Қадірлі оқырман! «Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №3 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

ТЕК

Көктемде терістіктен шөптің басын тербейтіндей жел көтерілсе болды, зообақтан шыққан шіріген көңнің ащы иісі төңіректегі көсе-көлденең ағылған кісілердің кеңсірігіне тығылып,  жеңімен еріксіз танауларын жаптыртатын, қалта орамалдарын беттеріне басып тұншыға тыныстайтын. Зообақты қызықтап келген көпшілік табалдырығынан әрі аттай алмай, қолқалары қауып, ішкен-жегені өңештеріне лықсып лоқсып, келгендеріне жер тебіне өкініп, мекеме мырзаларының бастарына жеті аталарының терісін  қаптап кететін. Жағалай қатар-қатар орнатылған, тесігінен күшіктің тұмсығы да өтпейтін торкөз жайларда құс атаулының сан түрі қамалып, жағалай қойылған қора-қоршауларда Арқа даласына бабасының аяғы да тимеген айыр тұяқтылар қашан көрсең де күйіс қайтарып тұрады. Шалшыққа шайынып кір-қожалақ болған солтүстіктің ақ аюы да осында, тұмса табиғатын көргенде жақ сүйегің жабылмай қалатын тайганың қодастары да қолдан жем жеп үйреніп алған. Қыстан қоңсыз шыққан бейшаралардың тілерсектері дірілдеп, бір-біріне сүйеніп, тамақ тіленіп ілбіп басып жүргені. Тегермектері оюланып, қызылды-жасылды етіп боялып, жаздың күні жарқ-жұрқ еткен шам орнатылып, адам көзін өзіне еріксіз аударып арбап шақырғанымен зообақтың ішкі аурасы ауыр. Мұндағы тіршілік иелерінің арасында жанарынан сұс таймағаны тор ішіндегі қолдан ет жемейтін, өз тезегінің үстіне өзі жатпайтын үш қасқыр. Бөрілер азу тістері енді қызылға тиіп, түнде жортып, жемін даланың иісінен аңдап табатын шақтарында Бөлдей тауынан әкелінген. Қанша жыл қамауда отырса да табиғи  қасиеттерін қаза қылып көрмеген қайсар рух иелері осы үшеуі.

Қасқырлар үйшігінің қасында жүрген тапал қараның табаны желініп, кәрі сиырдың желініндей тілім-тілім болып тозған бәтіңкесінің бауы жартылай байланған, көнетоз көк джинсы шалбарының ышқыр тігісі сөгіліп, әбден сырылып, былғарыға айналып бара жатқандай. Бұт жабары деп ақтамасаң, ауы тізесіне дейін түсіп кеткен. Үстіндегі қысқа күртешесіне не төгілмеген, тәйірі! Айран да жағылған, сорпа да сіңген, маймен де айғыздалған. Құдды қара маса екі күн қонса семіргеннен қанатын көтеріп ұша алмай қалатын тәрізді. Басына бастыра салған төрт сайлы малақайдың құлақбауын  артына қайырып байлап қойған. Сынған мұрыны арқар танауланып қисық біткен, бет-жүзі тат түскен қаңылтырдай қарайып, безеуленіп кеткен, маңдайын қатпарлаған әжімі отыздан енді асқан жігіт деп айтуға тіліңді күрмейді. Өскен мұрты жырық ернін жауып, тек оң жақ бетіндегі сақал түктерінің арасынан терең түскен тыртық анық білінеді. Өткір зат ойып тұрып кескені көрініп тұр. Тапал қараны айшықтап тұратыны тұздай екі көзі, түскен жерін күйдіріп, тесіп жіберердей өткір.

Жұрт аяқ баса қоймайтын зообаққа жыл он екі ай келетін мұңды келіншек бүгін тағы да аңдарға жем беріп жүрген тапал қараны алыстан бақылап тұр. Үш қасқырдың үйшігіне жақындағанда тауықтың тұмсығындай ғана жалғанды тәрк еткісі келген ойы кері қайтып, жаны кіретіндей ширақ қимылдайды. Қасекеңдер де әбден бауыр басып қалғандай, берген етті қолынан алмаса да, тордың ішін тоқтамай шыр айналып жүріп іліп кетеді. Қоңыр жеңіл пальтосына түстес, талғаммен таққан түбіт шәлісін жинақтаған келіншек тапал торының көзіне тура қарағысы келіп жақындаса да, ол ләм-мим деп тіс жармады. Абайсызда тура қарап қалса шегір көзі шыныланып шытынап, жарылып кететіндей болған жүрегіне қорқыныш ұялады. Бірақ осы домалақ келген тұздай көзден сағыныш лебі есетіндей, бұрын сезінген туыстық шуағын шашқандай болады да тұрады.

