(өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы сатира)

Бір қалаға тексерушілер келе қалды. Бас ревизор айналасындағылардың зәресін алардай суық өңді, тура сөйлеп, шешім қабылдай білетін, әмірлі дауысты адам екен.

Ол тексеруді былай бастады: кітаптар мен түрлі құжаттар үйілген үстелге жақындап келіп, тастай суық бейтарап жүзбен көп құжаттың бетінде жатқан бір қағазға үңіле қарап, жендеттің сарт еткен балтасының дыбысындай жағымсыз үнмен:

– Бастайық… қане, – деді.

Бірінші құжатта қала тұрғындары өздерінен заңсыз түрде «теңіз жаға жайын жақсарту үшін порттық жарна» деп үш жүз рубль өндіріп алған городовой (төменгі полиция шені) Дымба жөнінде шағымданған екен.

– Біріншіден, – депті шағымданушы тұрғындар, – бізде ешқандай теңіз жоқ. Ең жақын теңіз осы арадан алты жүз верст қашықтықта, екі губерния өткесін ғана, бірақ оны ешбір жақсартудың қажеті жоқ; екіншіден, жоғарыда аталған Дымба бізден жарна өндіріп алу жөнінде ешқандай қағаз ұсынған жоқ, ал біз талап еткенде жұдырығын көрсетті, ол қала жағдайы бойынша ақша өндіру үшін құжатқа жарамайтынын білесіз; үшіншіден, Дымба аталған соманы алғаны жөнінде қол қоюдың орнына, папиросының қалдығын тастап кетті, оны да қоса беріп отырмыз.

Бас ревизор екі алақанын ысқылап, рахаттана күліп алды. Әр адамның қорғаушы періштесі болады деген түсінік бар екенін білеміз. Бас ревизор осылай күлгенде, городовой Дымбаның періштелері жылап жіберген де болуы мүмкін.

– Шақырыңдар Дымбаны! – деп әмір етті ревизор.

Дымбаны алып келді.

– Жоғары мәртебеңізге саулық тілеймін?

– Сен бұлай айқайлама, туысқан, түсіндің бе! – деді түнере үн қатқан ревизор, -кейін айқайлайсың. Пара алдың ба?

– Құдай сақтасын…

– Ал теңіз жарнасы ше?

– Ол жарнаны басшылардың бұйрығымен өндірдім. Яғни міндетімді атқардым, мырзам… Жоғар мәртебелілер бұйырған…

Ревизор тексерушінің кәнігі қимылымен тағы да алқанын ысқылап, дыбыссыз күліп алды.

– Керемет… Қане, жоғары мәртебеліні шақырыңдар. Никифоров, Дымбаны қылмысқа қатысушы ретінде тұтқындауға қағаз дайындаңыз…

Городовойды алып кетті.

Оны әкетіп бара жатқанда, жоғары мәртебелі де келіп кірді. Енді городовой мен жоғары мәртебелінің қорғаушы періштелері бірдей жылады.

– Келуімді қалаған екенсіз…

– Қалағанда қандай! Фамилияңыз қалай? Пальцын? Ал, айтыңызшы Пальцын мырза, үш жүз рубль теңіз жарнасы деген не? Ә?

– Павел Захарычтың пәрменімен ғой.., – деді сәл көтеріңкі дауыспен Пальцын. Солар бұйырған…

– Ә-ә, солай ма?

Ревизор екі қолын көз ілеспес жылдамдықпен ысқылай түсті.

– Керее-мет! Жұмыс жандана бастаған секілді. Істің түйіні тіпті үлкейіп барады. Хе-хе! Никифоров! Мынаны тұтқындау жөнінде қағаз дайында, ал, Павел Захарычты маған жеткізіңдер… тезірек!

Павел Захарыч та келіп жетті.

Оның қорғаушы періштелерінің жан тебірентерлік аянышты түрде жылағандары сондай, тіпті ревизордың ешқашан мызғымас періштелерін елең еткізгендей болды.

– Павел Захарыч? Саушылықта болыңыз, саушылықта болыңыз… Павел Захарыч, түсіндіріп бере алмайсыз ба, «теңіз жаға жайын жақсарту үшін порттық жарна» деген не?

– Ым-м.. бұл … жарна өндіру ғой…

– Білем жарна екенін, бірақ қандай?

