Мағзұм ИМАНТАЙ

2005 жылы Аққулы ауданы, Шабар ауылында дүние есігін ашқан. Жазба поэзия мен айтыс өнерін қатар меңгерген ақын. Әлкей Марғұлан атындағы педагогиклық университеттің «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығының 3-курс студенті. «Құс-қанат ұмыр» ұйымының мүшесі.

 

Сөз аңдыған сотқарлар

Біздің ауылда бұрын «Сөз аңдыған сотқарлар» деген бір қауым адам болушы еді. Олар жиналыс, той-томалақ, ас, құдайы дегенде алдына жан салмайтын. Қай жерде бір адам аузын ашса, сол арада тұра қалып, айтқан сөзінің әр буынын таразыға тартып, қате іздейтін.

Бір күні ауыл молдасы жаңа туған баланың құлағына азан шақырып жатып,

– Мына балаға Нұрсұлтан деп ат қойдым!, – деді.

Сол-ақ екен, «Сөз аңдыған сотқарлар» дүр ете қалды.

– Неге дәл осы атты қойдың?

– Басқа есім құрып қалды ма?

– Бұл саясат па?

Молда сасып қалды.

– Қойыңдар, ағайын, бұл бала атасының есімін иеленіп отыр, ешқандай саясат жоқ!

Сотқарлар бір-біріне қарасты.

– Қызық, атасының есімі дәл осындай болғаны ма?

Бұл даулы мәселе аяқталмай жатып, ауылдың ең шешен қарттарының бірі:

– Баяғыда біздің ауылда бір адам атын айтқанда, көкте күн күркірейтін!, – деп сөз бастап еді, сотқарлар оны да тырп еткізбеді.

– Күн күркіреуі мен адамның атының қандай байланысы бар?

– Бұл ғылыми дәлелденген бе?

– Метафора болса да, тым әсірелеп жіберген жоқсың ба?

Қарт басын шайқап, сөзін аяқтамай кетіп қалды.

Кейін ауылда жаңа мектеп салынды. Ашылу салтанатында ауданнан келген бастық мінберге шығып:

– Бұл мектеп – болашақтың шамшырағы!, – деді.

Сол-ақ екен, сотқарлар қайта дүр көтерілді:

– Мектепте шам жоқ қой!

– Батареямен жұмыс істейтін фонарьлар бар, соларды айтқан боларсыз?

– Әлде бұл да бір жасырын саясат па?

Аудан бастығы маңдайын сүртіп, қысқа ғана:

– Әй, қойыңдаршы!, – деді де, сөзін тез аяқтап, отырғышқа құлай кетті.

Күндердің күнінде ауылға белгілі бір ақын келіп, халыққа арнап, өлең оқи бастады:

– Дала желі жыр толғар,

Жанға шуақ нұр толғар…

Сотқарлар демдерін ішке тартып, дайындалып тұрды. Біреуі ақынның сөзін бөліп жіберді:

– Жел қалай жыр толғайды? Физикада ондай заңдылық жоқ!

Ақын үндеместен микрофонды қойып, кері бұрылып кетті.

Кейін ауыл халқы сотқарлардан қорқатын болды. Ешкім көп сөйлегісі келмейтін. Тіпті тойларда да бата берген қариялар:

– Жайдары болыңдар!, – деп қысқа қайыратын болды.

Ал сотқарлар болса, өздерін қоғамдағы ең әділетті, шындықты сүйгіш азаматтар санап, көкірегін керіп жүрді.

Сөйтіп жүргенде, бір күні ауылда күтпеген жағдай болды. Сотқарлардың бірі байқамай бір сөздің мағынасын шатастырып, күлкіге қалды. Екінші сотқар оның сөзін түзетпек болып еді, тағы біреу оның қатесін тауып, өзіне тиісіп кетті. Содан сотқарлардың өздері бір-бірін аңдып, ақыры бәрі үнсіз қалды.

Сол күннен бастап, ауыл адамдары еркін сөйлейтін болды. Мектеп оқушылары эссе жазудан қорықпайтын болды. Тойларда ақсақалдар ұзақ баталар бере бастады.

Ал «Сөз аңдыған сотқарлар» болса, енді бөтен сөз аңдымағанымен, өздерін аңдитын біреу пайда бола ма деп үрпиіп жүретін болды…

 

Мағзұм ИМАНТАЙ.

Добавить комментарий