Бұл көзқарасты тапал қара да аңғарған, тек білмегенсіп, сезбегенсіп жүре беретін. Жақындап барып қапсыра құшақтап, мауқын басып маңдайынан иіскеп сүйгісі келеді. Тек іштегі тас үгітердей болып толықсыған намыс толқыны бой алдыртпайды. Әр келген сайын: «Найсап, сонда неге тұншығып өлмей қалғансың», – дегісі келетін.

 

***

Бөлдей тауы шыңына қарасаң тақияң жерге түсердей тік емес. Төбесіне секеңдеп ешкі де шығады, жорғалап жылан да жетеді. Оның бар қасиеті жалпақ көк тастары қолмен қаланғандай, төбе тұсын шайтан өріп тастаған аттың жалындай ұйысып  қалың қараған  басқаны.  Қарағанға жету үшін етегіндегі ит тұмсығы өтпейтін қалың шимен жүру керек. Жаяу болмаса, аттылы адамға малтығып жүру бір теперіш. Маңайын меңгерген, биыл төртінші қар басқан сұр арланның қыста қылшығының ұштары қызылданып, бөрісырғақта көкбуырыл қаншыққа көңілі ауып ұйлыққан да,  көктем туа айналасын қалың қараған басқан шомбал тастың түбінен апанын қазған. Бабасынан жалғасып келе жатқан антқа берік ол өмірде бір-ақ рет жұп құратынын жақсы біледі. Буаз қаншығының жерігі байталдың бүйрегіне соққанда, етектегі емес, Серектасты жайлаған жұрттың ішін мекен қылған Құдияр аңшының ауылына тартқан. Қаражал1  кезінде ала төбетін айтақтай қосып, қиқулата қуған қаныпезерлігі жадына пышақпен қырсаң да өшпейтіндей болып жазылған. Қашып келе жатып гүрс еткен дауысты естіп, омақаса құлаған. Артқы аяғының табанынан аққан қанды көргенде жүрегі зырқ ете қалған, тек оған мойын бұрмай үш аяқтап қаны қарға сорғалап қаша берген. Сол күйі Бөлдейдің қалың қарағанына жетіп, аңшыны адастырып, көктасты бүйірлей құлап, сол жақ табанын жұлып кеткен қорғасынға да, қорғасынның иесіне де қарғыс айтқан,  жіліншігінің ұшын тістеп жатып қанын ұйытып тоқтатқан. Күндер сырғып, үш қар басып үш аяқты шойнақ қуға айналып шыға келген. Ол сол үшін аңшыға қас, қарсы алдынан шықса қасқайып қарсы тұрып жарып тастауға бар, азығын да соның малынан алады. Айына бір түлігінің терісін кемірсе де жаны рахатанып жай табады. Есесіне әлі күнге дейін күкірттің иісін сезсе зәрезеп боп қалған жаны қан жылайды. Бұл жолы да түн ішінде ата жауының қылқұйрықтарының қалың үйіріне тиіп, жоны жарылып тұрған қысырақты жарып, қанын сорғалатып бүйрегін алып келгенде, қаншығының тамсана асағанын көріп өзі де рахаттанған, кеудесін әкелік сезім кернеген.

Көкбуырыл қаншықтың құрсағы құралай тумай босанды, соқырлары2 қырық күн бойы енесінің үрпектеріндегі уыз сүтті иіскеп тіміскілеп табатын. Майтабан3 шаққа жетіп көздерін ашып, бауырларын жерден көтергенше апанында тырп етпей жатты. Қара құлақтанып иіс айыратын болғанда ғана түн ішінде тысқа шығып, бой сергітетін. Сұр арлан әкелген қызылды қаузап, сүт кернеген желінін балаларының аузына тосатын. Бүгін де жалы күдірейген көкжал таң сібірлеп атқан уақытта аңшылыққа кетті, мақсаты бөлтіріктеріне тірі суыр аулап алып келіп ойнатпақ, аңшылыққа баулымақ. Бір қақты жарып шыққан қаны бір үш туысқан өз еріктерімен қорғанып, аң аулап үйренгенше осы маңдағы кеміргіштер мен жорғалағыштарды қорек ете тұрмақ. Тұмсығын көкке көтеріп, танауын желдің өтіне салып бір терең тыныс алды да, тың тыңдады. Одан кейін басын жерге салып жүріп кетті. Апанның айналасында жайылып жүрген мал біткенді ауылға қарай қуып иіріп тастады да, адыр ішінен суырлардың інін іздеуге көшті.