– Бұл-л… жоғары мәртебелінің өкімін орындау мақсатында…

– Ә-ә-ә, солай ма? Никифоров! Қағаз дайында! Ұстаңдар! Жоғары мәртебеліні шақырыңдар!

Жоғары мәртебелінің періштесі өз дәрежесіне лайық қана жылап тұрғандай. Бірақ сырттай қарағанда оның жылап тұрғанын немесе кешірімді күлкімен жымиып тұрғанын түсіну қиын еді.

– Сізге орындық ұсынуға рұхсат етіңіз… Отырыңыз, жоғары мәртебелім!

– Үлгерем отыруға. Не үшін қажет болдым сізге?

– Бір анықтама керек еді. Сұрайын дегенім, осы қаладағы теңіз жарнасын жинау дегенді қалай түсінсек?

– Қалай түсінесіз? Кәдімгідей.

– Теңіз деген жоқ қой бұл жерде!

– Солай ма? Гмм… Иә, расында да жоқ сияқты. Шынымен де жоқ.

– Сонда «теңіз жарнасы» қалай? Ешбір қолхатсыз, құжатсыз?

– Не дедіңіз?

– Неге «теңіз жарнасы» деп сұрап тұрмын…

– Айғайламаңыз, саңырау емеспін!

Үнсіздік орнады. Жоғары мәртебелінің қорғаушы періштесі болып жатқан жағдайға жайбарақат қана шыдамдылық таныта, тесіле қарап отыр.

– Сонымен?

– Не сонымен?

– Үш жүз рубльге қандай теңізді жақсарттыңыздар?

– Ешқандай теңізді жақсартқан жоқпыз. Жай «теңіз» деген сөз ғой…

– Түсінікті. Ал ақша қайда кетті?

– Құпия шығындарға жұмсалды.

– Ол қандай шығын?

– Қызық адамсыз. Егер құпия болса, оны қалай айтам!

– Солай деңіз…

Ревизор тағы да екі алақанын әлсін-әлсін ысқылады.

– Иә… Бұлай болса, жоғары мәртебелім, әрине, кешіріңіз, қызмет бабы солай, сізді былайша айтқанда, тұтқындауға мәжүбір болам. Никифоров!

Жоғары мәртебелі ренішті түрде мырс етті.

– Тіпті біртүрлі екен, теңіз жарнасы жобасын екі адам жасадық, бірақ тек мені ғана тұтқындайды…

Ревизордың екі қолы бұрынғыдан да шапшаң қимылдап кетті.

– Әә-ә, солай ма? Бірге жасадыңыздар ма? Кіммен?

Жоғары мәртебелі сәл жымиғандай болды.

– Бір адаммен. Жергілікті емес. Питерлік шенеунік.

– Иә, кім ол адам?

Жоғары мәртебелі сәл үндемей отырды да, екі көзін сығырайта төбеге қарап, әр сөзін нығыздай сөйлеп: «Виктор Поликарпович» – деді.

Осыдан соң тыныштық орнады. Тура жеті минутқа.

Ревизор қабағы сәл түйіліп, екі қолын жаңа көргендей мұқият қарап, сосын …тыныштықты бұзды:

– Солай деңіз… Ал, ақша қалай алынды, алтынмен бе, әлде қағаз ақша ма?

– Қағаз ақша…

– Иә, олай болса ештеңе етпес. Мазалағаным үшін кешірім өтінем, жоғары мәртебелім. Гм.. гмм… иә…

Осы кезде жоғары мәртебелінің қорғаушы періштесі мейірлене күлді.

– Кете беруіме бола ма?

Ревизор бір күрсінді.

– Не істейміз… барыңыз…

Сосын Дымбаның үстінен жазылған шағым қағазды түтікше етіп орап алып, дүрбі секілді көзіне тақап, стол үстіндегі құжаттарға шоли қарады.

Никифоров келді.

– Тұтқындарды не істейміз?

– Бәрін босатыңдар. Дегенмен, тоқта. Городовой Дымба қызметтік міндетін атқару үстінде темекі шеккені үшін жеті тәулікке қамалсын. Шекпеу керек еді… Сұрқия неме!

Дымбадан басқасының бәрінің қорғаушы періштелері мәз болып күліп жатты.

Аударған Сайлау БАЙБОСЫН.

Добавить комментарий