Баянауылда – Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада Ақын, өлкетанушы, «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Қазақстан Журналистер одағының және Ертіс-Баян өлкетанушылар қоғамының мүшесі Мұхамет-Қайыр Шәріповтың «Қаһарман Хайдаров» кітабының тұсаукесері өтті.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген кітаптың таныстырылымына Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Альмира Дисюпова қатысып, қаламгерге құрмет көрсетті. Баянауылдық зиялы қауым өкілдері ізгі лебізін жеткізді. Қарағанды қаласынан арнайы келген өлкетанушы Ернар Кейкі бұл кітаптың құндылығы, маңыздылығы туралы айтты.

Жиында баянауылдық өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Ақынның жас оқырмандары – Аяжан Қырықбаева, Айзере Мылтықбай, Ақбота Қуан, Бүркітбай Мырзағали «Семирамида аспалы бағы», «Қарашы маған, көк аспан», «Қаһарман Хайдаров» өлеңдерін оқыды.

Мұхамет-Қайыр Шәріпов те көрермен сауалдарына жауап беріп, өлкетану саласына қалай келгені жөнінде, өлеңдеріндегі қоғам көрінісі, заман келбеті, уақыт үні туралы, ақындық, азаматтық ұстанымы жайлы тебірене толғанды.

Мұхамет-Қайыр Шәріповтың «Қаһарман Хайдаров» кітабы – ерлікке тағзым етуден, батырға құрмет көрсетуден, тарихқа әділ баға беруден туған еңбек. «Даңқ» орденінің үш дәрежесін де иеленген батырдың есімін ұлықтап, өмірін көпшілікке насихаттауда автор көп еңбек етті. Баянауыл ауданы, Жаңатілек ауылындағы мектепте Бақыт Хайдаровтың шағын мұражайын ашып, аудандық, облыстық, республикалық баспасөз құралдарында мақалалар жазып, қазақтың қаһарман ұлы туралы өлеңдер топтамасын ұсынып және де Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаттарынан архивтік құжаттарға сұрау салып, қажырлы жұмыс атқарды. Және бұл – бірнеше жылды қамтитын, кешенді де жүйелі жұмыстың нәтижесі. Кітаптың бірінші бөлімінде Бақыт Хайдаров туралы мақалалар мен өлеңдер және толассыз ізденістің нәтижесінде қолға түскен мұрағаттық құжаттардың көшірмелері берілген.

Кітаптың екінші бөлімінде автордың мақалалары топтастырылған. Олардың дені – тарихи жазбалар мен өлкетануға қатысты мақалалар. Сонымен бірге жолжазбалар да қамтылған. Қаламгердің «Құлболды батыр», «Әбу-Насыр Әл-Фараби», «Шоң би», «Таймас әулие» мақалалары тұлғатануға қосылған үлестердің бірі деуге боларлық мақалалар. Онда автор тарихи тұлғаның өмірін ғана жазып қоймай, ол тұлғадан өнеге алуға шақырады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Төртуыл одағы» секілді тарихи мақалаларда қазақ халқының өткен өмірі баяндалады. «Ер түріктің бесігінде», «Лақайлар», «Шығыс Сібір өлкесі» сынды сапарнамаларда көзбен көріп, көңілге түйген жайттар жазылған.

Кітаптың үшінші бөлімінде шежіре деректер берілген. Бұл бөлімде автор: «Шежіреңді жаттап өс, келер ұрпақ!», – дейді. Бұл тұрғыдан алғанда, Мұхамет-Қайыр Шәріпов отбасының, ағайын-туыстың, жерлестердің бабалар есімін жаттап, кімнен кім тарайтынын, кіммен кім туысатынын біліп жүруін құп көреді.

Соңғы бөлімде ақынның жырлары топтастырылған. Ақын өлеңдері шынайылығымен ерекшеленеді. Ол көкті шарлап, даланы кезіп, ауадан сөз құрамайды. Нені көрді, нені сезді – соны жазады. Жанына не әсер етті, көңілін не толқытты – соны жырлайды. Мұңайса да, қуанса да – қолына қалам алып, ақ параққа үңіледі.

Ақын:

«Өмірден алып бітпей аласымды,

Жанары дала кезген бала сынды,

Тәңірім бермесе де тілегімді,

Тағдырмен тоқтатпаймын таласымды.

 

Несіне күңіреніп езілемін,

Атарын ақ таңымның сезінемін,

Еңсемді тіктеп тұрып ертеңімнен,

Адамның аласынан безінемін…», – деп жазады. Осы өлеңінде ол өмірлік ұстанымын, жан тазалығын айқын аңғартады. Тағы бір өлеңінде:

«Айтулы бір атаның ұрпағымын,

Біреудің үміт артқан тұлпарымын.

Тілінен тамылжытып бал тамызған,

Ішінде қалың топтың іңкәрімін.

 

Тартысып тағдырменен таласқанмын,

Басқаға игілік боп жарасқанмын.

Шырмалып өмірімнің баспалдағы,

Алысқа ұзай алмай адасқанмын.

 

Асығыс суыт жүрген жолаушымын,

Алатын пенделерден жол ашуын.

Жібектен суырылған суыртпақтай,

Ғасырдың төріндегі қонағымын», – деп адамдық болмысын айқындай түседі.

Біз, оқырман қауым, осындай жырларымен жанын серпілтіп келе жатқан ақын Мұхамет-Қайыр Шәріповтың кезекті туындысы оқырманды қуантып, жан серігіне, сырласына айналады деп сенеміз.

 Еламан ҚАБДӘЛІШІМ.

Добавить комментарий