Құдияр – айналаға аңшылығымен аты шыққан адам. Тазылары төрінде жатады, төбеттерінің астына қырқылмаған қойдың терісін төсейді. Әйелі ұнға көміліп сүрленген семіз телше асса да, Құдияр  екі баласы мен әйелі – төртеуі тоятындай етіп тіліп алады да, қалғандарын итаяққа тастайтын. Тазыларына сорпаға құрт қосып беретіндігіне не дерсің? Биыл бөрісырғақтан кейін тебінде жүрген көп жылқының ішінде ұзынсарыға сүр шығартамын деп атап қойған қысырақ бір түннің ішінде жоқ болып шықты да, айналаны кезіп іздеген. Бауыздары орылып, бүйіріне тіс тиіп жайрап жатқан жерінен тапқан. Өлексені айнала шолып қарап шыққанда тек бір бүйрегі жоқ екенін байқап, «қасекеңнің жерігі басталған екен ғой» деп ішіне қан қатқан, Бөлдей бағытында  мөрдей болып түскен  ит-құстың үш аяғының ізін анық көрген. Сол кезде барып үш қар бұрын қиқулата қуған, аяғына оқ тиген майтүбіт4 есіне түсті. Қысырақтың бас жағына барып жүрелей отырды да: «Арланнан асып атай5 болуды көксеп жүрмін де, зәнталақ. Көксеуіңді көрейін онда, айлаңды асырсаң мал сенікі, асыра алмасаң тіс-терің менікі. Кек алуға кіріскен екенсің ғой, қуішек неме», – деді ол күрек тістерін үгітіп құм қылып түкіре салатындай болып шықырлата тістеніп. Сол күннен бастап Бөлдей жаққа дүрбі салуын тоқтатқан емес.

Түн баласы кіргенде Құдияр торысын тақымына басып, қанжығасына қыл арқанын байлап, берен мылтығын асынып, жеті жасар ұлын жолдас атқа мінгізіп Бөлдейді бетке алған. Апан аузына қозы көш жер қалғанда атын шідерлеп баласына қалдырды да, өзі жаялап жүріп кетті. Жел өтіне қарсы аяңдап, иісін сездірмес үшін ізіне үйден алып шыққан қойдың құмалағын шашып отырған. Апан аузынан алты қадамдай жердегі ұры ауызды таспан жапты да, қалың қарағанның ішіне барып жантайып жатты, аңдығаны шойнақ арлан. Бұтында тіс өтсе де етіне жетпейтін сырма шалбар, аяғында саптама етік, кеудесіне қос қабаттап кигізден тігілген жыртқыш алуға арналған арнайы киімді киді де, қос білегіне де кигіз орап, атан өгіздің төс терісінен иленген қайыспен шандып байлап тастады. Қараңғыда жатқан қаншық та сырттағы сыбырды анық естіген, апан ішіндегі ұры жолмен екінші ауыздан шығып, жау келгенін серігіне естіртейін десе, ол жабық. Енді не істемек, бар үміт пен сенім арланында. Аузында шалажансар суыры бар арлан ақсаңдап асықпай басып жеткенде апан аузындағы қарағанның ішінен темір ұңғыны бірден байқаған. Бойына қан жүгіріп шымырлап кеткені сондай, мұрнына күкірттің күлімсі иісі келгенде тіпті тітіркеніп кетті. Өзі үшін емес, үш қарақұлағы6 үшін, тұқымын жалғаған қаншығы үшін қорықты, қапылыста қайда қашарын білмей аңтарылды. Басын төмен салып қыңсылап мылтықтың ұңғысына бір, апанның аузына екі қарайды. Көп уақыт жоғалтпай Құдияр да мылтығын кезеніп тұра келгенде, өмірі адамға бас имейтін қасқырдың қылығын көріп таң қалды. Сұр арлан  ақсақ аяғын жерге тіреп, қарсы алдында екі аяқтап қисайып тұра қалды. Аңшының кеудесін жеңілгенің осы болды ма дегендей қуаныш кернеп сала берді, бірақ ол арланның өз балаларының, қаншығының өміріне араша болып, өзін өлімге қиып тұрғанын сезбеп еді. Әдетте қасқырдың суық көзі көзіңе қадалғанда өңменіңнен өтіп өртеп жіберетін, мынау болса көрші үйдің тіленіп жүретін қандені құсап  мүләйімси қалғаны. Аңшыдан айлам аспайды екен, жеңілгенімді мойындадым деп тұрғандай. Құдияр көп ойланған жоқ, сұқ саусағы шүріппені басқаны сол екен, екі аяқтап араша сұрап тұрған арлан шалқалай құлады. Қорғасын оқ сол жақ кеудесіне жүрек тұсынан дәл қадалған. Мылтығын екінші мәрте оқтап үлгергенше апан аузынан қаншық көз ілеспес жылдамдықпен атылып, алқымына жармаспақ болған. Құнан өгізді құйрығынан тартып жыға салатын қайратына  қуатын бөлтіріктері желінінен сорып алып қойған қаншық қайран қыла алар ма? Жалаң қолмен қос құлақтан сығымдай ұстаған күйі саптамасының табанына басты да, ақсиған азулы аузына қамшысының қызыл тобылғы сабын сүңгітіп, қайыс таспамен қазықтап байлай салды. Осы уақытта майдан болған жерге күте-күте төзімі таусылған ұлы да жеткен, жайрап жатқан арланды көріп аяды, аузы буылған қаншыққа қарап қамықты.

