  қалада жаңа үйлерден гөрі ескі үйлер көп. Бұл қалада түсініксіз ескерткіштер мен адамдар көп. Лилит екеуміз үнемі әр ескерткіштің қаржысына басқа қандай ізгі істер жасауға болатыны жайлы дауласамыз. Дәл сол ескерткішке жан бітіп, тағынан түсіп, «рақмет» деп қолымызды қысардай сыңарезуленміз. Бөкейхан көшесіне шыққанда тағы бір қоладан соғып жатқан мүсінді көрдік. Әзірге тұғырын ғана соғыпты.

Біз қатарлы екі жұп та өзенге бара жатыр екен. Жігіті Лилитке амандасып, бас изегендей болды.

– Танисың ба? – дедім мен қызғанышым бұрқ етіп.

– Жоқ.

– Неге саған амандасты?

– Мүмкін бір жерден көрген шығар. Қала шағын ғой.

– Мен ешқашан бұл қалада бір көрген адамымды екінші рет көрген емеспін.

– Онда саған әлі көп өмір сүру керек – деді ол езуіне жымысқы күлкі жүгіріп.

Әкем қауықпен «жолбарыстың жортуын» тартатын сол көктемнен бері мың, тіпті миллиондаған жыл өткен сияқты. Бірақ кеше ғана болғандай бәрі көз алдымда.

Біз Кривенко көшесін бойлап қайта Ертіске келдік. Бүгінге екінші рет…

Добавить комментарий