Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында Павлодар облысына келген ақын Айдын Байыстың қаламынан туған «Кие» микропоэмасын оқырман назарына ұсынамыз.
Кие
(Микропоэма)
Қазақ та бір киіктің құралайы…
Ғалым Жайлыбай
1
Шабытқа шомылдырып шуақ, арай,
Күн кешем, көбелек-сөз қуаламай.
Көмбесін көне жырдың іздеп тұрам,
Медиен дала кезген дуанадай.
Ертістің жағасында бес түнедім,
Арналы ағыс мұңын естігенім.
Астасқан ақиқатпен талай аңыз,
Таласпай турасына ешкім оның.
Жанымды тербеткен соң шертіс небір,
Еңсесін көтереді еңкіш көңіл.
Суынан інжу-маржан сүзе келдім,
Келгем жоқ балық іздеп Ертіске бұл.
Аялап аққу-жырдың көгілдірін,
Ағысқа шайып алдым көңіл кірін.
Түбінде әр жусанның аңыз жатыр,
Айтпасқа болмайтындай соның бірін.
Қара су қайрандаса құмға сіңіп,
Шабағы шөп басында тұрды асылып.
Сатының самалымен ескен аңыз,
Ұйқымды түн баласы жүр қашырып.
Жөңкіліп арамзамен араз ғасыр,
Сыздықтап тамызады сабазға сыр.
Жанымды қоймаған соң,
Жүгіндім кеп,
Қауырсын қалам менен қағазға сұр.
2
Үркітсе қиын күннің түсі үрейлі,
Бұлқынып, белдеудегі ат кісінейді.
Әулие Мақат қажы ауылы – бұл,
Құт қонған қасиетті кісі дейді.
Киелі Кәлләм-Шәріп, дін ұстаған,
Хақ жолын қатаң сақтап, тыныстаған.
Аластап дию-пері қонғандарды,
Дұғаның дауасымен дұрыстаған.
Жә, мұны не үшін айттық?
Білмес дедік.
Бір айтқан екі айналып жүрмес келіп.
Сатының сары даласы,
Бара қалсаң,
Айтады аңыз қылып түрлі естелік.
Жусаны жұпар шашқан, бетегелі,
Мына бел Мақат қажы мекені еді.
Көгінде қоңыр кештің баяу ағып,
Жанымды жылы ағыстар жетеледі.
3
Түп жусан артық шықса, құт болады,
Мәуені баптамасаң, тұт болады.
Кезерсе кенезеңіз, қуаңшылық,
Жаманат, жеті ағайын жұт болады.
Жұт жетеу,
Содырмен сегіз,
Салақпен тоғыз,
Олақпен он.
Омалып не шабасың орақпенен?
Қой түгіл, құмалаққа зар болғасын,
Егілді еш қыла алмай ел әттеген.
Залалға қарай алмас шошынбай бұл,
Тігерге тұяқ қалмай,
Тасырқайды ұл.
Ауылы әулиенің душар болды,
Ұшырап үлкен жұтқа осындай бір.
4
Көз жазып боздап кеткен бос тайлақтан,
Күн туды елді ойлатқан,
Көшті ойлатқан.
Азанда азынаса аш балалар,
Қазанда қара су мен тас қайнатқан.
Қарғанып қатындардың зор шықты үні,
Табаққа тартыла ма борсық түбі?
Байланбай сұлап жатты мама бие,
Майланбай құлап жатты торсық, күбі.
Сұрланған сейілтпесе мұнарыңды,
Жұтады жұт дегенің бір ауылды.
Әулие құптаннан соң көп отырып,
Күбірлеп дуалы ауыз дұға қылды.
Даласы дал-дал болып,
Дүрлігеді,
Дұғасы қабыл болар дүлдүл еді.
Ағарып ақ шапаны көп отырды,
Қайырды қандай дұға?
Кім біледі?
Тарқамай қара басқан шақ түнеріп,
Алақан жайып бірге ақ тілелік.
Біліне бастаған соң бозала таң,
Бет сипап төсегіне жатты келіп.
5
Дұғасы Жаратқанға жетер ме алыс?
Шарапат қылса, шіркін, шекер, бал іш.
Ертесі, ел ұйқыда жатқан кезде,
Оятты қалың дүбір, бөтен дауыс.
Әулие ақ төсектен атып тұрды,
Маңдайда жарқырайды жақұт нұрлы.
– Құдірет қабыл етті дұғамызды!
Көрсетті шапақтаған жарық күнді.
Көктетті көңілінің күйі бекем,
Дүбірі қалың бұл не?
Дүйім екен!
Сағымдай сайын белді көміп тұрған,
Мыңғырып маңып келген киік екен!
Сенбейді жұрттың көзі,
Жай ұғады,
Дертінен енді бәлкім айығады.
Бүйірі жылтыраған,
Үй қасында,
Үйірі ақ киіктің жайылады.
Арқаға ауып келген киік еді,
Андағай ақбөкеннің үйірі еді.
Далиған даладағы мың тұяқты,
Дұғаның күшіменен иіреді.
Көрініс қандай ғажап,
Көркем еді!
Сұқтанып, сүйсінеді ел,
Ентеледі.
Құлдыраң қағып ойнап құралайлар,
Енесі еміреніп, еркеледі.
Құралай құлпыртқан соң құлын-белді,
Құлаққа жұмсақ есіп жылы үн келді:
– Айналдым қасиетіңнен, ақ киігім!
Халайық әулиеге бұрылды енді.
– Ағайын, ұғып тыңда, түгел мені,
Тарайды қара бұлттың түнергені.
Жетелеп жұттан аман алып шығар
Бұл бізге Құдіреттің жібергені.