– Не қарап тұрсың, ез неме! Әкел ана кенеп қапты, – деген Құдияр баласына екі аттам жерде жатқан қоржыншаны нұсқады.

Аузы бүріліп, аяқтары байланған қаншаны7 қапқа салды да, сүт пісірім уақытта арланның басын тұтастай кесіп, терісін тәнінен сыпырып,  ерінің артқы жағына өңгеріп жапты да, баласына атыңа мін дегендей иек қақты. Қан-қасап болған жерден кетіп бара жатып артына бұрылғанда әкесінің қаныпезерлігін көріп жүрегі лоби бастаған баласы апанның аузынан сығалап қарап тұрған алты айбат шеккен көзді анық байқады. Шалма салардай аралықтағы төбенің көк тасында шоқиып отырған қарақұс та апанның ауыз тұсында жайрап жатқан арланның өлексесіне жеткенше асық екенін де аңғарған.

Құдиярдың олжалы оралғаны бүкіл ауылға тез тарады. Біреулері «құтты болсын» айтысты, екіншілері «қасқырдың киесі атпаса екен» деп тілесті. Сол күні Қарағандыдан сау етіп балдызы келе қалған, сұр арланды қызды-қыздымен соған байлады да, апанда қалған үш бөлтірікті ұстап алып зообаққа апарып өткіз де алған ақшаңның жартысын маған беріп жіберерсің деп бұйырған. Ал қыңқ етіп дауыс шығармай қап ішінде келген қаншықты босатып, қорасындағы темір торға қамап қойды. Бар ойы қасқырға қорықпай түсетін иттің жаңа тұқымын ойлап табу.  Аю құсап алып денесін әрең көтеріп, маң-маң басып жүргенінен-ақ аң біткен қорқатын ала төбетінің бір кемдігі – ұлыманың иісін сезсе именіп қалады. Ал енді  ала төбетінің зор тұлғасы мен   қаншықтың қайсарлығы қосылса, бұл маңайда болмаған ит тұқымын шығарар еді-ау. Құдияр бүгінгі түнді осы ойдың жетегінде өткізді.

 

***

 Бір мүшелден астам уақыт бұрын жасауының ішінде қыз жүгімен бірге келген, бояуы оңа бастаған текеметтің үстінде Қайша қаймақ былғап болғаннан кейін бел жазып, оның үстіне қызын емізбек болып жайғасқан.  Жетіге аяқ басқан ұлы ұғымтал, айтқанын далаға қалдырмай зердесіне құйып алады, естігенін де, көргенін де ұмытпайтын құймақұлақ. Іштің жымын, сырттың сырын бірден аңдайды. Бет-келбеті әкесі Құдиярға құйып қойғандай аумай тартқан, судың қос тамшысындай. Ал тұлғасы нағашыларына келетіндей, кескен қайыңның дүбіндей тапалтақ келген төртбақ. Үйдегі анасының қолқанаты осы, таң бозарып атып, былшығын сүртіп, шәйін ішкеннен соң иінағашты иығына төсеп алып үйдің бауырындағы көлшіктен кір жууға су тасиды. Самауырға тамыздық бұтап, қазандықтың  күлін алады. Әкесінің балаларынан артық көретін иттерінің итаяқтарын шайып тамақ салады, қиын тазалайды. Одан қалды қораның басқа шаруасы шаш-етектен. Тек кешкі қотанға мал келіп, санап түгендеп алғаннан соң ғана ауыл балаларымен доп теуіп тер шығаратыны бар. Әзірге өз қатарластарының арасында бұдан именбейтіндері жоқ, бәрінен бір бармақ жоғары.  Өзі ешкімге соқтығып көрген емес, өзіне соқтыққандарды оңдырмайды, сыбағасын беріп сорын қайнатады.

