Бүгін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Тұғыры биік тұлға» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш Ұлы Отан соғысының ардагері, педагог-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төлеутай Ақшолақовтың 110 жылдығына арналды.
Алдымен тұғыры биік тұлға туралы тілге тиек етсек: Төлеутай Қазиұлы 1915 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келді. Ол отбасының асыраушысы болғандықтан, еңбекке ерте араласты. Өмірдің қиындығына қарамастан Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтқа түсті. Жас талап Сәкен Сейфулиннің, Мұхтар Әуезовтың, Әлімхан Ермековтың дәрістерін тыңдады. Жоғары оқу орынын қызыл дипломмен аяқтады.
Төлеутай Қазиұлы – Жер-ананы от шарпыған соғыс жылдары әскер қатарына сұранып, елі мен жерін қорғаған, қан майданда от кешкен жаужүрек жауынгер. Ол Сталинград шайқасына қатысып, қаланы қорғауда атқыштар дивизиясы қатарында болды. Неміс-фашист әскерлерінің қоршауын бұза отырып, қаланы басқыншылардан босатты. Кейіннен, Украина мен Польша жерлерін фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, елге тек 1947 жылы оралды. Көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Сталинград қорғанысы үшін», «Варшаваны босатқаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Ол барлық ғұмырын ғылыми-педагогикалық және ағартушылық жолға арнады. 1948-1951 жылдары Павлодар облыстық білім беру бөлімін басқарса, 1958-1962 жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының бас редакторы, 1962-1965 жылдары «Мектеп» баспасының басшысы, 1965-1995 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында басшының орынбасары, бөлім басшысы, аға ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды.
Төлеутай Қазиұлының ғылымдағы алғашқы қадамы студент кезінде жасалды. Студент Төлеутайдың қабілеттілігіне, әдебиетке деген құштарлығына сүйсінген әдебиет зерттеушісі, профессор Есмағамбет Смайлов оған ақыл-кеңесін үнемі беріп отырған. Аға ғалымның ұсынысымен 1939 жылы жас педагог 9-сыныпқа арналған әдебиет оқулығының хрестоматиясын жазды. Ол турасында Төлеутай Қазиұлы: «Бұрыннан газеттерге мақала жазып жүрсем де, мұндай жауапты істі міндетіме алуға жүрексіндім. «Қобалжыма, сенің қолыңнан келеді. Жазып шығамыз» деп мені ақыры көндірді ұстазымыз. 1937 жылы көп әдебиет авторлары кетіп қалды ғой. Оқулыққа кіретін ақын-жазушылардың шығармаларын іздегеннен кейін ғана, 9-сыныптың әдебиет хрестоматиясын жазуға кірістім» – деген екен. Кейіннен бұл оқулық толықтырылып отырды.
Ол «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша көптеген әдістемелік оқу құралдары мен зерттеулер, монографиялар, 200-ге жуық ғылыми мақала жазды. У.Шекспирдің «Гамлетін» қазақшаға аударды. Қазақ өнерінің әйгілі тұлғалары – Майра Уәлиқызы, Қажымұқан, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Сәбит Дөнентаев, Естай Беркімбаев шығармашылықтары жөнінде көптеген зерттеу еңбектер жазды.
Төлеутай Ақшолақовтың Павлодар өңіріне сіңірген еңбегі орасан. Соның бір дәлелі – ол Керекуден шыққан тұңғыш әуесқой фотограф, жылнамашы, өлкетанушы Дмитрий Багаев музей-үйі аталатын мәдени ошақтың ашылуына атсалысқан.
Әдеби кеште Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан сөз сөйлеп, қоғам қайраткерінің есімін ұлықтау, еңбегін насихаттау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Төлеутай атамыздың ұлы, Алматыдан арнайы келген Мейрам Ақшолақов әкесі туралы естелік айтты. Медет Алпысбайұлы мерейтой иесінің ұрпағына шапан жапты.
Мейрам Төлеутайұлы, өз кезегінде музей қорына жәдігерлер табыстады. Олардың қатарында 1945 жылы 23 қаңтарда майдан аласынан отбасына жазған хатының, 2000 жылы «Білім беру» номинациясында «Тарлан» сыйлығын алғаны жөніндегі диплом-сертификаттың, түрлі басылым беттерінде жарияланған мақалаларының көшірмелері, сонымен бірге, «шығарманың көркем айшықтарын таныту» (Алматы, 1998 жыл), «Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты» (Алматы, 2001 жыл), «Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық» (Қ.Жұмалиевпен бірге, Алматы, 2003 жыл) кітаптары бар.
Төлеутай Ақшолақовқа қазақ әдебиетінің ірі классиктерінің көбі өлең арнады. Мұзафар Әлімбаев «Ізет», Қалижан Бекхожин «Бауырым Төкенге», «Ертіс те Баян жаққа бұрылыпты», Тұманбай Молдағалиев «Сыр», «Ұстаз аға» өлеңдерінде тұғыры биік тұлғаның кісілік келбетін, батырлық болмысын, ғалымдық ғибратын арқау еткен. Әдеби кеште жас ақын Есенгелді Жәнібек Қасым Аманжоловтың 1945 жылы жазған «Төлеутайға» өлеңін оқып берді.
Абзал РЫМБЕК,
әдебиет бөлімінің қызметкері.