Келіңдер, қиыстан кел, мүйістен кел,
Киікпен көгереміз,
Күй үстеңдер.
Тек қана сүтін сауып ішіңдер де,
Киелі жануарға тиіспеңдер!
Арқадан аударғандай мың батпанды,
Жібітіп қаңсып қалған құрғақтарды,
Тамызып таңдайына сүт тигесін,
Жұтаған ауыл солай жырғап қалды.
6
Қызарып, қан жүгірген адам өңі,
Жаутаңкөз жайылады аң әдемі.
Күйіктің шөлін басқан,
Өмір-дастан,
Киіктің сүтін ішкен заман еді.
Киіктің сүтін ішкен қайран қазақ,
Оңалып, өлем деген ойдан да азат.
Киікті құралаймен қатар емсе,
Бұл-дағы көрініс қой, айнам, ғажап!
Айташым, айтар болсаң, айт асылды,
Сүйегін жеті жұттың сай жасырды.
Дұғасы Мақат қажы қабыл болып,
Тұмасы тіршіліктің қайта ашылды.
Жұт келіп, ырысыңды үптеді ойран,
Күн туды қиын шаққа нүкте қойған,
Киіктің қасиетін күнде айтысып,
Ел жатыр сары белде сүтке тойған.
7
Жануар жаны сұлу,
Дөңес танау,
Жайылып жусап жатыр белесте анау.
Айтқаны әулиенің естен шығып,
Тұтанды ел ішінде көмескі алау.
Алаң жұрт, ақ сүт еміп алаң да алаң,
Айтқан соң тиіспейтін адалға адам.
Алаудың аты – құлқын, қаныпезер,
Қасқырдай жұмсақ етке жалаңдаған.
Аяусыз, ақымақтау біреу шықты,
Төңкеріп төгіп кетті түнеу сүтті.
Қара бұлт енді тарқай бастағанда,
Кім екен от шығарған?
Кім өршітті?
Беймәлім сол ауылдың бір адамы,
Былғады тұнық суды тұмадағы.
Ақырын аңдып жүрді ақ киікті,
Ұмтылып ұры пиғыл ұрадағы.
Тығылып түн батқанда тап беріпті,
Бытырап ұшып кетті-ау бақ көрікті.
Семсерді сертке таққан ұмытқасын,
Жебесін адалдықтың қақ бөліпті.
Жиып ап қарақшыдай бойын әлгі,
Әулие айтқан кие жайы қалды.
Жанарын мөлдіретіп жануардың,
Жасырып түн ішінде сойып алды.
Күркіреп күн бұзылды жасынымен,
Ол жаңбыр – жануардың жасы, білем.
Үйінде қарақшының қамсыз бала,
Киіктің ойнап жүрді асығымен.
8
Бұл жайды естіп елдің дүр етті іші,
Дір етті әулиенің жүрек тұсы.
Киікті қасап қылған қарақшының,
Көр қазды қан тамшылап күрек тісі.
Қажыға қауым мұңы жеткесін көп,
Тұра ма тілек-дұға текке сүрлеп?
Кетпесін киік ауып деп тіледі,
Киікпен кие қоса кетпесін деп.
Қажының қабағындай көк түйілді,
Үркіген шолып тұрды шеткі үйірді.
«Сыпырып сойған тері, мүйіз, бәрін,
Сүйегін маған әкел!», – деп бұйырды.
Сүйегін ақ киіктің түгендеді,
Қажының ойлағанын білер ме еді?
Жетпеді бір тұяқта буын сүйек,
Сол үйдің жоғалтты ойнап жүгермегі.
Орады ақ матаға,
Анық белгі,
Аулаққа өзі жалғыз барып келді.
Отырды күн батқанша бата қылып,
Бұл-дағы қызық жағдай халыққа енді.
Әулие шын тіледі,
Көп көсілді,
Барлығын шаруаның шетке ысырды.
…Ертесі ақбөкеннің үйіріне,
Ақсаңдап бір ақкиік кеп қосылды.
Қарауыл көрмейді енді көздесе алдан,
Әйтпесе ауып кетер өзгеше арнаң.
Төбенің басында отыр Мақат қажы,
Тентегін тыйып тастап, тезге салған.
9
Осындай аңыз бізге жеткен еді,
Демеңіз жоқ куәсі, жоқ дерегі.
Дұғамен киелі аңның келгені рас,
Және де киесі үркіп кетпегені.
Ауған жоқ киесі де, киігі де,
Жүк болар жұмбақ аңыз иініңе.
Ауызбен аңыз болып шертіледі,
Мақаттың «Ақсақ киік» күйі міне.
10
Астарын ұқтыңыз ба ұлы сырдың?
Сеземін ашылғанын тынысымның.
Мағына іздейсіз ғой маза қашып,
Мен сізге кие жайлы мұң ұсындым.
Қалықтап қиял қанат, құс ілдірсін,
Тарқатып тақуалар түсіндірсін.
Әлімнің жеткен жері осы, қалқам,
Арғысын айта алмадық, ішің білсін.
Ақылды көрінеді миы іскенде ел,
Қылады қасиетке жиі үстемдер.
Дұғамен дұрыстайтын Мақат та жоқ,
Кетеді киесі ұрып,
Тиіспеңдер!
Алқынып ақ дүниенің ақ бұлағы,
Көңілдің көк тірейді көк мұнары.
Ертістің бойыменен елге барсаң,
Естисің осындай бір көп мұраны.
Бағзының барқыт дала бақ тұрағы,
Қиырда құралайлар шапқылады.
Айтпақшы, әулиенің зиратына,
Ақсаңдап бір ақ киік кеп тұрады.