– Балам, сен есейдің. Менің халімді білесің, ауруым меңдеп бара жатқандай. Соңғы кезде кеудем қатты қысатын болып жүр, шешем құсап жіңішкеге шалдықпасам  жарар еді. Олай-бұлай болып кетсем, мына Балым қарындасыңа қорған болатын жалғыз сенсің. Әкеңнен қайыр жоқ, есіл-дерті дала мен иттері. Мен саған ғана сенемін, құлыным, – деп Қайша баласының маңдайынан иіскеді, қызын аманаттады. Бақи жалғаннан хабар алған тәрізді.  Кеудесіне жабысып еміп жатқан Балым пырылдап ұйықтап кеткен екен. Үшке аяқ басса да анасының кеудесінен айырылмақ емес, Қайша да бетін қақпайды. Қайткенмен қырықтан асқанда әрең көрген, көп күттірген майқұйрық қызы. Оның үстіне былдырлаған тіл де жоқ, көзіңе бедірейіп «мам, мам» деп тұрғаны. Мұндайда санасына «осы қыздың денсаулығында кінәрат бар секілді» деген сумақай ой ұялайтын. Ондай сәтте селт етіп бойын жинап «Құдайым сақтай гөр!» деп ішінен фатихасын бір, құлқуалласын үш қайталайтын. Мұны Құдиярға  айтып, дәрігерге болмаса да тәуіптерге ұшықтатпаққа да бекінген. Бірақ күйеуінің шырт етпе мінезін біледі, қылы беймезгіл қозғалса қисайып қалатыны бар. Қақпанның тіліне қол сұқпай, үндемей ойсоқты боп жүргені де содан. Бірақ сабырлықтың да шегі бар, қырық күн шытынамаған құмыра бір күнде сынады. Үшеуден-үшеу отырған мезетте қора жақтан:

– «Әй, әкеңнің, қайсың?» – деген Құдиярдың дауысы қатты шықты. Артынан екі мәрте мылтық атылды. Қырда құрған қақпанына қарсақ қурай тастап қаптырып, жемін оңай жеп кеткенін көргенде осылай айғайлайды деуші еді көргендер. Үйдегілер айғайды ести салып ес жиып үлгерген жоқ, арсалаңдап үйге  кіріп келді. Жауар бұлттай шатынап, қалың қос қабағы айқасып түксиіп кеткен, шегір көзі ішіп-жеп барады, қолында дар ауыз. Табалдырықтан аттай салысымен Құсбекке ұмтылды.

– Сен бе, сүмелек! Құрттың ғой бәрін! – деп жақтан салып жіберді.

Түк түсінбеген, тіпті түсінуге мұршасы келмей қалған Құсбек жалп етіп ағаш еденге құлап түсті.

– Садағаң кетейін, тиіспе балаға! Кінәсіз ол, мен бәріне кінәлі, мен, – деп алдына тізерлей отыра кетті Қайша. Қолында Балым бар. Бірақ не болғанын, күйеуі не үшін ашулы екенін білмеген, ол да бір жабулы қазан секілді. Баласы үшін шырылдауы аналық қасиетінің шыңы.

Таңертең иттердің ыдыстарына су құйып жүргенде Құсбек құртқа қамалған үйшіктің қоршауына кіріп, түбіті жұлмаланып бауырынан түспей жүргенін көріп, ет-жүрегі елжіреп кеткен, жұлып тастамаққа бекінген. Қарғыбау салса құсадан өлетін дала жаратылысы ырылдап тісін көрсеткеннен кейін, пәледен машайық қашыпты деген. Сол күйі есікті жабуды ұмыт қалдырған. Қораға қаншық келгелі айналсоқтап бақылап жүрген маң төбет ішке кіріп кеткен екен. Сорпаның майын жалап ішетін, азуын жілік сүйекке батырмай жемтіктің  қоңды етін жейтін ала төбет әбден семірген. Семірген сайын шалығы ұстап құтырып, тірсегі кері қайырылып, басын бұты билеп, айналада ұрғашы ит жоқ болғаннан кейін ол да әбден «ашыққан» байғұс. Қалай дегенмен, қасқырдың да түбі ит қой, қаншықтың иісі нәпсісін оятып,  миын арбап алғалы қашан. Үйшіктің жабық қоршауына кіре салысымен қаншыққа тап берген. Жаратылыс заңы дегенін істетпей қоймаса да, бір ғана арланды өмірлік серік еткен құртқа төбеттің дегеніне көнсін бе?! Ауыр денесімен басып жаныштағанына қарамай сытылып шығып, «жуынды жеген сен төбетке берілгенше өлгенім артық» дегендей аналық мүшесін өзі шайнап тастаған. Құдияр қорадағы шуды естіп жетіп барғанда төбет пен қаншықтың арпалысының үстінен дәл түскен. Екеуін әбден «ашықтырып», ашырқанып күйлеген кезде ұйлықтырып, осы маңда қасқыр алатын ит тұқымын шығарамын деген асқақ арманының күлі бір сәтте көкке ұшқан. Бірінші төбетті көзден көздеп тұрып атты да, мылтығын қайта оқтап аналық қасқырдың өмірін қорғасынға байлады. Ашудан қараңғыдан шыққан дөнен өгіздей көзі қанталап,  маймаңдап үйге жүгіргені сол еді.

Құдияр Қайшаның қос жанарын жас жуып боздағанына да, баламның соққыдан беті қайтып қалады-ау, қызым ұйықтап жатыр-ау деп те ойлаған жоқ, оқтаулы мылтықтың ұңғысын тізерлеп отырған Қайшаның маңдайына тіреді де, баса салды. Құлаған Қайшаның маңдайынан қан, омырауынан сүт саулап ағып жатты. Домалап барып текеметтің үстіне құлаған Балым шыр ете қалды. Анасының өлі денесін құшақтаған Құсбек сол күні көп жылады. Құлағынан Балымның шырылдаған дауысы кетер емес.

 

***

– Құй, әкеңнің аузына он алтыншы айфон!

– Все, все, дос, қазір құямын. Әкел стақаныңды.

Құсбек қырлы стақанын созды да, қолын қайта тартып алды. Одан кейін үстел үстінде тұрған сыраның саптаяғын алып ұсынды.

– Мынаған құй, арақтарың шалап боп кеткен бе? Алмайды ғой тіпті.

– Екі жыл әскерде боламын деп әбден шөлдеп қалыпсың ғой, брат, – деді қасындағы қыликөз дос.

– Е, әскерде не көрмедік. Жұрттың баласы «присяга» қабылдап жатқанда мен сопиып жалғыз тұрдым ғой. Жетімекке кім келсін? Шешем де жоқ, туысым да жоқ. Жалғыз қарындасымнан да хабарсызбын. Доспын дейсіңдер, біреуің де көз қырын салмадыңдар ғой, әй! Давай көтеріңдер, басайық іштің шерін, – деп тілі күрметілген Құсбек саптыаяқтың құлағынан көтеріп аузына апарды. Біраз сіміріп тұрды да, қасындағы қыли көздің басынан иіскеді.

– Досым, сендердің барларыңа шүкір.

– Куся?

Қыликөз Құсбекті осылай атайтын.

– Брат, присягаңа әкең де келмеді ме?

– Менде әке бар ма еді? Шешемді өлтіріп түрмеге кеткеннен оралмады ғой. Сол жақта өлгенін білсем, көмген жерін тауып алып, сүйегін шашып тастар едім, – деп тістенді Куся.

– Атама оны! Құйыңдар тағы, құйыңдар, бүгін бір ішейікші, сосын ертең Балымды, Балушканы, тауып аламыз.

Құсбек көп ішті, ащы су көмейінен өтпей езуінен саулап ағып жатса да ішті. Ішкен сайын ішін жетімектік дерті қысты. Бәрін жайып салмақшы, тыңдайтын құлақ бар ма? Қасында жалғыз қалған қыликөз досын құшақтап алып, басын басына түйістіріп, көз моншағы төгілді, зар запыраны іштен атылды.

– Дос, мен сорлы, не көрмедім. Мен үшін өмірдегі бар байлық та, дүниенің мәні де Балушка. Құлынымның маған деген жаны бөлек, понимаешь, бөлек. Сен менің мамамды аңшысымақ көріңде өкіргір атып тастағанын өз көзіммен, мына шыққар көзіммен көргенімді білесің бе? Балым екеумізді балалар үйіне алып кетерде бір туысқаным да, бір ауылдасым да орындарынан тұрып, бауырыма аламын демегенін білесің бе? – деп кеудесін сұқ саусағымен тесіп жіберердей нұқыды Құсбек.

– Сонда біз шайнап тастаған сағыз секілді ешкімге керек емес екенімізді сезіндік қой, дос! Маған шешем, қарындасыңның қорғанысың деген, анамның аманатына берікпін. Балалар үйінде Балушканы асырап алуға кісілер келді бірде. Құйш анауыңнан!

– Құйылып тұр дос! Содан…

Қырлы стақанды шелекке ожаумен су құйғандай аузына төңкере салған Құсбек ащы қиярды бір иіскеді де, жалмаң-жалмаң етіп кірш-кірш шайнап әңгімесін жалғады.

– Е, мое, детдомға Балушканы асырап алуға адамдар келгенде біз далада ойнап жүрдік. Сен жүгіріп келіп айттың емес пе, ұмытып қалдың ба? Директордың бөлмесінің есігін ашып қалсам қарны қампайған бір көзілдірікті еркек пен сымдай тартылған қатын тұр. Директор апай не себепті бала асырап алмақшы болдыңыздар деп сұрағаны есімде. «Я не хочу рожать, фигуру берегу» деді ме, «берегаю» деді ме, есімде жоқ. Жыным ұстап кетті әкиң, алақаныма қысым, ешкімге көрсетпей алып барған тасымды жіберіп қалдым да, Балушканы қолынан ұстап қаша жөнелдім. Кабинеттің іші айғай-шу болды да кетті.

– Содан кейін сен «черный списокқа» түсіп, бір апта қамауда жаттың ғой, – деді разы болған қыликөз рахаттанып.

– Зато, Балымды, жанымды, алып қалдым. Балым қайда екен, ә? Бір жарым жыл болды телефонын алмайды, сендер таппадыңдар. Мен әскерге кеткенде оқуға түсемін деген. Соңғы рет хабарласқанда 500 жүз мың керек, кредит жабамын деді. Құдай бізді неге бишара қылып жаратты екен?! Болса жібере салар едім ғой, құлыным сол, қайда жүр екен?  Бишара баланың менен басқа ешкімі жоқ, – деп шаптығып, дауысы шықпай қалған Құсбек маңдайын үстелге ұра бастады.

– Қой Қуся, босама! Біз жетісіп жүр дейсің бе?

– Әй, сен көзіңнің қыли болып қалғанына шүкір ет. Сол төбелесте бәрі қашып кетіп, мен саған көмектеспегенде мүгедек болып қалар ма едің? – деп қарқ-қарқ күлді қайғысын лезде ұмытып.

– Иә, брат, рахмет саған!

Құсбек балалар интернатының жетімектерін қаланың жүгірмектері ұра берген соң, бір күні еркекпін деген ұлдардың бәрін жинап төбелеске барғандарын, оңбай таяқ жегендерін есіне алды.

– Есіңде ме брат, біз  интернатқа келгенде алдымыздан Балушка шығып, сенің қанаған мұрыныңды көйлегінің етегімен сүртіп еді ғой?!

– Жаным ғой, ол менің, жаным, жалғызым ғой.

Екеуінің әңгімесін бөлмеге тәлтіректеп кірген, көз қалтасы іскен қисық мұрын бұзды.

– Қайыссың барасыңдар әй, қыздар келді, – деді ол екеуге қарап.

– Мен, – деп қолын шекесіне қойған Құсбектің көңілі жадырап сала берді.

– Екі жыл қатын көргенім жоқ. Давайте джиги, пожелайте мне удачу, – деп қолын ысқылап орнынан тұра беріп еді қисық мұрын тоқтатты. Қалтасынан жылтыр қалташа шығарып, үстелдің құрғақ жеріне сіріңкенің шиін қойды да, соны бойлап ақ ұнтақты жұқалай септі.

– Давай брат, мынаны мұрынмен сорып ал. Бүкіл кайф сенде болады.

– Қойшы ей, – деп жылмаңдап қалды Құсбек.

– Шын, байланбайсың қорықпа!

Құсбек көп ойланған жоқ, ақ ұнтақты кеңсірігін ашытқанша мұрынымен сорып алды да, адымын санап көрші бөлмеге қарай кетті.

Ақ төсектің үстінде  саны жалтырап сылқым отыр, биік біз тақалы қызыл туфли, қысқа қызыл юбка киген, кеудесіндегі қос алма әбден піскендей, төсжабарынан атылып шығып кетуге жақын тұр. Басын төмен салған жезөкше ұзын да жіңішке темекісін құшырлана сорып Құсбекке қарады. Құдайым-ау, енді көрсетпегің осы ма?! Құсбектің көзі көзіне түскені сол еді, сылқ етіп отыра кетті. Ішкені-жегенін лоқсып, есін жинай алмай қалды. Біреу жаурынының астына біз сұғып алғандай. Балым, – деуге ғана шамасы келді.

Үстел басында отырған достарын далаға қуып шыққаны, қарындасын ас бөлмеге апарып қол-аяғын байлап тастағаны, тұрмысқа арналған пропан газдың ысырмасын ашып, үйдің есік-терезесін жауып, «өле қал» деп қарғап-сілеп, қалай далаға жүгіріп шыққанын білмейді. Бір есін жиса ауладағы теректі құшақтап еңіреп жылап отыр. Құсығына шашалған күйі орнынан әрең тұрды да қайта пәтерге беттеді. Қайткенмен бір құрсақтан шыққан қаны ғой, аяп кетті. Ойы – анасы аманаттаған қарындасының  алдында өзін жарып өлу.

– Сен, сен,  Балым, сенің есің дұрыс па? Қандай жолға түскеніңді білесің бе? Ағаң болып жүргенше өлгенім артық, – деп ашуланған Құсбек біраз үнсіз отырда да, Балымның қол-аяғын босатты. Көзіне қадала қарады.

– Құсбек, сен мені бұл жеңіл жүрісті жолға өзім қалап түсті деп ойлайсың ба? Иә ақымақпын, сол айфонды несіне қарызға алдым екен?

– Қайдағы айфон.

– Тыңда, түсіне алмасаң да тыңда. Дәмханада ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүріп, бес жүз мың теңгеге айфон алдым, қарызға. Бір аптадан кейін сатқан адам ақшасын ертерек қайтар, полицияға шағымданам деп әуре болма, бәрі схвачено деп салды.  Уақыт сұрадым, бермеді. Ақыры маған шарт қойды.

– Қандай шарт?

– Ақшаңды қайтарасың немесе жыныстық қызмет көрсетесің де, түскен ақшаның бір бөлігін маған беріп отырасың. Көнбесең «счетчикке»8 отырғызамыз, – деді. Сөйтіп жүріп…

– Мамамның ажалын келтірген қасқырдың қаншығы құрлы болмапсың ғой, – деп орнынан тұрды Құсбек. Әрі қарай тыңдағысы да келмеді. «Қасқырдың қаншығы»… Балым да түк түсінбеді.

Аспан айналып төбесіне құлағандай болған Құсбек үстел үстінде жатқан пышақты қолына  қатты сығымдап ұстады да, күре тамырын орып жібермекке бекініп көтеріп апара жатқанын аңдаған Балым ағасының қолын қағып қалды. Қылпып тұрған пышақ жақ терісін тіліп кетті. Аққан қанын қолымен басқан Құсбек сыртқа шыға жөнелді.

Балым ішкі шерін жасырмақ болғандай көз моншағын бората жылады.

 

***

Мұңды келіншек бүгін зообаққа түске таман келгенде жедел жәрдем көлігінің айналасында топырласып тұрған адамдарды байқады. Аңдардың қоршауының қасынан іздеп келген арақ иісі сіңіп қалған қаңғыбас адамды, өзіне іштей жақын тартылатын, жанары жылы көрінетін адамды іздеді. Үш қасқыр қамалған қоршаудың есігіне алқызыл қан жұққанын көрді де іші қылп ете қалды. Жүгіре басып жедел жәрдем көлігінің жанына барғанда дәрігер рациямен сөйлесіп тұр екен.

– Иә, БОМЖ, тамақ беремін деп кіргенде қасқырлар талап тастаған, күре тамырын орып жіберіпті. Қан көп кеткен, аман алып қалуға шанс болмады. Қалтасынан куәлігі таптық, Құсбек Құдиярұлы деген азамат екен.

Мұны естіген   мұңды келіншектің көзінің алды қарауытып, қалай сылқ етіп құлағанын білмейді. Бір есін жиса жедел жәрдем көлігінің ішінде бет-жүзі ақ матамен жартылай жабылған адамның қасындағы кереуетте жатыр екен.  Мәйіттің оң жақ бетінен тыртықты көрді де, қайта талып қалды.

 

Түсініктеме:

1 Қасқырдың екі жасар күшігі;

2 Қасқырдың көзін ашпаған күшіктері;

3 Қасқырдың күшіктерінің бауырын көтеріп жүре бастаған қырық күнге дейінгі жас мөлшеріндегі кезі;

4 Қасқырдың күшігінің бір жастан асқан кезі;

5 Қасқырдың еркегінің бес жастан асқан кезі;

6 Қасқырдың күшігінің алты айға дейінгі кезі;

7 Қасқырдың ұрғашысының көне атауы;

8 Берген ақшаға үстемеақы қосу (жаргон сөз).

Добавить комментарий